Әбіш Кекілбаев. "Фариза" - 2

Әбіш Кекілбаев. "Фариза" - 2

Әбіш Кекілбаевтың Фариза Оңғарсынова туралы жазған мақаласының жалғасын ұсынамыз. 

Басы

ФАРИЗА

Араға екі жыл салып, тағдыр мені тағы да сондай асқаралы жыр туындысымен жолықтырды. Тыныш тауып отыра алмадым. Меңдекешпен тілдестім. Фаризаға ертең жұмыс орыныма келіп кетуін өтінетінімді жеткізуді сұрадым. Ертеңіне сәскеде “Қазақфильмнің” Алатау етегіндегі жаңа ғимаратының ауласына сылаңдаған жылтырақ қара “Волга” келіп кірді. Алдынан шықтым. Сол баяғы Фариза. Бірден жарқылдап кете қойған жоқ. Сыпайы амандасып, сырбаз сөйлесіп отырмыз. Өзі ештеңе айтпады. Мені мұқият тыңдап бақты. Үстімізге, ал таңғалмай көр, Нұрғиса Тілендиев кіріп келсін. Баяғысынша сампылдап сөйлеп, саңқылдап күліп тұр. Екеуімізді бетімізден сүйіп, Фаризаның арқасынан қақты: “Әй, қара қыз, баяғыда алғашқы өлеңіңе ән шығарғаным есіңде ме?” Фариза: “Есімде ғой, аға!” – деп момақан тіл қатты.

“Мазасыз шақтың” сол мен оқыған қолжазбасын Тахауи Ахтанов түгелімен жариялап жіберді. Сол бойда-ақ: “Бас редактор жерлестікке салынып, енді шығып келе жатқан жас ақынның бүкіл жыр кітабын журналдың бір санында түгел жариялап жіберді” деген дабыл жоғары жақтарды жағалап кетті. Оның есесіне, оқырман қауым аспаннан меруерт жауғандай әдемі жырға бір кенеліп қалды. Ақын Фаризаның даңқы аспандай түсті.

Бұрынғы бұйығы мінезін тастап батылдана түсті. Біздерге еркінсіп, еркелей сөйлейтін болды. Әуелі: “Әнебір ағайдың өлеңдері қандай? Мына бір арсалаңдаған жігіт немене өзі?” деп ауыл арасы атақтыларын сырттай таразылап отыратынды шығарды. Кейін: “Әбіш, осы жұрт Евтушенкоға неге өліп өшеді? Анна Ахматованы неге әз әулие көреді? Марина Цветаеваға неге талып жығылады?” – деп сұрай бастады. Көп ұзамай: “Осы Уитменді не үшін мақтайсыңдар? Верхарннан қандай ат басындай алтын тауып жүрсіңдер? Асқар Сүлейменов екеуің Поль Элюар мен Шарль Бодлерге әуелі өздерің түсінесіңдер ме, әлде жұрттың басын қатыру үшін әдейі мақтайсыңдар ма?” – деп тиісетінді көбейтті. Бірде Азия-Африка жазушылары жиыны тұсында әйгілі жапон жазушыларымен танысқанымызда көңілдері бітпей, Ақұштап Бақтыгереева екеуі мені қыспаққа алды. “Сен екеуіңнің максимализмдеріңе адам шыдауы мүмкін емес”, – деп таксидің есігін тарс жауып кетіп қалғанымды айтып, көпке дейін мазақтасып жүрді. Мен де есемді жібергім келмей: “Фаризаға ешкім ұнамайды. Құдайдың өзіне түске дейін көңілі бітіп отырса, түстен кейін көңілі бітпей қалады”, – деп қалжыңдап бақтым. Фариза оған апшыған жоқ, бірақ көрген сайын әлгіндей қияңқы сұрақтарын көбейте түсті.

