Бүгін – Дулат Исабековтің туған күні

Бүгін – Дулат Исабековтің туған күні

Бүгін қазақ жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабековтің туған күні. Осы орайда жазушының Массагет порталына берген "Романтика өлгеннен кейін, әдебиет те шала-жансар бола бастайды" және "ХХІ ғасырдағы әдебиеттің міндеті — адамзатты тәрбиелеу емес, ойландыру" атты сұқбаттарын ықшамдап, өзекті ойларын назарларыңызға ұсынамыз.

***

Неге ғасырлар бойы теңсіздік жалғасып келе жатыр. Бай бай болады. Кедей әлі кедей.  Бұл деген ХХІ ғасырда тіпті өршеленіп тұр. Өйткені ақша, дүние, тойымсыздық бірінші орынға шығып бара жатыр. Байлар байыған сайын байып жатыр. Кедейлер керісінше кедейленіп жатыр. Кедей кедейлігінің себебін қоғамнан, өзі өмір сүріп жатқан қоғамның ішкі саясатынан, формацияның әсерінен көреді. Ал оның аржағында жеке адам, тұлға тұрғанын көре алмайды. Оған мән бермейді. Халық әрқашан да тобыр болған. Сол тобырдың бірі — өзіміз. 

***

Баяғыда осындай бір інішегім болды. Миллионер. "Доллоровый" миллионер. Үлкен қызметте істейді. Маған "көке-көке" дейді, өзі менімен рулас. Бір күні: ""Көке-көке" дейсің, көкеңнің Әуезов театрында "Актриса" деген премьерасы өтіп жатыр, келінді ертіп келіп көрсейші" дедім, "Ойбай, көке барамын, шопырымды жіберемін, билет жіберіңіз" деді. Билет жібердім. Артынан ызбандайды: "Көке, Әуезов театры қай жерде" деп. "Әй, бармай-ақ қой" дедім. Мен осындайларға таңғаламын. Кейіннен жолыққанда айттым: "Сен ғой Алматыда бес жыл оқыдың. Қол ұстасып келінмен қыдырып жүрдіңдер. Сонда бір де бір рет театрға барған жоқсыңдар ма? Келін де айтпай ма театрға барайықшы деп, сонда екеуің кездескенде не сөйлесесіңдер?! Ішкен-жегендеріңді ғана айтасыңдар ма?! Жаңадан алған көйлегіңді айтасың ба? Әлде шалбарыңның балағын қысқартқаныңды не ұзартқаныңды айтасың ба?!" Міне, осындай тоғышарлар көбейіп бара жатыр. Қазіргі көптеген чиновниктер оқу бітіргенен кейін, бірде бір көркем шығарманың бетін ашпағанына кәміл сенемін.

***

Таза әдебиет деген не? Жалпы, әдебиет деген не? Оның адамға қандай қажеттілігі болды? Бұрынғы тарихты, әдебиетті оқып отырсаң әдебиет деген адамды тәрбиелеу үшін керек дейді. Ал ХХІ ғасырдағы әдебиеттің міндеті адамзатты тәрбиелеу емес ойландыру. Екі ұғым бар: шығармадағы ойды қозғау және оқырманды ойлануға мәжбүр ету. Сенің шығармаңда үлкен ой айтылыпты дейді. Шығарманың мақсаты ой айту емес. Шығарманың мақсаты сені ойландыра алу. Міне бұл өміршең шығарма болады.

***

Таза әдебиет екінші, үшінші планға кетіп, қазір "конъюнктурный" әдебиет алға шығып кетті. Даулы әдебиет, скандал, порнография, белгілі бір адамдардың өмірі қоғамға қызық. Қазір ойлы емес, ойсыз адамның жолы болатын заманға келдік. Қарап тұрсаң бүкіл әлемнің философиялық құрылымын жасаған адамдар қайыршы хәлде жүреді де, ал бизнесте жолы болғыш адамдар соларға билік жасайды. 1870 жылдары Моппасан айтқан: "Алдағы заман алаяқтардың заманы" деп. Сол байғұстың айтқаны шындық болды.

