«Жүз жылдық жалғыздықтың» Қытайдағы хикаясы #соңы

«Жүз жылдық жалғыздықтың» Қытайдағы хикаясы #соңы

Басы

Маркесті әсерлендірген бір парша хат

Маркесті ашуға булықтырған Қытай сапарынан кейін жазушының өз рұқсатын алуға бірінен кейін бірі талпыныс жасау қытай баспа саласының дәстүріне айналды.

1992 жылы Қытай «Дүние жүзілік авторлық құқық келісіміне» қол қойды. Кейбір санаққа негізделгенде жүзден астам Қытай баспа мекемелері баспа құқығын алу өтінішін тапсырып, Маркестің өзімен, оның авторлық құқығы өкілімен, Колумбияның Қытайдағы елшілігімен, Маркес көп жыл Мексикада тұрғандықтан сондағы Қытай елшілігімен де байланыс жасауға құлшыныс жасап көрген. Дегенмен бәрі де еш жауапсыз қалып қойған.

1998 жылы «Дүние әдебиеті журналының орынбасар бас редакторы Лин-И-Ан Барселонадағы Маркестің авторлық құқық компаниясына Шаңхай аударма баспасының міндеттемесін ала барып, Карман Барсе ханыммен тұп-тура екі сағат әңгімелесіп, олжасыз оралады. Юннан халық баспасының баспа құқығы тобы да дәл осының кебін киіп құр алақан қайтады. Маркес уәдесінен айнымауға біржола бекіп алғандай еді.

Оның үстіне сол кезде «Жүз жылдық жалғыздықтың» авторлық құқық ақысы 250 мың АҚШ доллары болып, Қытай баспалары жөнінен алғанда бұл қол жетпес баға болды. Көптеген баспа компаниялары мұны білген соң тайып тұрды.

Солай болғанымен де, осы 20 жыл ішінде «Жүз жылдық жалғыздықтың» отызға жуық нұсқасы баяғысынша басылып шығып, әрқайсысы ірі кітапханалардың сатылым арнасына шықты. Оның бұл романнан өзге де роман-повестер жинағы арты-артынан аударылып басылды. Әрине, барлығы да рұқсатсыз, заңсыз басылым еді.

2008 жылы Чын Миңжун есімді қытайлық Маркеске: «Құдды сіздің сол бір жылы Парижде көшенің қарсы жағында тұрып, шын ниетіңізбен «Ұстаз» деп айғай салып, өзіңіз табынатын Эрнест Хемингуэйге құрмет білдіргеніңіз сияқты біз де Тынық мұхиттың қарсы жағалауында тұрып, бар даусымызбен «Ұстаз!» деп айғай салып, өзіңізге сәлем береміз. Егер сіз үнімізді ести алсаңыз, Хемингуэй құсап қолыңызды бұлғап «Достар, сәлеметсіздер ме?» деп тіл қататыныңызға бек сенеміз» деп хат жазады.

Чын Миңжун «Жаңа класссикалық мәдениет» баспасының бас редакторы және бас меңгерушісі болатын. Естуімізше, оның дәл осы хаттағы шынайы лебізі сексеннің сеңгіріне шыққан Маркесті жібіткен екен.

Маркестің Қытайға көңілсіз сапарынан кейін 20 жыл өткенде 2009 жылы Карман Барсе ханым тағы бір рет онда сапарлай барып, Қытайдың авторлық құқығы мен осы баспаның толымдылығын тексеріп көріп, бұл баспаның бірлесіп жұмыс жасауға татитындығын, оның үстіне Қытайдың авторлық құқық жағдайы мен авторлық құқық танымының сонау жылдардағыдан көп оңалып қалғанын байқайды.

Сөйтіп, 2010 жылдың басында «Жаңа классикалық мәдениет» баспасы ақыры Маркестің рұқсатын алады. Бұл рұқсатнаманың тағы бір талабы – құқықты адамның рұқсатынсыз Маркестің еңбектерін өз бетімен басып шығарған баспаларға қатаң соққы беру болды.

Бұл біздің жалғыздығымыздың шешілмес түйіні.

Содан кейін-ақ олар тыңнан аудармашы іздей бастады.

34 жастағы Фан Ие ұсынысты тапсырып алған сәтте Испанияның оңтүстігіндегі бір шағын қалашықтағы Куң Зы институтында жұмыс істеп жүрген. Осыдан бұрын ол Испания поэзиясын зерттеп келе жатқан болатын. Аргентина жазушысы Кортазардың «Ат айналып қазығын табады» романын аударған. «Жүз жылдық жалғыздықты» аудару – оның өз сөзімен айтқанда «Ұлы ұстазбен қарым байқасатын» орай еді. Сонымен, ол бұл жолға тәуекел етеді.

Осы аударма нұсқа жайлы талас-тартыс енді ғана басталғанда Фан Ие микроблогтан оқырмандарының көзқарасын жинақтап көрді. Көптеген оқырман осы бір қара мұқабалы жаңа аударма нұсқаны көп жылдардың алдындағы аударма нұсқамен сөз-сөйлем бойынша бір-бірлеп салыстырыпты.

«Маркестің ғұмырнамасына шолуды» жазған Қытай Қоғамдық ғылым академиясы шетел әдебиетін зерттеу бөлімшесінің бастығы Чын Жок-и жаңа басылымдағы нәзік буындарды мақтап, Фан Иенің қолдаушысы бола білді.

«Полковник Аурелияно (бұрын Ауре-Ранно деп аударылған екен) сол бір кеш әкесіне ілесіп сығандар әкелген мұзды көруге барғанда мұзды сипап қалып еді, өне бойы тітіркеніп кетті» деген сөз бұрын «Бұл нәрсе қолды қаритындай ыстық еді» деп аударылған, ал Фан Ие оны «Ол күйіп тұр еді» деп аударды.

«Бұл өте мағыналы болды. Сол кезде Макандо қыстағының есіктерінің темір тиектері таңертеңнен кешке дейін ысығанда майысып қалатын. Ол осындай бір нәзік буынды өте тамаша өзгертті» деп жазды Чын Жок-и.

Бұл нұсқа Маркес шынайы мойындаған «Жүз жылдық жалғыздық» болып, осы роман қытай тіліне аударылып басылғанға дейін 20 жыл жылып өте шыққан-ды. Осы кезде Маркес пен Латын Америкасы әдебиетінің тасқыны толастап, жастар «Макандо» дейтін сол бір қыстақты тамсана әңгімелейтін болған.

Осы романның жаңа нұсқасына оң қабақпен қарайтын Чын Жоң-инің өзі де бұқаралық мәдениеттің көбінің беретін рухани азығы «дайын асқа» айналып кеткендіктен, 80-90 жылдардан кейін туған жастардың осындай үлкен томды оқуы қиындау екенін мойындады.

Бұл қиындық Маркестің Нобель сыйлығын алған кезде айтқан сөзіндегі «Мейлі ақын, әлде қайыршы, сазгер, әлде сәуегей, сарбаз немесе жат ниетті пенде болсын қиялға жүгіне бермейді. Өйткені, біз жөнінен алғанда ең ұлы сын – өмірді сенімге айналдыруға қажетті кәдімгі байлық кемшіл. Достар, міне бұл біздің жалғыздығымыздың шешілмес түйіні» деген сөздерін еске түсіреді.

Дайындаған: Алшын Матай

сурет: tepliza.com

Е. Қайрахан