Мұхтар Мағауин: “Қазақ туған анасын “апа” деп атайтын... Қазір жаппай “мама” болды”

Мұхтар Мағауин: “Қазақ туған анасын “апа” деп атайтын... Қазір жаппай “мама” болды”
Фото: elana.kz

“Апа”. Қазақ туған анасын “апа” деп атайтын... Күні кешеге дейін. Қазір жаппай “мама” болды. 

Қазақтың байырғы және бүгінгі де тілінде “маманың” негізгі мағынасы – емшек. Және жай ғана емшек емес, сүті мөлдектеген, ырысты емшек. “Мен – сәби, мейірімді ана құшағында, – Ақ мамасын сүйемін, құшамын да”, – деп жазған Сұлтанмахмұт. 

Сүтті, берекелі ақ беретін үлкен бие – “мама бие”, сиыр – “мама сиыр”. Сөйтіп, ел-жұрттың орнында тұрғанда, “апа” атауы архаизмге айналды. Бүгінгі баланың анасы – “мама” болып шықты. Ұлттық бейнеден айрылудың әдепкі, ең жеңіл көрінетін бір ғана куәлігі. (Менің өзімнің алты балам туған шешелерін “апа” деп атап келеді, сондай-ақ алыс шетелде дүниеге келген, өсіп, алды бойжетіп, ержетіп, шалғайда күн кешіп жатқан төрт немерем де, аналарын “апа” дейді, бәлкім, бұл келінім қазақтағы ең соңғы “апа” болып шығуы да.) 

Әкенің “папа” болып кеткенін айтпай-ақ қояйық (біздің әулетте “көке”). Мұның бәрі аз болғандай, “апамен” қоса “әже” атауы да ұмытылды. Бұл, сүйкімсіз, қартамыш көрінген “әже” сөзін мағынасы өзгеріп, қайта туған “апа” алмастырыпты. Бүгінгі қала қазағы, зиялы саналатын қауымның балалары әжелерін “апа” деп атайды. “Папалары” өздерінің туған шешесін “апа” деді ғой, сол ретпен. Күнделікті қолданыста ғана емес, баспасөзге де сыналай еніп кеткенін көрдік: “«аталар мен апалар” деп әдемілейді көпшілік жазармандар. Бұл турасында біз, осыдан, шамасы бір мүшел, әлде он бес жыл бұрын “Атасы келінін…” деген мақала шығарыппыз. Одан ештеңе өзгерген жоқ. Өйткені бұл жаңарған “апа” ескілікті “әженің” орнын басқанына, кемі қырық жыл болды. 

Мәселен, біздің “Болезнь Боткина” деген әңгімемізде “көке” мен «апа» бар еді – “папа” мен “мама” ғой, көпшілік журналда көркемделіп шыққанда, денсаулығы тексерілмек кішкентай қыздың қасында жас жігіт пен кимешекті кемпірдің суреті тұр, яғни “папа” мен “бабушка”. Бұл – 1988 жыл еді. Одан бері қаншама заман. Бүгінгі қазақ әйелі егде тартқан, немерелі болған кезінде “әже” атанғысы келмейді, қартайып, кеміп қалатындай. (Әлдекім күмән келтірмес үшін, тағы да өзімді көтеретін, бәлкім, жаңаға жат, кертартпа қылып көрсететін куәлік айтайын – біздің бәйбіше қырық екі жасымда әже болдым деп мақтанып еді, құдайға шүкір, бүгінде қатарынан өсіп, өніп, жетіліп жатқан немерелердің қарасыны, тәуба, тәуба, сол қырық деген қасиетті санның бел ортасынан асты, әзірге санаулы шөберелерді қоспағанда, осылардың бәрі – үлкені де, кішісі де “әжелеп” тұрады.) 

Сонымен, қазіргі бала халықаралық “мамадан” айырылмайды, бірақ “бабушка” – “апа” емес, “әже” екенін білуге тиіс. Тым құрса біздің жазарман қауым табиғи, әрі ежелгі атауды бұрмаламай, орнымен қолданса дейміз.

Т. Раушанұлы