Жазушы өміріндегі тылсым немесе келесі кеңістіктен келген хат

Жазушы өміріндегі тылсым немесе келесі кеңістіктен келген хат
Фото: google.kz

Өткен ғасырда орыс әдебиетінде жарқ еткен қос жұлдыз Евгений Петров пен Илья Ильф біріге жазған «Он екі орындық» романы ағайынды авторларға күллі одақтық танымалдылық сыйлады. Осы роман негізінде түсірілген фильм әлі де көгілдір экраннан түспей, көрермендердің үлкен сұранысына ие.

Бәрі өз ретімен секілді. Талантты қаламгер, белгілі туынды, оқырмандар мен көрермендер ықыласы, бүгінге жеткен танымалдылық. Дегенмен осы жерден қаз-қатарынан тізілген әдепкі желі үзіліп, тосыннан басқа дүние бұл бірізділікті біржола кілт өзгеріске ұшыратады. Әрине, жазушылар мен ақындар, жалпы қалам ұстаған дарындардың әрбірінің өздігінше ерекшеліктері мен қызығушылықтары, мінездері мен қылықтары болатындығы рас.

Жазушы әлемінің өзі бөлек ғалам. Қиял кеңістігі мен шынайы өмір сабақтасқан тұста санаға сыйымсыз жағдайлардың орын алуы да әлбетте мүмкін. Сондай бір жайт күні бүгінге дейін шешімін таппаған тылсым құбылыстардың қатарында. Жазушы Евгений Петровтың өмірінің соңында өте жұмбақ әрі қызықты жайт болады. Бұл құбылыс жазушы өмірі мен өліміне де тікелей қатысты.

Жазушы марка жинауға әуестенген. Алайда өзгелерге қарағанда Петровтың марка жинау барысында туындаған түсініксіз тағы бір әуестігі болған. Ол өзінің хатқалталарын өмір бойы жинаған. Түрлі мемлекетке хат жолдап, қайта келген хатқалталарға жапсырылған маркалар арқылы өз коллекциясын тамаша экземплярмен толықтырып отырған. Петровдың хат жолдау әдісі тіптен қызық: жер бетіндегі түрлі мемлекеттердің бірін таңдап, ол мемлекетте жоқ қаланы ойдан шығарған. Қала, көше, мекенжай, адресаттың есімі де қиялының жемісі. Бірнеше айлар бойы әлемнің төрт бұрышын аралаған хаттар «Адресат табылмады» деген белгі соғылып, өзіне қайта келіп отырған.

1939 жылы көктемде Евгений Петров Жаңа Зеландияның мөрі соғылған хатқалта мен марка алу мақсатында тағы да хат жазуға отырады. Хайдбервилль қаласында Райтбич көшесі № 7 үйде тұратын Мерил Юджин Уизли атты адресатты ойдан шығарып, мына мәтінді жазады: «Қымбаттым менің, Мерил! Сенің ағаң Питтің қайтыс болғанына шын жүректен қайғырып, көңіл айтамын. Бекем бол, досым! Және саған көптен бері жауап жазбағаныма кешірім өтінемін. Ингридтің жағдайы қалай? Қызыңның бетінен сүйіп қой, өсіп те қалған шығар. Жауап күтемін, досың Евгений».

Ай соңынан ай қуалап, өмір жалғаса береді. Евгений Петров бұл жағдайды ұмытып кеткен тұста... Жаз мезгілінің соңғы айында күтпеген жерден Жаңа Зеландиядан жауап келеді. Кері мекенжайды оқыған жазушы, нағыз таңданысты басынан өткереді. Хатқалтада: «Мерил Юджин Уизли, Райтбич, 7, Хайдбервилль, Жаңа Зеландия» делінген. Хат жолдаушының бар екендігін ақиқаттайтын почта бөлімшесінің мөрбелгісі де соғылған. Бәрінен қызығы. хаттың мәтінінде еді: «Қымбатты Евгений! Көңіліңе рахмет! Пит ағайым күтпеген уақытта дүниеден өтті, бүкіл отбасымыз бұл ауыр қайғыны көтере алмай, жарты жыл қара жамылдық. Сондықтан көп уақыт саған хабарласа алмадым. Біз Ингрид екеуміз сені де, сенімен бірге өткізген үш күнді де ұмытпадық. Глория расында өсіп қалды, сен әкелген ресейлік қонжықпен әлі ойнап жүр. Досың Мерил».

