Ілияс Есенберлиннің Мәншүк Мәметоваға арнаған дастаны

Ілияс Есенберлиннің Мәншүк Мәметоваға арнаған дастаны
Фото: massaget.kz

"Көшпенділер" трилогиясы арқылы әлемге аты танымал болған жазушы, драматург, ақын, сценарист Ілияс Есенберлиннің шығармалары ұлттық намыс пен отансүйгіштікке шақырған туындылар. Олардың бүгінгі оқырман үшін де маңыздылығы өте зор.

Қазақ әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан дара тұлғаның туындыларының шоқтығы биік. Ең көп роман жазған (17) қаламгер шығармашылық жолын поэзиядан бастаған. "Мен өнердегі өмірімнің есігін өлеңмен ашқан едім" - дейді Ілияс.

Ілияс Есенберлин 1915 жылы қаңтар айының 10 күні қазіргі Ақмола облысына қарасты Атбасар қаласында дүниеге келген.

Жазушы Ұлы Отан соғысы тақырыбына бірнеше дастан жазған. "Намыс", "Айша", "Сұлтан" және т.б. Осылардың ішінде "Айша" дастаны қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметоваға арналған. Дастанда Отан қорғау жолындағы ерлік істерін, ел-жерге сүйіспеншілігі мен өмірге құштарлығын кеңінен көрсетеді. Достық, махаббат пен сенім тұрақтылығы тақырыптары кеңінен қаузалған.

Айша

Бұл дастанымды қазақтың әйгілі қызы, Советтер Одағының Батыры Мәншүк Мәметоваға арнаймын.

Автор

Айшаның сыры

Жас арудай аймалаған жүзін нұр,
Құлпырып тұр қырмызы гүл,
Қызыл гүл...
Әнің неткен әуезді еді,
Сазды еді,
Шырқа,
Шырқа,
Шырқа, бұлбұл!..
Үзілдір!..
Тәкаппарсып,
Жатпаса да көп қарап,
Сол бір гүлде сен дегенде жоқ тағат...
Көңіл деген көк дөнен ғой,
Тек қана
Алу керек табындырып,
Ноқталап!..
Демеу үшін «сұңқылдаған бұл қай құс?»
Айт шыныңды,
Айт сырыңды,
Самғай үш!
Бас иетін қасиетіңді ұғынсын,
Шырқа!
Шырқа!
Шырқа, бұлбұл!
Шырқай түс!
Қақ төріңде қар жамылған Алатау —
Керемет тау,
Құдірет тау,
Дара тау!
Айналасы аппақ гүлді алма бақ —
Алматы шын теңдесі жоқ жәннат - ау!
Қалай ғана ғажайыпқа баламай
Сөйлейін мен?..
Қайың,
Терек,
Қарағай —
Көшелердің екі бетін көмкеріп
Ерке бұлақ жүгіреді баладай!..
Кейде өзіңе билеткізбей өзіңді,
Оятады не бір асау сезімді!..
Жаз бен күзде жүргендейсің жұмақта,
Өрік, Алма тұндырады көзіңді!..
Сеңгір таулар,
Мөлдір таза көк аспан
Тұлғасына,
Келбетіне жарасқан,
Пәк қалада,
Ән қалада осынау
Мен өзімнің өміріме жол ашқам!
Алтын нұрын төккен кезде ай көктен,
Арман құшып қараушы едім әйнектен.
Бала қиял есейді де жыл санап,
Басқа жұртқа болдым «сұлу, бойжеткен».
Сезініп бұл ақиқатты жұрт білген,
Әлі есімде өзгергенім күрт, бірден...
Ертеңімнен әлденені аңсадым,
Ертеңімнен әлденені күттім мен!
Жатты алдымда адастырмас төте жол,
Құс сайраған, гүлге оранған бауы мол...
Нені аңсадым,
Нені күттім десем мен.
Ең алғашқы махаббатым екен ол.
Қиыла бір қарағанда күлімдеп,
Тұрдым іштей — Жұлдызым деп,
Күнім деп!..
Ол айтатын: -
«Шаттығым»,— деп,—«ортаймас»,
Ол айтатын:
«Құндызым» деп,
«Гүлім» деп.
Сондай сәтте лапылдаған от көңіл:
«Ақ сезімнің ақ нөсерін төк те бір,
Ләззат тап» дейтін еді!
Тәттірек.
Болып маған кетуші еді тәтті өмір!

***

«Аты кім еді?
Қандай оның түр-түсі? —
Десеңіздер,—
Аты — Сырым,
Күлкісі
Ешкімде жоқ!..
Сондай болсын бір жігіт,
Сондай болсын сұлу болса бір кісі!
Бар еркімді билеп алып, не керек,
Батты күндер,
Атты таңдар керемет.
Бүршік жарған бір гүліне алманың
Қонды келіп қызыл қанат көбелек!
«Кездессе де нелер алтын,
Нелер жез,
Айнымаймын,
Айырмаймын сенен көз!..»
Ғашықтардың бұл дәуренін кенеттен
Кетті бұзып,
«Соғыс!»
«Соғыс!» деген сөз!..

***
Күңгірт тартты алып Отан аспаны,
Жауға қарсы көтерілді жас, кәрі!..
«Барлығы да майдан үшін!»—
Партия
Осылайша халыққа ұран тастады!..
«Жеңіспенен оралады күліп ер,
Жөніміз жоқ, болашақтан түңілер!»
Ақсақалдар сапқа тұрды қайтадан,
Ағалардың орнын басты інілер!..
— Қош бол, сәулем!
Сыналар кез келді,— деп,
Кетті Сырым...
Қалдым іштей мен жүдеп.
— Күтем!—дедім, — Күтемін!..
Жанарымда жалғыз тамшы мөлдіреп...

Сырымның сипаты

«Қанша биік самғаса да
Қарғадан —
Қыран шықпас!—
Білсін мұны бар жаман...
Намыссыздар бола алмайды нар жігіт,
Адам болып қалады әркез арлы адам!»
Талай сері адал сырын жайса да,
Талай сылқым маза бермей қойса да,
Түсінігі,
Кісілігі ерекше,
Сырым ғана ұнады тек Айшаға.
Өтімді еді,
Секілді еді ер кілең,
Неге оларды жақтырмады,
Көрді кем?
Жеке-дара қызға ұнаған жігітті
Суреттейін,
Сипаттайын енді мен!..

***
Сыйламаса —
Орын бермей қасынан,
Ер намысын артық көріп басынан,
«Жаның — арың садағасы»—
Деп қазақ
Ұл-қыздарын баулымай ма жасынан.
Айтар едім Сырым соның деп бірі!..
Тау болса егер —
Биік шығар шоқтығы;
Ұста соққан қылыш болса ал егер?
Қиып түсер ақ алмасы,
Өткірі!..
Еш уақытта езбенен ол дос емес,
Мінезі бар және жеңіл сөзге ермес.
Байыпты еді,
Байсалды еді,
Ойлы еді,
Дәрежесі өзгерсе де —
Өзгермес!..

***
Арыс кеуде,
Бітімді иық,
Жылы жүз!..
(Бекер айтып жатқан жоқпыз мұны біз)
Қарап тұрып, қариялары қазақтың:
«Осындай боп өссе, — дейтін, — ұлымыз!»
Досқа — көктем,
Дұшпанына — жаны күз!..
(Мұны да Сіз күмәнсіз қабыл алыңыз!)
Сұлу қыздар қиялдайтын көргенде:
«Осындай боп жолықса. — деп, — жарымыз
Еңбек,
Білім,
Екі жақтап шыңдаған,
Болмысына қызығатын күллі адам.
Жеке-дара тұрар еді көзге ұрып,
Жігіттердің арасынан мыңдаған!..

* * *
Өнер десе,
Өлең десе,
Күй десе,
Сауық десе,
Думан десе,
Би десе —
Тартынбайтын!
Жарқылдайтын алмастай!
Кетуші еді кіммен болсын үйлесе!
Оянған соң ақыл ойы ерте тым,
Қайыршының киіміндей келте күн
Озатынын,
Тозатынын түсініп,
Армандайтын ел-жұртының ертеңін!
«Кірпіш болып қалан! депті бір атам,
Өзімді мен немен сонда жұбатам?»—
Деп ойлайтын, Сондықтан да қайран бір
Қиындыққа салса дейін Ұлы Отан!..

