"Жамбыл – менің жай атым, Халық – менің шын атым"

"Жамбыл – менің жай атым, Халық – менің шын атым"

Жамбыл Жабаевты М.Әуезов «ақындардың ақыны айдын көлдей ақылы» деп атаған. Ол жастайынан сөз өнерін пір тұтып, бала кезінде-ақ, Сүйінбай Аронұлынан бата алады. Сондықтан да осыдан кейінгі өлеңдерінде «Менің пірім – Сүйінбай, Сөз сөйлемен сиынбай» деп ұстазының алдына түспейтіндігін үнемі айтып отырады. Осылайша жастайынан өлең-жырға жақын өскен ол он бес жасынан-ақ «жас ақын», «жап-жақсы ақын», «Жамбыл ақын» болып, елге таныла бастаған екен.

Өзін шалқарда шалқыған аққуға теңеген ақын «келмеді сасық, шалшық жерде қалғым» деп жыр маржанын тере білді. Бір жағында қалың бұқара, бір жағында бай мен датқа тұрған ақынның алдында "кімнің сөзін сөйлеу керек?" деген замана сауалы тұрды. Қалың бұқараның жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған ақын бай, манаптарды шеней білді.

Ақын шығармаларының шоқтығы биігі – айтыстары деп айтамыз. Жамбылдың Құлманбет, Досмағанбет, Сарыбас, Майкөт, Бақтыбай, Сары, Бөлтірік, Жүнісбай, Айкүміс, Бөлектің қызы, Шашубаймен айтыстары суырыпсалмалық өнерінің биікке шарықтағандының айғағы.  Осылардың ішінде Айкүміспен айтысы қыз бен жігіт айтысының жақсы бір көрінісі болса, Құлманбетпен айтысы қазақ әдебиетіндегі айтыстың жақсы бір үлгісі. Құлманбет ақын Албанның би, болыстарының байлығымен, дәулетімен мақтанғанда Жамбыл «Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт, Ел бірлігін сақтаған татулықты айт!» деп жеңіп кетеді.

Төменде жыр алыбы Жамбылдың бірнеше айтыстарын ұсынып отырмыз:

ЖАМБЫЛДЫҢ АЙКҮМІСПЕН АЙТЫСЫ

Жамбыл:

Әдейі ат терлетіп келдім тойға,

Айкүміс, әуелден-ақ болдың ойда.

Әуірі басылмаған албырт едім,

Асығыс айтқаныма кінә қойма!

Айкүміс:

Аптығып ә, дегеннен амандаспай,

Әдепті үйренбепсің, Жамбыл, жастай.

Асылға арсыдағы қол жетпей ме,

Ақылмен қыймылдасаң аспай-саспай?.

Жамбыл :

Айкүміс, асықпауға шамам бар ма?

Жасшылық ұрындырды талай жарға...

Сен үшін жатсам, тұрсам арманым көп,

Жем болып кете ме деп жамандарға.

Айкүміс:

Біле ме пенде шіркін өз кемісін,

Ел кезіп есер мінез сен де жүрсің...

Жаралған жат жұрттыққа ұрғашымыз,

Жарқыным, өкінбеші сен мен үшін!

Жамбыл:

Барарсың бір жаманға өзің қор боп

Отырсың қарқарадай әзір зор боп.

Көзіңе көк шыбынды үймелетер,

Көргенің өле-өлгенше ылғи сор боп.

Айкүміс:

Жамбыл-ау, күбінесің неге сонша?

Құтқарып қыз біткенді қалған жанша...

Қолдағы қаршығаңнан неге айрылдың

Тұтқасы дүниенің сенде болса?!

Ж а м б ы л:

Жалғанның сорлысы екен қыз бен жігіт,

Жүрмеген бірге ойнап, бірге күліп!

Арыны басылмаған арсыз көңіл,

Тағы да етіп отыр сізден үміт.

А й к ү м і с:

Жігітке көрінеді үміт жеңсік,

Жарымас ол мінезге көңіл көншіп?

Жарқыным, одан қайта қолқаңды айтшы,

Әр нені тере бермей, құр білгенсіп!..

