Жазушы Александр Дюма туралы қызықты деректер

Жазушы Александр Дюма туралы қызықты деректер

Бүгін әйгілі француз жазушысы Александр Дюманың (әке-Дюма) туған күні. Жазушы бізге "Үш ноян”, ­ “Граф Монте-Кристо”, “Мадам де Монсоро” сынды жауһар дүниелері арқылы жақсы таныс. Атаулы күнге орай жазушының өмірі мен шығармашылығына қатысты қызықты деректер топтамасын ұсынуды жөн көрдік...

1. Александр Дюма Дави де ля Пайетри 1802 жылы 24 шілде күні Париж маңындағы Вилле-Котре қаласында дүниеге келген. Оның әкесiнiң аты да – Александр Дюма. Әкесі Наполеонның досы әрі Наполеон әскерiнiң генералы болған. Анасы Мария-Луиза Лабуре қарапайым тракторшының қызы болса, әжесі қара нәсілді күң әйелдердің бірі болған.

2. Төрт жасында әкесінен айырылған Дюма жоқшылықтың азабын көп тартады. Жергiлiктi мектепте бiрнеше жыл оқығаннан кейiн нотариуста қызметшi болып жұмыс iстейдi. 20 жасында Парижге келiп, әкесiнiң таныстары арқылы герцог Орлеанскийдiң кеңсесiне жай қызметкер болып қызметке орналасады. Жұмыс арасында бас көтермей кiтап оқиды, театрларға барады, жазумен айналысады.

3. Оның ең алғашқы новеллалар жинағы 1825 жылы шығады.

4. Александр Дюма өз өмірінде өте көп еңбектенген жазушылардың қатарына жатады. Қаламгер шығармашылыққа күніне 14-18 сағат уақыт бөлген. Осынша көп еңбектің арқасында ол артына 500 томдай еңбегiн қалдырған.

5. Дюма бос уақытында тамақ жасағанды ұнатқан. 1865 жылы «Үлкен аспаздық сөздік» деген кітап жазады. Бұл жазушының соңғы еңбегі. Кітапта 800-ден астам тағам түрлері бар. Жазушының досы Октав Лакура: «Дюма тамақ жасайтын кезде ғана жұмыс бөлмесінен шығатын. Ол қалам мен қазанның қақпағын ұстауға жаралған», – деген екен.

6. Кәуапты Францияға ең алғаш алып келген адам - жазушы Дюманың дәл өзі саналады. Ол сол жерде ең алғашқы кәуап орталығын ашқан. Одан кейін Кавказда жүріп үйренген ет қуыру әдісін Еуропаға үлгі еткен екен.

7. Дюма өз үйінде ит, мысық, түрлі құстар, тауықтар, тіпті, маймылға дейін ұстаған.

8. Дюманың бес некесiз  баласы болады. Олардың бiрi – 1824 жылы туған жазушы Александр Дюма (кіші) болатын.

9. 1980-90 жылдардың соңында Ресейде Дюманың кітаптары 4 миллионнан астам таралыммен жарық көреді.

10. Мұхтар Әуезовтің айтуынша Дюманың «Үш ноян», «Жиырма жыл өткен соң», «Патша қатын Марго», «Генрих Наварский» туралы трилогиясы Абайға да таныс болған. Абай оқыған бұл кітаптар ақынның Семейдегі әдеби-мемориалы музейінде сақтаулы көрінеді.

Ұқсас жазбалар: 

Александр Дюма: "Өз-өзімді атып мүлт кеттім"

Әйгілі қаламгерлердің ең жақсы көрген тағамдары

Қаламгерлердің ессіздігі...

Деректерді топтастырған: Шерхан Талапұлы

Сурет: ru.wikisource.org

Н. Айдархан