"Шаганэм, менің, Шаганэм!"

"Шаганэм, менің, Шаганэм!"

Бауыржан Мырзақұлов есімді студент ақынның жырлары Массагет оқырмандары үшін таныс болуы керек. Жас ақынның біз осыған дейін үш топтамасын жариялап үлгергенбіз: "Таң атты бозарып", "...Қолымда емес жүзігі Сүлейменнің" және "О, Махаббат, сен деген мәңгі емес пе ең?!".  Шабытына мініп қамшылаған шайыр бүгіндері де өндіріп жазып жүр. Ендеше сізздерге қаламы қарымды ақын жігіттің сиясы кеппеген туындыларын ұсынамыз. 

Жанымды жайлап алды Күз мезгілі 

Сырлы, жұмбақ, білемін, сізге өмірім,

Сезімге емес, саналы сезгірге сен.

Кейде, Көктем, ал кейде, Күз – көңілім,

Жаным менің, мезгіл ғой, мезгіл десе.

 

Мезгіл десе, мезгіл ғой, жаным менің,

Сан құбылғыш салтында қалар өктем.

Самаладай сыр құшқан, арынды едім,

Текеметтей түрленген Дала, Көктен.

 

Бала – көктем, жігіт – жаз, күз – кәрілік,

Мәйітті орар кебінді қысты ұмытпа.

Дауасы жоқ, бәрі бір, жүз дәріні үк...

Құтылмаған тағдырдан күшті Ұлық та.

 

...Сары уайымға салынған аз қартың бар,

Көк майсалы болдық дер, біз де бұрын,

Айналдырар кесекті, сазды алтынға.

Мәңгілік Гүл – жастықтың ізде өңірін.

 

Сырлы, жұмбақ, білемін, сізге өмірім,

Сезімге емес, саналы сезгірге сен.

Көктемге айнал көкорай, Күз – көңілім,

Жаным менің, кетпесін мезгілге есең!

         

    Үзілмес үміт

Құлағымды сан рет бұратты үміт,

Жүргізді алға, жатқанда құлап, тұрып.

Аспанға өрлер, аңсарым, қалмас мәңгі,

Жұмыр жердің жатырын тұрақ қылып.

 

Күйкі тірлік қамытын лақтырып,

Кетем, мен де келмеске бір-ақ құрып.

Ұжымақтан сайтан ғой үмітті үзген,

Мендік үміт жалғанған мұратқа ұлық.

 

...Әй, Көк бөрі, Айға аузын аша түскен,

Бөлтірікті беймаза жылатпа ұлып!

Ұлы Арман

                                    

                                                                                 Үлкен болып қалу үшін ғаламда,

                                                                                 Үлкен арман керек екен адамға.

                                                                                                Мұхтар Шаханов                    

Мен – аңшымын, сөзімді – оқ , қаламды – мір,

Шабытымды – ат қылып, салам дүбір.

Бұл өмірде ҰЛЫ АДАМ болмақ үшін,

Жасау керек алдымен қадамды Ірі.

 

ҮЛКЕН АРМАН етеді АДАМДЫ ҰЛЫ!

Ертеңіне Адам мен алаң-ды Жын.

Махрұм қалсаң Раббыңның дидарынан,

Дал-дұл қылып өзіңнің жағаңды жұл.

 

ҮЛКЕН АРМАН етеді АДАМДЫ ҰЛЫ!

Маңдайыма Нәбидің (с.ғ.с.) жағам нұрын!

Күн кешкендер қуансын күнбағыстай,

Жарқанаттай жайлама қараңғыны.

 

ҮЛКЕН АРМАН етеді АДАМДЫ ҰЛЫ!

Таусылмайды еш, өзіме тағар мінім.

әл-Фараби, рас айттың, Адамзаттың

Бақ-талайын тек қана жағар білім.

 

ҮЛКЕН АРМАН етеді АДАМДЫ ҰЛЫ!

