Ерлан Жүніс: «Меңді сұлу» иллюзиясы

Ерлан Жүніс: «Меңді сұлу» иллюзиясы
Фото: baistars.kz

Бала күнімізде, көбіміз «Шығыс жұлдыздары» деген алақандай ғана антологияны аса бір ынтықтықпен, құштарлықпен оқыған болармыз. Тоздырған болармыз саусақ уытымен. Бата сұраған бозбала Абайдай, біздің де бозбалалық тылсымның сырын ғайыптың тілімен жырлаған шығыс шайырларына таңырқаумен өтті емес пе?!. Парсы-тәжік поэзиясының падишаһтары секілді ғашықтық ғазалын, даналық рубайын, тотықұстай құлпырған жімле дүниенің жұмбақ болмысын ашуға ұмтылған қасидаларды жазғымыз келді. 

Жоғары оқу орнына түскенде, сәтін салуын қараңыз, басқа емес, нақ парсы тілін оқыдық. Ұстаз Ислам Жеменейден, өзге де білімді шығыстанушылардан дәріс алдық. Жазғы курстарға жазыла жүріп, Абылайхан атындағы университеттің Шығыстану факультетіне келіп, тағы үйрендік.  Сол кезеңнен бастап басыма жастана жүріп жаттаған, әсіресе, Руми мен Хафиздің жырлары басқаша сөйлей бастады. Бүгінгі әңгіме сол, Аттардың шәкірті, адамзат болмысы гауһарын әсемдеуші шебер, ғайыптың тілін білуші,  шираздық Хафиздің бір ғазалының алғашқы екі жолы туралы ғана болмақ. Бұл бір «Түрік аруы» атты даңқты ғазалы еді. Бұл ғазал қазақ тіліне де, орыс тіліне де көп тәржімаланды. Ол міне (транскрипциясы):

«Агар ан торк-е Ширази бе даст арад дел-е ма ра,

Ба хал-е хиндуйаш бахшам Самарканд о Бухара ра»...

Мұны Шәкәрім Құдайбердіұлы былайша аударады:

Егер сүйікті ол бала

Көңілді алса мен үшін, —

Самарқанд мен Бұхара,

қара меңі үшін... Ал Афанасий Фет:

Когда красавицу Шираза своим кумиром, изберу,

За родинку её отдам я и Самарканд и Бухару, - дейді. Әбіраш Жәмішов:

Шираздың пәк сұлуын періштеге теңер ем,

Бір меңіне Самарқанд пен Бұхараны берер ем, - десе, Константин Липскеров:

Дам тюрчанке из Шираза Самарканд, а если надо -

Бухару! А в благодарность жажду родинки и взгляда, - деп бір қайырады. Жұмекен Нәжімеденов болса:

Түрік қызға берер ем Самарқанды, егер ол

Бір жалт етіп қараса — Бұхарды да берер ем, - деп, Ал, Қуандық Шаңғытбаев:

Шираздағы түрік қыз сүйсе мендей бишараны,

Қияр едім меңіне Самарқанд пен Бұхараны, - деп аударады. Саид Сангин:

Если та ширазская турчанка утолит жажду сердца моего,

Отдам Самарканд и Бухару за одну родинку её, - деген де нұсқасын ұсынады.

Ғазалдың осы екі жолы оқушыны әртүрлі ойларға жетелейді. Шайыр мұнымен нені меңзеп отыр? Түпкі идея қандай? Мұның астарында қандай ой жұмбақталып тұр? Бір сәтте көз алдымызға картина келе қалады: Шираз шәрінде тұратын меңді түркі қызы және сол мең үшін Самарқанд пен Бұқараны бергісі келетін шайыр.

Әуелі, меңді айтайық: ол қарапайым мең емес, «хал-е хиндуйаш» яғни «үнді қалы». Әдемі мең, әсем мең, оймақтай мең, тамшыдай табиғи мең емес, кәдімгі үнді қалы деп атап отыр. Білесіздер, үнділер маңдайына, екі қастың жоғарғы орта тұсына жасанды мең салады. Бұл мең «бинди» (басқа атаулары да бар) деп аталады. Бинди қызыл және қара түсті болады. Қызыл түсті биндиді некелі әйелдер жағады. Ал қара түсті биндиді жесір әйелдер азаның белгісі ретінде салып алады. Сонымен қатар, маңдайдағы бинди салынатын орын «алтыншы чакраның орны» деп те танылады екен. Яғни мұның діни астарында «үшінші көз» - «Шива құдайының көзі» мағынасы жатыр.