Ж а м б ы л:

Түйме емес, тоғыз емес тілегенім,

Жұбатпас көңіліңді құр өлеңім.

Болмасаң сөзге қашақ, ішке тосаң,

Сырымды айттырмай-ақ білер едің...

А й к ү м і с:

Жамбыл-ау, жан екенсің сөзге сараң

Жақпады қай мінезім бүгін саған?

Дітіңді білтелемей, білдіре айтшы,

Саласың қандай қолқа тегі маған?

Ж а м б ы л:

Ауылым жайлап отыр Көксеңгірді,

Көз сүзіп сіздің жаққа еңсем құрды.

Қолыма бір ұстатсаң түсінерсің,

Томпайған төсіңдегі өртенгірді.

А й к ү м і с:

Жамбыл-ау, ұстатпаймын, кінә қойма,

Кетейін қайтып ардан мына тойда.

Жақсы сөз жан семіртер деген бар ғой,

Әдепті мінездерің жүрсін ойда...

Ж а м б ы л:

Айкүміс, амалым жоқ, қош ендеше,

Кетелік сыр білдірмей жат пендеше...

Атыңды, ақ жүзіңді ұмытпаспын,

Кеудемнен қашан менің от сөнгенше...

ЖАМБЫЛДЫҢ БАҚТЫБАЙ АҚЫНМЕН ТАНЫСУЫ
Б а қ т ы б а й:
Біздің ауыл Қаратал
Шаңырақтың бойында.
Мен үйімнен шыққанда
Сен бар едің ойымда.
Өзің қандай, мен қандай,
Жалыным аз бойымда;
Көне тартқан шағым бар,
Бойда қайрат барында,
Ойдан өлең төгілсін.
Сыйласуды көргенде
Жұрт көңілі егілсін.
Майкеменен айтысып
Мәлім болған өзіңсің.
Абақ, Тарақ арасын
Аралаған серімсің;
Алыс, жақын бәрін де
Саралаған ерімсің.
Алдыңызда сөйлейін
Өлең бойы көрінсін.
Егер сөзім ұнаса
Оң батаңыз берілсін.
Ұнамаса өлеңім.
Онда менен жерірсің.
Мен жөнімді айтайын:,
Шапырашты елінде,
Қара-Қастек қонысым,
Майтөбенің төрінде.
Өлеңменен шырқадым
Алатаудың беліне.
Тастап кеттім бір сарын
Қырғыз, қазақ еліне.
Қаздай қалқып ерінбей
Өлең тердім жасымнан,
Майкөт ақын, Құлмамбет
Орын берді қасынан.
Майлы қожа, Құлыншақ
Пірім еді бас ұрған
Айтқандары нұсқа еді,
Сөз жаралған асылдан!
Айтар сөзім қысқа еді,
Тоқтатайын осыған.


БӨЛЕКТІҢ ҚЫЗЫНЫҢ ЖАМБЫЛМЕН ҚАҒЫСУЫ
Қ ы з:
Көк шолақпен тепектеп,
Тор шолақты жетектеп,
Жанай берме көшімді,
Түйелерім шошыйды.


Ж а м б ы л:
Әсем басқан құла атын,
Өзіңді де ұнаттым.
Жақындағым келеді
Жақсы көрген жұратым.


Қ ы з:
Қашан құда болып ең Балғалымен?
Күн өткізген түрің бар сандалумен...
Балғалының батасы бұйырмайды,
Қол қусырып келсең де мал, жаныңмен.


Ж а м б ы л:
Қарға тамыр ел едік қашаннан-ақ,
Жекжатымен ел есіп жасаңдамақ,
Ел аруағын сыйламас есер қыздар
Жеңіл сөйлеп орынсыз шошаңдамақ.
Жолаушылап келемін, өзім жүдеп
Киім тозған, сәнім жоқ, жолға түнеп.
Жылы көріп жүзіңді жақындап ем,
Қомытсынып сөйледің үдеп-үдеп...


Қ ы з:
Жолаушы адам, білемін, жүдеп келер,
Еру елден бірдеңе тілеп келер.
Көш қасымнан қалмайсың қосанжарлап,
Аулақ жүрсең, жарқыным, кім өкпелер!