***
Бірі келіп әзіл айтып тұрады,
Бірі келіп назын айтып тұрады.
Сол жігітті сонадайдан танитын,
Сұлулардың көзі неткен қырағы!..
Сырым болса бойын аулақ салатын,
Тентек ойды тежеп ұстап қалатын.
Қия алмайтын арамдыққа өзгені,
Қиялдайтын қызғалдағын қонатын.
Дем алғаны секілденіп күрсіну,
Кей уақытта кеудесінен ыршыды у.
Көк жиектен қолын бұлғап бір арман,
Көз алдына елестейді бір сұлу!..

***
Махаббат та жарқ ететін жасын - ау,
Мүмкін емес тебіренбеу,
Тасымау!..
Сол бір арман,
Сол бір сұлу —
О, ғажап,
Айша деген қыз екен ғой осынау.
Аласұрған жүрек барда, От барда,
Табысқанға тоқтау бар ма, Шек бар ма?
Бал дәуреннің шымылдығын көтеріп,
Енді ғана ләззат таңы атқанда,—
«Соғыс!» атты дүлей дауыл басталды!
Талай ару сүйгенінен жас қалды.
Мылтық ұстап домбыраның орнына,
Батыр Сырым шырқады енді басқа әнді!...

Айшаның сипаты

Жанып тұрған жақұт - сынды көз деген,
Арманы ғой жігіттің ол іздеген,
Ақынмын деп кеуде көрген талайлар,
Айтып көркін жеткізе алмас сөзбенен!
Сонда да мен сипаттауға бейнесін
Талпынайын!..
Кейде мақтау,
Кейде сын —
Есітермін...
Амалым не,
Өнердің
Қақпасына ел қатарлы енгесін!
Әрі нәзік,
Әрі сондай ер еді,
Менсінбесе —
Мініңді тез көреді...
Қалдырса да көңіліңді қанша рет,
Қарай бергің,
Қарай бергің келеді!..

***
Ойы қандай,
Қандай және қылығы!
Мойны қандай,
Қандай және бұрымы!
Сезіміңді оятады - ау қытықтап,
Сөйлегенде дауысының дірілі!..
Тоты құстай шыққан кезде түрленіп,
Кәрілер де қалу үшін бір көріп,
Терезеден үңілетін,
Ол болса —
Кергімейтін сылаң қағып,
Сыр беріп!..
Ол көшеде таң да әдемі ататын,
Ол кешеде күн де әдемі бататын.
Ертеңгілік,
Кешкілікте,
Өйткені
Тық-тық басып Айша келе жататын!..

***
Құмырсқа бел,
Оймақ ауыз,
Қыр мұрын
Толықтырып тұрғанын - ай бір-бірін!
Егер, егер салыстыра көз салсаң,
Күңгірт тартып кететіндей нұрлы күн.
Қиылған қас,
Айменен тең,
Жүзі тек,
Арманыңа,
Көндіре біл,
Қызды деп,
Арбаушы еді...
Бозбалалар қаншама
Қолы жетпей десеңізші болды әлек!
Өз бағасын іштей өзі біледі,
Бірін аяп,
Біріне жай күледі,
Тек Сырым деп күрсін дейді көңілі,
Тек Сырым деп дүрсілдейді жүрегі!

***

Жігіттерді,
Сырын ашқан қызығып,
Сәл жымиып тыңдар еді сызылып.
Оңашада жолықса да,
Көңілі
Кетпес еді куә жоқ деп бұзылып.
Алдамайды,
Ақиқатын баяндап,
Қайтады елге жалғыз өзі аяңдап...
«Жассың ғой!» деп күбірлейді қоңыр жел,
«Жассың ғой!» деп сыбырлайды ояу бақ.
Ойлайды да алтын таңын арайлы,
Айдаһардай жұтып жатқан талайды
Батыс жаққа күн батардың алдында
Назалана,
Ызалана қарайды!..

***
«Сұлушашты»—
Жас жүрегі елжіреп,
«Құралайды»—
Көзден жасы мөлдіреп,
Оқиды кеп...
Оқиды да
«Тасқынды»
Неге ақын ойын шолақ берді деп,
Өзінше бір сынай қарап,
Толғанып,
«Қыз Жібекті» отыратын қолға алып,
Төлегеннің мінезіне сүйсініп,
«Алпамыстың» ерлігіне таң қалып.
Дүниеге келгендей боп қайтадан,
Содан кейін сызылтып бір айтады ән:
«Жоқсың, жарым,
Жоқсың, жаным, қасымда,
Қалай ғана,
Қалай ғана жай табам?!»

***

Шекспирді,
Пушкинді һәм Горькийді
Оқиды кеп...
Оқиды да
Зор күйді
Тыңдағандай тебіреніп,
Тербеліп,
Шаттанады,
Мұңаяды,
Толқиды!..
Сұлуларға теңеу еткен Ай, Күнді
Түндер бойы парақтайды Байронды.
«Дон Жуаннан» сырт айналып, Жиіркеніп,
Мүсіркейді «Дон Кихотты» қайырымды.
Дүниеге келгендей боп қайтадан,
Содан кейін сызылтып бір айтады ән:
«Жоқсын., жарым,
Жоқсың, жаным, қасымда,
Қалай ғана,
Қалай ғана жай табам?!»

Сырымның ерлігі

Псков түбі,
Не боп кетті, апырым - ау? –
Жалмауыздар, жанға тырнақ батырды - ау!
Қызыл әскер майдандаса шегініп,
Келіп қалды,
Келіп қалды жақын жау!..
— Жетеді енді!
Бекінбесек болмайды!
Жауынгерлер командирді қолдайды!
Дұрыс!
Дұрыс!
Бұл күндерде бас емес,
Бізге Отан,
Бізге туған ел — қайғы!
Ұрыс қызды. Баса-көктеп кірердей,
Сұм фашистер бірі өлсе,
Бірі өлмей,
Ұмтылды!..
Қас батырлар қалай да —
Қасарысып,
Қойды ілгері жібермей!..

***

Тұла бойды билеп алса, ар-намыс,
Одан асқан бар ма қуат, Бар ма күш!..
Осылардың арасында болатын —
Алматыдан келген қайсар жолбарыс.
Қарамайтын жауып тұрған от - оққа,
Батылдығы ілінді сан атаққа!..
Жатыр, әне, автоматын құшақтап,
Жатыр, әне,
Жатыр Сырым окопта!..
Кетпегенмен жанарынан жас тамып,
Көңілінде бір алапат басталып,
Жатыр үнсіз,
Туған жерін ойлап ол,
Жатыр үнсіз,
Сүйген жарын еске алып!..

***

Бүгін тағы сұм фашистер қойды лап,
Жерден де атып,
Көктен де атып,
Бомбылап.
Бірақ қамал бұзылмады,
Олары —
Болып шықты әурешілік,
Сандырақ!..
Есі шығып,
Құтырғандай бір түрлі,
Қайта-қайта,
Қайта-қайта ұмтылды.
Түсті екінді,
Төбесінде Псковтың
Тітіркеніп түтін басқан күн тұрды!..
Кектенбесін,
Күңіренбесін қалай ел?!
Нақ сол күні жесір қалды көп әйел,
Нақ сол күні жетім қалды көп бала,
Нақ сол күні көзін жұмды талай ер!..

***

Сырым тірі!..
Бірақ Сырым тірі әлі!
Түскенінше қолдан қару,
Құралы,
Бұқпақ емес,
Шықпақ емес қатардан,
Өз орнында тұрады!
Бұл — ұраны!..
Бір танкті өртеп еді әлгінде!
Осы тұста бір бәле бар,
Көрдің бе?..
Дегендей - ақ,
Сұм фашистер бас салып
Оқ жаудырды...
Қаймықпады ол мүлде!
Автоматтан ерлік әні шырқалып
Кетті сонда!..
— Жо-жоқ! Мұны құрталық!—
Десе керек ызаланып...
Бетпе-бет
Келіп қалды,
Келіп қалды бір танк!..

***

Кенет!..
Кенет жараланды оң қолы,
Қалай құртпақ,
Қалай құртпақ енді оны?!
Бір көгілдір мұнар басты көз алдын,
Бір танктен басқа еш нәрсе көрмеді!..
Басқа адамның денесіндей бөлек бір,
Бағынбайды!..
Дүрсілдейді жүрек құр!
Гранатты лақтыра алмайды алысқа,
Сондықтан да жақындауын тілеп тұр.
— Зула!
Зула!
Арындай түс!
Арында!
Таптатпаспын шыбын жаным барында!—
Қаһарлана сермеп қалды оң қолын,
Бүкіл дүние оранды көк жалынға!..

