Эльчин Сафарлидің қанатты сөздері

Эльчин Сафарлидің қанатты сөздері
Фото: open.az

Эльчин Сафарли – бұгінгі таңдағы заманауи жазушы. Шығармаларында шығыстық дәстүр мен мәдениетті, махаббатты орыс тілінде жазады. Оның «Сенсіз естеліктер жоқ» («Нет воспоминаний без тебя»), «Сен білгенде ғой» («Если б ты знал»), «Босфор түбіндегі махаббат» («Легенды Босфора»), «Үйге қайтқым келеді» («Я хочу домой»), «Бақыт рецептісі», («Рецепты счастья») секілді шығармалары әлемдік бестселлерлер қатарында. Жазушының өмір, дүние, бақыт туралы қанатты сөздерін оқи отырыңыздар!

Өзіңіздің сенген ісіңіз іске асатынына ешқашан сеніміңізді жоғалтпаңыз, сол бағытта қимыл жасаңыз. 

Бақытты салыстыру арқылы түсінуге болады. Кейде бүгінгі күннің қадірін білу үшін кешегі күнді еске алудың да пайдасы бар. 

Көздің жасын сүрткенше, сізді жылатқан адамды өміріңізден сүртіңіз. 

Егер бақыт саған келмей жатса, сен өзің бақытты күтіп алуға бар. 

Әйелдер үшін ең әдемі киім – жігіттің құшағы.

Иә, білем, кейбір естеліктерден мәңгілікке құтылғың келетін кездер болады. Тап бір қорқынышты түсті ұмытқың келгендей... Түні бойы жанға маза бермей қинайтын ондай дерт бәрімізде бар. Ондайда дертке дауа болар дәрі іздеп сарсаңға түсудің қажеті жоқ. Уақыт саған қажетті дәріні тапқанша шыдамдылық танытқан жөн. Бірақ уақыт-емші бәрімізге бірдей дәрі ұсынбайды. Біреу үшін ең жақсы дауа – жаңа махаббат, енді біреуге – бала, тіпті кейбіреулер үшін бар болғаны... теңіз болуы мүмкін. Күндердің бірінде сен де теңізге барасың, сосын ол сенің жүрегіңдегі жағымсыз естеліктер салған жараны толқынына өңгеріп әкететін болады. Өмірде әркімнің өз теңізі бар... 

Ұзақ уақыт бойы маған "Өмір – қауіпті, өзіңді қорға" деді, бірақ ешкім "Мен сені қорғаймын" демеді. 

Бақытты іздемейді – оны жасайды. 

Өзіңді сүймеген адамды бәрібір жіберуге тура келеді. 

Біз қалайтын өмір міндетті түрде туады. Бір күні тағдыр бізге келіп: "Сіз көп қиындық көрдіңіз. Енді еркін өмір сүріңіз" дейді. 

Әлем уақыт арқылы біздің тілектеріміздің шынайылығын сынақтан өткізеді. Қалағанымыздың бәрі бірден бола қоймайтыны сондықтан болар... 

Мен "Балалық" деп аталатын қаладан шықтым. Бірақ "Ересектер" еліне әлі жете қойған жоқпын. Автобуста келе жатқан сияқтымын. 

Бізге керектің бәрі біздің айналамызда... Тек біз алысқа қарауға, бәрін алыстан іздеуге үйреніп қалғанбыз. 

Артта қалғанның бәріне алғыс айтуды үйренсек жақсы болар еді. Тіпті олар жағымсыз, жанға жара салған естеліктер болса да. Олар бізге маңызды нәрсені үйретті емес пе?! 

Сүю – алдымен оған, содан кейін өзіңе бақыт тілеу. 

Айырылысуды жеңген махаббат мәңгілікпен марапатталады. 

Бақыттылардың күнделік жазуға уақыты жоқ. Олардың өмір сүруден қолдары босамайды. 

Сезімді сана жеңіп кетеді. Көп жағдайда... 

Күннің батқан кезі мұңға толы. Себебі, әр жолы күнді шығарып салған сайын былай ойлайсың: сәтті болсын, сәтсіз болсын, бұл – менің күнім. Бірақ ол енді келмеске кетіп бара жатыр.

Біздің еркімізге бағынбайтын нәрселер көп. Мысалы, жек көру немесе ұмыту. Себебі жүректе туған сезімдер жүректен өшпейді. 

Бақыттың өлшемі, көлемі, сақтау мерзімі болмайды. Бақыт ешқашан көп немесе аз болмайды. Бірақ менің білетінім біреу: бақыт бар. Ол бізде, біздің айналамызда. Бірақ біз оны әрдайым байқай бермейміз: адамның рухани құлдырауының себебі, міне, осы. 

Үлкен қалада сенің арманың басқа адамдардың өмірінде орындалып жатады. 

Балалық шақтан ересек өмірге нені ала кету керек екенін білесің бе? Арманыңды... 

Кейде бақытты болып қалу үшін әлденені білмеу немесе көз жұмып қарау керек болады. 

Бақыттың нағыз дәмін тек бала кезде ғана сезінуге болады. Кейін де татып көруге болады, әрине. Бірақ ол кезде басқа тағамдардың дәмі араласып кетеді. 

Алға қарай қадам басқанда өткен күннің естеліктері салынған чемоданды өзіңмен алып жүрудің қажеті жоқ. Қолың талып, орта жолға жетпей шаршап қаласың. 

Егер ешкім қателеспейтін болса, қарындаштың басында өшіргіш болмас еді. 

Қайғыруға әрдайым себеп табылады. Қуана білу керек. 

Біз бәрін ертеңге қалдыруға үйреніп кеткенбіз. 

Ж. Жұмағұлов