"Абай мұрасы – адамзат қазынасы" әлеуметтік роликтер мен қысқаметраж фильмдер фестивалі өтеді

"Абай мұрасы – адамзат қазынасы" әлеуметтік роликтер мен қысқаметраж фильмдер фестивалі өтеді
Фото: massaget.kz

7-10 қараша аралығында "Абай мұрасы – адамзат қазынасы" әлеуметтік роликтер мен қысқаметраж фильмдер фестивалі басталды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальге қырықтан аса үміткер жұмысын ұсынған.

Фестиваль талабы бойынша, қатысушылар Абайдың дүниетанымдық ұстанымдары мен өсиетіне берік болып, пәлсапашы әрі ақынның ойын жеткізіп, шығармалар арқылы оқу-ағарту, тәрбие мәселесі, жаңа кәсіпті меңгеру, ынтымақтастық мәселесін көрсетуі керек.

"Абай саналы өмірін ауызбіршілік пен ынтымақтастыққа шақыруға арнаған. Әлем елдері қиын сәтті бастан кешіп, бір-бірінің қолдауына зәру болып отырған сәтте бұл өте маңызды. Сондықтан да сын сағатта Абай шығармаларының фестивалін өткізу орынды", - дейді ұйымдастырушылар.

Фестиваль барысында танымдық лекциялар, қызық меймандармен жүздесулер болады. Көрермендер фестивальді 7-10 қараша аралығында, 18.00-де, Abay Festival арнасының тікелей эфирінен көре алады.

Қазылар алқасының төрағасы – философия ғылымдарының докторы, профессор, абайтанушы Ғарифолла Есім. Сонымен бірге ақын Дәулеткерей Кәпұлы мен кинотанушы Назира Рахман жұмыстарға төрелік етеді.

Т. Раушанұлы