Қадыр Мырза Әлидің «Алмас жерде қалмас» кітабынан дәйексөздер

Қадыр Мырза Әлидің «Алмас жерде қалмас» кітабынан дәйексөздер
Фото: Magic4Walls.com

Қазақтың Қадырының артында өлмес мол мұра қалды. Ақын шығармашылығымен жалпы халық жақсы таныс. Массагет оқырмандары да бұл ретте қалыс қалмаған. Осыған дейін де Қадырдың бірнеше афоризмдері мен қанатты сөздері жарияланған еді. Біз бүгін ақынның махаббат, сезім, ғашықтық, жанұя туралы айтқан афоризмдерін назарларыңызға ұсынамыз.

Сен махаббатпен ойнасаң, тағдыр сенімен ойнайды. 

Адам санасын болмыс билейді. Махаббат – болмысың... 

Әйелді қорлау – анаңды қорлау: өйткені, өз анаң, екіншісі – балаларыңның анасы. 

Ғашықтар ұжымақты тірісінде көреді. 

Ғашықтар уақытша болса да ұжымақ тұрғындары. 

Жігіт бақытты болу үшін оның өзі бір қызды бақытты қылуы керек. 

Ғашықтардың арасындағы бір сәттік түсінбестік – сезімнің соқыр жаңбыры... 

Сүйген екенсің таусылып сүй, екінші біреуге қарайтын хәлің болмасын! 

Махаббат деп есіңнен айырылған күн мен есіңді жиған күннің арасын айтады... 

Ғашықтың бір күні ғасырға татиды.

Ғашықтың көзі – өзге көз. Жеткізе алмайсың сөзбе сөз! 

Адам ғана емес, бүкіл адамзаттың бағыты hәм бақыты (немесе соры) – МАХАББАТ. 

Махаббат деген жаратушының құпиясы. Оны ғашықтардың өздері де түсіндіре алмайды. 

Жымия білген адамның жан жүрегі сұлу. Сүйе білмеген жүрек шикі етпен бірдей. 

Отбасындағы ойран, ұрыс-керіс Құдайдың қаhарын туғызады. Мұнда алдымен балалар азап шегеді. Өзгесі түк емес... 

Ж. Жұмағұлов