Серікбол Хасан: "Ақындарымыз – жоқтан бар жасап жүр"

Серікбол Хасан: "Ақындарымыз – жоқтан бар жасап жүр"

Бүгін назарларыңызға ақын Серікбол Хасанмен болған сұхбатты ұсынамыз.

– Өзіңізді таныстырып өтсеңіз?

– Зейнолла Серікқалиев туған ауылда кіндік қаным тамды. Жұмекен бітірген мектепті бітірдім. Бала кезімде Жұмекен, Марат, Меңдекештердің жырын жастанып жүріп оқитынмын. Соларға еліктеп өлең жаздық. Өлең жазған соң, соның жолына түсіп, биігіне өрмелегің келеді екен. Қысқасы, солар сияқты ақын болуды армандадым. Мектепті тауысқан соң, сол арманның жетегінде Алматыға келдім. Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Халықаралық қатынастар факультетін тәмамдадым. Қазір балалардың «Ұлан» газетінде қызмет істеп жүрмін.

– Серікбол, жалпы поэзияның қоғамдағы рөлі туралы не айтасыз?

– Әр заманда өлеңнің атқарған қызметі әртүрлі. ХV-ХVІ ғасырларда бізде жыраулар поэзиясы болды. Жырауларымыз ерлікті, елдікті, имандылықты ұран етті. ХVІІ ғасырдан бастап жыраулық өнер жеке ақындық өнерге ауысты. Осы кезде Махамбет, Шортанбай, Дулат, Марат ақындар бодандық дәуірдің боздақтарына айналды. Заман қайғысы, ұлт тағдыры олардың өлеңдерінің өзегі еді. Кейін Абай, Ыбырайлар ағартушылық бағытты ұстанып, өнер-білімге үгіттеді. Ал алаштықтардың мақсаты – ұйқыдағы халықты ояту болды. Сол үшін бірі маса болып ызыңдады, бірі жарық шашқан күн болғысы келді. Шыны керек, ұлттық жазба әдебиет осы кезде ерекше өрледі. Кеңес заманында да қазақ әдебиеті бұл бағытынан таймады. «Мен қазақпын» деген Жұбанымыз, «Мұхаммедтің үмметімін» деген Мұқағалиымыз болды. Бұл кезде поэзиямыз шығармашылық жағынан едәуір өсті. Әрине, қазақ ақындарының көпшілігі бұл кезде социалистік реализмнің ықпалына ұшырағаны анық. Соғыс жылдарында майданды жырлады. Әдебиетіміз кеңестік идеологияға қызмет еткен кезі де болды. Алайда, әдебиеттегі жаңару, түлеу дәл осы кезде жүргенін мойындауымыз керек. Соғыс жылдарында Қасым, Хамит, Әбу ақындар қолына қалам алды. Бұдан кейін Хамит, Қуандық, Тоқаш ақындар өзіндік бағыт-бағдарымен поэзия көшіне ілесті. Олардың артынан Жұбан, Сағи, Сырбай, Ғафу, Мұзафар, Тұманбай, Қадыр ақындар өлеңнің шыңына шықты. Сөйтіп, үлкен буын қалыптасты, ақындарымыз қазақ поэзиясын биікке көтерді.

– Орта ғасырдағы қазақ поэзиясы мен қазіргі қазақ поэзиясының қандай айырмашылықтары бар? Одан бері не өзгерді? Себебі не деп ойлайсыз?

– Орта ғасыр ақындарының жырлары жаушылықта аттың үстінде, жайшылықта киіз үйдің ішінде жарық көретін. Ал қазіргі заман мүлдем басқаша. Ол заманның ақындары жорықта жауға қарсы тұрды, дау шықса табыстырып-бітістіруге бейім болатын. Яғни, ол кездегі ақыныңыз әрі батыр әрі би еді ғой. Олар сөзді қадірлеп, бағалаған халық. Сонықтан, да турашыл болды. Ал қазіргі ақындардың бәрі бірдей турашыл деп айта алмаймын.

Орта ғасыр поэзиясы қоғаммен тығыз қатынаста болды. Жеке тұлғадан бастап, ел басшысына дейін ақындары ақиқатты айтты. Ел басқарушының қандай болмағы, оның қыр-сыры жырларының негізгі арқауы болатын. Жалпы, айтқанда өмірдің ащы-тұщысы, тар жол тайғақ кешуін жырлары бабаларымыздың жыр жолдарында сайрап жатты. Ал қазіргі қазақ поэзиясы мүлдем басқа. Көркем сөзді кестелеуге шебер-ақпыз. Ал шынайылығы ше?! Жазғанымыз бір бөлек, өзіміз бір бөлекпіз. Ақиқатты айтуда ақындарымызда жалтақтық бар. Сондықтан, жеңіл-желпі дүниелерді жазудан аса алмай келеміз. Қазіргі жазам деген адамға қоғамдың зарлы тұстары аз емес. Баяғы кездегідей әділетсіздік, қиянат, зорлық-зомбылық қазір де бар. Бірақ сол ащы шындықтарды бүгінгі ақындарымыздың өлең жолдарынан аз көреміз. Басты айырмашылық осында деп ойлаймын.

– Қазіргі қазақ ақындарының алған бағыты туралы не айтасыз? Қазіргі ақындардың арман-мұраты не? Олар белгілі бір идеяның астына топтасқан ба?

