Ашылмаған пластинка

Ашылмаған пластинка

Камиза Оразқанқызының Қытай тілінен аударған мына бір шағын әңгімесі көңілге қонымды. Оқырман назарына ұсынамыз. 

Енді ғана он жетіге шыққан ол айықпас ауыруға жолығып, әр күнін ажалмен айқасып өткізіп жатты. Ауыр күндерде анасымен бірге азап арқалап өмір кешу әрине, оған да оңай тиген жоқ. Сол қамырықты күндердің бірінде ол анасынан сыртқа шығып сейілдеп келуді өтінді. Сәт сайын сыбырлап тұрған ажалдан жүрегі сыздап жүрген ана баласының көңілін қимады да, әрі-сәрі күйде мақұл деді.

Көше бойлап жол бойындағы әрбір көрінске селсоқ көз салып келе жатқан ол дыбыс-кескін дүкеннің алдынан өтіп бара жатып, сату текшесінің ар жағында тұрған бүлдіршіндей аруға көзі түсе кетті. Сол сәтте тұла-бойын ғажайып ыстық ағын бойлап өткендей болды. Бәлкім, бір көріп ғашық болу деген осы шығар. Әлдебір тылсым күш оны ішке қарай жетеледі. Бойжеткен оны күлімсірей қарсы алды. Алғашқы әсерден толық арыла қоймаған жігіт аңырып тұрып барып, әлден уақытта өзіне ең жақын текшеден қолына ілінген бір пластинканы алып қызға қораптап беруін өтінді. Қыз күлді де, пластинканы байыппен жігіт қолына ұстатты. Қыздың әрбір қимылына сүйіне қарап тұрған жігіт ақысын төлеп болған соң енді байыздай алмасын сезіп, үнсіз кері бұрылды. Сол күннен бастап жігіт әр күнін үйі мен пластинка дүкеннің арасындағы жолда айналсоқтаумен өткізетін болды. Әрине, дүкенге күніне бас сұғып, пластинка алып қайту да оның күнделікті әуесіне айналды.

Күндер аялсыз өтіп жатты. Күндердің бірінде қыз жаңа ғана келіп-кеткен жігіттің «Өзіңмен танысқым келеді. Уақыт болғанда хабарласып тұр»,– деген сөздері мен телефон нөмірі жазылған бір жапырақ қағазды текшеге білдіртпей қойып кеткенін байқап қатты қуанды. Ертесі қыз қанша күтсе де жігіт келмйеді. Тағатсызданған қыз амалсыз телефон тұтқасына қол созады, телефонды көтерген жас жігіттің анасы екен, қыз баланың бұйымтайын естіген ол:

–       Балам, ол бізбен мәңгілікке қоштасты,– деді де, өксіп жылап жіберді.

Арада көп күндер өтті. Бір күні ана ұлының бөлмесіне келіп өткен күннен елес іздейді. Кенет, киім шкафының ішіндегі ретті тізілген, әуелі қорабы да бұзылмаған көптеген пластинкаларға көзі түсті. Барлық пластинкалардың ішінен «Амансың ба? сенімен дос болғым келеді?.. менімен серуендеп қайтқың келе ме?...», – деп жазылған қағаз тілімдерін көрген ана аңырған күйі отырып қалды.

Міне, бұл – жазмыш. Өмірде жүрегіңінің терең түкпірінен орын алатын адамың болады. Ол адамның сен үшін өте маңызды екенін білсең әрі оған білдірмек болсаң, әсте орайды күтіп отырма. Дәл бүгін, дәл қазір қимылда, батылдықпен ойыңды білдір, өйткені ертең бәрінен кеш қалмасыңа кім кепіл?!.

Авторы: Шы Чюлин

Дайындаған: Алшын Матай

Сурет: proza.ru

Қ. Қауымбек