***

Жау шегінді!..
Қызыл әскер тартты алға!..
Бір қуған соң аялдар ма,
Тоқтар ма?!
Содан кейін бір селоның түбіне
Бекінді кеп,
Күн қызарып батқанда!..
Маңай түгел маужырады,
Қалғыды,
Тек құлақта бомбалардың қалды үні.
Арасынан бүгін ғана аттанған
Ер Сырымды есіне алды барлығы. -
Ал, ол болса:
— Қайда кеткен,
Қайда әлім?..—
Деп күбірлеп,
Барлай алмай аймағын,
Жатыр Псков топырағын жамылып,
Тірі екені,
Өлі екені беймәлім!..

Айшадан хабар

Айша біраз болып қайтты ауылда,
(Дауылпаз ғой қарсы ұшатын дауылға)
Келе салып араласты еңбекке,
Араласты еңбекқұмар қауымға!
Көрмесе де,
Көңілімен майданды
Сезінетін!..
Туған елге пайдамды
Тигізсем деп,
Күйге енетін мазасыз.
Енді, міне, орнын тапты,
Жайланды!..
Білмеуші еді құрғақ айқай,
Мақтанды!
Дегенменен, күлім қақты,
Шаттанды!
Одан артық не істеу керек
Қолымен
Құйып жатса жауға атылар оқтарды!

***

Адамдарда түрлі ұлттан құралған —
Бір-ақ тілек,
Бір-ақ мұрат,
Бір арман:
Фашист күнін қараң етіп,
Тездету —
Жеңіс күнін!..
Басқаны естен шығарған!..
Бұрынғыдай өткізбейді көп думан.
Жан жоқ және атақ қуған,
Ат қуған!..
Бәрінің де қабақтары қатулы,
Бәрінін де кеуделерін кек буған!
Еңбектегі тілектері өтімді
Туысындай мүсіркейді жетімді!..
Бүкіл әскер бір жауынгер сияқты,
Бүкіл қала бір-ақ адам секілді!..

***

Көзін салмай бүршік жарған бауға да,
Бүгін Айша отыр үнсіз аулада!..
Оңаша отыр ойлап Сырымын.
Құмыр бұлбұл, Көңілін құр аулама!
Әлденеге толқып еді ол кеше,
Әлденеден қорқып еді ол кеше;
Білер еді,
Білмес еді себебін,
Хат тасушы хат әкеліп бермесе!..
Жауынгерлер бірге жүріп қан кешкен
Жазған екен!..
Құлап түсті!.
Танды естен!
«Ана сүтін ақтай өлді ер Сырым»—
Деген сөзден басқа сөзді көрместен!.

***

Әй, жас сұлу,
Тағдырыңа өкпелеп,
Күңіренбе!
Көз жасыңды төкпе тек!
Жеңу үшін қасіретті,
Қайғыны,
Жігер керек,
Қайрат керек,
От керек!
Тұр орныңнан!
Бар еді ғой күш сенде!
Бұл хабарға сенбесең де,
Сенсең де,
Ертеңіңнен үміт үзбе,
Түңілме!
Тіресе біл,
Күресе біл
Өлсең де!..
«Мүмкін емес!»
«Мүмкін емес!»—
Дейсің - ау...
Кім біліпті?
Шығар, бәлкім, жәй сынау...
Кім біліпті?
Болған шығар қателік?..
Осылайша өміріңе қой сұрау!

***

Сұрау қой да,
Жауап ізде!..
Тыншыма!
Өзіңді-өзің алға сүйре құлшына!
Жол таппасаң —
Жатырқамай құлақ түр
Жаңылмайтын арман атты жыршыға!
Ол айтады:
Уақытыңды ұт дейді!
Ол айтады:
Бақытыңды күт дейді!
Бір қуаныш өлшем емес өмірге,
Өмір және бір қайғымен бітпейді!..
Ол айтады —
Құлап бақ деп сертіңе!
Ол айтады —
Шыдап бақ деп дертіңе,
Ерте өледі алдағандар арманын,
Өртенеді өкініштің өртіне!..
Тап келсе де талқан қылар төтенге:
«Гүл боп тудым,
Күл боп ұшып кетем бе?»
Деген оймен өзін Айша қолға алды,
Біздер оны жұбатыппыз бекерге!..

***

Бірте-бірте қайғы бұлты кетті ұшып,
Бірте-бірте көзіңдегі кепті шық...
Қабақ түйе қарайды тек батысқа,
Ыза буып,
Көкірегін кек қысып...
Өжеттіктің белгісі ғой бұл анық!..
Аман қайтса,
Шығар халқы гүл алып...
Қан майданға аттанбақшы ол енді,
Қан майданға аттанбақшы сұранып.

Сырымнан хабар

«Соғыс деген дүниедегі ең жауыз
Алты басты айдаһар ол жалмауыз.
Сен жеңесің қорықпасаң ажалдан
Қасқырларға қасқыр болсаң қанды ауыз.
Өлсең-дағы қолдан бермей намысты,
Барыс болып жеңу керек барысты».
Дейтін еді достарына ер Сырым,
Өзі - дағы жаумен солай алысты.
«Бұл өмірге келмеу керек» дейтін ол,
«Келгеннен соң өлмеу керек» дейтін ол.
Шынында да солай болды!
О, тоба!
Аман қалған,
Аман қалған қайтіп ол?..

***

Осы тұста Псков маңы болды айғақ:
Қарға, құзғын жатқанына той-тойлап.
Қанішерлер көрсеткелі жеңісін,
Жұрт біткенді өліктерге келді айдап.
Осылайша алмақшы олар зәрені,
Бірін теуіп,
Бірін түртіп көреді...
Келгендердің арасында сол күні —
Барлаудағы партизан да бар еді.
Сол бір жігіт
Жас партизан Андрей,
— Көміңдер!—деп,
Бұйырғанда жау дүлей,
Байқап қалып тірі екенін Сырымның
Бетін жауып кете барды білдірмей...

***

Мұндай іске айласы мол ер керек!..
Бірде жүріп, бірде бұғып,
Өрмелеп,
Қайта оралды түн ортасы болғанда,
Тауып алды,
Белгіленген жерге кеп...
Қараңғыға көзін біраз үйретіп,
Қорқынышын тәуекелге билетіп,
Шапанына жатқызды да,
Шеткі бір
Үйге әкелді,
Шанадайын сүйретіп...
— Қаны қатып қалыпты ғой жараға!
Өзі менін ұқсайды екен балама...—
Деп күбірлеп,
(қойған болар келісіп)
Қалбалақтай бәйек боп жүр кәрі ана.

***

Қарсы алғандай қашанғы бір туысты,
Андреймен қанын бірге жуысты...
Содан кейін жайғастырды төсекке,
Күрке қылып елеусіз бір қуысты.
Үрейленбей,
Үйренгендей бұл сынға,
Айналасын толтырды күл,
Құм,
Шымға...
— Адам түгіл сонадайдан көз тіккен,
Таппас енді тура келген тыңшың да
Жатсын мұнда жеткенінше оңалып,
Уақытым жоқ отыруға демалып,
Мен жүрейін...—
Деп партизан қоштасты...
Осы кезде атты таң да бозарып!..

***

Тұла бойын түршіктіріп ой мұңды,
Безектеумен батырды әрең кей күнді.
Мына дүние,
Мына жердің бетінде,
Аналардан адам бар ма мейірімді!
Қиын кезде қандай және төзімді,
Қандай ұқсас қолдарының әжімі!
Өз анасы сияқтанды ол Сырымға,
Сырым оған сияқтанды өз ұлы...
Сезіп оның қалғандығын қансырап,
Жанарынан төгілді жас тамшылап.
Күдіктеніп қала ма деп біреулер,
Көршілерге бара алмады нан сұрап.

***

Маңайынан кетпей ана бір елі,
Қайта соқты қас батырдың жүрегі!
Жеңіп шықты екі тәулік азапты,
Жаны неткен берік еді,
Сірі еді?!
Сосын барып сұрап білді мән-жайды,
Сен тірісің дегенге іштей нанбайды.
«Ризалықтан еріп жатқан кеулімен
Көріп жатқан көзі қалай алдайды?..
Демек мынау болғаны ғой шын аман,
Арыл, көңіл, күйректіктен,
Күнәдан!..»
Ақ ниетті тілеулесі табылса —
Ажалды да жеңеді екен бұл адам!

