Өлеңді ұрлауға болады, тек авторын емес

Өлеңді ұрлауға болады, тек авторын емес
Фото: re:vision

Өлең – тулаған шабыттың жемісі.

Ақынның сүрлеуі көп, қатпар-қатпар жолдармен жүріп, тарам-тарам көшелердің бойынан іздеген шабыты кеудесіне өлең боп бітеді. Бұл – табиғи заңдылық. Ақын үшін ауыры – өлеңнің өлуі. Ал ең жаманы ішінен, жан дүниесінен шыққан сезімінің қолды болуы, яғни ұрлануы. 

Бүгінде әлеуметтік желіде ақындар да отырады. Әрі өлеңдерін өз парақшаларына салып, халықтың ықыласына бөленіп жатады. Өкініштісі жазылған өлеңін үтіріне дейін көшіріп алып, өзінің парақшасына «менікі» деп салып қоятын жандар бар. Ол ақын ба жоқ па ол жағы маңызды емес. Бастысы өзгенікін өзімдікі дейді.

Әсіресе «Вконтакте» желісінде поэзия айдынына енді қосылып жатқан ақындар өздерінің парақшаларын жекелей ашып қойған. Оқырмандарын тарту, сын мен мінді күту. Бірақ сын мен мін күтіп отырғанда оқырман ішінен біреуі шығып өлеңдерін шетінен көшіріп өзіне бөліседі. Қолды болмай жатқан өлең бар ма?! Ұрланады. Бірақ өлеңді оқып, ләззат алған өзгеше сезім. Ақыры өлеңді ұрлаған екенсіз, авторын қоса ұрлаңыз. Авторын қоса ұрлау деп отырғанымыз, жазылған өлеңнің астына ақынның аты-жөнін көрсетіп қойыңыз. Заңды тұрғыда бұл – қылмыс, адамгершілік жағынан – ұят. 

Ең қызығы ұрланған өлеңі жайында естіген ақын ұрының өзіне әлеуметтік желі арқылы сұрақ қояды. Алған жауапбы «иә, менің өлеңім, кеше түнде жаздым...» Ақынның өзі мың күн толғатып, ғасырға татитын түндер бойына алаңдап, есі шығып, аспан айналып жерге түсетіндей түнекте жүріп, арасынан сәуле тауып өлеңін өмірге әкелген кезде, өгей иесі «иә, менікі кеше түнде жаздым» дей салса, сіздіңше бұл әділетті ме?! 

Өлеңнің патенті болмайды, бірақ авторының жүрек таңбасы бар. Ең болмағанда жүректің мөрін көрсетіңіз. 

М. Ақан