Жоғалған шақыру қағазы

Жоғалған шақыру қағазы

Қытай елінде жоғары оқу орындарына емтихан тапсырғанда, мұндағыдай емес, сынақтан сүрінбей өтсең қабылданған университетіңнен шақырту қағазы келетін. "Шақыру қағазын күту" деген қиын сәтті бәріміз де бастан өткердік. Жақсы оқу орнынан шақырту келіп жатса, бүкіл ауылға ат шаптырып той да жасайтындар бар еді. Ал екі ай бойына шақыру келмеді ме, онда емтиханнан өтпегенің, еңбегің селге кетті дей бер. Ондайда жалғасты оқығысы келетіндер мектеп ауыстырып, келесі жылы қайта тапсыруға тура келетін. "Шақыру қағазы" жайлы мына бір әңгімені оқығанымда жүрегім шаншып қоя берді. Сосын отырып аударуға кірістім...

Мектеп бітірген жазғы демалыста күн сайын алаңдаумен шақыру қағазын күттім. Өзге кластастарым бірінен соң бірі қуанышымен бөлісіп жатты. Әр күні қуанышты хабар күтумен тамағымнан ас та өткен жоқ. Содан болар, бір күні аяқ астынан дене қызуым көтеріліп, ауырып қалдым. Түс ауа әкем езуін жимастан кіріп келді. "Ұлым, шақыру қағазың мектепке келіпті. Мен барып әкеле қояйын" деді. Қуанғанымнан көзімнен аққан жасты тия алмай қалдым.

Кеш батты. Ай да көтерілді. Әкемнің қарасы көрінбейді. Тағатсыздана бастадым. Ел жатар кезде үсті-басы суға малшына, сүлкіні түсіп әкем келді. Жүрегім әлденені сезгендей алаңдай бастадым. Әлден соң терең күрсініп отыра кеткен әкем ескі кепкісін жұмарлай қысып, төмен қарап, кібіртіктеп:

- Ұлым, емтихан нәтижең жоғары екен... Бірақ, қайсы оқу орнынан келгенін есімде ұстай алмадым... Қайтар жолымда абайсызда аспалы көпірден түсіп кетіп... Шақыру қағазыңды...

Ары қарай тыңдағым келмеді. Төсегіме етбетімнен құлай кеттім. Әкемді жек көріп те, жылап та жатырмын.

Сол кештен бастап әкеме қарамай қойдым.

Ішқұсалықпен өткен жаз да кетті. Жаңа оқу маусымында мектеп ауыстырып, 11 сыныпты қайталай оқыдым. "Мен жақсы оқушымын. Былтырғыдан да жақсы университетке түсуім керек" деген ызалы сеніммен тырысып оқыдым. Бір жылдық жапалы еңбегім жеміс берді. Ақыры түсімде ғана көретін шақыру қағазын өз қолыммен тапсырып алдым да, бұрынғы мектебіме барып, класс жетекшімнен сүйінші сұрауға жүгірдім. Жетекшім қуанышпен қолымнан қысып тұрып:

- Үйрену жағынан алдыңғы қатардағы оқушым едің. Бірақ, былтыр қалайша емтиханнан өтпей қалғаныңа таңым бар. Мен де өкіндім. Бірақ, міне биыл қандай жақсы. Қайратыңа мініпсің. Әкең де қуанып қалатын болды-ау, - деді шын ықыласымен.

- Не? Немене?!. Мен былтыр емтиханнан өтпедім бе? Мүмкін емес!..- дедім таң қалып.

- Былтыр әкең мектепке келіп, нәтижеңді көрген соң, "Ұлымның жоғары университетке түпей қалуы маңызды емес. Мен оның рухы түсіп, бар үмітін бір жола үзуінен алаңдаймын" деп еді. Әкең сені қалай жігерлендірді екен? Мен білмедім...

Көз алдым тұмандана бастады. Сол кездегі әкемнің мені үмітсіздендірмеу үшін қасақана "суға түсіп кеткен" бейшара бейнесі көз алдыма келе қалды. Көз шанағыма еріксіз жас іркілді. Ештеңеге қайрылмастан ұшқан құстай үйге жүгірдім. Жылап келем. Қиялымда тек шақыру қағазымды әкеме көрсетіп, оның алдында тізерлеп отырып, маған айтқан "жалған сөздері" үшін кешірім сұрау ғана бар.

 

Дайындаған: Қайсар Қауымбекұлы

Сурет: baidu.com

Қ. Қауымбек