Ағылшын әдебиетінің қаһарманы — Робин Гуд

Ағылшын әдебиетінің қаһарманы — Робин Гуд
Фото: Re-actor.net

Әдеби шығарма қаһармандары тұтас бір халықтың ұрпағын тәрбиелейді десек, артық айтқандық емес. Баланың өсіп-жетілуіне халық ертегілерінің, жыр-дастандардың әсері мол. Былайша айтқанда, бұл тәрбиелік мәні бар бірден бір құрал. Бала қаһармандарға ұқсағысы кеп, ержүрек болуға, елін-жерін сүюге, әділдік үшін күресуге талпынады. 

Әлем әдебиетін, оның ішінде ағылшын әдебиетінің халықтық жырларын оқысаңыз еркін орман садақшысы, ағылшын халық балладасының қаһарманы, әділетсіздікке қарсы күресуші, қысым көрген қара халықтың қорғаушысы Робин Гуд атты нағыз батыр қаһарманға жолығарыңыз хақ. Оны танымалдығына қарап патша Артурмен салыстырып жатады: Артур — рыцарлықтың идеалы болса, Робин — қарапайым халықтың идеалы.

Айрықша танымалдыққа ие болған Робин Гудтың мергендігі туралы ағылшын балладасы — феодалдардың зəбір-жапасына шыдай алмай, үйлерін тастап, орманға бас сауғалаған шаруалар мен қолөнершілердің басшысы туралы аңызға құрылған. Бұл балладаның негізгі артықшылығы – қызық оқиғалы мазмұны мен көтеріңкі көңіл-күйге құрылуында. Бізге танымал Робин Гудтың бастан кешкен қызықты оқиғалары жайлы 40 балладалы желіде ол тек қарапайым ауылдың бозбаласы ғана емес, не құрып кеткен графтық əулеттің ұрпағы, не орман жолдарын торуылдаған ұры, я болмаса норманиялық жаулап алушылыққа қарсы күрескер ретінде көрініс береді. 

Робин Гуд шын мәнінде Локсли қыстағында болған ба жəне қай уақыттарда ғұмыр кешті (ХІІ немесе ХІҮ ғ.) – ол жағы белгісіз, дегенмен, ағылшынның бірнеше ортағасырлық жазба деректерінде осынау есім жүздеген жатақтардың басшысы ретінде кездесіп отырады. Таңғаларлығы, Робин Гуд халықтық балладаларда феодалдардан тəуелсіз, еркіндік сүйгіш бейнені қалыптастырды.

Балладаларда басшы Робин Гуд үлкен Шервуд орманында, яғни Англия-Үлкен Шығыс жолы негізгі торабында қоныстанды. Əрине, бұл жолмен саудагерлер тауарларымен, мырзалар сый-сияпатқа ие болған нөкерлерімен, ханның шенеуніктерімен əр уақытта өтіп жататын. Олардың бəрі де орман ұрыларына күнделікті олжа-етін, дегенмен балладада "адал ұрылар", "орман ағайындылары" деп аталатын олар тек бай-бағлан, шонжарларды ғана тонап, олардың байлығын кедей шаруаларға таратып беріп отырды.

Бұзақылар жебе мен садақты керемет басқара білгендіктен, бай-шонжарлар мен олардың қарулы əскерлері алдында өздерін толықтай қауіпсіз сезіне білді. Мергендерді орман ішінде ажыратуды қиындату үшін, үстеріне жасыл жамылғы киінді.

Хан билігіндегілер ормандағы ағайындылар мен олардың басшысын ұстау үшін қандай ақшаға болса да келісті. Бірақ, ептілік, күш-жігер жəне өзара түсіністік оларды кез-келген қиын жағдайлардан жол табуға көмектесті жəне сөзсіз, олардың ішінде өте өжет əрі əділеттісі — Робин Гуд еді. Ол қиын жағдайға тап болғандардың барлығына: Ноттингемдік шериф басын алуға үкім кескен үш балалы қарт анаға, қу діндар мен төреші кедей еткен байғұс рыцарға жəне басқаларына əрқашан көмекке келіп отырды. Мергендердің ең үлкен жауы — қатігез, залым, шексіз билігінен бүкіл жұрт зардап шегетін Ноттингемдік шериф болатын. 

Қарапайым шаруа халықтың қорғаны бола білген, әділдікті ту еткен орман қарақшысы Робин Гуд есімі ағылшын әдебиетінің ғана емес, әлем әдебиеті жауһарларының қатарынан ойып тұрып орын алатыны сөзсіз.

Ж. Жұмағұлов