Мұнымен, түсініксіз жағдайлардың қатары аяқталмайды. Хат мәтініне қоса салынған суретті алған Петровтың қолдарын діріл басады. Суретте бейтаныс еркекпен құшақтаса түскен өзін көреді. Суреттегі күнді аңғарған жазушы жүрегінің қағысы үдей түседі. Суреттің артында 1938 жыл, 9 қазан делінген. Жазушы ғұмырында Жаңа Зеландияға табан тіремеген, суреттегі ер адамды ешқашан кезіктірмеген. Алайда, бір жыл бұрын, суретте көрсетілген 9 қазан күні жазушы өкпесіне қатты суық тигізіп, ауыр жағдайда ауруханаға түседі, бірнеше күн бойы дәрігерлер жазушының өмірі үшін ажалмен арпалысып, әупірімдеп аман алып қалады. Тылсым жағдаяттарға сенбейтін Петров жылдамдатып тағы бір мәрте Жаңа Зеландияға хат жолдайды. Тек жауап келмейді – Еуропада соғыс басталып, Петров «Информбюроның» әскери тілшісі деген қызметке белсене кірісіп кетеді. Әріптестері, осы бір келеңсіз әрі қызықты уақиғадан соң әзілқой Евгений Петров бұйығыланып біртоға болып кеткендігін айтады, әзілдеуді тіптен доғарды дейді.

Бұл жайттың ақыры басқа бағытта аяқталады. 1942 жылы Евгений Петров Севастополь қаласынан ұшып келе жатқан уақытында, Ростов облысындағы немістердің шабуылынан апатқа ұшырайды. Тылсым... Ұшақтың апаты туралы хабар ресми ақпаратқа айналған күні, жазушының үйіне Жаңа Зеландиядан жауап келеді. Бұл хатта Мерил совет одағының жауынгерлерінің қаһармандықтарына тамсанып, Петровтың өміріне алаңдағанын жазады. Хатта мынадай жолдар бар: «Евгений, есіңде ме, біз көлге шомылып жүрген уақытта, мен суға батып кетпеймін, мен ұшақта апатқа ұшырауым мүмкін дегенің?! Сенен өтінерім – ұшақта азырақ ұш мүмкін болса!».

Ресейлік режиссер Алексей Нужный өз сценарийі бойынша осы уақиғаны сюжеттік желіге арқау етіп, 2012 жылы басты рөлді американдық актер Кевин Спейси сомдаған қысқаметражды «Конверт» фильмін көрермендер назарына ұсынды.

Бұл жағдаяттың нақты әрі дәлелді қорытындысы айқындалмады. Бірнеше скептиктер ойдан шығарылған қызықты жайт ғана десе, ресейлік биографтар жоғарыда сөз етілген жайттарды тілдеріне тиек етіп, шындыққа жанасатынын жарыса айтады. Расында, бұл қандай құбылыс? Жазушы санасынан тыс орын алған тылсымның құдіреті не? Қаламгердің қиял қуаты арқылы «ойдың материалдануы» ма? Сауал көп, жауап табу қиын. Тек қаламды серік еткен дарындылардың тағдыры тосын жайтқа толы тылсым екендігін мойындағанымыз жөн де шығар. Бұл оқиғаға қатысты түрлі пікірлер мен дәйектер келтіріп, қиялдан туған дүние деп айтылғанмен, жазушы өмірінің бір тылсымы болып қалғаны даусыз. 

Ө. Сансызбай