Ж а м б ы л:
Оның рас, жолаушы жүдеп келер,
Жүдесем де мен емес қыз өткерер.
Көк шолақпен көшінде бір жүрмесем
Балғалыда Бөлектің қызы өкпелер...


Қ ы з:
Құла қасқа — бәсірем
көшке мінген,
Құлақ жымса атыңды сескендірген.
Қапелімде қаларсың күлкі болып,
Кетсең деймін жарқыным көш шенінен.


Ж а м б ы л:
Не қылсаң да кетпеймін мен қасыңнан,
Сүйкімді боп барасың алғашқыдан.
Ат тістесе атымды қуанамын,
Тәңірімнің ісі деп жармастырған..


САРЫ АҚЫНМЕН ҚАҒЫСУ
С а р ы:
Уа, шырақтар, мен едім
Сары Үйсіннің Сарысы.
Сарыбайды сыйлаған
Екейдің жас, кәрісі.
Жолы болар жігіттің
Оңға барар бәр ісі.
Түбі жаман дерттің
Ем болмайды дәрісі.
Уа, Сарыбай айтып бер
Осы сөздің не болмақ
Ойлағанға: мәнісі?
Аздан соң:
Екейдегі Сарыбай,
Қойға қораш, ойға бай!
Әлгі сөздің мәнісін
Отырмысың ойламай?
Ж а м б ы л:
Сарекемді састырып
Сүйекемнен сүрінген, —•
Сізге жауап берейін
Жақтырсаңыз, бүгін мен
Ақындарды жеңгенде
Ісіңіз оңға жүгірген.
Сүйекемді кергенде,
Жүрегіңіз түңілген.
Соның емін табалмай,


Ой алысқа үңілген.
Жеңілгенді намыс қып
Аш беліңіз бүгілген;
Сүйекем жоқ бұл жерде
Дәрі берер тілінен.
Сол емес пе шешуі,
Өзіңізге-ақ жүгінем.


МАЙКӨТПЕН ДИДАРЛАСУ
М а й к ө т:
Сапар тартып келіп ем
Сарыбайдың асына.
Отыз кісі елімнен
Еріп еді қасыма.
Шырқайын деп шығып ем
Майтөбенің басына.
Жаңғырықсын дауысым
Алатаудың тасына.
Естушедім дабысын
Жамбыл бар деп осында.
Ақын болса келмейді
Неге менің қасыма?
Неге сәлем бермейді
Мендей кәрі досына?


Ж а м б ы л :
Сәлем уағалайкүм, Майкөт аға!
Есітіп дауысыңды келдім жаңа.
Алдынан үлкендердің өтпейін деп
Аялдап әдеп еттім біраз ғана
Сіз бе еді — ақын аға Майкөт деген,
Бір сөзі бір сөзінен қайта өтпеген.
Саңқылдап сарайыңнан өлең шықса,
Именіп өзге ақындар бәйпектеген.
Келіпсіз біздің елге әдейі іздеп,
Мейманды хұрметтейтін кәдеміз ед.
Сүйреңдеп алдыңызда сөз сөйлемей,
Етейін деп ойладым әдеп-ізет.
Сөйлеген аға тұрып ініден без,
Ежелден елде сондай бар еді сөз,
Аралау ағайынды бір бұл емес,
Әлі де сізбен талай болармыз кез.


М а й к ө т:
Бәрекелді, Жамбылым,
Сөз жүйесін келтірдің.
Аңғарылды таныдым,
Көтеріліп желпіндім.
Аталы сөз мәні мол
Жылағымды келтірдің.
Тал бойыңда бар екен
Алыс шабар серпінің.
Ұлы жүзді аралап
Елдің жайын кеп білдім:
Жасы үлкенді ағалап
Мен де қызмет көп қылдым,
Тауып айтқан сөзіңе
Селт еттім де серпілдім.
Мейірім түсті өзіңе
Бата берсем деп тұрмын


Ж а м б ы л:
Әумиін, батаңызға көтердім қол,
Етейін сізге қызмет мен осы жол.
Той қылып тобымызды отырыңыз,
Менің де Майкөт аға тілегім сол.