Айша майданда

Кезің емес шаршап кейін тартатын,
Жалқауланбай өзіңе жүк артатын —
Қаламыңды, ақын, сынар сәт туды,
Сәт туды бір қуатыңды сарқатын.
Сыршыл жандар тебіреніп көкке ұшсын
Күншіл жандар бағы кеміп от құшсын.
Айта алмасын,
Шайқалмасын бастары,
Деп талантсыз,
Деп дарынсыз,
Бұл мүскін...
Жауға тиген тұла бойға жиып кек,
Жас Айшаны жарандарға сүйікті ет.
Сол арқылы ғұмырыңды ұзартып,
Сол арқылы тұғырыңды биіктет!..

***

Соғыс!
Соғыс!
Қара дауыл!
Қан майдан!
Салып жатыр жерге ойран,
Елге ойран.
Сырым өлсе,
Өзім орнын басам деп
Айша аттанды
Кек алуға серт қойған!
Кім құрбаны зұлымдықтың
Кім ардың?
Туады әлі-ақ
Туады деп ұғар күн —
Полк келді Алматыдан соғысқа
Арасында Айша да бар бұлардың.
Қиынға оған
Майдан түсті, түсті тым.
Жүдеттірді
Солдат ісі, қысқы күн...
Көтерді ол
Қыз деп бұған қараған
Кей жігіттің
Дөрекі әзіл, мысқылын...

***

Сыйлай білер үлкенді де, кішіні
Осы қызды құмырсқа бел, пішінді,
Tic батпайтын қатты жаңғақ екенін
Көп кешікпей жігіттер де түсінді.
Қалжыңдарын,
Сықақтарын
Жым қойды.
Кей біреулер
Сақтап жүрген ізгі ойды,—
Командирша қыз қараса сестене,
Солдатша жия қойды тез бойды...
Сөйте-сөйте, полк біткен біртіндеп,
Жақсы көрді, еркелетті құрметтеп.
Қорған болды, ұрыстарда сан қилы,
Жауға жалғыз тастамады бетпе-бет.

***

Бола білді
Қыз да енді қатулы,
Қар жамылып, мұз төсеніп жатуды
Үйренді ол.
Үйренді ол және де
Станковой пулеметті атуды.
Айша енді
Полк алдынан құрып шеп,
Жау көрінсе
Тетігін дәл, дөп түзеп,
Басады - ай бір,
Пулеметі сол сәтте
Сақ - сақ күліп жөнеледі безектеп...
Айқас тынды кеткенде көз байланып,
Көк түтіннен көрінбейді Ай да анық.
Жауынгерлер отыр үнсіз түнеріп,
Батыр Айша отыр үнсіз ойланып!..

***

«Қаншама адам опат болды бір түнде!
Өмір сонша ойыншық па бұл күнде?
Не боп кетті?..
Не боп кетті дүние?!
Іркілме, жас, жанарыма,
Іркілме!..
Соғыс заңы шығар бәлкім осылай,
Бәріне де төзу керек жасымай...
Төзу керек!
Байқау керек бірақ та!..
Байқау керек?..
Мынау ойдың тосыны - ай!
Шынында да табиғаттан —
Тәңірден
Алған сыйға
Не бар қымбат өмірден?!»
Осылайша толқып іштей қалғыды ол,
Қалғып кетті қорқынышты көңілмен.

***

— «Жас қой әлі!
Қыз ғой әрі тым нәзік!
Гүл иіскеп,
Ән үйреніп,
Жыр жазып,
Мезгілі ғой майысып бір жүретін,
Жатыр неге өзіне-өзі көр қазып.
Өліп пе еді?
Бозарыңқы бұл не түр?
Дейді және достарына күлме құр!
Алдын алып жатқаным ғой!..
Күні ертең
Қажет болып қалмасына кім кепіл?»
Бойындағы кеткені ме күш кеміп,
Оянды Айша осы - сынды түс көріп
Ер Сырымын еске алды да,
Артынша
Атып тұрды ашу қысып,
Тістеніп...

***

Н. қаласы,
Қала сырты немістер.
Жындануда...
Жылжи алмай қарыс жер.
Бір заматта бомбалардан жарылған
Жазық дала сияқтанды тегіс көр...
Біздің әскер ойлаған ба бас қамын,
Қиналғанмен
Сездірген жоқ сасқанын...
Бірақ Айша байқап қалды қасынан
Бір шіріктің кейін қарай қашқанын.
Мұндай сәтте шыдайды ма жан текті?!
Тоқта деді!..
Атып салды!..
Жалп етті...
Сол бір ездің өлімінен жиіркеніп,
Ол ешқашан қорықпасқа ант етті!

Суық хабар...

«Теңіз өмір тереңінде талықсып,
Тұншықтың ба?
Ұмтыл ерге намыс қып!
Тау толқындар ортасына түстің бе?
Құлаш ұр да,
Өзіңді - өзің алып шық!
Болмысыңнан болмасаң да ерекше,
Тірлік үшін күрес алғыр түлекше,
Табынғандар тағдырына бас ұрып —
Адам емес!
Адам емес!
Өлексе!..
Солай деген бабаларың бұрынғы!
Деп әкесі қайраушы еді Сырымды.
Медет беріп мұқалмаған жігері,
Және достық себеп болып тірілді!

***

Қараңғыда бір тесіктен көз алмай,
Жатады тек...
Қайнайды іші қазандай.
Сақал өсіп,
Жақ суалған...
Келбеті
Бүрін тастап сидаланған бозаңдай!
Адам әсте армандауға тойған ба,
Кейде бірақ жалығады ойдан да.
Ашынады,
Ашынады амалсыз,
Асығады,
Асығады майданға!
Кенет...
Кенет...
Есік қатты ашылып,
Үйге біреу кіріп келді басынып.
Неміс екен! Офицері немістің
Тұр кемпірдің зәре - құтын қашырып.

***

— Орыс жаман!
Күзі жаман!
Жаңбырдан
Тоңған қатты...
От жағады...
Бол, жылдам!—
Деп айқайлап,
Дірдек-дірдек етеді
Әңгі неме,
Әулекі ит қаңғырған.
Табанында тақтай еден дүбірлеп,
Солқылдайды,
Тепсінгенде дігірлеп...
Таянғанда Сырым жатқан қуысқа,
«Сақта, құдай!»
Дейді кемпір күбірлеп...
Ал офицер:
— Сен қояды жылаған...
Арақ бар ма?..
Арақ бар ма?..
Мен ішеді...
Сұраған...
— 
Деп күледі...
— Мен ішеді арақты
Құрметіне Москваның құлаған...

***

Найсап не деп мылжыңдады көпіріп,
Тұрған болар мастықпенен лепіріп.
Ток ұрғандай Сырым қатты селк етті
«Кім біледі?..
Жо-жоқ!..
Бекер!
Өтірік!..»
Аз-ақ қалды ақыруға ышқынып,
Өзін-өзі ұстады әрең күш қылып.
Шам секілді сәулесі мол сенімін
Көбелекше шыр айналып ұшты үміт.
«Мүмкін емес!
Берілмейді Москва!
Айтып түр ғой бұны босқа, қас қыла!
Мына хабар өңменіме оқ құсап
Еніп кетті-ау!
Зеңіп кетті-ау бас мына!..»
Сенбе, Сырым!
Сенбе!
Сенбе!
Сенбе сен!
Москва аман!
Айша да аман!
Ел де есен!..
Бұл өмірден болсаң егер түңілген —
Сұм өлімді жеңер ме едің?..
Жеңбес ең!
Сондықтан да керек әсте түңілмеу,
Керек және күйректікпен жүгінбеу.
Есектіктің белгісі ғой —
Даурығу,
Кесектіктің белгісі ғой —
Бүгілмеу!
Менің бірақ еркін жетпей дауысым,
Естіле ме сияқтанып алыс үн?..
Кімсің десең... —
Боламын мен сенімің!
Кімсің десең —
Боламын мен намысың!

***

Сырым кенет арыстанша атылып,
Бойындағы бар қуатын шақырып,
О дүниеге аттандырмақ болды бір,
Офицерді қызыл қанға батырып.
Ашу орға итерсе де тым қыстап,
Жібермеді ақыл артын аңдыстап.
Осылайша өзін тағы қинады ол,
Осылайша өзін тағы қалды ұстап.
Шынымен-ақ келмей ме әлі мынаған?
Келмесе ше?..
Көмектесер кім оған?..
Құлағынан кетпей қойды деген сөз.
«Құрметіне Москваның құлаған...»

