Исраил Сапарбайдың аманаты

Исраил Сапарбайдың аманаты
Фото: vk.com

Бүгінгі таңда қазақ поэзиясындағы көптеген белгілі ақын ағалардың жастарға көңілі тола бермейді. БАҚ беттерінде жарияланған сұхбаттарында, былайғы уақытта олардың шығармашылығындағы олқылықтарды, кемшіліктерді айтып жатады. Десе де, "бұлақ көрсең көзін аш" демекші, кейінгі буын інілерден жылт еткен сәуледей жақсы дүние көрсе, қуанып, жылы пікірін білдіріп жататын ағалар да баршылық. Солардың бірі Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Тарлан» сыйлығының иегерi, қазақ лирикасының жыршысы Исраил Сапарбай кейінгі жас буын ішінде ерекше көзге түскен Ақберен Елгезек шығармашылығына қатысты жылы лебізін білдірді. Әрине, бұл Ақберен ақынға ғана емес, сол буындағы барлық ақынға артылған зор жауапкершілік. Исраил Сапарбайдың "аманаты" жөнінде Ақберен Елгезек былай дейді:

"Исраил ағам Сапарбай телефон шалды бүгін. Сәлем-сауқат, аз-кем бәкін-шүкін әңгімеден кейін: "Өткенде кітабыңды беріп ең, сол түні оқып шықтым. Ерекше әсер етті. Сол түні саған арнап өлең жаздым. Атауын – "Мойындау" деп қойдым. Бұл атаудың ішіне бәрі кіріп тұр: өмірді, өлімді, өлеңді, уақытты, сендер поязияға әкелген жаңа тыныс, бөлек ой, басқа деңгей, тың өрнекті... кәрілік пен жастықты, алма-кезек дүнияны бәрін-бәрін мойындадым. Ақберенжан, өзің бар, қатарластарың бар - сендерге қазақ поэзиясы аманат! Сендер қазақ өлеңін жетімсіретпей, жаңа биікке көтере алатындарыңды түсіндім, мойындадым"– деді. 

Қатты толқыдым. Қазақ поэзиясының классигінен мұндай сөз есту – оңай шаруа емес. Мақтап тұрған жоқ, жауапкершілікті сезіндіріп тұр. Ойпырым-ай, алқына-қылқына ағама раxмет айтып, ойланып қалдым. 

Талай ағамыз арқамыздан қақты, мақала жазып, ақ жол тіледі, ақыл-кеңесін айтты. Енді міне, өлең арнап жатыр. Лайықпыз ба, жоқ па?! Үлкен жауапкершілік! Үлкен салмақ! 

Әмірxан ағам кетерінен бір апта бұрын: "Әй, баhадүр, сендерге әдебиетті сеніп тастап кетуге бола ма?!" - деп есті шығарар сұрақ қойып еді. "Жоқ, болмайды, дайын емеспіз" – деп едім сонда. 

Ал, Исраил ағаға не деуім керек еді?!.. "Мойындауын" үнсіз ғана қабылдадым. 

P.S. Бұл өлеңді мақтанып салып отырғам жоқ. Замандастарыма ой салсам деп едім".

Мойындау 
    (Ақберен Елгезекке) 

Біз осылай өлеміз, 

Біз осылай туғанбыз. 
Ахиреттің еліне бетімізді бұрғанбыз. 
Елікпейді Ес пен Дерт ертегідей ертеңге, 
Жеңімізді тартпайды желік қуған Думан-қыз. 
Біз осылай өлеміз, 
Біз осылай туғанбыз. 

Әлімсақтан әріміз, 
Болымсақтан беріміз, 
Жатып қалған жамбаспыз, 
Қатып қалған теріміз. 
Кенезесі қашаннан кеуіп қалған тулақпыз, 
Кежегесі кекжиіп кейін тартқан керіміз. 

Құздан құлап, 
Мұз құшқан мумиямыз, қалыппыз, 
Астары жоқ, тысы бар, аңдағанға анықпыз. 
Ағын судан ақаба, 
Қақ қалады жаңбырдан... 
Айнымаған бақадан бадана көз халқпыз! 

Жетегіміз – Желбуаз, 
Мекеніміз – Өлі көл. 
Жаралғанбыз әубаста Адам ата тегінен. 
Әмпей-жәмпей жанасқан 
Періште емес, Перімен 
Әумесердің бейбақпыз түсіп қалған белінен... 

Өлі көлде көп бақа өзеурейді кешкілік, 
Әулекі әуен әсіре әудем жерге естіліп. 
Тұла бойы жыр, аңыз 
Бірі «ұлы», бірі «абыз» 
Ақындармыз ағзасы азып-тозған ескіріп... 

Соның бірі мына Мен: 
Азған, 
тозған, 
ескірген, 
Келешектің кеспірін келімсектей кеш білген. 
Өзі ғана күлетін, іші ұлып жүргенмен, 
Өзі ғана білетін «кем емесін ешкімнен». 

... Біз осылай туғанбыз. 
Біз осылай өлеміз, 
Тағдыр тақыр кәллаға не салса да көнеміз. 
Жадымызда – жаңа жыр, 
Жанымызда – ескі өлең. 
Көкжиектен әрі асып көз ұшына енеміз. 
Біз осылай туғанбыз. 
Біз осылай өлеміз... 

Исраил Сапарбай 
08.06.2016 ж.

Ж. Жұмағұлов