Ауыл қариясының кеңесі

Ауыл қариясының кеңесі

Уилиям Сариян (АҚШ)

Бір жылы ағайым Мериктен шығып, Бриснов арқылы Нюь-Иоркқа саяхаттай бармақ болды. Ол пойызға отырар алдында кіші әкесі Калор оған саяхат барысында тууы мүмкін қатерлер жөнінде ескертумен болды.

- Пойызға мінген соң отыратын орныңды әбден қарап барып отыр. Жан-жағыңа беталды жалтақтаушы болма!

- Мақұл, аға!

Пойыз да орнынан қозғала бастады.

- Сенен пойыз билетін сұрауға форма киген екі адам келеді. Бірақ алдамшы болуы да мүмкін. Оларды елемей қой.

- Оны қалай білемін?

- Енді, кішкене бала емессің ғой, мұның бәрін әлі-ақ түсінесің.

- О, жарайды, аға!

- Осыдан шығып, жиырма миль жүрмей жатып, кісіні ығыр қылуға әуес бір жас жігіт келіп, шылым ұсынуы мүмкін. Оған әсте шылым шегемін деуші болма, шылымның құрамына есіңнен тандыратын дәрі қосылған болуы мүмкін.

- Жарайды, аға!

- Асханаға бара жатқаныңда ерекше сұлу бір әйел біреу итеріп қалған болып немесе байқамаған болып, әдейі сенімен соғылысып қалуы, тіпті, сені құшақтай алуға шақ қалуы мүмкін, - деді қария, - Бірақ сөзсіз, қарамай кете бер. Ол қалайда бөтен мақсаттағы жан.

- Не дейсіз?

- Жезөкше деймін, - деді қария, - кіргеннен кейін асханада адам көп болса, әлгі әйел тұп-тура сенімен бір үстелге отыра қалуы мүмкін. Десе де оның көзіне қараушы болма, егер ол сені сөзге тартса, жұмған аузыңды ашпастан мылқау болып ал.

- Мақұл!

- Ұқтың ба, мылқау! - деді қария қайталап, - одан құтылудың жалғыз-ақ жолы осы.

- Сонда неден құтыламын?

- Сұрқиялардың басыңды айналдыруынан құтыласың, бұл менің сапар шеккен кезімдегі түйгендерім.

- Мақұл, аға!

- Енді сөзді доғарайық, енді бұларды айта бермейік.

- Мақұл, аға!

- Енді доғарайын, рас-ау, менің жеті балам бар. Күндерім енді ғана оңалып келеді. Өткен күнге салауат, қазір егістік жерім, жүзім бағым, ағаштарым, мал-жан бар дегендей, көрім болып қалдым. Пенде басында баянды не бар дейсің? Байлық деген қолдың кірі емес пе? - деді ағайым.

- Дұрыс, аға!

- Асханадан бөлмеңе қайтып келе жатқаныңда арнаулы шылым шегетін бөлмеден өтуің мүмкін. Өтіп бара жатып, қымбат жүзік тағып алған орта жастағы үш адамның қарта ойнап, ұтысып отырғанын байқайсың, олар саған бас изесіп күліп қояды. Әуелі ішіндегі біреуі сені қатарға қосылуға шақыруы мүмкін. Оларға, әсте, ағылшын тілінде сөйлеуші болма.

- Мақұл, аға!

- Онда болды.

- Рақмет сізге!

- Тағы бір ескертер іс – кеште орныңа жатқаныңда қапшығыңдағы ақшаңды аяқ киіміңнің ішіне салып, оны жастығыңның астына қойып таста, басың жастыққа тиісімен қатып қалып жүрме.

- Мақұл, аға!

- Онда жарайды.

Қария қайтып кетті де, ертеңінде Мериктен пойызға отырған ағайым Мичиганды көктей өтіп, Нюь-Иоркқа саяхатқа шықты. Бірақ әлгі форма киім киген алдамшы екі адам көрінбеді. Шылым ұсынатын жас жігіт теә кезікпеді. Сұлу әйел де кіші әкеммен бір үстелге отырмады. Тіпті, шылым шегу бөлмесінде де ешкім қарта ойнамады. Ақшасын аяқ киіміне салып, жастығының астына басып алған ағайым сергек болам деп түні бойы көз ілмей шықты. Бірақ ешқандай іс туылмаған соң, өзінің бұрынғы әдетіне қайта көшті.

Ертеңінде оның өзі шылымын алып, бір жас жігітке ұсынып еді, әлгі қолын қайтармады.

Асханада бір шетте жүріп бара жатқан ағайым бір жас әйелмен табақтас та болып қалды. Оны қойғанда, шылым бөлмесінде қарта да таратып берді.

Ол Нюь-Иоркқа бармай жатып, пойыздағылардың барлығымен етене таныс болып алды. Тіпті, бір жолы Огайо штатынан өтіп бара жатқанда шылымын қабылдаған әлгі жігіт екеуі Фунтчалға бара жатқан екі жас әйелмен қосылып, «Бабечел өзенінің құрағы» деген әнді шырқады. Сапар ерекше көңілді өтті. Ағайым сапарын аяқтап, қайтып келгенде кіші әкесі Калор оған тағы келіп жолықты.

- Сапарың сәтті болған сияқты ғой, - деді ол, - Жол бойы менің айтқандарымды орындадың ба?

- Орындадым, аға!-деді ағайым.

Алысқа көз салып тұрған қария:

- Айтқан ақылдарымды қалт жібермей атқарғаныңа шынымен қуанып қалдым! - деді.

Аударған: Н.Ғазатқызы

Дайындаған: Сұңқар Ақбоз

Сурет: www.ispanka.com

M. Auelkhan