М а й к ө т:
Жан-жағыма қарайын,
Жағалай көз салайын,
Аман-есен жүрмісің,
Алыс жатқан ағайын.
Алдарыңа келгенде
Әнге шырқап салайын.
Ұзақ күнге самғасам,
Саңқылдасын сарайым.
Қаздаңдатып саусақты
Қос ішекті қағайын.
Алатаудың төсінде
Аршындап бір шабайын.
Айта жүрсін сөзімді
Әңгіме ғып маңайым.
Аман-есен жүрмісің,
Шапырашты, Екейім,
Ауылыңды ду етіп
Ән таратып кетейін.
Сәудегерден бөз қалар,
Ақындардан сөз қалар —
Айта жүрер артымда
Сөзімді аяп нетейін!..


ҚҰЛМАМБЕТ ПЕН ЖАМБЫЛДЫҢ АЙТЫСЫ
Қ ұ л м а м б е т :
Құлмамбет менің атым құлан аян,
Менің құлан екенім тәңірге аян,
Албан, Дулат жыйылып бата берсе,
Кеңес айтып жырлайын етіп баян.
Қара күннің баласы Ысты бақыр,
Кім өлсе соған түсер заман ақыр,
Жамбыл деген бар дейді бір немесі
Ақын болса ол неме қайда жатыр?
Бүгінгі күн елеусіз қалғанменен,
Ертеңгі күн шаужайдан алар ақыр.
Сейітбаттал, Ер-Әлінің соғысындай,
Не болса да болып қалсын, жылдам
шақыр!
Біреуді Жамбыл деген ел мақтайды,
Еркек қойдай құйрығын салмақтайды,
Ақын болса қайда отыр ол немесі,
Көрелік оны неге ардақтайды.
Құдеке кісі жібер Жамбылыңа,
Жамбылды болар ма екен алдыруға?
Албан, Дулат тобында мен бір жорға,
Менімен жарар ма екен шалдыруға?
Тең жорға төрт аяғым бірдей шалыс,
Менімен жарар ма екен салдыруға?
Топтан озған о дағы жүйрік болса


Кешікпей шапшаңырақ шақыр мұнда!
Жамбылды Құдайберген алып келді»
Жыйылған халайықтың бәрі көрді,
Жамбылды ол Құлмамбет көргеннен соң
Жамбылға сүйкенісіп сөйледі енді.
Сондағы Құлмамбеттің сөзі мынау,
Арам тер талай ақын болды бұлау.
Жамбылға сонда тұрып былай деді,
Басқасы болмаған соң аяқ ылау.
— Болғанда жол ағадан, тон жағадан,
Арлан бөрі соғады тау сағадан,
Бас қосып бағландармен қалмақ үшін
Ізденіп келіп тұрмын Қарқарадан.
Аузыңда сәлемің мен аманың жоқ,
Үлгісіз көргенім жоқ сендей надан.
Жүрмегін омақасып орға түсіп,
Өмірі кішілікке баспай қадам.
Өлеңші өршеленген толып отыр,
Бірі көшіп, біреуі қонып отыр.
Мысалы дүниенің сол секілді,
Бәрі де көрмегендей болып отыр.
Өлеңші толып отыр көбелектей,
Тоғыз ақын толғанып төңіректей,
Тоғыз тұрмақ ақының он бір болса,
Немене бәріңді де басып өтпей.
Қамалып қам теріге бүрмеленбе,
Қысты күн қар астында қалған шөптей.
Мені шын жеңемін деп желікпей-ақ
Қойыңдар абыйұрды шашпай, төкпей