О, Сақи дос, сыр ашам саған бүгін.

Шарапқұмар Хаямдай бола алмасам,

Көзімді – жас торлайды, санамды – мұң.

 

ҮЛКЕН АРМАН етеді АДАМДЫ ҰЛЫ!

Ғазалымнан ғашықтық ғаламды ұғын.

Алматыны Шираздай даңқты етер,

Хафиздайын болса егер жаман ба ұлың?!

 

ҮЛКЕН АРМАН етеді АДАМДЫ ҰЛЫ!

«Бір» - тұтқын-ды, қамал боп жаралды «Мың».

Абай айтқан, сен кірпіш дүниенің,

Кетігіне бәрінен қалан бұрын.

 

ҮЛКЕН АРМАН етеді АДАМДЫ ҰЛЫ!

«Бір тойым бар», қанікей, сал әнді бір!

Төлегендей жасасам көрегендік,

Жомарт қылам Атымтай сараңды кіл.

 

ҮЛКЕН АРМАН етеді АДАМДЫ ҰЛЫ!

Мұқаңдардың бұл күнде аман діні!

Біз болармыз – теңіздің тамшылары,

Таңғы шықтың, біз, мүмкін қалар дымы.

 

ҮЛКЕН АРМАН етеді АДАМДЫ ҰЛЫ!

Ей, Бейдауа, аптықпа, шамаңды біл.

«Мәжнүндіктің мұңына» айырбастап,

Жіберсем бе екен-аай, Қаламды бұл!

 

ҮЛКЕН АРМАН етеді АДАМДЫ ҰЛЫ!

Тезге салма о, Тағдыр, табандыны.

     

 

Шаганэ

Шаганэң, сенің, Шаганэң,

Есенин, қылды сені ессіз.

Шаганэм, менің, Шаганэм,

Дегізер дертті қалап ем,

Сенімен болдым тең ессіз.

Шаһнабад, қайда, Шаганэ?!

Шираз бен Рязан – дара әлем...

Түріктің мен бір жараны ем,

Болайын енді, мен ессіз.

 

Ләйлі ғой менің, Шаганэм,

Мәжнүндік келер кеңессіз.

Алматы, сендік Шаганэң –

Қазынаң болсын бағалы еең!

Болмаңыз, әйтеу, елес – Сіз.

Ләйліге жетпес Шаганэ...

Шираз бен Рязан...

...бала – Мен.

Қырандай қанат қағар ем,

Болсаңыз, мейлі, белес – Сіз.

 

Болмаңыз, әйтеу, елес – Сіз,

Шаганэм, менің, Шаганэм!

       Сарала Гүл мен Шағала-Жыр

Сарала Гүл, сен бе едің бал-құмарым?!

Бибісіндей бақшамның басыбайлы.

Шағала-Жыр, сен бе едің шарқ ұрарым?!

Күнді айналып, кеудеңмен жасыр Айды.

 

Сарала Гүл, мендегі бар күнәнің,

Сені шарпып оттары күл қылмасын.

Шағала-Жыр, мендегі шалдуар үн,

Шырқалса егер, тап сендей бұлбұлға сын.

 

Сарала гүл, сап-сары Сарала Гүл...

Шағала-Жыр, шарқ ұрған Шағала-Жыр...

Семіз сайтан кіргендей араға бір,

Түлен түртпе, жармаспа жағама жын.

 

Сарала Гүл, сен енді шөлде өлгейсің,

Қалды өйткені, сусырап, Жар, бұлақсыз!

Шағала-Жыр, сен енді көл көрмейсің,

Қасіретің – қалғаның сал, құрақсыз!

 

...Шағала-Жыр,

                      ...Сап-сары Сарала Гүл,

Бақытты аңсап, бой түзеп бара ма Діл?!.

 

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Сурет: motivator-new.blogspot.com, levocidellanotte.forumfree.it 

А. Әбілхан