Төлен Әбдікұлының "Тозақ оттары жымыңдайды" повесінен дәйексөздер

Төлен Әбдікұлының "Тозақ оттары жымыңдайды" повесінен дәйексөздер
Фото: www.kakprosto.ru

Төлен Әбдіктің "Тозақ оттары жымыңдайды" повесін оқып көрдіңіз бе? Бұл туынды зорлық-зомбылықтың зардабын көріп, ақыры ақ адамдармен елі, жері үшін айқаса жүріп, жер бетінен біржолата жойылып кеткен араку тайпасының қасіретті тағдыры жөнінде жазылған повесть. Шығарма үндістер өмірінен терең сыр шертеді.

Жазушы Төлен Әбдіктен бұл шығарманы жазуға не түрткі болғаны туралы сұралғанда ол кісі: «Совет үкіметі тарихымызды бұрмалады. Мемлекеті жоқ, шекарасы жоқ, тарихы тек 1917 жылдан басталатын бір ел болып шыға келдік. Енді осы тығырықтан шығу үшін менің ойыма келгені,  әлемде қиянат көріп жатқан халық тек қазақ емес, басқа да ұлттар бар. Қазақтың тағдырын солар арқылы беру, жеткізу. Мен өзім сол кездердегі Бразилиядағы үндістердің тағдырын көп оқыдым. Сол үндістердің тағдыры арқылы қазақтардың ауыр тағдырын жеткізуге болатын шығар деген идея туындады басымда. Сосын бардым да осы «Тозақ оттары жымыңдайды» деген повестті жаздым»,-деген болатын

Повесте кездесетін ой-толғамдарды арнайы жазып, түртіп алсаңыз артық етпейді. Біз сіздерге солардың бір парасын ұсынуды жөн санадық.

Тарихтың өз заңы, өз стихиясы бар. Оны бұзуға сіз бен біздің шамамыз жетпейді. Тіршіліктің даму заңы үнемі адамдардың пайдасына шешілетін шығынсыз сәттіліктен ғана тұрса деп тілеудің өзі қандай аңқаулық десеңізші! Тарихтың мына тұсында бәленше бүйтіп қателеспегенде жағдай басқаша болатын еді деу, алғашқы дәуірдегі динозаврлар табиғат кенет суытып кетпегенде құрып кетпей, тірі қалатын еді деген секілді қиял ғой. Болмаса, сол мұз дәуірінің басталуының өзі белгілі бір қажеттіліктен туып отырған табиғи жәйт емес пе!

Анда-санда жабығып алған да дұрыс шығар. Табиғат берген құбылыстың бәрін адам баласы аңсауға тиісті. Мейлі ол қуаныш болсын, мейлі уайым болсын. Үйткені адам үшін ең жаманы - зерігу. Зерігуден басқаның бәрі салыстырмалы түрде айтқанда түгел жақсы.

Жалпы болашақ атаулы бәрімізге бірдей және бірдей қажет десек те, жеке адамдардың тілек-мақсаты, мұң-мұқтажы бір-біріне ұқсамайды ғой. Айталық біреу - аш, екіншісі - жалаңаш, үшіншісі - ауру. Аш адамға тамақ керек, жалаңашқа киім, ал ауруға тек дәрі керек. Олардың қажеттерін шатастырып үлестіруге болмайды. Халықтар да сол сияқты... Біреудің мұқтажы біреуге игілік боп жарымайды. Әлгі өзіміз баспа беттерінде цивилизацияны ту етіп, адамзат мүддесі деп даурығып жүргеніміз - үстемдік құрып отырған төрт-бес ұлы халықтың ғана мұқтажы тәрізді. Болмаса мемлекеттер өмірінің негізгі жүгінері - экономика емес, мораль болатын кез жетті емес пе?!

Нәтиже бермеген әрекеттің бәрі әурешілік деп қана аталады.

Бір халықтың ар-намысынан бір доллардың ықпалы күшті. Біздер халық үшін деп әуелі тамаша бір идеяларды тауып аламыз да, артынан сол идея үшін халықтың өзін құрбан еткіміз келеді.

Біз жұмсақ диванда жатып, қосыла алмаған екі жас туралы романдар оқып немесе фильмдер көріп, көзімізге жас аламыз. Біз бір адамның тағдыры үшін жер жүзінің прессаларын шулатып, ұрандар ұстап, көшеге шығамыз, қылмыстының жазалануын талап етеміз. Өлім жазасына бұйырамыз. Ал тұтас бір нәсілдің, бірнеше халықтың құрып кетуін қай тілде суреттеп беруге болады?..

Ж. Жұмағұлов