Ақын Төлеген Айбергеновтің күнделігінен

Ақын Төлеген Айбергеновтің  күнделігінен
Фото: georgevslife.com

Төлеген Айбергенов – қазақ халқының, қазақ әдебиетінің маңдайына біткен жарық жұлдызы. Оның өлеңдері Мұқағали жыларымен сарындас, лирикаға, нәзік сезімдерге толы. Ақынның өлеңдері ұрпақ үшін темірқазық болып келеді. Сіздерге ақынның осыдан 54 жыл бұрын жазған күнделігінен бірер үзінділер ұсынып отырмыз. 

1963 жыл, 1 қаңтар, сейсенбі:
Жаңа жыл! Сенімен қанша арманым жалғасты, əсіресе биыл. Өмір бойғы. Күні бүгінге дейінгі арманым болған "Арман сапары" атты жинағымның шыққан жылы ғой биыл! Ол үшін мен нелерді құрбан етпедім?!.

***

1963 жыл, 3 қаңтар, бейсенбі:
Таңертең тұра Ташкентке билет алуға аттандым... Көп көзінен тасалап барып, айдалада ешкім сезбейтін Ташкентте ұзақ күн жыладым. Əрине, анамның тағдырын ойлап. О, тағдыр, оның бұл кетуі менің босағамнан біржолата кетуі болмағай, əйтеуір. Арман мен үмітке толы осы босағаға тағы да оралғай!

***

1963 жыл, 7 қаңтар, дүйсенбі:
...Шоқпытов Сағынның менің əкеммен достығы, əкемнің колхоздастыру дəуіріндегі ерен еңбегі жөніндегі ұзақ əңгімесі жүрегімді ыстық сезімге бөледі. Қашан да болса ол туралы керемет бір өлең жазуым керек.

***

1963 жыл, 10 қаңтар, сейсенбі:
...Бұл күннің ауырлығын айтып жеткізуге болмайды. Анам қоштасарда қолымнан сүйіп, бүкіл жүрегімен, жан дүниесімен "Алтыным менің", "Қуатым менің" деп қалды. Бұрын өмір бақи оның аузынан бұндай сөзді мұншалық тебіреніспен айтқанын, əсіресе "Алтыным" дегенін естіп көрмеп ем...

***

1963 жыл, 12 қаңтар, бейсенбі:
Қарақалпақстан радиосынан Қарақалпақстан туралы жазған өлеңдер циклімді оқыдым... Кешке Тəжен мен Қаржаубай аэропортқа шығарып салды... Қош, Қарақалпақстан, менің анамды сауалтып қойың, анам аман болғай!

***

1963 жыл, 14 қаңтар, сенбі:
Бүгін жұмысқа бардым. Таңертеңнен кешке дейін ойымнан қайда барып келгенім, онда анамның қалғаны, жағдайы не болады деген уайым шықпай-ақ қойды. Жұмыстарды бір жөн реттестіргендей болдым. Көңілім едəуір көтерілгендей болды. Мұңды серпілтер бірден-бір осы жұмыс болса керек.

***

1963 жыл, 16 қаңтар, дүйсенбі:
Əлі де сол мұң. Күнде кешке жұмыстан соң өлең жазуға, яғни Қарақалпақ циклінің соңын жалғастырып отырам. Қанша сарылсам да ешнəрсе шықпайды. "Амудария" туралы жазбақ болған өлеңнің алдында құл болдым десем болар. Сарсылтып-сарсылтып барып, шаршатып төсекке құлатады күн сайын...

***

1963 жыл, 18 қаңтар, сəрсенбі:
...Басын бастап қойған "Анна Каренинаны" қолыма алдым. Л.Толстойдың ұлылығына бас ие бастадым. "Литературная газетаның" биылғы нөмірлерінен тігінді жасап, қатар қалдырмай оқып келем. Бір жыл түгел оқығанның өзінде ой-көзімді терең ашатынымды сезіндім. Бұл ұлы орыс əдебиетінің де тереңдігінде сүңгудің бірден-бір көзі болмақ.

***

1963 жыл, 21 қаңтар, сенбі:
Қанша толғансам да өлең тумай қойды. Жиырма күнге шамалас уақыттан бері бір ғана Амудария туралы өлең жазуды ойлап едім. Əлі түк шығара алмай келемін. Я менің өзім əлсіз, дарынсыз бірдеңемін де, я мені анам туралы ешкімге шешілмей ойланған ішкі қиналысым екі-үш айлық өлеңімді құрбан етіп, шөгендетіп тастады ма деп қорқамын, не де болса қоймауым, оқуым, ізденуім, ізінен қалмауым керек.

***

1963 жыл, 23 қаңтар, дүйсенбі:
Бүгін əсіресе қатты болып отырмын. Қоңыраттағы апаларыма тастаған анам еске түсіп, оның үстіне Салтанаттың əжесін сағынып ұзақты күн жылауы қанша отырсам да өлең жаздырмады... Бүгін "Анна Каренинаның" біріншісін тамамдадым. Қарақалпақ жөніндегі (барып келсем де) жазам деген тамаша халім де ойымдағыдай орындалмайды-ау деп қауіптенемін. Кім біледі, бəрін де уақыт көрсетер...

(Бұл үзінділер Рахмет Аяпбергенұлының жеке мұрағатынан алынды.
Жарияланған: "Алтын ғұмыр - Ұлы Маңғыстау" газеті, #4, 23-ақпан, 2007ж.)

М. Ақан