Фаризаның бұл “қияңқылығы” менің анам Айсәулеге қатты ұнайды. Бірде түскі тамақ кезінде үйге келсем, екеуі оңаша отыр екен. Анам: “Апырай, әлгі Клара құрғыр да кешігіп жатыр. Әбіш жұмысына талқы шай ішіп қайтатын болды-ау!” – деп күйгелектеп қалды. Оны естіген Фариза: “Осы жігіттер баптарын тауып үйде отыратын келіншек алмай, қайдағыға қайдан үйір болады?” деп көзін бір қысып, әңгімені тұздықтай жөнелді. Анам байғұс одан сайын күйзеле түседі. “Мама, әйел затының әуелден шашын ұзын, ақылын қысқа жаратқан деп өзіңіз айтасыз. Жаратқанның әйелдерге арнап бөлген азғантай ақылының бәрін Фариза екеуіңіз иемденіп кетіпсіздер. Сонда әлгіндей бәрінің бабын тауып отыратын сұңғыла келіншекті қайдан табамыз?!” – деп, басу айтамын. Екеуі де көңілдері жайланып, қою шайды құшырлана баптап бағады.

Фаризаның бір шумағын оқымаса да, айтқан сөзі мен жүріс-тұрысына қаралай көңілі бітіп жүретін анам: “Осы қызымды қандай әйел тапты екен?” деп отыратын. Бірде Атыраудан Фаризаның анасы келе қалды. Екеуі бірін бірі көріп, мәз болысты. Фаризаның өлеңі мен өзінің көп қасиетіне сонда қанықтым. Анасы қалай шиырсаң да, алшы түсетін қорғасын сақадай шып-ширақ кісі екен. Қауып айтса да, тауып айтады. Жаңсақ сөйлемейді. Ол кісі дүниеден ауғанда Фаризаның қандай күйзелгенін көрген анам келген сайын оны: “Егізімнің сыңары” деп құшақтап сүйетін. Фариза да бауырына кіріп: “Мама!” дегенінен бір танбайтын.

Жастық пен талант бірдей жарқылдап тұрған сол бір жұлдызды дәуренінде Фариза еркелігімен қоса ерлігін де әбден танытып бақты. Баяғыда мен өмірде көре қалған мөлдіреген монтаны қыздан өлеңіндегі әр сөзінен шоқ шашырап, от лапылдап тұратын өр де өжет Фаризаға айнала түсті. Бір-біріне көп мейірлене бермейтін әдебиет адамдарының өзі оны көргенде ыңғайын бағып, ықтай қарап, ылғи бастарын шұлғып, құптай сөйлейтінді шығарды. Өлеңінің мінезіне, мінезінің өлеңіне аумай ұқсайтынын алдымен ауызға алып жүрді.

Бірде Берлиннің “Фолк унд вельт” баспасынан Ильза Чертнер деген қыз келді. Орыс әдебиетінің талай атақтысын аударған талантты аудармашы екен. Менен: “Фаризамен таныстыр”, – деп өтінді. Уәделескен күні Клара екеуіміз үйіне алып бардық. Қасымызда “Советский Союз” журналының бөлім басшысы Нина Харитонова деген егде әйел бар. Емен-жарқын мәжіліс құрдық. Фаризаның жекелеген өлеңдерінің мағынасын ауызша аударып жеткізіп отырдық. Ильза соның өзінде басын шайқап қайран қалып отырды. Бір кезде дастарқанға табақ келді. Фарфор ыдысқа бөлек салынып қойдың басы келді. Ол алыстан келген мейман Ильза Чертнердің алдына қойылды. Мәз-мәйрам боп отырған қонақ қыздың көзі атыздай болды. Қолына пышақ алудан тайсалып, телміріп отырып қалды. Біз жөн-жосығын айтып түсіндіре бастадық. Абдырап қалған қыз қысылғаннан күліп жіберді. Сол-ақ екен, Фариза бұлқан-талқан болды. Білмейтінін біліп алудың орнына, таңырқау мен күлудің әдепсіздік екенін айтып, дастарқанды тастап, тұрып кетті. Бөлмесіне барып, шықпай қойды. Қалғандарымыз барып, қанша жалынсақ та көнбеді. Ильза бейшара аяғына жығылып, қанша жалбарынса да, илікпеді. Ағыл-тегіл жылап, өлердегі сөзін айтты. Фаризаның құлағына кірмеді. Ильза Чертнер Алматыдан қатты күйзеліп аттанды. Мәскеуден телефон соғып, кешірім сұрады. Қыңыр Фариза қисайған жағына жатып алды. “Елімнің дәп-дәстүрін сонша тосырқап отырған адам өлеңімді аударып қайдан қарық қылсын!” – деп қасарысып отырып алды. Артынан Берлинге барғанымда да Ильза мені іздеп келіп, әлгі қолапайсыздығын қинала еске алып отырды. “Не – состоявшаяся любовь” – деп өзін-өзі жұбатты. Сөйтіп, Фаризаның жоспарда тұрған немісше кітабы шықпай қалды. Жолы болмаған аудармашы: “Апырмай, граниттен де қатты неткен қайсар жан?!” – деп қинала таңданумен болды.