***

Жалпы алып қарағанда адам ұқсас, бірақ жекелеген ситуацияларда әртүрлі. Біз сол жалпы сипаттарға қарап шығарма жазамыз. Күлдіргі әңгіме айтсаң жаппай адамдар күлгенімен, бір-екі адам жымиып отыруы мүмкін. Өлімнің үстінде әзіл әңгіме айтамыз. Өте қайғылы әңгіме айтылып жұрттың көз жасы көл болып отырғанда, арасындағы бір-екі адам: "Кешегі жоғалған сиырларың табылды ма, не істеп жатырсыңдар" деп әңгіме айтып отыруы мүмкін. Өмірдің өзі бір ғана бояудан тұрмайды ғой.

***

Бізде типтік образға жауап беретін тұлғалар азайды. Олардың көбісі бүгінгі тіршіліктің ағымымен кетіп жатқан адамдар. Ал бұрын басқашалау болды ғой. Бұрын адамдарда "Идеал" болды! "Ро-ман-тика" болды! Орыстың ұлы суретшісі Крамскойдың жазатыны бар: "Романтика умирала, вместе с ней умирал великий художник Кипренский" деп. Сол сияқты романтика өлгеннен кейін, әдебиет те шала-жансар бола бастайды. Кез келген ұлы шығарманы алатын болсаң, автор романтик болмаса да, шығармасында романтикалық сарын тұрады. Анна Каренинаның өзі романтикалық ойдың нәтижесінде ғашық болған жоқ па? Вронскийдің басқа әйелмен де жүре беретінін көріп, сол романтикалық ойының тас-талқаны шыққан жоқ па?! Міне. Романтика өлді. Ары қарай адамның өмір сүруге ниеті де, идеалы да қалмайтын сияқты. Идеал деген баяғы біз айтқандай қоғамдық, коммунистік немесе капиталистік идеал емес, жеке адам бір мақсатты көздеп ұмтылғаны сияқты қоғамның да өз идеалы болуы керек. Ал қазір идеалсыз қоғам құрылып жатыр. Идеалсыз...

***

Таза әдебиетті жұрттар оқымайтын болды. Себебі, адамдар ойланғанды ұнатпайтын болды. "Искусство медленного чтения" біржолата құрыды. Түсінбеген нәрсесін қайта-қайта оқитын, ізденетін адамдар аз қалды. Осы Чеховтың шығармаларын Немирович-Данченколар қайта-қайта оқып жүріп түсініп, оны Станиславскийге түсіндіріп айтты ғой. Станиславский Чеховты ұнатпаған. Сосын оған әрбір сөзін, оның астарында не жатқанын, қоғамның ащы уыты жатқанын түсіндірді. "Алексей Семенович "Тригорин" (Чеховтың кейіпкері) бекерге "Реформа керек!" деп айтып тұрған жоқ. Чехов мұны көрегендікпен жазып отыр. Бізге де реформа керек. "Біз батыстың, Еуропаның театрын көшіріп алып жатырмыз. Бұдан қол үзетін кез келген жоқ па?" деді. Осындай режиссері бар театр ұлы драматургтар тудырады. Ондай адамдар қазір қалмады. Ол заман өтіп кетті. Мен кейде сол дәуірде тумағаныма өкінемін... 

Бөлісу:
Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз
Өзгерту

Соңғы жаңалықтар

Қуыршақ театрында Шәмші Қалдаяқовқа арналған қойылым сахналанады
Қуыршақ театрында Шәмші Қалдаяқовқа арналған қойылым сахналанады
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. ІI том, Тайғақта
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. ІI том, Тайғақта
Тест. Ағылшын деңгейіңіз қандай?
Тест. Ағылшын деңгейіңіз қандай?
Оралхан Бөкей: Өмір – ешкім шығара алмас қиын есеп
Оралхан Бөкей: Өмір – ешкім шығара алмас қиын есеп
Бобыржан Момынов IBF Intercontinental белбеуін жеңіп алды
Бобыржан Момынов IBF Intercontinental белбеуін жеңіп алды
Ғалымдар коронавирустың басты "қулығын" атады
Ғалымдар коронавирустың басты "қулығын" атады