Мәскеудегі кітап дүкені және оқырман

Мәскеудегі кітап дүкені және оқырман
Фото: rusrep.ru, platonovfest.com

Мәскеуде кітап дүкендерін аралап, кітап сатып алу үшін бір күн жеткіліксіз. Кітап қоры да, сапалы, мазмұны терең кітаптар сататын сауда үйлері де өте көп. Әр көшеде орналасқан десек те болады. Бірінде жоғын, бірінен табасың. Сол «жақсы» кітапты жолықтырам деп, мен де кітап дүкенін араламақ болдым.

Қаладағы ең үлкен кітап дүкені «Дом книги» деп ата­латын сауда үйі. Ішінен барлық әдебиетті таба аласың де­ген соң, сол жақтан бір-ақ шықтым. Екі-үш қатар аралап, қазіргі орыс прозасы мен поэзиясының сөрелеріне кеп тоқтап едім, көзім бірден Захар Прилепиннің «Обитель» кітабына түсті. Соң­ғы жылдары оқырмандардың көңілінен шыққан және «Большая книга» номинациясы бойынша жүлдегер атанған туынды. Жазушы Соловец лагеріндегі (CЛОН) жан түршігерлік тіршілік жайын шебер суреттеп, кейіпкерін барлық сынақ­тардан өткізеді. Артемды қанша қинап, азаптаса да, оған махаббатты се­зінуге, өз бойындағы пендешілікті жеңуге, жақсылыққа ұмтылуға мүмкіндік береді. Бұл автордың кіта­бын бір ай бұрын электронды кітапханада тегін ұсынғанда танысқан едім. Сөредегі келесі кітаптар – Людмила Улицкая. Бірі сүй­сіне оқып мақтаса, келесісінің талғамына келе бер­мей­тін жазушы. Әйелдер жазатын роман деп, бөліп қа­рай­тын кітаптардың бірі. Оқырманы да көбіне әйелдер. Ол өз әңгімелерін «өмірдің мәні –өлім» деген қағидамен жазатындай. Сондықтан кітаптарына аса қызыға қой­мадым. Келесі қатардағы «Жаңа топтама» деп жа­зылған сөреге ба­рып едім, «Селфи» деп айғайлап тұрған қызыл кі­тапты көрдім. Сергей Минаев есімді жазушы, бүгінгі күннің, жаңа заманның тақырыбы. «Адам өзін жиі жо­ғалтады. Және өзін іздеп табу екінің бірінің қолынан кел­мейді» дейді автор. Сатушыдан кітап жайлы сұра­ға­ным­да: «мен сізге басқасын іздестіріп көрейін, әзірше кез­десуден қалып қоймаңыз», – деді. Ортақол дүние бол­ғаннан шығар?

Сөйтіп, хабарландыру жасалды. Кеш өтетінін айтып, бар­­лығымызды сонда шақырды. «Книги вмоей жизни» деп аталатын жоба аясында, қазіргі орыс прозасының бе­л­гілі өкілі Полина Дашковамен кездесу ұйымдасты­рыл­ды. Әр апта сайын белгілі ақын-жазушылар кеп, өз өміріне әсер еткен кітаптар жайында әңгімелесіп, оқырмандар сұрағына жауап береді екен. Полинаның өміріне, шығармашылығына әсер еткен кітап көп болыпты. Бірақ ол Пушкин мен Достоевскийден бастап, Сол­женицынға дейінгі өзіне ұнайтын тоғыз кітапты тізіп атап шықты. Арсений Александрович Тарковскийдің поэзиясына ерекше тоқталып, оның өлең­дерін оқыды.

Расымен, Ресей – алпауыт ел. Мәскеу – үлкен мегаполис. Жаңағы сөрелердегі кітаптарға қарап, таңдау қиын болған соң, бұл қала қазір кімді оқып жүр? Жазушылар не жазады? Қандай тақырыптағы туындылар халықтың көңілінен шығады? – деген сұрақтарды Полина Дашкованың өзінен сұраудың мүмкіндігі туып, аздаған жауап алудың да сәті түсті.

«Дұрыс айтасыз, жазатын адам көп. Жазылған және жазылатын дүниелер де жетерлік. Бірақ оның барлығы бірдей қоғамға қажет пе? Әрине, қажет емес. Бүгінгі орыс прозасы 90 жылдармен салыстырғанда әлдеқайда түзеліп келеді. Бірақ әлі ақсап тұр. Неден ақсаймыз? Сол бұрынғы тақырыптардың шырмауынан әлі шықпадық. Порнография, жауыздық, бұзақылар мен наркомандар. Прозаның да, поэзияның да тағдыры – осы. Халықтың ойына сәуле себетін дүние жазу керек. Адалдық, махаббат, адамгершілік. Міне, тақырып. Бүгінгі біздің әде­биет­тегі тағы бір кемшілік – шығарманы экранизация үшін даяр­лау. Әрине, жақсы фильмдер керек-ақ. Бірақ ең бірін­ші, оқырман шығарманы кітап күйінде қабылдау қажет. Мен жас жазушыларды көп оқымаймын. Уақытымды бос кетірем бе деп қорқамын. Бірінші жолдан кейін ақынның не жазушының кім екенін бірден анық­тауға болады. Әзірге маған ұнайтын жас буынды ке­зіктірмедім», – дейді жазушы. Сонымен қатар, жүлде қоры, атақ үшін мүшәйраға қатысып, өлең жазатын, әңгіме жазатын адамдардың көп екенін де атап өтті. 

Кездесу аяқталып, мен сол қатарға тағы оралдым. Кітаптардың қатарымен жүріп, саяси кітаптардың көп екенін көрдім. Ресей мен Украинадағы саяси тұрақсыздықтың әсерінен басылған басылымдар. Олардың барлығын оқу қажет пе, расымен?

Дмитрий Глуховскийдің «Метро 2033» кітабы туралы бұрын да естігенім бар еді. Болашақта Мәскеуде тіршілік болмай, адамзаттың барлығы сол метрода өмір сүріп, күн көретін заман туады екен. Күнделікті қатынап жүрген метроның әр аялдамасында қала орнайды. Нағыз заманауи фантастика. 

Сонымен, дүкенді тағы аралап, кітаптарды парақтап, фантастика жанрындағы кітапты оқимын деп шештім. Жазушының шеберлігімен қатар, қиялына сын болатын фантастика жанры оқырманның эстетикалық қажеттілігін толығымен өтей ала ма деген сауал да қожамжарласа мазалайды екен.

Ардақ Әлімбетова,

"Қазақ әдебиеті" газеті

Н. Айдархан