Алайда, сондай қайсар адамның жүрегінің қандай жұмсақ екеніне кейін көзіміз жете түсті. Қасымыздағы Фаризаның аңыздағы Фирюзадай алты ағасы жоқ еді. Бірақ, алты ағаға бергісіз, жанындай жақсы көретін жалғыз ағасы бар еді. Бәріміз “Мәке” дейтін Махиз ерте дүниеден өтті. Науқас ағасын көруге томағасын сыпырған қаршығадай ширыға аттанған Фариза марқұм бауырын жерлеп оралғанда ұшақтан шүйкедей болып әзер түсті. Қарсы алуға барғандар тілімізді жұтып қойғандай, ештеңе дей алмай, тұрған-тұрған жерлерімізде бордай үгітіліп, сілейдік те қалдық.

Фариза шын батырлығы мен шын қайсарлығын сосын көрсетті. Мәкеңнен қалған жеті-сегіз баланы бірінен соң бірін оқытып, үлпершектей ұл, қызғалдақтай қыз қылып өсірді. Бәріне жоғары білім алып беріп, әрқайсысын өз алдына үй етті. Енді олардан өрбіген ұл мен қызды жетілдіруге кірісті. Ешқайсысының бетінен қағып, көңілдерін жығып көрген емес. Қашан барсаң да, үлбіреген гүлді баптағандай үпек қағып жүргені. Балаларына айналып кеткен бауырлары да бірінен бірі өткен әсем, әдепті, тәрбиелі болып өсті. Фаризаның бұл ерлігі талайлардың жыр-дастандарының өзегіне айналды. Ол нағыз баяғы ақындардың: “тауда болар тарғыл тас, тарықса шығар көзден жас, тар қолтықтан оқ тисе, шығады сүйеп қарындас” – деп жырлағанындай асыл бауыр екендігін көрсетті. Оған талай жерде өзіміздің де көзіміз жетті. Тіршіліктің талай қиянаты мен қияметі тұсында опырылып кеткелі тұрған жардың басындағы жалғыздай жабығып, қатты қамыққан да, қамырыққан да сәттерде басқалар болмаса да, Фариза қасымнан табылып, қолтықтан сүйеп қалып жүрді. Әншейінде ешкімге “бетің бар, жүзің бар демей, тіке айтып салады” дейтін Фариза өз басымызға ондай мінез танытып көрген емес. Ол әр келген сайын баяғы ешкім бетімнен қақпайтын екі aпa, бір ана, бір қарындас ортасындағы бағлан дәуреніме қайта оралғандай боламын. Анасынан басқа аяйтындары қалмайтын егде жастарға ер кісілер де жағдайын айтпай біліп, сұрамай түсініп отыратын елгезек жанашырға ерекше зәру ғой. Ондай қатар-құрбы табылып жатса, қандай адам оны құдайындай сыйламас?!

Мен де маңдайыма Фаризадай замандас, құрдас, дос, бауыр тап қылғанына масаттанамын да, мақтанамын да. Өмір мен өнердің талай өріне бірге ұмтылып, бірге көтеріліп келе жатырмыз. Содан қалыптасқан қимастығымыздан жұртшылықтың да хабардар екенін талай аңғардық. Қазақ даласының қай пұшпағына барсақ та, ел менен Фаризаның, Фаризадан менің жағдайымды сұрап жатады. Баяғыда Мәскеуге барғанымызда да одақтас республикалардағы қаламдас достарымыз солай етіп жататын. Екеуіміздің достарымыз да ортақ болатын. Бірде Жыңғылды деген ауылға барғанымызда Фаризаның мойнына бір бүлдіршін қыз, менің мойныма бір бүлдіршін ұл қызыл шарқат байлап, гүл ұсынды. Сөйтсе, екеуінің де аты Фариза мен Әбіш екен. Аналары да, әкелері де мұғалімдер екен. Дүниеге егіз сәбилері келгенде екеуіне Фариза екеуіміздің атымызды қойыпты. Анам байғұстың екеуімізге “егізім” деп еміренетіндігі де алыс-жақынның осындай бір-бірімізді бөліп жармайтын, бірдей ықыластылығынан шығар.

