Тұрсынжан Шапай. "Бүгінгі өлең проблемаларының бір түйінді тұсы ұйқаста жатыр"

Тұрсынжан Шапай. "Бүгінгі өлең проблемаларының бір түйінді тұсы ұйқаста жатыр"
Фото: vk.com

...Иә, шындығында, ұйқас – бір есептен, ақынның қол-аяғындағы бұғау мен кісен. Көздегенін жібермейтін мергенге ұйқас табу – қашанда қиынның қиыны. Қиын болған соң ғой: Жұмекендей тұлғалы ақынның өзі «ал» деген артық жамауға соңғы құтқарушысындай жүгінетіні («ашыған – тасыды ал» деген сияқты). Сол қиындығынан ғой, қазіргі талантты ақындарымыздың өзі бір-бірінің ұйқасына көңілі толмай жататыны. Тұманбай ақынның толымсыз ұйқасқа оң көзбен қарай бастағаны, қазақ өлеңінің жазылмаған заңындай түбірлі ұйқас сүрлеуінен қиналмай-ақ шығып кете беретіні, қыңыр-қиғаш ұйқастары үшін Темірхан Медетбековті жерден алып жерге салған Қадыр Мырзалиевтің өз шумақтарындағы бастапқы тастай берік, мінсіз сұлу ұйқастардың соңғы тармақтарда айтылар ой түйініне қабыспай бос қалып қоятын жайлары кездесе беретіні де содан. Елпілдеп келе қалған елгезек арзан ұйқастардың өзін жерге тастауға қимай, кәдеге асыра қоюға бейім тұратын, соған бола кей-кейде артық қырым еті жоқ тұлпар-жырының қоңына май жіберіп алатын Мұқағалидің көңілшектігі де, маржан ұйқастарды мөлдіретіп алқа ғып тізген Төлегеннің ара-тұра ұйқасты тізеге салып, зорлап иіп жіберетін сәттері болатыны да сол ұйқасы түскірдің тапшылығынан еді ғой.

Құзыры күшті, мәртебесі зор ұйқас шіркін Кеңшілікке «көкке мен», «самолетпенен» дегенге үйлестіру үшін «төп-төмен» деген «жаңа» сөз жасатады. «Шағымызды» шегелеу үшін Иранбек «сағын үз» дейді (сағын сындыр емес). Дәуітәлі «СССР-ге» «бес есе өсерден» өзге жібі түзу ұйқас таппайды. Ал айтарын дұрыс бастап келе жатып, көлденең жатқан көк тастай қырсық ұйқас тайқытып жіберген өлеңдер қаншама! Оңтайға алғаш келе қалған кездейсоқ ұйқастар қақпақылымен ағысын сан өзгертіп, ақыры арна таппай шаршаған, ұзын аққанмен, құяр айдыны – ұлағат-ұнасымы, берекет-түйіні жоқ, айдала лағып бос қалган өлеңдер – топан-тасқын емес пе? Қайталанды ұйқастардың есебін алған кім бар. Ендеше, бүгінгі өлең проблемаларының бір түйінді тұсы ұйқаста жатыр десек, шындықтан алыс кетпейміз.

«Ұйқассыз өлең шашылып қалатынын» қадай айтып, қатаң ескерткен Маяковский «Өлең қалай жасалады» мақаласында: «Мен ең маңызды сөзді тармақтың соңына қоямын да, соған қайткенде де ұйқас табамын»,– дейді. Ұйқас ойды қысқа әрі нұсқа жеткізудің бір тәсілі. Ұйқастағы сөз – сезім мен ой тоғысқан салмақты сөз. Өлеңнің оқырманды баурап әкетер сиқырының көп сыры ұйқаста жатыр. Шын ақын мен өлеңшінің парқы олардың ұйқас таңдауынан да айқын көрініп тұрмақ...

Тұрсынжан Шапай. "Ой түбінде жатқан сөз"

Ж. Жұмағұлов