Жас кезде жазған жақсы. Одан да маңыздысы – жас кезде оқыған жөн

Жас кезде жазған жақсы. Одан да маңыздысы – жас кезде оқыған жөн
Фото: ult.kz

Бүгін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Есенғали Раушанов дүние есігін ашқан күн. Ақынның туған күніне орай оның республикалық БАҚ беттеріне берген сұхбаттарында айтқан әдебиет, өнер, өмір туралы ойларын жариялауды жөн көрдік. 

***

Асылы, адам шамасы келетiн, өресi жететiн iспен айналысуы керек. Өлеңде бүгiнгi прозадағыдай, бүгiнгi журналистикадағыдай, не заманауи әдебиеттанудағыдай орта тұс деген болмайды. Өлең не бар, не жоқ. Осы екеуiнiң бiреуi.

***

Мен екi өлеңге түсiнiк бермеймiн. Бiрi – "Қара бауыр қасқалдақ", екiншiсi – "Әйелден ақын шықпайды".

***

Би ағаң айтпақшы, “Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры” фольклор боп тұр ғой бүгiнде. Әдебиеттанудың терең бiлiм, биiк интеллект, жоғары мәдениеттi, қысқасы талантты қажет ететiн өзге салаларына барудың орнына Атырау қазақтары айтатын “балық тереңдi, ер ерендi сүйедiнi” жоққа шығарып (мысалы, әдебиет теориясы, бүгiнгi тенденциялар, заманауи проблемалардың әдебиеттегi көрiнiсi, шетел әдебиеттерiмен байланыс, қазақы өлеңнiң техникасы және т.б.), баяғы сол жуас түйе жүндеуге жақсының керiмен айта беретiн ауыз әдебиетiн айналдыру салтқа айналды.

***

Есек мiнгендi есек мiндi деу керек, оны арғымақпен жүретiн едi деп өңеш жыртудың түкке керегi жоқ.

***

Асылы, саясатта да, өнерде де ауру адамдар жүрмегенi мақұл. Жындыны, Құдай аясын, жындыханада ұстаған жөн. Бiзде кейде керiсiнше жынды көшеде, ал сау адам жындыханада отырады.

***

Бақытсыз болу деген қорқыныш емес. Ақын бақытты болудан қорқу керек шығар, бәлкім..

***

Өлең деген 30-ға дейін жазылады. Сосын сирексиді. Жас кезде жазған жақсы. Одан да маңыздысы – жас кезде оқыған жөн. "Аз жаздым" деп емес, "аз оқыдым" деп өкіну керек.

***

Мен шығармашылықта өтірік айтпауға тырыстым және сіздердің де шығармашылықта өтірік айтпағандарыңызды қалар едім. 16 миллион қазақтың 16 мыңы мені танитын болса, сол өтірік айтпау деген қағиданы азды-көпті ұстай білгендігімнен деп есептеймін.

***

Интеллектуалды поэзия деген поэзияның сүйкімдісі емес. Әрі-беріден соң, ол скучная поэзия. Екінің бірі оқи алмайды. Шахановты оқырманы, дұрысы тыңдарманы көп ақын дедік қой. Ал бұл оқырманы ең аз, тыңдарманы одан да аз поэзия. Бірақ, ол – поэзия!..

***

Мен алдыңғы буын ақсақалдардан бiр жақсы қасиет жұқтырдым. Ол қандай қасиет десеңiз қалам мен ақ қағазға адалдықты, әдебиетке адал қызмет етудi үйрендiм. Қазақ деген халыққа адал қызмет етудiң жолында атақ, ақша, мансап дегеннiң түкке тұрғысыз екендiгiн сол абыз ақсақалдар өз iстерiмен дәлелдеп кеттi. 

***

Сурет өнерін жақсы көремін. Егер ақылдырақ болғанымда, ақын болмай, сурет өнерін зерттейтін ғалым болып кетер ме едім.

***

Достарым туралы сұрағанда айтпап едім, менің достарым – құстар. Бала кезімнен құсты жақсы көрдім. Кейде өзім де «Құстарды неге жақсы көремін?» деп ойланамын. Жеті атасынан бері қаны бұзылмаған қазақ ретінде жылқыны да жақсы көремін, түйені де. Бірақ, құстар маған ерекше әсер етеді. Құстарды сіздер де жақсы көресіздер, бірақ менен артық жақсы көре алмайсыздар. Құстар бостандықты жақсы көреді. Алла жаратқан тіршілік иесінің ішіндегі ең азаты, ең еркіні – құстар. Мендегі құстарға деген сезім – еркіндікті, құл болмауды ойлағаннан туса керек. Жұлдызнама бойынша, таразымын. Олардың жақсы, бәлки бақытсыз қасиеті – бір нәрсені жақсы көрсе, «баспен» кетеді, білгіштердің айтуына қарағанда. Бір нәрсені жақсы көрсем, «баспен» кетіп қалатыным рас. Сондықтан, жақсы көрмеуге тырысып жүремін. 
Төкпе күй, шертпе күй дегенге түбірімен қарсымын. Өйткені, төкпе күйдің ішінде шертпе күй де бар. Шертпе күй дегендеріңде төкпе күйдің элементтері жиі ұшырасады. Бұл бөлінуді мақсат тұтқандардың ойлап тапқаны ғой деймін.

***

Үнемі қайталап айта беретін бір сөзім бар, соны тағы да қайталап айтайын, қоғам өзгеруі керек. Қоғам өзгермесе, ештеңе де өзгермейді. Қоғамның өзгеруін асыға күтіп жүрген екі адам болса, соның біреуімін. Көктемді күткен секілді. Құстардың оралуын асығып күткенсіз бе, күтсеңіз сіз мені түсінесіз.

***

Дүниеде ең жаман адамдар – әдебиетке қатысы бар адамдар. Өсек те, өтірік те, абыройсыздық та, нысапсыздық та соларда. Әдебиетке келу деген – о баста бір албасты күйеуге тиіп, содан құтыла алмай жүрген әйелдің күйі сияқты. 

***

Құстың да атылатын, атпайтын кезі болады. Қасқыр да солай. Егер құсты атпаса, оны адам жемесе, табиғатқа да, адамға да үлкен зиян келуі мүмкін. Соның үшін ақынды, адамды кінәлаудың қажеті жоқ. Бірақ өкінішке қарай, біз табиғаттың заңдылығын сақтау үшін емес, өзіміздің нәпсімізді жеңу үшін атамыз ғой құстарды. 

***

Баяғыда аталарымыз «Жердi көк өгiз екi мүйiзiмен көтерiп тұрады екен. Мүйiзiн шайқағанда зiлзала болады екен» деушi едi ғой. Сол айтқандай, қазақты о бастан төбесiне көтерiп сақтап тұрған төрт қастерлi ұғым бар. Ол — ар-ұят, иман, обал, сауап. Бiз соның тамырына балта шауып жатырмыз... 

***

Өмірде де, өлеңде де жолы болмаған бейшара адамдар кездеседі. Оларды аяу керек. 

Ж. Жұмағұлов