Тағы да соғыс

Бейбіт күннің бесігінде тербелдім,
Бірақ мен де бір адамдай көргенмін:
Соғыс!
Соғыс!
Қояды екен шекара
Арасына ездер менен ерлердің!..
Бейбіт таңның шұғыласына боялдым,
Бірақ мен де одан терең ой алдым:
Соғыс!
Соғыс!
Қояды екен шекара
Арасында адамзат пен аярдың!..
Берілмей-ақ құр қиял мен елеске,
Болған жайды алайықшы тағы еске.
Сұлу Айша бастан кешкен оқиға —
Сонын нақты бір мысалы емес пе?!
Снарядтар әбжыландай ысқырып,
Түскен сайын,
Жердің өзі ышқынып
Жылағандай болады бір!
Бүгін жау
Біздің жақты бара жатыр тықсырып.
Минут туды алдасар да арбасар
Біздің жақ та,
Емес ондай тым осал!
Командир тұр бұйрық беріп:
— Дайындал!
Дәл көздеңдер!
Ноль, ноль бестен оңға сәл!
— Дайындалдық!
Нысана дәл!
— Атыңдар!
Жігітсіңдер!
Жарадыңдар, батырлар!
Енді байқа!
Жа - а...
Тезірек жатыңдар!
Осылайша жер мен көкті қақпалап
Атысты кеп жан аяспай екі жақ
Зеңбіректер жекпе-жекке шыққандай
Гүрсілдеді,
Дүрсілдеді тым ұзақ!..
Десе керек жасып қалды жұрт мынау,
Десе керек діңкелерін құрттым - ау —
«Артдайындықты» бір уақытта бітіріп
Сапын дүзеп шабуылға шықты жау!
Шабуылдың жан түршігер кезі бар,
(Таяп түскен жұтуға ол айдаһар)
Лек-лек болып келіп қалса от түтеп
Ондай жауға төтеп беріп кім шыдар?!

***

Састырмақ па күшімен де сұсымен,
Қатарлары аумайды дажал тісінен,
Келе жатыр шеру тартып...
Қарайды
Жауынгерлер демін алып ішінен.
Тұрғызбастан осы күйі лап қойса,
Қалай тірі қалар бұлар?
Қалайша?
— Отан үшін!..—
Деп сол кезде
Пулеметтен ажал отын төкті Айша!
Сонда басқа пулеметтер сақылдап
Күліп берді.
Жау да қалған жақындап.
Көтерілді енді қызыл қалың қол,
Жел өршіткен өрт секілді лапылдап!..

***

Көріп кенет зәресі ұшып сасқан-ды,
Тоқтап бірі,
Қорқып бірі қашқан-ды.
Дүр сілкініп ұмтылды да біздің жақ,
Кескілескен қанды шайқас басталды!..
Шығып үндер сол айқаста жат небір,
Қас қағымда жер жастанып жатты өмір.
Қолды шарпып шапшиды бір қызыл от
Кеуделерге кірген кезде көк темір...
Тайталаспен бесін болды,
Түс ауды!
Қарсы жақтан қайрат кетті,
Күш ауды...
Тұрды шыдап әзер басып Айша қыз,
Жүрек деген үркек шіркін асауды!

***

О бастан-ақ жанып тұрған от еді,
Өзін-өзі қорғауға әлі жетеді...
Бар ма әділет басқыншыда бірақ та,
Әне, әне бас салды оны екеуі.
Бірін атты...
Ал біріне саған құр
Оқ жұмсамай,
Тұтқын етіп алам бір
Деген оймен
Келіп еді бетпе-бет,
Дәл сол сәтте
Құлатты оны командир!
Айшаны да кетіпті жау қан қылып,
Он бүйірін бара жатыр жандырып.
Қараңғы түн... Адасты қыз... «Санбатқа»
Жетемін деп бір жығылып, бір тұрып.

Тағы да Сырым...

Тағдыр, менен бар ма әлі алмағың,
Сарсаң қылды сенің қанды қармағың.
Көз ілмеймін,
Безінбеймін өмірден,
Сезінгенмен қасіреттің салмағын.
Табаныма қадалды - ау шөңгедей,
Табалама кім едің деп сорлы емей.
Бағынбаймын,
Шағынбаймын саған түк,
Жанын қайғы ететұғын пендедей.
Бар арманым әнімді еркін айта алу,
Бар арманым жаудан кекті қайтару.
Қорқынышты емес маған содан соң
Туған жердің топырағынан жай табу».

***

Адамға мұң оңашада келеді өш,
Сол арпалыс,
Сол өжеттік,
Сол егес,
Жатыр Сырым көзі жайнап қуыста,
Бүгін, тіпті, қамап алды көп елес.
Бірдей оған түндері мен таңдары,
Уақыт мүлде жаңылдырды,
Алдады...
Өлім болып төнеді де қас дұшпан,
Өмір болып қол созады жан жары.
Қол созады Айша болып алыстан.
Қала сырты
Тау етегі,
Алыс таң.
Әлдене деп әзілдейді жымиып,
Кездері ме, жаңа ғана танысқан?..

***

Солай шығар,
Бата алмайды бір түрлі,
Керуен құрып жолдастары жүр күллі.
Көңіл неге алабұртты кенеттен?..
Жүрек неге асау аттай бұлқынды?
Түсінбейді!..
Өңі ме бұл соншалық?
Олар неге көз тастайды тамсанып.
Көз тастамай ма екеуіне қызығып,
Келе жатқан әуелете ән салып!..
Ән үзілді...
Бал дәурені өшіпті...
Тыныстады сәл кеңітіп тесікті.
Сол мезетте кіріп келді бір адам.
Кіріп келді...
Теуіп ашып есікті...

***

— Орыс жаман...
Өте жаман дала...
Қыс...
Қатты тоңған...
Жылынады...
Жол алыс...
Арақ бар ма?..
Мен сұрайды
Ішеді...
Арақ бар ма?
Арақ!..
Арақ...
Шнапс...
Сырым оны дауысынан таныды,
Сол офицер!
Сол офицер кәнігі...
Ондағыдай екпіні жоқ бірақ та,
Екпіні жоқ!..
Басылыпты арыны.
Дейді кемпip:
Келіп тұр ғой жылағың?
Жауап берші, бар еді бір сұрағым:
Россия ұнады ма?
Москва
Қалай екен?
Ұнады ма, шырағым?

***

Ыза болып мазағына кемпірдің:
— Сендейлердің талайын мен өлтірдім.
Байқа!
Байқа!
Сұлу фройлингтердің
Талайын мен тәубасына келтірдім.
Деп офицер пистолетін кезенді:
— Әкел нанды! Арағыңды! Көжеңді!..
Сыртқа Сырым атып шықты шыдамай!
Атып шықты!..
Шыдатпады сөз енді!..
— Тарт қолыңды!—
Деді қатты жекіріп,
Содан кейін жолбарысша секіріп,
Теуіп қалды!
Түсті жерге қаруы!
Атып салды!
Өлді байғұс өкіріп!..

***

Қас қағымда жай тапқызып мықтыға,
Іс насырға шапқандығын ұқты да,
Сырым жолға дайындалды...
Әлгіні
Сүйреп әкеп қар астына тықты да.
Сыңайы бар іштей қатты толғанған,
Сыңайы бар өзін сөйтіп колға алған.
Кеудесіне басын сүйеп,
Көрісіп,
Қош айтысты анасындай болған жан.
Күн оянып,
Таң қанатын жайғанда,
Жасырынып жыраларға,
Сайларға,
Құтылды да құрсауынан дұшпанның,
Жетті ақыры алғы шепке —
Майданға!..

Тағы да Айша

Қара түнде Айша адасты, біз білдік.
Жарты күнде жолды жүріп бір күндік.
Жантайды кеп дәу қарағай түбіне
Орман іші ойға батып тұр мүлгіп...
Шаршағанын сезіп жатыр ол енді,
Дегенменен мына сұлу әлемді
Қызықтайды...
Қалай аман қалдым деп,
Қуаныштан ыңырсиды бір әнді:
«Өзіңе аян менің саған құмарым,
Қуанушы ем табылды деп сыңарым,
Шын айрылсам, жаным сүйген жан достым,
Екі талай тірлік етіп тұрарым».

