Бүгін – Жамбыл Жабаевтың туған күні

Бүгін – Жамбыл Жабаевтың туған күні

Бүгін – қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең сөздің дүлдүлі, жырау, жыршы Жамбыл Жабаевтың дүниеге келген күні. Қазақ жұрты бүгін жыр алыбының 168 жылдық мерейтойын атап өтіп жатыр.

Жамбылдың ұлылығы оның тек ақындық шеберлігімен ғана емес, сонымен бірге, халық поэзиясының бұтақ жайған жаңа бір бәйтерегі болуымен, басқаша айтқанда, халық ақындарының жасампаздық рухтағы жаңа ұлы көшін бастаған даралығымен де өлшенеді. Оның сөздері ұранға айналып, өзі халық поэзиясының атасы атанды. Бүгін сіздердің назарларыңызға Жамбыл ақынның ең үздік деген нақыл сөздерін ұсынамыз.

Кәрілік екі көзді қызартады,

Сүйектің етін сылып, ұзартады.

 

Жабы жүйрік болар ма – байлағанмен,

 

Ерден бағы жанбаған әйел ғаріп.

 

Ойхой, дүние – серуен,

Адам – бір көшкен керуен.

 

Ақын ғаріп емес пе, байды өтірік мақтаса,

Заман ғаріп емес пе, әділеттен аттаса.

 

Елдің серті – ердің серті.

 

Серт адамды байлайды

Ер жігіт серттен таймайды.

 

Артықша туған азамат

Халыққа үлкен бел болар.

 

Ел үшін туған ерлердің,

Алды-арты дария кең болар.

Жігерлі болса – ер болар.

 

Жаманға ұйқы – жолдас, тамыр – тамақ,

Болмайды көңілінде басқа талап.

 

Еткен еңбек, төккен тер
Қалай түкке татымас?!

 

Ер намысы дегенде

Ерлер қашан аянды?

 

Қорқақ адам қор болар,

Көлеңкеден қорғалар.

 

Қатарың болса құрыштай

Қаһарың болса қылыштай,

Жау қалмайды жеңілмей.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: anatili.kz