Апырмай, Құлмамбеттің келді кезі,
Қалай теріс болады айтқан сөзі,
Албан, Дулат бәрі кеп атқа мінсе,
Шапырашты дегенің немене өзі?!
Шапырашты дегенің некесі жоқ,
Бай болады диқаншы тамағы тоқ,
Албан, Дулат бәрі кеп атқа мінсе,
Дегенің Үштаңбалы керегі жоқ.
Албан аға болғанда Дулат іні,
Сөзінде Құлмамбеттің бар ма міні;
Албан, Дулат бәрі кеп айғай салса,
Шапыраштының не болар көрген күні.
Домалақтың төрт ұлы есен болса,
Сірә жеңбей қоймаспын бүгін сені.
Жөнделіп жүйткушем жөнсіз жерден,
Мен жауға алдырмаушем әлсіз жерден.
Мылтыққа түтеп тұрған қарсы шауып,
Асықсаң ажалыңа келші бермен!
Болғанда мен ақсұңқар сен бір тауық,
Сен әтеш айғайлағыш ауық-ауық,
Болмаса аты шыққан Сүйімбайың,
Басқасын қою керек жылы жауып.
Ажал түртіп жүрмесін аңдамастан
Оқтаулы ақ пернеге қарсы шауып.
Жамбыл-ау, Албан да ағаң, Дулат та
ағаң,
Не қылса да артық дүр сенен бағам.
Қасқарау Нұрқанның жылқысын мен
қаптатсам,
Қырылар Шапырашты бұзау, танаң.


Бұлбұл қабақ бастанған Екейім-ай,
Жұлып алып басыңды кетейін бе-ай,
Не деп айтқалы отырсың бұл өлеңді,
Түбіне таза тақыр жетейін бе-ай.
О, Жамбыл бүгін болар ұрын тойың,
Ертеңгі күн болады дәл шын тойың,
Тобықтай түзу жерден жол таппайсың,
Бабаның мен қаптатсам қалың қойын.
Аңлашы, Албан бай ма, Дулат бай ма?
Сенің байың Шолақбай, Дулаттай ма?
Қалың жатқан келейін Майлы байға,
Мұнан соң мен барамын Бектембайға,
Тарпаң мен Тоқсейіттей бегің қайда?
Жүз мың теңге сандықта шіріп жатыр,
Баласы Ниязбектің Сәрсембайда.
Дәме еткен сары майдан кеудең қайда,
Жамбылым, енді келдің ұрар сайға.
Ойың бар айтыспаққа меніменен,
Түбінде кімге зыян, кімге пайда..
Баласы Өтегеннің Нұрақан бай,
Хан Шөйбек қарауың көрде жатыр былай.
Көбікбай, Қарабаймен алыс жатыр,
Сатыбалды, Қанайды қайтесің-ай.
Және бар Тілеуқабыл, Үсембайым,
Сөйлейді шаршы топта бұлбұлдайын,
Алма тартқан кісіге ат береді,
А Жамбыл, білуші мең мұның жайын?
Тағы бар Жайылмыста молла Сәтім,
Бақ пен қыдыр іздеп кеп жалғасатын.
Дәулеті Сегізбектің серке болды


Салмағы қорғасындай қол басатын.
Бай болған Ормақайға қызыр дарып,
Смайыл келген еді қажы барып.
Солардың үлгі көрген ұрпағы еді,
Соғайын ер Мәңкені ауызға алып.
Алпыспай Мәлікпенен тағы да бар,
Қалай айтсам сыйғандай шағы да бар.
Ыдырыс қос тотым мен ер Шуманақ,
Кең бейіл, кетпес дәулет бағы да бар.
Аманжол Қасқарауда, бек Ноғайбай,
Түп-түгел мал мен бастың бәрі де сай.
Ерте жатып, кеш тұрған өңшең сабаз,
Ішкені шай бұлардың, жегені май.
Атасы қызыр шалған Малдыбайдан,
Пірім мәдет тіледім Әжібайдан;
Күйкі тұғыр секілді бір немені алып келдің,
Әйтеуір біреуімізден төгілді айран.
Шапырашты сөйлесең жаманың жоқ,
Шүу десең бәрің жүйрік шабаның жоқ,
Тантайлаған қырғызды бөкселеген
Баяғыдай кеулеген заманың жоқ.
Кіріп келіп есіктен үндемейсің,
Үлкенге сәлемің жоқ, аманың жоқ.
Үндемей кіріп келдің тайпақ қара,
Өзің қандай, мен қандай байқап қара,
Үлкенге сәлемің жоқ, аманың жоқ,
Не басыңа күн туды дүзі қара.
Ей Жамбыл, үндемейсің дертің бар ма?
Үндемеске қылған бір сертің бар ма?
Шапқанмен к... мәлім Шапырашты
Ұстасар меніменен кертің
бар ма?
Мен айтсам айтам қалың байлығымды,
Дулаттан жыйып жүрсің шайлығыңды;
Албан, Дулат жыйылып бата берді,
Бұзбайды жандарал да жарлығымды;
Ашулансаң аспанды тастап жібер, —
Сен де аянбай қыймылда барлығыңды!..


