Амангелді Кеңшілікұлы: "Шындығында Кадзуо Исигуро – өте талантты жазушы"

Амангелді Кеңшілікұлы: "Шындығында Кадзуо Исигуро – өте талантты жазушы"
Фото: wordpress.com

Кеше әдебиет саласы бойынша бүкіл әлем көп күткен Нобель сыйлығы берілді. Биылғы Нобельге британдық жапон жазушысы Кадзуо Исигуро лайық деп танылды. Мәртебелі сыйлыққа таласта Кадзуо Исигуро басты үміткерлер қатарында болған жапон жазушысы Харуки Мураками мен сириялық ақын Адонистен озық шықты. Кім қалай десе де жеңімпаз – Кадзуо Исигуро. Сыйлық иегерінің есімі белгілі болғаннан кейін желі бетінде ол туралы әңгімелер айтылатыны анық. Белгілі әдебиеттанушы Амангелді Кеңшілікұлы да өзінің фэйсбук парақшасына су жаңа Нобельдің иегері туралы өз ойын ортаға салды. 

Әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының ұлты жапон Кадзуо Исигуроға берілгені үшін қатты қуаныштымын. Ол бұл атақты марапатты Ұлыбритания мемлекетінің атынан алды. Бұл соңғы жылдардағы саясатқа еш қатысы жоқ, жазушының шығармашылық талантын бағалап берілген, оқырман күткен сыйлық болды. Соған қарағанда Швед Академиясы менің қайта-қайта айтқан сындарымнан қорытынды шығарған сыңайлы (Әзіл). Кім біледі, мүмкін келешекте Вашингтонда өмір сүріп жатқан біздің Мұхтар ағамыз да АҚШ атынан Нобель сыйлығын алып қалар (Бұл енді әзілім емес). 

Шындығында Кадзуо Исигуро – өте талантты жазушы. Өкінішке қарай, мен оның бір-екі ақ туындысын ғана оқыдым. Айтпақшы, қаламгердің «Погребенный великан» деген романы Алматының кітап дүкендерінде бар. Астананың кітап дүкендерінен Исигуроның туындылары менің көзіме түспеді. 

Су жаңа Нобель сыйлығы иегерінің туындысынан Марсель Пруст пен Феодор Достоевскийге қатты бүйрегі бұратыны айқын байқалады. Мұны Кадзуо Исигуроның өзі де жасырмайды. Ол өз шығармаларында сыртқы көріністі суреттеуден гөрі, адамның жан әлеміне үңілуге бейім. Жазушы кітаптарында көз алдымызда болып жатқан жағдайдың көрінісі, біздің санамызда болып жатқан күйге құйылып кетіп, екі түрлі кеңістіктің арасындағы шекаралар жойылып жатады. Әсіресе, Исигуроның 2015 жылы жарық көрген «Погребенный великан» роман-тәмсілін соңғы жылдардағы әлем әдебиетіндегі жаңалық ретінде бағалауға болады. Мен сіздерге бұл кітапты оқып шығуға кеңес беремін. Өйткені, жазушы романындағы көтерген проблеманың біздің өмірімізге де тікелей қатысы бар. Роман-тәмсілде король Артурдың кезіндегі болып жатқан оқиғалар суреттеледі. Шығарманың бас кейіпкерлері өздерінің өткен өмірі туралы шындықты білуге әрекет етеді. Алайда, олар сол уақыттағы барлық оқиғалардың қалай болып, қандай қылмыстардың жасалғанын білгенде бір-бірін жек көре бастайды. Біз де қазір кешегі репрессиялар туралы барлық шындықты халық білуі керек деп есептеп, көп нәрсенің байыбына бармай, сол замандағы ситуацияларға терең талдау жасамай, бәрін ашық жазып жатырмыз. Бірақ осының ақыры онсыз да жүрегінде мейірімі азайып бара жатқан қазақтарды түптің-түбінде бір-біріне жау қылып жібермей ме? 

Исигуро өз шығармаларында бұл сұрақтарға ешқандай жауап бермейді, оның жауабын табуды оқырман еншісіне қалдырады.

Ж. Жұмағұлов