***

Көзі бір сәт кеткен екен ілініп,
Сезінді де қолы тосын жылылық,
Атып тұрды аю ма деп жалаған,
Жо-жоқ, адам отыр бұған үңіліп.
Жау торына түстім бе деп тарыла,
Қабақ түйді қарайғандай қанына.
Ол да аңғарып түсіндірді мән-жайын,
Партизан боп шықты мұның бағына.
Сенер бұған соғыс сырын ұққан жан,
Екеуін де бір қуаныш күтті алдан.
Бізге мәлім ер Андрей еді бұл!..
Ер Андрей — ер Сырымды құтқарған!

***

— Қарындасым,
Жүріңізші берірек,
Майдан жақын,
Қауіпті бұл төңірек...
Тыңдасаңыз бір әңгіме айтайын,
Досым бар-ды...
Ол да қазақ еді!—деп.
Ер Андрей сөйлеп кетті жәйменен,
Бәлкім таныс шығар деген ойменен.
— Есімі кім?
— Сырым еді...
— Тірі ме?
— Тірі - тұғын!..
— Ендеше, аға, той менен!..
Қабыл болды құрдасыңның тілегі:
Аман екен асқар тауы,
Тірегі!..
Тосын хабар,
Тосын келген шаттықтан
Жарылуға аз-ақ қалды жүрегі!
— Бүгін ғана босатылды деседі,
Қызыл тулар құлпыртыпты көшені...
— Міне, ғажап!—
Деді Айша көргенде,—
Біз алмақшы бекініс қой кешегі!..
Полкым қайда? Тұрмыз сонда қайда біз?
Кетті ме ол қуып жауды қанды ауыз?
Аман қалған тұтқындардың ішінде
Ер Мекадзе жоқ па екен, аңдаңыз!

***

Батыр жігіт, іске шебер, өктем-ді,
Әйгілі ол барлаушы еді жоқ теңі.
Арнаулы алып генералдан тапсырма
Көп күн бұрын жау тылына кеткен-ді.
Сол сапардан ер Мекадзе келмеген,
Тірі, өлісін ешкім оныц білмеген.
Бес күн бұрын жау қолына түскенін
Айтып келген қашқан біреу түрмеден.
Басқа хабар Айша одан ала алмай,
Бір полкте қызмет еткен бірталай,
Жігітті аяп, қатты налып өкінген
«Қолға оңай түсті екен деп ол қалай?»

***

Сипаттады орақ мұрын, от жүз деп,
Содан кейін екі жақтан кетті іздеп.
Қай кезде де қыз есінен шығар ма,
Жауға түскен замандасы, ер жүрек.
Жеңіспенен жайнап бүкіл аспаны —
Поселкада жүр қуанып жас, кәрі...
Мекадзенің қалай опат болғанын
Айтты Айшаға көзбен көрген достары:
«Барлаушы боп Мекадзенің келгенін,
Қолға түсіп, сырын ашпай өлгенін.
Сүйреп шығып қанішерлер аулаға
Тірідей - ақ терең орға көмгенін...»

***

«Асыл адам, -
Асыл адам еді» деп,
Айша қыздың алғаш рет еңіреп
Жылағанын,
Егілгенін көргенде
Жауынгерлер дей алмады:
«Сабыр ет...»
Естеріне қайғы түсіп қашанғы,
Барлығы да жанарына жас алды.
Сұрғылт тасқа ер Мекадзе есімі
Ер Андрей қолыменен қашалды!
Қашалды да,
Орнатылды басына,
Құшақ-құшақ гүл қойылды қасына.
Адал досы бар адамдар
Жоқтаусыз
Қалмақ емес!—
Деген шындық осы да!..
Қоштасты Айша,
Көзіне тағы жас алды.
Мелшие қарап
Ескерткіш сұр тас қалды...
Дегенменен
Сол бір күннен батырдың
Мәңгі өлмес
Рухани өмірі басталды.

Сырымға келсек

Жалықтырып алдым білем мен осы,
Ей, оқырман,
Тарауымды келесі
Өзіңменен әңгімеден бастайын,
Өзі неткен ұзақ дастан демеші!
Кейіпкерім бастан кешкен нәрселер,
Болғаннан соң таныс жәйт ел сенер,
Жырлаудамын қаламымды суытпай,
Құдіреті алғы күнмен өлшенер!
Десең егер біздерге бар жай мәлім,
Бүгінгіге келте кесім айтқаның.
Онда сенің шығып ұзақ сапарға,
Жарты жолда кері қарай қайтқаның!

***

Нөсер! Нөсер!
Толастамай тұр құйып!
Түн - түн емес!
Түбі жоқ бір тұңғиық!
Келе жатыр үрке қарап маңайға
Үш жауынгер...
Іштеріне сыр түйін...
Бірі — Сырым!
Бізге мәлім баяғы!
Құлантаза жазылыпты аяғы,
Кішігірім окоптардан,
Орлардан
Кәдімгідей секіріп те қояды...
Үшеуі де шоң денелі,
Шын алып...
Міндеттері —
Қайту жаудан «тіл» алып:
Бүрсең қағып,
Бекіністі күзеткен
Біреуіне тастамақшы «бұғалық».
Прожектордың түскен сайын
Жүзі отқа
Шалынғандай,
Күдіктеніп бұ жаққа
Қалмасын деп,
Бұқпантайлап отырып,
Барды әйтеуір,
Барды жақын дзотқа!..
«Жаны жоқ па?
Қозғалмайды,
Жүрмейді...»
Санасынан асырды да түрлі ойды,
Қалғып тұрған күзетшіні желкеден
Автоматтың дүмбісімен бір қойды!..

***

Сезінбестен тап келгенін қандай күш,
Серең етіп құлап түсті ол байғұс.
Қолын байлап,
Аузын бітеп болғанда
Есін жиды...
Деді Сырым:
— Алға түс!..
Қарсы тұрар қауқар бар ма күңкілдеп,
Артына бір қарамастан бұл кім деп,
Қабырғасын қамшы тілген мәстектей
Басын шұлғып басты ілгері бүлкілдеп.
Бір сапарға осы жолақы кім аз дер!
«Мызғып жатқан мына ездер
Сассын әбден» деген оймен
Аспанға
Атты ракета
Ұзаған соң біраз жер...

***

Қараңғылық қойнауынан от борап,
Қапелімде дүр сілкініп кетті алап.
Күтіп тұрған командирдің белгісін
Екі жақтан «сөйледі» екі автомат
«Басталды ұрыс,
Біздер қапы қалдық - ау,
Енді қазір басталады бомбалау»—
Десе керек...
Ұйқылы-ояу атысып
Таң атқанша ойран-топыр болды жау!
Қай жерде не, қалай жатыр?
Бәрін нақ
Біліп алған,
Алған құнды мағлұмат
Барлаушылар аман-есен оралды!
Оралды ауыр тапсырманы орындап!..

***

Тан, атқанда біздің әскер қозғалды;
Ең әуелі артиллерия «сөзді алды!..»
Содан кейін тұтқиылдан бас салып,
Жұмбақ болған бекіністі езді әлгі!..
Жеңіс әсте оңайлықпен келген бе?
Дегенмен де жасып қалды жау демде!
Әскер басы алғыс айтты
Барлаудан
Баға жетпес «тіл» әкелген ерлерге!
«Жауынгерлер өзіне үлгі қылатын
Ер Сырым» деп
Суретін сап, бір ақын —
Өлең жазды майдандағы газетке
Осылайша білді халық ер атын.

Айшаға келсек...

Адам әркез мөлдіреген жас шағын,
Жас шағының жайма шуақ аспанын.
Егіліп бір еске алады...
Ол болса —
Көз ұшында бұлдыраған ақ сағым!
Жеткізбейді...
Оралмайды қайтадан!
Жалған дүние жайында тек айтады ән!
Амал қанша?..
Сағынышпен шектеліп,
Көбейеді кезең басты шайқаған...
Көктем өтті...
Келіп қалды күз дейсің!
Байыз таппай бақытыңды іздейсің.
Өткен күннің өкінішін ұмытып,
Ертеңіңнен үмітіңді үзбейсің!..

***

Білемін мен дегендей өз жайымды,
Қызықтамай көктегі күн, айыңды.
Берік ұстап жүрді өзін қыз Айша,
Көңіліне тек ұялатып уайымды...
Жастық оты сергелдеңге салғанда,
Дейді сезім құр бекерге алданба.
Дер шағында ләззат дәмін тата алмай
Дүниеден өтесің бе арманда?!
Төбесінен соғыс бұлты түріліп,
Төртінші күн...
Орнады бір жылылық!
Арасында қалың жыныс орманның
Жатыр полк жайбарақат тынығып.

