Үш ақын – бір тағдыр #2

Үш ақын – бір тағдыр #2
Фото: qazaqadebieti.kz

Төлеген Айбергенов қазақ поэзиясына бетбұрыс әкелген ірі талант. Оның өлеңдеріндегі  әдемі сезім, әсем суртеттен бүгінгі жас ақындар көп үйренді, тағлым алды. Төлегеннің ақындық қасиетінің бірі – қарапайым нәрседен селт еткізер ой іздеп тауып, оның өз көңіл-күйіне жалғап, қоғамдық ой биігіне көтере білуі. Мен «Космонавт монологы» лирикалық поэмасының ең мықты бөлімі «Көк үстінде» деп ойлаймын. Төлегенге тән философиялық тереңдігі, ұйқас екпіні, ой оттылығы осы бөлімде әсіресе шырқау саяси-әлеуметтік биікке көтерілген. Ал Төлеген жырларындағы, көп жазылып жүрген қарақалпақ әуені «Жас бұрымы», «Өмірден менің есімде қалғаны», «Россия» өлеңдерінде анық байқалады. Өзіне дейінгі ақындарды жақсы біліп қана қоймай, жатқа айтатын Төлегеннің бұл ерекшелігіне таңдану ретсіз.

– Төлегеннің ішінде бір поэма кетті. Әбден пісіріп, жатқа айтып жүріп, қағазға сосын түсіретін, – дейді ақынның өмірдің қиыншылығы мен қызығын бірге бөліскен жары Үрниса, – «Сен айт, мен жазайын» десем, «қоя тұр» дейтін. Әлі піспеген деп есептеген шығар». «Бір магнитофон алайықшы» деумен кетті…

Төлеген туралы аз жазылған жоқ, бірақ көп те емес. Кейбір әдебиет жанашырларының мақалаларымен үлкен ақындардың сөздерінде аты аталып, мойындалғанымен, оның бүкіл творчествосы жан-жақты талданып, жете зерттелген жоқ, бұл келер күндер еншісіндегі игі іс. Төлеген Айбергенов өлеңдерін оқығанда ешбір жалаңдықтың белгісін көре алмайсыз. Мұның басты себебі – оның өзіне қатал да қатаң талап қойып, тек «не айтса да жүрегімен айтуды» қасиетті қағида етіп ұстағандығы деп білеміз. Сағыну арқылы өмір сүретін ақын творчествосының өзегі – сағыныш. Егер Төлегеннің әнші Ғарифоллаға арнаған өлеңін бұрып өзіне арнасақ: «Көкірегінен әсем әннің көк мұхитын шайқаған, сендей саңлақ бұл өмірге келер ме екен қайтадан».

Алпысыншы жылдардағы қазақ поэзисын алып қарайтын болсақ, осы кезге өзіндік үн, өзгеше жазылған жырларымен келген Төлеген Айбергеновке тоқталмай кете алмаймыз. Қазақ поэзисындағы Қасымнан кейінгі өзіндік өзгешелігімен дараланған ол жайлы көп айтуға болады…

Өзін-өзі тықпалау, осы әдіспен ұшпаққа жету ақынға жараспайтын қылық. Одан дарын кемімейді, арың кемиді. Өлең – өміршең дүние деуші еді. Сүйегінен өткізетін оның тіліндей ащы тіл ешкімде жоқ – «шөкелеп өмір сүргеннен тік тұрып өлген артық» дейтін.

Төлегеннің ойлы ұйқастарынан көп үйрену керек. Осындай музыкалы, ішкі ұйқастардан үйрену қазіргі жастарда кемшіндеу. Мұны жас ақындардың өлеңдерінен көре алмай жүрміз.

