Алматыда латыншада шығарылған еліміздегі бірінші көркем кітаптың тұсаукесері өтеді

Алматыда латыншада шығарылған еліміздегі бірінші көркем кітаптың тұсаукесері өтеді
Фото: google.kz

19 желтоқсанда сағат 14.00-де Алматыда Қазақстанда қазақ тілінде латын графикасында жазылған бірінші көркем кітаптың тұсаукесері өтеді.

«TLK Media» коммуникациялық компаниясы және қоғам қайраткері Мұрат Әбенов көпшілікке Mahabbat qyzyq jas da'y'ren (Счастливое время любви – русс.) әңгімелер жинағын ұсынады. Оның әрқайсысы – махаббаттың қайталанбас тарихы. Бір айтарлығы, хикая кейіпкерлерінің өмірлік бел-белестері мен сезімдік әсерлері теміржол аясында өрбиді. Теміржол көлігінің күрделі техникалық әлемі оқырманға жаңа қырынан көрінеді – мұнда ең бір шынайы сезімдер жарқырап ашылады, жеке бастың драмалары паш етіледі және нағыз ерліктер жасалады. Әңгімелердің кейбіреулері жолаушылар пойыздарына арналған «Время в пути» борт журналында жарияланған және оқырмандар аудиториясының үлкен қызығушылығын тудырған.

Кітаптың көркемдік құндылығымен бірге әлеуметтік-танымдық өзектілігін де атап өткен жөн. Баршаға жақын сүйіспеншілік лирикасы тақырыбы арқылы әр жастағы және әр кәсіптегі оқырман қазақ тілінің латын графикасындағы жазылуы бойынша біліктілігін жақсарта алады. Бұл, Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтып өткендей, латыншаға біртіндеп көшудің кезекті қадамы болмақ.

Баршаңызды кітаптың тұсаукесеріне қатысуға шақырамыз.

Г. Берік