***

Емін-еркін нұрын төгіп толған ай,
Тамылжып тұр,
Уылжып түр бар маңай!..
«Жалғызсырап дірілдеген жүректің
Жұбы қазір жолықса ғой!..
Арман-ай!..»
Көкке қарап,
Көк майсаның үстінде,
Отыр Айша сыр сездірмей ешкімге,
«Бал дәуренім,
Бақ дәуренім басымнан
Шынымен-ақ шыр айналып көштің бе?
Қайта айналып қонармысың әлде сен,
Жанар едім,
Тағы да бір жан десең!..»
Көзіне оның көрінеді көл де әсем,
Көзіне оның көрінеді тал да әсем!

***

Бұрын қалай сезінбеген ол мұны,
Басым шығып нәзіктіктен өрлігі —
Жүріпті ғой ақыл деген бір салмақ
Тұншықтырып сезім атты сорлыны.
«Махаббатсыз дүние бос» дегенде,
Ақын Абай меңзеді екен нені елге.
Деген шығар қызығыңнан құр қалма,
Қызығынан құр қалмаңдар сендер де.
Жастық алтын басылмайтын еш тотқа,
Бара жатыр итермелеп бір отқа.
Ер тұлғалы елестейді пар жігіт.
Сырым емес,
Сырым бұған, шын жоқ па?!

***

Соғысқа Айша келген кезде танысқан,
Бар болмысы жаралғандай намыстан,
Жас грузин Мекадзе екен әлгі елес,
Талай мәрте өзара сыр алысқан.
«Мұрты қандай!
Шашы қандай қап - қара!
Әзілдері дөрекілеу тек қана...
Онда не тұр?..
Қояды ғой шын сүйсе...
Өтек түсер киімге де жап-жаңа!»
Бір ойдан соң бір ой келіп кезекке,
Деді ақыры, қайдағыны сөз етпе.
Ұмытқалы оттай жанған ол өзін,
Қарай берді қолындағы газетке,
Айдың алтын сәулесіне оранып,
Аймақ үнсіз жатқандай бір дем алып,
Газеттегі бір суретке Айшаның
Көзі кенет қалды мүлде қадалып.
Өз көзіне сенер емес бөгелген?..
Сырым денді...
Мүмкін емес!
Дегенмен,
Не болмайды сұрапылда,
Соғыста?
Жоқ, ол емес!
Жоқ, ол емес!
Ол өлген!..
Әлдеқашан сөніп біткен бір үміт
Шұғыласын текті қайта тіріліп...
Аттас шығар деген ойдан шошынған
Асау жүрек көкірегін тұр ұрып!..

***

Суретке ол тағы, тағы қарады
Әзер-әзер демін толқып алады.
Қуанышы дабыл соғып іштегі
Жүрек шіркін лүп - лүп қағып барады.
«Ұқсас жан ба?
Жаны кенет түршікті.
Жок, жоқ, көңілім
Болма босқа сен күпті.
Айша сүйген Сырым біреу дүниеде,
Ондай Сырым бұл жалғанда жоқ тіпті!
Шыдамады, сағынған ой болмады,
Сырымға деп газетке ол хат жолдады.
Қандай жауап қайтады деп қобалжып,
Өн бойы кеп бір суынды, бір жанды —.

Сырымның қуанышы

***

О, махаббат,
Табындырған талайды,
Түнің сенін таң секілді арайлы!
Біреу саған жақұтым деп қызығып,
Біреу саған бақытым деп қарайды.
О, махаббат,
Күрсіндірген талайды,
Түнің сенің таң секілді арайлы!
Біреу саған ғажапсың деп таңданып,
Біреу саған ләззатым деп қарайды.
О, махаббат,
Сарсаң қылған талайды,
Түнің сенің таң секілді арайлы!
Біреу саған жанарым деп жаутаңдап,
Біреу саған ақ арым деп қарайды!..

***

Сырым қайта қосылғалы қатарға,
Қанша уақыт өтті, міне... Сапарға —
Шықпас бұрын хат жазады әрдайым,
Жан жарына,
Туған елге,
Отанға!..
Содан өзі күш алады ғажап бір,
Десең дағы күтіп сені дозақ тұр,
Қайтпас еді,
Айтпас еді артық сөз,
Құлағына келеді тек азат жыр!
Сағынады сайран салған шақтарын,
Алатауды,
Алматының ақ таңын!..
Жауабы бар
«Адресаты жоқ» деген
Қайта оқиды жазған өзі хаттарын.

***

Қайта оқиды!..
Мұңаяды!
Жасиды!
Ауыр ойдан кейде миы ашиды!
Бас көтеріп
Күдік атты бір пәле
Кеудесінде өзендейін тасиды!..
Тасиды да,
Көмейіне тас болып
Тіреледі!
Жанарынан жас болып
Оңашада тамып - тамып кетеді!
Күлкі етеді,
Табалайды қас болып.
Жас жігітке мұнша қайғы сын ба оңай,
Тек әйтеуір майыспағай,
Сынбағай!..
«Қалмап па еді күтемін деп қол бұлғап?
Арбап па еді?
Алдап па еді?..
Бұл қалай?!»

***

«Кешір, жарым,
Кешір мені,
Кешіргін!..
Көңілімнен әсте сені өшіргім
Келген емес!
Тек күдікке беріліп,
Күйігімді ақылдан тыс өсірдім.
Ондай қайғы болады ғой пендеде...
Бірақ жауап жазбай жүрсің сен неге?
Ауыл жаққа барып қайтқан шығарсың,
Көңіліне дық салды ма әлдене?..
Түсінбеймін!
Құсым деймін!
Бір үнің
Естілмеді-ау,
Іштей жүдеп құрыдым!
Не де болса хабарын бер,
Қайғыртпа!..
Хат жазушы сүйген жарың —
Сырымың!»

***

Бас-аяғы үш - төрт-ақ жүрді апта,
Сол күйінде қайтып келді бұл хат та!
Бәлкім Қодар уысына түсіріп,
Баянына деді ме екен тіл қатпа.?!
Жалғызым деп,
Жұлдызым деп атаған,
Онда жүрек оны неге етеді ән?..
Бәлкім Жібек қармағына ілігіп,
Хабарласпа деді ме екен Бекежан!
Мұндай сәтте айтатыны ақ ардың:
«Қалай ғана ұмыттырар жан жарын
Жібек болса — Бекежанның қармағы,
Баян болса —
Құрған торы Қодардың?!»

***

Өзін-өзі тағы қайта қолға алып,
Жалықпастан хат жазады толғанып.
«Жалғыз өзің не істейсің деп қалада,
Ағайындар кеткен болар елге алып.
Бірақ бірақ о жақтан да жоқ хабар:
«Біздерге де беймағлұм» депті олар.
Шынымен - ақ кірлеген бе ақ төсек?..
Шынымен - ақ кірлеген бе аппақ ар?..
Қалай болды?..
Қалай болды бұл өзі?
Байсалды еді,
Ауыр еді мінезі...
Қайғыртты ма асау сезім азаптан
Айнытты ма әлде ауылдың бір өзі?»

***

Міне осылай жүргенінде жабырқап,
Ойда-жоқта Айшасының хатын ап
Отыр Сырым жас баладай мәз болып,
Хатқа қарап әлсін-әлсін таңырқап!
Хабар келмей қалған көңіл шәйіліп,
Тасқын судай тасыды кеп далиып.
Сан тарапқа кетті кенет шарықтап
Қиял атты қуаныш құс - ақиық...
Шегінген-ді полкі тыныс алуға
Келісті ол жарын іздеп баруға
Осылай деп Сырым дереу хат жазды
Керзі етікті пулеметші аруға.

Айшаның өлімі

Сырым екен!
Кеше одан хат алды.
Сол хат тағы жүрегіне от салды,
Келем деген күні ертең жарының,
Көзін жұмбай атқызды ол ақ таңды.
Жаны құрғыр күйіп-жанып барады,
Міне Сырым... Күлімсіреп қарады.
Қалай шыдап қалды кенет жарылмай,
Қуаныштан шіркін жүрек жаралы?!
Қайғы-шерден біткен әбден зерігіп
Айша енді жадырайды серігіп.
Жатқандайын жары қазір қасында
Қиялға шат кетеді кеп беріліп...

