Махаббаттың 10 құпиясы

Махаббаттың 10 құпиясы
Фото: isravid.com

Англиялық жазушы Адам Джексон жазушы ғана емес, Хартфордширға (Англия) танымал бизнесмен әрі мотивациялық дәріс беруші лектор-спикер. Сондай дәрістердің бірінде: «Біз студенттерді оқуға, жазуға үйретеміз. Бірақ дүниені, құбылысты сезінуге үйретпейміз. Дүниені сезінбеген адам махаббатты қайдан сезінсін?» – деген екен.

Жазушы "Махаббаттың 10 құпиясынан" басқа, денсаулықты сақтау, бақыт құсын қондыру, жетістік рахатын сезіну, байлыққа қол жеткізу секілді адам өмірінен ойып тұрып орын алатын рухани да материалды құндылықтарға қол жеткізудің 10 түрлі құпиясын жазған.

Әр адам өз өмірінің суретшісі, өз бақытын қалаушы. Өз махаббатын құрушы. Сонымен Джексон ұсынған 10 құпия қандай екен?!

1. Махаббаттың бірінші құпиясы – ойлау. 

Адам жақсы нәрселерді ойлау арқылы оны өзіне тартады. Яғни адам санасын махаббатқа толы ой билесе, онда адам махаббатқа толы өмір кешеді деп түсіндіреді.

2. Махаббаттың екінші құпиясы – сыйластық. 

Өзгені сыйламас бұрын, өзіңді-өзің сыйлап, өзгеге өзіңді сыйлата білу. Ол – өзіңді сыйлау арқылы өзгеге сыйластық таныту. Бұл қағидат маған әр нәрсенің бастаушысы – адам, яғни адам өзгеден қандай әрекет күтсе, бірінші сол қалаған әрекеті өзінде болу керек деген ұғым қалыптастырды.

3. Махаббаттың үшінші құпиясы – сый тарту күші немесе «сүйгеніңізді өміріңіздің бір бөлшегі ретінде сезіну». Одан ұғатынымыз, сүйген адамыңызға терең сезім сыйлау, мейірімді қарым-қатынаста болу.

4. Махаббаттың төртінші құпиясы – достық қуаты.

Нағыз махаббатыңды табу үшін нағыз дос табу керек. Негізінен, сүйіктіңізбен досыңыздай сырласу, яки бір бағыттағы көзқараста болу – нағыз махаббаттың құрылуына негіз болары анық. Өмір бойы жаныңыздан табылатын жан болғандықтан өмірлік досыңыз сол екенін естен шығармау қажет. Бірдей ойлау, бір бағытқа қарау көңіл жарастығын білдіреді.

5. Махаббаттың бесінші құпиясы – жанасу күші («Сила прикосновения»).

Джексонның ойынша, жанасу қуаты махаббаттың ең күшті сипаты және ол барлық кедергілерді жояды.

6. Махаббаттың алтыншы құпиясы – еркіндік беру. 

«Егер біреуді сүйсеңіз, оны еркіне қойыңыз. Егер ол сізге қайтып оралса, ол сіздің махаббатыңыз. Егер оралмаса, ол ешқашан сіздікі болмаған».

7. Махаббаттың жетінші құпиясы – сөйлесу қуаты. 

Шынайы әрі ашық сөйлесе білу. Өзгенің жан дүниесін түсіну. Жазушының көзқарасы бойынша бұл «біреуді сүю деген сөз – онымен сөйлесе білу, тілін табу деген сөз».

8. Махаббатың сегізінші құпиясы – адалдық қуаты.

Махаббатыңыз мәңгі болсын десеңіз, оған адал болыңыз. Ал, адалдық ой мен істен көрініс табатынын естен шығармаңыз. Кітап авторы: «Адалдық – махаббаттың үлкен сынағы. Сезімге толы қарым-қатынас құру үшін алдымен осы сезімге адал болу шарт» дейді.

9. Махаббаттың тоғызыншы құпиясы – сезімді көрсету қуаты.

«Сезім суынғанда оны қайта жағуға, алғаш лаулағандай қалыпқа қайта жеткізуге болады. Аяқ асты тосын сыйлар мен жоспарсыз шешімдер сезімді үрлей түседі».

10. Махаббатың оныншы құпиясы – сенім қуаты.

Автор кітабында көптеген адамдардың сенімге келген кезде ойларынан тайып, ғашықтарынан күмәндана бастағандарын жазады. «Егер адамға толық сенбесең, онда оны терең сүймегенің. Егер өзге жанға деген сезіміңізді тексергіңіз келсе, өзіңізден «мен оған толық сене алам ба?» деп сұраңыз»,– деген екен. 

Ж. Жұмағұлов