Ал, енді ойланып көріңіз: түрік қызының маңдайында некелі әйел немесе жесірлер ғана жағатын бинди  таңбасы не істеп жүр? Жалпы, түркі халықтарында қыз баланың маңдайға белгі салу, таңба салу дәстүрі жоқ екені әуелден  анық нәрсе. Екінші, «торк-е ширази» яғни Ширазда тұратын түркі қызы кім болуы мүмкін?

Ширазда тұратын түркілер Барластан шыққан, Қаражер бектің ұрпағы, Тарағай бектің баласы Әмір Темірдің әскері Иранға кірген кезде ілесіп келген түркілер болуы да мүмкін. Бірақ, Әмір Темірдің 1382 жылы Иранға келген кезінде Хафиз (1325-1385*1390) жетпіске келген еді. Оның үстіне Хафиз бен Темір арасындағы кездесуде бұл ғазалдың әңгіме арқауы болғандығын ескерсек, ғазалдың ертерек жазылғандығын көреміз. Ал, Шыңғыс ханның Төледен туған немересі Құлағудың және оның әулетінің жорық тарихына қарасақ, Ұлы Құрылтайдың шешімінен кейін Құлағу Таяу Шығысқа жорыққа шығып, талай елді бағындырады. Кейін Иранда Елхандар билік құрады. Міне, осы тұста Қашқардан Иранға түркінің Қашқай тайпасы да көшеді. Шираз бен Исфақанның арасы олардың жаз жайлауына айналады. Әлі күнге Иран Ислам республикасын мекен ететін қашқайлар өздерінің қоныс аудару тарихын Құлағумен тікелей байланыстырады.

Демек, Хафиздың жырға қосып отырған түркі қызы осы қашқай тайпасының қызы. Қашқай қыздары өте бәденді келеді және олардың қалың малы қымбат тұрады екен. Хафиз қос қаланы беремін деп отыруы да осы қымбат тұратын қалың малдан шыққан сөз болуы мүмкін ғой. Яғни жай ғана сыйлау емес,  қалың мал ретінде өтегісі келуі.

Үшінші, «Самарканд о Бухара ра» яғни Самарқанд пен Бұқара жайына келейік.

Самарқанд пен Бұқара қалалары шайыр өмір сүрген дәуірде Персияның иелегінде болған жоқ, әуелі Құлағу әулеті, кейін Темір әулеті билеген қалалар. Тіпті Әмір Темір оны өз мемлекетінің астанасы да етті. Демек, Хафиз өз халқының иелігіндегі басқа қалаларды емес, мәселен Шираз бен Исфақанды емес, түркілердің иелігіндегі Самарқанд пен Бұқараны қалың мал ретінде бергісі келеді. Қисынға келмейтін секілді. Мысал үшін, «мен француз қызына ғашық болып, оның «латын америкалық қап-қара шашы үшін» Алматы мен Астананы емес, Париж бен Миланды сыйға тартар едім» десем, қалай естілер еді? Оның үстіне, Хафиз Самарқанд пен Бұқараны ешқашан көрмеген, оның өмірі Ширазда және бірнеше жыл Исфақанда өткен.

Тағы бір картинаны елестетейік: Ширазда тұратын, қашқай тайпасынан шыққан, маңдайында бинди таңбасы бар түркі қызы және ол қыздың қалың малына түркінің қос қаласын бергісі келетін шайыр...

Шайыр өмірінен тағы бір ескере кететін жайт, Хафиздің бозбала күнінде Шах-Набат есімді сұлуға ғашық болғаны. Шайырдың даңқы шыққан замандарда оны үндінің Бенгала сұлтаны өз еліне шақырады. Хафиздың ақыры жолы түспейді. Есесіне ақынның кенже ұлы Шах Нуман Үндістанға кетіп, Бурханпурда өмір сүреді. Осы деректерге қарап отырсаңыз, ақынның алғашқы махаббаты үндінің қызы болмады ма екен деген ой да қылаң береді. «Үнді қалына» ынтықтық та содан қалуы бек мүмкін.

Қалай болғанда да, Хафизді және оның ғажайып шығармаларын тура мағынасында түсіну мүмкін емес. Оның ұлылығы да сонда. Бұл ғазалдың астарында құдайтану мәселесі жатыр. Біздікі – шайыр шығармашылығына оқырман қызығушылығын арттырайық деген ой ғана.

Ерлан Жүніс

Дереккөзі: adebiportal.kz

Ж. Жұмағұлов