Ғұламаның ұрпағы – Зифа-Алуа Әуезовамен кездесу

Ғұламаның ұрпағы – Зифа-Алуа Әуезовамен кездесу

Жуырда Әл-фараби атындағы ҚазҰУ-дың шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасы және «Көкжиек» клубының ұйымдастыруымен түркітанушы ғалым, Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат атТүрік» жинағын орыс тіліне аударған шығыстанушы, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты, PhD докторы, қазақтың ұлы жазушысы және қоғам қайраткері Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің немересі Зифа-Алуа Мұратқызы Әуезовамен «Әдеби байланыс және көркем аударма» тақырыбында әдеби-танымдық іс-шара өтті.

Әл-Фараби кітапханасында өткен шараға ҚазҰУ-дың филология факультетінің «аударма ісі», «шетел филологиясы», «қазақ филологиясы» бөлімдерінің студенттері, филология факультетінің ұстаздары қатысты.

Іс-шараның мақсаты – көрнекті ғалыммен пікірлесу арқылы көркем аударма және әдеби байланыс мәселелерін талқылау.

Нидерланды елінен Отанын аңсап келген, алтынның сынығындай, Әуезовтей жақсының көзіндей болған Зифа-Алуа Мұратқызы Әуезова өз сөзін қазақ тілінде бастады, өз кітаптарын көрсетіп, аударма өнерінің қыр-сырын, әдеби байланыстың маңыздылығын айтты. Сөзін орыс, ағылшын тілдерінде жалғастырып, студенттермен ағылшын тілінде сөйлесті. Абайдың нидерланд тіліне өзі аударған шығармасынан үзінді оқып берді. Студенттер ғалымға сұрақтар қойып, оның қарапайымдылығы мен білімділігіне тәнті болды.


«Шетел филологиясы» мамандығының екінші курс студенттері Т.Құрманалиев, М. Туленбаева, А Ермекқызы әдеби кездесуді қазақ және орыс тілдерінде жүргізді. А. Нұрмұханбет пен А.Шәкірбек З.А.Әуезованың өмірі мен еңбегі туралы танымдық презентация көрсетті. Ғанибет Есет домбырада күй шертіп, Абайдың өлеңін шырқады. «Қазақ филологиясы» мамандығының 1 курс магистранты Балжан Камызанова Абайдың «Қара сөздерімен» таныстырды.

Қорытынды сөзді шетел филологиясы және аударма бөлімінің меңгерушісі, PhD Аймағамбетова Малика Мұратқызы және филология ғылымдарының кандидаты Мұсалы Ләйла Жұматайқызы, аға оқытушы Рауана Төрехановалар алып. Зифа-Алуа апайға үлкен алғыс білдірді. Студенттер З.Әуезовамен бірге естелікке түсіп, автографын алды.

Л.Мұсалы, И.Әзімбаева, ҚазҰУ

Т. Раушанұлы