Біз бір кезде орыс тілі мен әдебиеттен Манашы мектебінде сабақ берген мұғалима корей қызының “таныссаңдаршы, дос болсаңдаршы” деген өсиетін де орындадық. Екеуміз де бір-біріміздің туған жерімізді талай рет бірге барып, бірге араладық. Фаризаның мүшел тойларының біреуінің тұсында Атырауда, Жайық бойында, Нарында ол туып, ол ержеткен мекендерді аралап, ол өскен ортамен етене танысқаным есімнен кетпейді. Фаризамен мектепте, институтта бірге оқығандардың отырмағында да бірге болдым. Балықшы кентіндегі сондай бір зиялы жиында ақынның құрдас-құрбылары түгел жуық жиналды. Бәрі де Фаризаның аузына қарайды. Алдын кесіп өтпейді. Шығарға жандары басқа болып, шын мейірленіп отыр. Фариза оларға еркелей сөйлейді. Олар Фаризаны еркелете тыңдайды. Әсіресе, өндірдей жігіт бауырларымыз қыз аузынан шөп алмай, тойған қозыдай томпиыса қалыпты. Баяғы Фариза орталарында жүрген кезде де тап осылай төбеге көтеріп, өздері төменшік тартып, жаппай телмірісіп отырған шығар. Бәйтерек басындағы Фариза етектен мойын созған тілеуқор ұяластарына еркелігін асырып, жеті қат аспанға самғап ұшып жөнелген шығар. Түлеген мекеніне сағынып, қайта оралғанда да, енді міне, сол баяғы бірге өскен түлектер сол баяғы бәйтерек түбіне жиналып, аспаннан самғап түсіп, бұтаққа қонған Фаризаға бәз-баяғыларынша шөлдеген шөжелердей тым етектен өндіршектерін созып, емешектері құрып, елжірей қарасады. Талайының шын талант, шын өнерпаз екені сол жиында әбден көрінді. Сөйте тұра, Фаризаның бала кезден пысы басып кетсе керек. Анадай жерде мен: “Әй, именшек бауырларым-ай, осылай әдеп сақтаймыз деп, араларыңыздағы жанғалы тұрған бағын жандыра алмай қалған ашық ауыз сабаз қайсыңыз екен?” – деп әрқайсысының бетіне бір-бір үңіліп, қамығып отырдым. Көмейге іркілген қалжыңымды көңілдеріне тиіп қалмайын деп, айта алмай кеттім.

Сол бір күндері құм шетіндегі Манашының қуаң, теңіз жиегіндегі Забурынның шелдеген терідей көк шыңылтыр алабына қызғалдақ толғандай құлпырып кетті. Әсіресе, ауыл адамдарының қуанғандарын айтсаңызшы! Бірде Фариза кілең егде тартқан ақ жаулықты әйелдердің арасында қалды. Жағалай құшақтап, мойнына асылып жатыр. Кейбіреуін көргенде көзіне жас алып қояды. “Дәу де болса, жеңгелері шығар. Көз көрген деген осы ғой. Көңілдері босап кетті-ау”, – деп қоямын ішімнен. Сөйтсем, бірге оқыған парталас қыздары екен. Аңызақ қағып, аптап қақтап тастаған қыр адамының бет-әлпеті ерте егдеріп кетеді ғой. Көңілім одан бетер қобалжып кетті. Алматыда Ғазиза, Бибігүл, Фарида, Розалармен, Мәскеуде Зульфия, Сильва, Гүлрухсор, Татьяналармен майлы қасықтай араласып жүретін Фаризаның туған ауылында баяғыда бірге өскен құрбыларымен бір ұяның балапандарындай қайта шүйіркелесе қалғаны қандай адамгершілік деп, әбден риза болып тұрдым. Ал ауылдас құрбыларының араларынан жыр әлеміндегі даңқ асқар тауының ең биік шыңына барып қонатындай түлек ұшырғандарына өздерінің төбелері көкке жеткендей қуанғандары бәрінен де асқан адамгершілік еді.

