Неке күнін еске алғанда

Неке күнін еске алғанда

Неке салтымызға он күн қалды. Таңертең есік қоңырауы басылды. Ашып ем, гүл дүкенінің қызметкері қолына бір буда қызыл раушан гүлін ұстап есік алдында тұр. «Туған күнім емес, мұны қалай әкеліп тұр?» деген оймен гүл будасының арасынан хат парақшасын іздедім, ештеңе көрінбейді. «Мүмкін шешемнің тірі кезіндегі гүл құмарлығын еске алған достарының жібергені шығар» деп ойладым да, төргі бөлмеге апарып қойдым.

Екінші күні таңертең әлгі дүкен қызметкері тағы келді. Қып-қызыл раушан гүліне қолымды соза бергенімде: «Мүмкін жаңылып жүрген шығар» деген ой сап ете қалды...

- Гүлді кеше тапсырып алдым ғой.

- Бұл бүгінгісі.

Мен шешемнің бұрынғы достарын ойлай отырып, гүлдерді санадым. Бір, екі... Тұп-тура тоғыз тал. Сезіктене жүгіріп барып кешегі гүлді санадым. Ол он тал екен. Телефонды алып, оның компаниясына жалғадым.

- Кешеден бергі жіберген гүлдеріңді тапсырып алып, қуанып отырмын.

- Қуанышыңа ортақпын.

Қызметінің қарбаластығынан болар, ол басқа сөз айтқан жоқ. Тұтқаны қойды. Терезеден өпкен жаз самалының майда лебінен раушан гүлінің хош иісі үй ішінде аңқи түсті.

«Көңіл төріңнен орын алған адамың өзіңді мәңгілік жар ете алса, одан өтер бақыт бар ма?! Оның үстіне, міне, буда-буда гүл сыйлап отырмай ма!» Онымен тез арада мәңгілік өмір есігін бірге ашып, бір отбасында ортақ өмір кешерімді ойлағанда, жүрегім аттай тулап тыншу бермейді.

Неке салтымыз болатын күн әр таң сайын жақындап келеді. Дәл менің ойлағанымдай, гүл дүкенінен әр күні келетін бір буда гүл күн сайын бір талдан кеміп отырды. Некелесуге бір күн қалғанда ең соңғы бір тал гүлге «Ертеңнен бастап көбірек көңіл бөлгейсің!» деп жазылған гүл картасы қыстырылыпты. Бір отауда бірге тұруды тағатсыздана күткен ынтық көңілімнің ыстық-суығы аралас сол он жылдың қай қатпарында қаларын қайдан білейін. Некеленгеніміздің он жылдығын еске алу күні мен оған әлгі раушан гүлінің әңгімесін айтып беремін, әрі: «Мұнан кейін де бұрынғыдай көбірек көңіл бөлгейсің!» деп айтамын.

Авторы: Морико Мико (Жапония)

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: nurotau.kz

M. Auelkhan