Ж а м б ы л:
Қызғанша айғай шығып, едім салғыр,
Сөйлесең әр немені тілің шалғыр;
Келген жерден сөйлейсің тура тістеп,
Қалайша шайқақтайсың тәңірі алғыр?
Сөйлесем өлеңімді түптен бермен
Құйылар сөз нөсері көктен, жерден;
Мылтықта түтеп тұрған мен бір пестон
Асықсаң ажалыңа келші бермен.
Шүу десе жүйрік озар мынау қолдан,
Демей көр, ескі аруақ алып қолдан.
Қарасай дем бере гөр, менің бабам,
Сөйлейін будақтатып оң мен солдан.
Құлмамбет сен жақсы да мен жаман ба?
Ақында сен жүйрік те, мен шабан ба?
Қарасайлап қосылсам бір бүйірден,
Ақырында кетерсің бас аманға!
Ұшалмас қара бүркіт қалықтамай,
Құлмамбет сөз сөйлейсің анықтамай;
Айтатұғын кісінің өзіне айтқын,
Делбе кезек кісідей шалықтамай
Ерлігім ерлігіңе дөп келеді,
Байлығыңа байлығым еп келеді.
Кісіні дым білмейтін тапқандай-ақ,
Есіріп көрген жерден ентеледің.
А Құлмамбет, Құлмамбет,
Ағып жатқан сумен кет!
Сумен кетсең ел ішер,
Судан шыққан бумен кет!
Онда да кесірің тиеді,
Қызарып батқан күнмен кет!
Күн де қайтып шығады,
Оттан шыққан күлмен кет!
Күлден ауру жұғады,
Қараңғы тұман түнмен кет!
Түн де қайтып келеді,
Асқаралы таумен кет!
Тауды да халық мекендер,
Кесірің жұғар, Құлмамбет,
Қу пәлекет арман кет!
Таз Құлмамбет сен болсақ,
Мен де алдыңа тартайын
Мақтан қылар жайымды,
Арқаларсың уайымды,
Ел байлығын қаптатсам,
Болатын әлі-ақ тойың бар.
Жылқысының бір шеті,
Алматының өзенінде,
Бір шеті Қара қыстақ
Кәстектің кемерінде,
Несі болмас құданың берерінде


Буған қайтып жетесің,
Жалған сөйлеп не керек,
Айтайын сөздің төтесін.
Жылқысының шетінен
Жарамды атпен сабаулап,
Он күнде әрең өтесің.
Қ ұ л м а м б е т :
Осыны түлен түртті ғой, құдай тала,
Жапанда жалғыз қурай болмас пана!
Беглік пенен байлықтан сөз қозғасам,
Көткеншектеп қашарсың байғұс бала.
Қалайша болып отырсың ырғай мойын,
Аз кідірсең болады сенің тойың —
Жалпы Дулат бұл жақта жата тұрсын,
Бабаның мен қаптатсам қалың қойын.
Тұра тұр, тағы айтайын көптігімді,
Көптіктен айтсам үземін шеттігіңді,
Шапырашты күйіңмен байлық айтып,
Өрлікпенен көрсетпе өттігіңді!


Ж а м б ы л:
Мен барайын төменгі
Асыл менен Шыбылға,
Мықты болсаң Құлмамбет,
Күрескеннен жығылма!
Бұ жақтағы Дулатты
Тастай бере асығып,
Бабаға барып тығылма!..
Бабаң қойын бу қылып
Аруаққа ұрынба!..
Ішнәрсе қанша айтқанмен ете алмайсың,
Бұлтарып мен тұрғанда кете алмайсың.
Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт,
Ел бірлігін сақтаған татулықты айт.
Қарынбайдай сараңдар толып жатыр,
Оны мақтап әуре болмай жөніңе қайт!


