Әртүрлі тілдегі әдебиеттерді тегін оқығыңыз келе ме?

Әртүрлі тілдегі әдебиеттерді тегін оқығыңыз келе ме?
Фото: vk.com

Ғаламтор дамыған заманда  әртүрлі тілдегі әдебиеттерді тегін әрі заңды түрде жүктеп алуға болады. Онда ағылшын, неміс, француздан бастап, тіпті, эсперанто, хинди тілдеріндегі әдеби шығармалар да кездеседі.

Әдебиетсүйер қауымның көпшілігі шығарманы түпнұсқасында оқуды армандап, соған қол жеткізу мақсатында түрлі тілдер үйреніп жатады. Егер сіз де солардың қатарынан болсаңыз, бұл мақала сізге көп көмегін тигізері анық.

Джейн Остиннің «Тәкаппарлық пен жаңылыс», Уэллстің «Әлемдер соғысы», Марк Твен туындылары, Гёте мен Бодлердің өлеңдері немесе Шекспир сонеттерін түпнұсқада оқығыңыз келсе, алдымен, төменде көрсетілген сайттардан іздеп көріңіз.  

Гутенберг жобасы / Project Gutenberg

Project Gutenberg – ғаламтордағы тегін кітап ұсынатын сайттардың бірегейі. Бұл – әлемдегі ең алғашқы электронды кітапхана. Онда 53 000-нан астам туындыны mobi мен epub секілді белгілі форматтарда жүктеп алуға болады. Оның үстіне, Project Gutenberg  сайтының серіктестері арқылы 100 000-нан астам электронды кітапқа қол жеткізуге болады.

Бір ерекшелігі, бұл сайтта белгілі бір ірітелген жазушылар шығармаларын бір ғана файлмен жүктеу мүмкіндігі бар. Бұл өте қолайлы.

Сайт ағылшын, неміс, француз және португал тілдеріндегі  кітаптар ұсынады.

Еуропалық сандық кітапхана / Europeana

Europeana – әлемдік мәдени мұраның миллиондаған түрлеріне қол жеткізуге мүмкіндік беретін еуропалық сандық кітапхана. Кітаптар тек ағылшын, неміс, француз тілдерінде ғана. Сайтты кітаптардың электронды нұсқасымен 2000-нан астам еуропалық мекеме қамтамасыз етеді. Олардың қатарында, Британ кітапханасы мен көптеген елдердің ұлттық кітапханалары бар.

Америка сандық қоғамдық кітапханасы / Digital Public Library of America

Digital Public Library of America – АҚШ-тың қоғамдық электронды кітапханасы. Ол Американың кітапханалары, мұрағаттары және мұражайлары қоғамдық қорларына тегін қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Интерактивті құралдар көмегімен хронология және карталар енгізу арқылы бүкіл жинақ бойынша іздеуге мүмкіндік береді. DPLA қорын кеңейтуге New York Public Library, Мичиган университеті, Гарвард университеті және Конгресс кітапханасы ат салысады.

Сайт каталогы ағылшын, француз, неміс және басқа тілдердегі 1,6 миллионнан астам мұраны қамтиды. Өзіңіз үшін қызықты өнімді оnline оқып немесе оны жүктеп алсаңыз болады.

Интернет мұрағат / Internet Archive

Archive.org  сайты – мәтін, аудио және бейне файлдардың кең мұрағаты, оның ішінде кітаптар да бар. Сайт сізге 5 миллионнан астам кітапты онлайн оқуға мүмкіндік береді. Жинақта Конгресс кітапханасы, американдық және канадалық кітапханалар қазыналарының сандық нұсқалары бар. Мұнда балаларға арналған кітаптар да бар. Интернет мұрағатынан 180-нен астам тілдегі кітап файлдарын таба аласыз.

Ашық кітапхана / Open Library

Ашық кітапханада негізінен ағылшын тілінде шамамен 1 миллион тегін кітап бар. Ондағы тегін кітаптар каталогы  үнемі өсіп отырады. Бүгінгі таңда сайтта фантастика, роман, өмірбаян, өнер кітаптары және басқа да 200 000-нан астам жаңа кітаптар бар. Кітап тегін әрі қол жетімді болса, сіз Read түймесін көресіз, яғни, сіз онлайн оқуға мүмкіндік аласыз. Файлдарды танымал форматтарда да жүктеуге болады.

Ашық кітапхананың бір ерекшелігі – барлық кітаптың мәтіндерінің ішінен қажет сөзді іздеу мүмкіндігі. Мысалы, сіз қалаған тақырып бойынша дәйексөзді таңдау арқылы белгілі бір сөздің әлемдік классика туындыларында кездесуін анықтай аласыз.

А. Оралқызы