Кітап неге оқылмайды?

Кітап неге оқылмайды?
Фото: ufights.net

Кітап – білімнің қайнар көзі. Кітап – адам баласының сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы.

«Артық білім кітапта, ерінбе оқып көруге» деп хакім Абай жырлағандай, кітапты таңдап, талғап оқи білу, оны түсіну мен түйсіну, алған әсерді өмір қажетіне жарата білу – әрбір адамның білігі мен білімін, пайымы мен парасатын айқындайтыны анық.

Кітап тек досың ғана емес, ұста­зың… кеңесшің… ақылшың. Де­генмен, біз бұрынғы кітап оқу үрдісінен айырылып бара жатқан­даймыз. Қазіргі кезде том-том кітап құ­шақтап, кітапханаға жиі баратын адамдарды сирек кездестіретін болдық. Мерекелерде, туған күн­дерде адамдар бір-біріне кітап сыйлаудан қалған. Соның салдарынан жастар еркін ойлауға, ауызекі тілде көркем сөйлеуге қабілетсіздік таныта бастағандай.
Өкінішке қарай, кітапқа деген адамдардың өз бетімен қызы­ғу­шы­лығы азайып барады. Әдебиетке деген құлықсыздық пайда болды. Оның себептерін күнделікті қолданысқа енген ғаламтор, компьютер секілді құралдардың әсері деп білеміз. Қазіргі жастар кітап оқып, ойын қорытудың орнына теледидарға үйірсек. Мұның барлығы кітап оқуға үлкен кедергі келтіреді.

Ата-аналар да тым жұмысбасты боп алған. Баланың теледидар қарауын белгілі бір уақытқа ғана шектеп, кітап оқуына арнайы көңіл бөліп, қадағалап отыруға олар уақыт таппайды. Әрине, мұны себеп деуге де келе қоймас, өйт­кені бұл көзі қарақты адамның бә­ріне мәлім. Қоғамымыздың рухани әлемінің жұтаңданып бара жат­қаны да осыдан деп ойлаймыз рас. Осы мәселеге орай, «Кітап неге оқыл­майды?» деген сауалға жан-жақты жауап іздеп көрген едік. Алынған жауаптан төмендегіше ой түйдік.

«Жастар кітап оқымайды» деп бай­балам салғанша, әрекетке көшіп, асыл қазынамыздың қадір-қа­сиетін арттыруға өз үлесімізді қосуымыз керек. Оқырман мен кітап оқушы қоғамды қалып­тас­тыру үшін ең алдымен ата-ана, мек­теп, кітапханашы қызметі жоғары дәрежеде болуы керек. Әрине, сылтау мен себеп көп. Ал ол себептердің ар жағынан «кітаптың, әсіресе әдеби кітаптың оқылуы үшін не істеу керек?» деген қисынды сауал туындайды. Кі­тап­­ханашылар жас ұрпақты әдебиет­тен тыс елеңдететін ақпарат түрлері көп, қазақ тілінде балаларға арнал­ған әдебиеттер тым аз деп шырылдайды. Әр баланың жасына сай, тіліне жатық, безендірілуі көркем орыс тілінде басылған кітап­тар сияқты, қазақ тіліндегі басылым­дар­дың сапасы да осындай болуын өтінеді. Әртүрлі саладағы балаларға арналған ана тіліндегі энци­клопедиялардың жоқтығы да алаңдатады.
«Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың келер ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» деген еді кезінде Ғабит Мүсірепов. Қанша жыл өтсе де, қанша буын алмасса да кітап өз құндылығын еш жойған емес.

Қазақтың шұрайлы тілі – қа­зақтың көркем әдебиетінде. Ал кез кел­ген ұлттың әдебиеті мен тілі ең алдымен сол ұлттың өзіне керек. Қазіргі қазақ қоғамының алдында жас ұрпақты кітапқа, оның ішінде қа­зақ тілінде жазылған кітапқа бау­лу міндеті тұр. Осыны ескерген абзал.

Автор: Абылайхан Жұмашев

Ө. Сансызбай