Кітап тарату акциясы өтпек!

Кітап тарату акциясы өтпек!

2012 жылдың 12 желтоқсанында сағ. 10.00 - 17.00 аралығында ҚР Ұлттық кітапханасында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастыруымен Тәуелсіздік күніне орай Ашық есік күні өткізіледі. Оның аясында «Қазақстан Тәуелсіздігі жылнамасындағы кітаптың рөлі» атты кітап көрмесі өтеді.

Көрмеде биылғы «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» республикалық бюджеттік бағдарламасы бойынша жарыққа шыққан қазақстандық кітаптар және Алматы қаласының жетекші баспаларының кітаптары қойылады. Көрменің негізгі мақсаты – жаңа кітаптарды халыққа таныстыру және автор, оқырман және баспагерлер арасында қарым-қатынасты орнатуға серпін беру болып табылады.

Көрме жұмысы барысында Нұрмахан Оразбек, Ұлықбек Есдәулет, Оразбек Сәрсенбай, Исраил Сапарбай және т.б. белгілі ақын-жазушылардың оқырмандармен кездесулері, сонымен қатар мектеп оқушыларымен аталған ақын-жазушылардың шығармаларының оқулары өтеді.

Ашық есік күні аясында, Қазақстан жазушылар одағы, ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы және Қазақстанның баспагерлер мен кітаптаратушылар қауымдастығының ұйымдастыруымен кітап шығару, баспа ісінде стандарттарды дұрыс пайдалану мәселелері бойынша дөңгелек үстел ұйымдастырады. Дөңгелек үстелде кітап нарығын дамыту мен қолдау, оқу мен жалпы мәдени білімнің төмен деңгейін көтеру сияқты өзекті мәселелер қаралады.

Сонымен қатар, кітапханаларда кітаптарды тегін беру акциясы өтеді.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: yvision.kz

А. Құлтай