Қ ұ л м а м б е т:
О, жазған, Албан бай ма, Дулат бай ма?
Бабаны айттым тұрсын деп, Дулат жайға,
Сенің елің адамы байғұс екен:
Қазыналы ойлаған Дулаттай ма?
Жеті мың қой қорада шулап жатыр,
Бес мың құлын желіде тулап жатыр,
Он түйеге көшкенде жамбы артады:
Абекемнің тіккені жібек шатыр.
Бұл жерден сені жеңбей кетемін бе?
Ақшаға толтырармын етегіңді.
Албан жағы тоқтасын мұныменен,
Қасқараудан салайын Өтегенді.
Баласы Өтегеннің Нарақан бай,
Білемісің мың жылқылы жатыр қандай,
Сатыбалды, Естімес, Алмақ-Салмак,
Бәрін бірдей айтамын біржолата-ай.
Шенет қалды тағы да бұ жағында
Жаратқан оны да артық патша құдай


Ж а м б ы л :
Керек болса ақшаны
Көп қапқа салып алдырған,
Ел көшкенде қазынасын
Алпыс нарға арттырған.
Асыл кілем жаптырған,
Жібектен арқан тарттырған,
Әлемді алып байлығы,
Әсемдігін арттырған.
Олай болса өктемдеп,
Алатауды бөктерлеп,
Бұдан да сырғып өтейін;
Қалай айтсаң олай айт,
Құлмамбет саған төтейін.
Бұдан шығып аяңдап,
Кәстекке барып жетейін.
Ол Кәстекті жерлеген,
Ересі судай өрлеген,
Сұраншы, Саурық батырым,
Шеніне дұшпан келмеген.
Ақ кіреуке жамылып,
Ат кетпеген кемерден.
Садағын белге байланып,
Жауға қылыш сермеген,
Қамын ойлап халқының
Тар кезеңді бермеген.
Тоятын тілеп алыстан,
Тұғырда тұрып жем жеген.
Барайын енді аяңдап Сыпатайға,
Айтпай оны кетпеймін тегі жайға;
Ұлы жүздің тірегі батырым ғой,
Бір болмаған ығай мен сығайыңа
Қайыры қарашыға сондай жақсы,
Қандырар сусындатып қант пен шайға.
Байлық, бахыт тек оның ерлігінде:
Ерлікпен ел намысын берді кімге?
Өңкей сасық байларың сен мақтаған
Қолдарынан боқ келмей жүр өмірде.
Кімің бар Сыпатайдай төңіректе,
Арғымақ мінгізеді ал керекке.
Түгендеп бір жұмада бола алмайды,
Көсілтіп қамшы басып көксерекке.
Ерлігі мен жомарттығы жаннан асқан,
Пайдасы тиіп жатыр күнде көпке.
Кім мақтамас қайырымды ер Сыпатайды;
Дәулетімен ораған Алатауды,
Қанша халық аралап жүрсем дағы
Жалғанда көргенім жоқ ондай жанды.
Бұл сөзді мұнда тастайын,
Сабыр қылып саспайын,
Теріскей тұрсын жайына,
Күнгей жақтан бастайын.
Ол күнгейді жерлеген,
Желмая мініп желмеген,
Өрге салсаң өрлеген,
Жер жәннәтін жерлеген,
Байтелі, Қамен, Дәулетті,
Жәпек пенен төртеуі
Бәрі ерлер әулетті.
Өнері асып әр жаннан,
Түзеген көшін сәулетті.
Асықпай тыңда, Құлмамбет
Беремін кезек нәубетті.
Онан бері асайын,
Теріскейге қадам басайын, —
Жоғарғы шеті Мырзабек,
Бәрі де өңшең қаракөк,
Арғы атасы Қашке — қарадан
хан болған,
Қылған ісі Әбілпейіске
таң болған.
Аруақты ер болып,
Алқабымен ел болып,
Сондай-сондай жан болған.
Төменгі шеттен айтайын:
Әлі менен Нұрабай —
Ер Қашкенің тұқымы,
Атасы жауға аттанып,
Жауды көрсе шаттанып,
Ат құйрығын бұлады,
Елінің басын құрады.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: alashainasy.kz, vk.com