– Әркімнің өз бағыты, өз жолы бар. Тіпті бірін-бірі мойындағысы келмейтіндер де жоқ емес. Ондай кезде қайтіп бір идеяның астында топтасу болсын?! Рас, қазіргі ақындарымыздың кейбірі – лириканың, сағыныштың шебері. Енді бір ақындарымыз – жоқтан бар жасап жүр. Тағы біреулері – отты, рухты жырларымен жүрекке жол таба білді. Енді бір топ руханияты, имандылықты жырлап жатыр. Әрине, бұлардың бәрі де қажет. Барлығы да сөзім жетсе екен дейді. Ал оқырман осылардың ішінен өзіне қажеттісін оқи отырып, талғамын қалыптастырады.

– Ал өзіңіз өлең жазуда нені мақсат тұтасыз?

– Белгілі бір мақсатпен жазамын деп айта алмаймын. Бірақ, не жазсам да ішінде бір оймақтай ой болғанын қалаймын. Жоғарыда бағыт жайлы айттық қой. Менің бағытым – мінәжат жыры. Елді имандылыққа, ақиқатқа шақырғым келеді. Көпшілік өлеңдерім дінді тануға, Алланы мадақтауға құрылған. Бәлкім, сіз сұрағандай менің мақсатым да осы шығар. Кеңес заманында бізді тамырымыздан үзіп тастағаны соншалық, өзіміздің мол руханиятымыздан айырылып қалдық. Соның бірі – дініміз. Үзілген тамырды жалғамай, болашаққа қалай барамыз?! Бұқар «Кемелді етіп санатпен, Саулық берген Тәңірді айт» деді. Өзі де соны айтты. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген Абай да бар ғұмырын ақиқатты жырлаумен өткізді. Қайткенде адам толық адам болады деп бас қатырды. Қазір толық адамды былай қойғанда, жай адам болудың не екенін білмейтіндер бар. Адамның өмірге келудегі мақсаты не? Одан да бейхабар. Міне, сондай кезде мұны ақын айтпағанда кім айтады?! Егер өзімнің жыр жолдарымда осы ақиқатты айта алсам, айтып қана қоймай бір адамның Алламен қауышуына себепкер болсам, онда өлеңімнің өлмегені шығар.

– Массагет жастарына айтар кеңесіңіз?

– Әлбетте, өмірге келген соң, көп дүниеден хабардар болғың келеді. Білмекке, танымаққа ұмтылудың өзі – адамдық. Сайттарыңызда білгім келеді дегендерге көптеген қызықты мағлұматтар жетерлік. Оны жеткізіп жатқан осы ұжымның тынымсыз еңбегі. Ұжымның дені жастар болған соң сіздерде жаңа идеялар мол. Жаңа идея бар жерде, жаңалық та көп болады. «Жақсыны көрмекке» дегендей сайтта жарияланған жақсы материалды көргісі келетін оқырмандарыңыз мол болсын. Еңбектеріңіз еш кетпесін!

– Әңгімеңізге рахмет!

Құрметті оқырман, ендігіде Серікболдың өлеңдерін ұсынып отырмыз. 

АВТОПОРТРЕТ

Мен бармын… Рухым да бар, тәнім де аман,

Кеудемде жастық отым жалындаған.

Жүректе жігер–арым, Жаратқанға,

Бас иіп, басқа жанға табынбаған.

 

Тірімін… Өлерім хақ, көнем, білем,

Өзімді жұбатамын өлеңіммен.

Алыстан арман қуып алқынбаймын.

Алладан медет күтем, келер күннен.

 

Адаммын… Түрі – мәлім, сыры – жұмбақ,

Амалым ақыретте тірі қылмақ.

Алланың жазған жасын жасап келем,

Бірі – арзан күндерімнің, бірі – қымбат.

 

Мен бармын… (Өлімді ойлап жатқаным–ай!)

Сан мәрте сиынамын Хаққа да ұдай.

Тірлікте іс оңалар, жөн түзелер,

Тек қана тозағыңнан сақта, Құдай!

 

ТҮРМЕДЕГІНІҢ ТІЛЕГІ

Тойларда биледік, ән салдық,

Ұйқысыз таңдарды қарсы алдық.

Соғылды бокалдар – сайтандар,

Сананы суалтқан дел–сал ғып.

 

Қайғырдық, қуандық, түнердік,

Темекі тұтатып шірендік.

Қолтықтап қыздарды – күнәні,

Қимасын қашырып жібердік.

 

Тасыдық… Тапанша серік қып,

Көшеде, кафеде желіктік.

Достасып ірі іспен – қылмыспен,

Көп жанның көз жасын еріттік.

 

Күн өтті… Кірген бе енді есім,

Түрменің тірлігін көргесін?!

Тәңірден тілерім тек қана,

Мұндай сор ешкімге бермесін!

 

ӨЛЕҢ ЖАЗҒЫМ КЕЛЕДІ

Өлең жазғым келеді…

Өлең болып өрілгім.

Талай-талай тәтті ойдың құшағына көмілдім.

Қаламымды қолға алып, қанағатты ұмытқан,

Күндерімді еске алсам…

Күлкім келер бүгін күн.

 

Өлең жазғым келеді…

Өлең бірақ не теңім…

Құшақ жая тосады менің Кәусар мекенім.

Білетінім, әйтеуір, бірдеңелер сызғаным,

Күлетінім, ертең күн…

Бәрін тастап кетемін.

 

Өлең жазғым келеді…

Өлмес өлең, із-таңба,

(Құтырынып кетемін кеудемдегім қысқанда).

Өлең – өлмес өрнегім, тірлігімнің куәсі –

Мені еске сап тұратын…

Мәңгі ұяма ұшқанда.

Сұхбаттасқан: Еркебұлан Қайрахан

Сурет: Massaget.kz

Massaget