Төлеген көнбіс адам бола алмады. Күнделікті тірліктің айдауынан шығармайтын көнбістікке ақын жүрегімен көне алмады. Басқалар оның басындағы ең үлкен осалдық деп есептеген – тік мінезділігін жеңе алмады. Жеңуге тиіс те емес еді. Өйткені /шаблонға көнбеген шабыт иесі/ ақынды еркін құс деп сезінді мынау  өзі сүйген өмірде…

Көптеген әдебиетшілер Төлегенді /жалпы басқа талантты ақындарды да/ қайтыс болған соң танылған ақын ретінде көрсетеді Меніңше бұл қате, ұшқары пікір. Төлеген кітабы шықпай тұрып-ақ әдебиетті түсінетін талайлардың құрметіне бөленіп, жастардың ұстазына /отыз-ақ жаста/ айналып үлгергенді. Ол кітап шығаруды  емес, өлеңге адалдықты, әдебиетке арлы болуды көбірек діттеген ақын. Өлең аспанында құйрықты жұлдыздай жарқ етіп көрініп, ғайып болған Төлеген атты есімді есіткен сайын жыр құмар қауым әлі де бір елең ете қалары сөзсіз. Жарық дүниемен қоштасқан соң Қазақстан Ленин Комсомолының сыйлығының лауреаты деген құрметті атаққа ие болған оның әлі де жинақтарына енбей келе жатқан өлеңдері баршылық.

Мен білетін, білмейтін талай  азаматтар Төлегенді көзі тірісінде-ақ ақын деп таныған, өзгеге ұқсамас ерекшеліктерін көріп-білген, түйсінген, таңданған. Осы таңданыс-ақынтану сезімдері, естеліктері қағазға түссе Төлегенді танитын адамдар бір игі іс бітірген болар еді.

…Қатыгез ажал Төлегендей қыранды мезгілсіз қағып түсті, арамыздан ерте кетті. Ерекше адамдардың өмірінің ұсақ-түйегіне дейін білудін – жай ғана қызығушылықтан көрі, тәрбиелік мәні күшті. Актерлер, жазушылар, журналистер, ғалымдар, мемлекет қайраткерлері өздерінің жеке қаситеттерімен біздің өмірімізге әсер етеді. Тіпті олар бізден алыста өмір сүріп, еңбек етсе де солай болады.

Орыс әдебиетінің өкілдері Пушкин, Лермонтов, Толстой, Гоголь, Пастернактардың жеке өмірі, мекен-жайлары туралы зерттеулер әлі де тоқтаусыз жариялануда. Біз де бұл іс – солғын.

Жалпы, сүйікті ақын-жазушылар туралы тереңдей жазып, замандастарының ой-пікірлерін, естеліктерін жинақтауда қазақ әдебиеті өкілдері көп салақтық танытып, кешігіп жүр. Негізгі жастардың тиісті дәрежеде  өлеңге қызықпауына жақсы ақын-жазушының  кітабына талдау, өмірін зерттеу жұмыстарының тиісті дәрежеде жүргізілмеуі де басты себеп.

Жырдағы жалғандыққа жаны қас еді Төкеңнің. Поэзияға деген  адалдық, тазалыққа құштар еді. Қазір айтыстарда екінің бірі домбыра тарта алмаса да, ұстап шығып, жоқты-барды құрап айтып, сөз қадірін кетіріп жүргенін көргенімде, мұндайда шыдамай кететін поэзия қамқоры Төлеген Айбергенов, біздің – Төкең ойыма оралып, көз алдыма тұра қалады. Отызға дейін терең ой-түйсінігі қалыптасқан ерекше жан еді ғой…

Төлеген туралы қанша жазса да, қанша құрмет көрсетсе де артық емес. Өйткені Төлегендей ел махаббатына ерекше бөленге шоқтығы биік қазақ ақыны саусақпен санарлық қой…

Не дерсіз?! Уақыт заңы сондай. Бізге беймәлім ұлы Галактиканың мың-сан жұмбағының бірі – мықтылардың рухани әлемі өзара астасып, үндесіп жататыны да өзгеше бір құбылыс қой. Оны сезінуге кеңістік өлшеміндегі қас-қағым сәттей – адам ғұмыры жетпейтіні өкінішті-ақ…

Мылтықбай Ерімбетов

Ж. Жұмағұлов