***

Сырымына жатыр міне сыбырлап:
«Қайта айналып қонды бізге бүгін бақ!
Ойлап едім,
Ойлап едім —
Сұм соғыс
Арманымды кетті ме деп шын ұрлап!
Қиналғанда талай қиын күн кешіп,
Түсімде сен жүретінсің тілдесіп...
Ойлап едім,
Ойлап едім —
Сұм соғыс
Тілегімді кетті ме деп шын кесіп!
Суық хабар қайғы болып басты ауыр,
Үмітімді қиратқандай қас дауыл!
Енді ұғындым,
Енді, жарым, түсіндім,
Махаббатқа жоқ екен ғой тосқауыл!..»

***

Сырым - дағы сыбырлайды сыр айтып:
«Келер күнді елестетпей бұлай түк,
Ойлап едім,
Ойлап едім —
Сұм соғыс
Кетті ме деп мәңгілікке мұңайтып!
Алған сайын хаттарымды қайырып,
Көкірегіме күдік ойы жайылып,
Ойлап едім,
Ойлап едім —
Сұм соғыс
Кетті ме деп мәңгі-бақи айырып!
Үнсіздігің қайғы болып басты ауыр,
Үмітімді қиратқандай қас дауыл.
Енді ұғындым,
Енді, жаным, түсіндім.
Махаббатқа жоқ екен ғой тосқауыл!..»
Ақ бетіне бір ғажайып нұр кіріп,
Ақ жүзінен алтын сәуле күн күліп,
Аймалаған махаббатын түн бойы,
Шықты сыртқа Айша енді құлпырып.
Қыз баланың аты, әрине, қыз бала,
(Сырт пішінін ұмытпас тек қыз ғана).
Айнасына қарайды кеп қыз Айша,
Өзгелердің көзін ала, ұрлана:
Шашы қара теңіз тасы қаралдан
Мұрын еті арықталып таралған.
Маржан тісі көрінеді ашылса,
Дәнді ерін сүюге тек жаралған!

***

Күледі Айша бүгін тіпті көбірек,
(Оңашада кетеді билеп дөңгелеп)
Әттең... Әттең. Көре алмады Сырымын.
Арманына жете алмады, Не керек!
Қас қарая жер сілкініп, тас жанды,
Айқыш – ұйқыш оттар безеп аспанды.
Ажал төнді тыныш жатқан әлемге,
Талай қыршын қара жерді жастанды.
Гүрсілдеді зеңбіректер оқ атқан,
Жер тулады тыныш жатқан, жай жатқан...
Оқыс тапқан күші басым немістер
Штабты бірден қоршап алды жан-жақтан.

***

Төнді неміс тағы штабқа лапылдап,
Бірақ Айша бір бүйірде жатып ап,
Атады кеп пулеметін тістеніп
Көмейінен төгілетін от лақылдап!
Өлімменен келген өстіп бетпе-бет
Қыз Айшадан бола білсін бір еркек.
Қате айтыпты,
Қате айтыпты қазекең,
Қате айтыпты қыз баланы кеміс деп!
Темір каска,
Имек мұрын құс түсті,
Талай фриц жан тапсырды, жер құшты.
Қызды ұрыс.
Бірақ... Бірақ
Қыз Айшаның өзі-дағы оққа ұшты...

Көңіл айту

***

Тісін қайрап,
Аласұрып жалаңдар —
Ежелден-ақ кісі түстес,
Бар аңдар...
Еркін өмір сүре алады
Қаймықпай,
Қиындықпен күресе алмай адамдар.
Тісін қайрап,
Аласұрып жалаңдар —
Ежелден-ақ қанды балақ
Көп аңдар...
Адал өмір сүре алады —
Қаймықпай
Арамдықпен күресе алған адамдар.
Тісін қайрап,
Аласұрып жалаңдар —
Ежелден-ақ жыртқыштар көп,
Көп аңдар...
Өлмес өмір сүре алады
Қаймықпай,
Өлімменен күресе алған адамдар.

***

Соның бірі,
Біздің Айша, халайық,
Жас қабірін,
Гүлмен көміп, жабайық...
Кетті арманда,
Кетті арманда тым ерте,
Айтшы сонда,
Айтшы бұған кімде айып?
Айыпты тек соғыс атты албасты!
Ол құрымай,
Құрғамайды
Адамзаттың көз жасы!
Әне түр ғой жас қабірдің басында
Қыз Айшаның
Жылап жары, жолдасы...
Екі жасты асықтырды сағыныш
Мәңгі бөлді бірақ соғыс — зұлым күш
Жарты күнге Сырым қалды кешігіп,
Қандай ауыр,
Қандай ауыр өкініш!

***

Жасыңды тый,
Жылама енді, ер жігіт!
Өмір деген бітпейтұғын ұлы үміт.
Үзілмесін десең егер сол үміт,
Ең алдымен
Соғысты құрт! Соны құрт!
Дүние шіркін жаралған жоқ құруға.
Адамды адам жаралған жоқ қыруға.
Бар қызығы бұл өмірдің тек сонда:
Мәңгі-бақи тату-тәтті тұруда!
Шыда, Сырым, өлді жарың Айша қыз
Өтер бірақ боранды қыс, суық күз.
Келер сенің көктемің де, жазын, да
Көз боп тасыр көңілде бүгін қатқан мұз.

Сөз аяғы

Қазақстан!
Дарқан дала!
Кең мекен!
Жау тигенде жасырынар сен бе екен?!
Ерлігіңді қан майданда көрсеткен,
Ертеңіне аңыз етіп мен жетем!
Жас буынға өлмейтұғын жыр қылып,
Айтамын мен өткен күнді сыр қылып,
Қарашы өзің
Бүгін, міне, төбеңде
Біз қорғаған Бейбіт күнің тұр күліп!
Бейбіт күнің — шат өмірдің өзегі,
Ал соғыстан Адам мәңгі безеді.
Бізден естіп бейбіт жырын жас буын,
Қорғар біздей келген кезде кезегі!

***

Айтшы, айтшы, ұлдарыңның аты кім,
Саған қиған ой жүрегін, ақылын?
Жүрген жоқ па жұлдыздайын жарқырап
Мәңгі өлмес жиырма сегіз батырың!
Адамзатпен сұрапылдың бар сырын бірге көріп,
Жеңіс жолын аршыдың!..
Қос батыр қыз шыққан алғаш шығыстан
Мына сенің Әлия мен Мәншүгің!..
Адамзатпен мен де бірге күлмекпін,
Жер бетінен түнек түнді түрмекпін!
Мәңгі бірге болуды орыс халқымен
Ұрпаққа сен ұмытылмас үлгі еттің!

***

Қандай дұшпан түсірмекші тұзаққа,
Қаймықпастан барамыз деп біз оққа,
Қайталады Матросов ерлігін —
Батыр Сұлтан кеуде тосып дзотқа!
Біз оларды мүлде есінен тандырып,
Берілгенше саламыз деп сан бүлік,
Қайталады Гастеллоның ерлігін —
Бомба болып жарылды Нүркен Әбдіров!
Бермейміз деп фашистке жер аядай,
Қасық қанын жау оғынан аямай,
Қызын қанша қан майданға аттанған
Боламыз деп орыс қызы Зоядай!

***

Мен жырлаған Айша соның бірі еді,
Отан десе оттай жанған жүрегі.
«Барлығының жинақтасам бейнесін!»
Сол ойымды асырсам деп іске мен,
Ақындықтың жолына мен түскен ем,
Кім біліпті мыс дегенім алтын да,
Алтын шығар кей жолдарым мыс деген!
Аспанында айқыш-ұйқыш оқ ұшқан,
Осы қазір келгендеймін соғыстан!..
Не де болса шерімді бір тарқатып,
Не де болса құтылдым бір борыштан!

***

Соңғы тілек:

Бейбіт күндер болсын жыр!
Бейбіт түндер махаббатқа толсын бір!
Сұлу жігіт мезгілімен қыз тандап,
Сұлу қыздар мезгілімен терсін гүл!

Соңғы тілек:

Келсін бақыт айлары!
Келсін уақыт күлім қағып жайдары!
Бұзылмасын жастық шақтың думаны,
Бұзылмасын жастық шақтың тойлары!

Соңғы тілек:

Бол мейірімді дос-жарға!
Шықсын ердің шын мақсаттас досы алға!
Соңғы тілек,
Соңғы тілек
Халқыңның:
Шықсын көші, әр қашанда көші алға!

Н. Үсенова