Замандастары Мағжан туралы...

Замандастары Мағжан туралы...
Фото: Өңделген

Мағжанның ақындығы мен сыршылдығына Жүсіпбек Аймауытұлы жеке мақала арнаған болатын. Ешкімге ұқсамайтын даралығы жайында Мұхтар Әуезов те айтқан. Мағжан туралы басқа да замандастарының айтқан естеліктерінен топтама ұсынамыз.

Қазақ әдебиетіне Мағжан кіргізген жаңалықтары жоқ емес. Мағжан – күшті ақын. Өз ойын, өз тілегін ұқтыра білетін ақын.

М. Дулатов

Мағжанның ақындығын сынауға біліміміз, күшіміз кәміл жетеді деп айта алмаймыз. Толық сынау үшін, оның алды-артын орап, өрісін тарылтып шығарлық сегіз қырлы, негізді білім керек.

Ж. Аймауытұлы

Сыршыл ақындардың ішінде өлеңнің ішкі суретіне сөзінің сыртқы кестесі үйлесіп, маңызды болып шығатын – Мағжанның өлеңдері.

Ж. Аймауытұлы

Табиғатты Мағжаннан көп, онан артық суреттеген қазақ ақыны кемде кем. Мағжан – табиғат қойнында туып, табиғат анасының бауырында өскен нағыз табиғат ұлы.

Ж. Аймауытұлы

Мағжан – еліктегіш ақын. Еліктеу ақынға мін емес, қандай күшті ақындар да алдыңғы ақындарға еілктемей жаза алмаған.

Ж. Аймауытұлы

Басқа жұрт өз өнерпаздарымен мақтанса, қазақ әдебиеті де бір кезде суретшілік жөнінен Мағжанымен мақтануында сөз жоқ. Мағжанның ақындық күші, сөзге еркіндігі, суретшілдігі «Баянда» толық көрінді.

Ж. Аймауытұлы

Мағжан терең ойдың ақыны емес, нәзік сезімнің, тәтті қиялдың ақыны, ол кедейдің емес, ұлт ақыны.

Ж. Аймауытұлы

Мағжан – ең алдымен, сыршыл ақын. Ол жүректің қобызын шерте біледі, оның жүрегінен жас пен қаны аралас шыққан тәтті сөздері өзгенің жүрегіне тәтті у себеді. Мағжан не жазса, сырлы, көркем, сәнді жазады. Оқушының жүрегіне әсер бере алмайтын құрғақ өлеңді, жабайы жырды Мағжаннан таба алмайсыз.

Ж. Аймауытұлы

Талайлар Мағжан болғысы келеді, бірақ бола алмайды, сірә, талантында кемістік болатын шығар.

К. Кемеңгерұлы

Мағжанды сүйемін. Еуропалығын, жарқырағын, әшекейлігін сүйемін. Қазақ ақындарының қарақордалы ауылында туып, Еуропадағы мәдениет пен сұлулық сарайына оратылып барып жайлауы жарасқан Арқа қызын көріп, сезгендей боламын. Мағжан – культурасы зор ақын.

М. Әуезов

Әдебиет – әдебиет үшін деген таңба айқын болмай, нәрлі әдебиет болуға жол жоқ. Сондықтан бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз – Мағжанның сөзі. Одан басқамыздың бәріміздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін.

М. Әуезов

Г. Берік