Фаризаның тек бір әулет, бір ауылдың емес, әмбенің мақтанышына айналдырғандай сирек бақытқа ие болуының ең бастысы да тарихпен тамырлас, халықпен тағдырлас жандардың ғана несібесіне бұйыратын адамгершілік шалқарынан бастау алып жатқан жан мөлдірлігіне лай түсірмей жүре ала білгендігінде шығар.

Оның жырларындағы тұңғиық тереңдік пен айна көлдей айқындықтың қос қайнары – өткеннің өзек өртер өкініштері мен келер күннің үмітті үздіктірер пәк арманы болса керек. Фариза жыры – айдын көл, шалқар теңіз емес, тылсым мұхит. Көкірекке сонша сыр, көңілге сонша жыр тұндыра білуге бір ғұмырдың бастан кешкендері аздық қылары даусыз. Ұлы суреткер тек өзі өмір сүрген дәуірдің ғана емес, өзінен бұрын өмір сүрген және өзінен кейін өмір сүретін бірнеше буынның шыны мен сырын, қайғысы мен мұңын түгел қамти алады деседі. Шамасы, сол рас шығар, Фариза да сол санаттан болса керек.

Ол мұндай салқар мазмұнды өзіне жаратқан топырақтың жеті қат тереңіне, өзі өмір сүрген заманының сан тарап қиырына, өзімен бірге ғұмыр кешіп жатқандардың тоқсан толғақты көңіліне жете зер салғандықтан игеріп жүрген сыңайлы.

Туа сала құлағына тиген жұмбақ сөз, сиқыр ат оның қиялын алысқа жетелеп, ойын тұңғиыққа бойлатқандай.

Фариза жырларын оқыған сайын менің көз алдыма құзарт шыңның басына барып қонақтаған жаннат алқаптағы мұңлы шынар мен кәусар бұлақтың сұлулығы мен мөлдірлігі келеді.

Ал Фирюзаға әр барған сайын ол арадан атымен алыста туған қазақтың ақын қызының жырларынан есіп тұратын тұңғиық сыр, тұнжыр мұң, өжет арман, өр рух еске оралып тұрады.

Фариза... Көп қазақтың құлағына бұл сөз Париза болып шалынады. Оның көлігінен түсіп жатқанын көріп, ағылып алдынан шыққан ағайынның: “Пәризамыз келіп қалыпты ғой!” – деп еміренгендерін талай естідім. Пәриза... Пәризамыз... “Пәлі, ризамыз” дегендей болып естіледі.

Ия, Фаризаның өзі мен өлеңіне жұрттың бәрі қалтқысыз риза екендігі рас.

Риясыз көңілден шыққан ақиқат сөз ғана әмбені түгел риза ете алмақшы.

Фаризаның көкірегінде де сондай қайсар ақиқат орнап, қаһарман рух атой салып тұрады. Өйткені, ол туған орта – жоғарыда айтқанымыздай, әлімсақтан бермен қарай ылғи сор қауып, запы шегіп, зар илеп келе жатқан шерменде қауымның арасы. Арсы-гүрсі теңіздей дәйім буырқанып-бұрсанып шыға келетін ереуілді өлкенің тағы бір жалы жығылып, тағы бір аузы күйген ауыр кезеңінде дүниеге келді. Дымыңды ішіңе қуып тығып, тынысыңды тарылтып, тұншықтыра жаздаған тымырсық заманда есейіп ержетті. Ол өскен даланың жел екеш желі де тебінгісін тепкілеген тентек capдардай тепсіне уілдейтін. Ол жаралған топырақтан қазақ жырының сардары болмай, сарбазы болып туу ақылға сыймас еді.

Фаризаның өлеңі де осындай дүбірлі дала көкірегіндегі бір сәт тыншып көрмеген дүлей сезімнен өрбіп жатыр. Қырық жыл бойына бес қаруын белден шешпей, тепсініп келгенде тебірентпей қоймайтын тегеурінді сыр ақтарып келеді. Әр шумағынан қынаптан суырған алмас қылыштай қайсар шабыт жарқ ете қалады. Әр жолынан сарт-сұрт найзағайдай сорғалай шаншылар өжет намыс өрекпіп тұрады.

Қаһарланса қаусыратып кететін, қайғырса қалжыратып тастайтын құдіретті ой ойқастайды.

Қаламды қанжарға емес, нағыз наркескен семсерге балай алатындай сезім бет шарпиды.

Фариза – аспанға алау атып, шоқ шашыратып жатқан рух жанартауы. Өшпейтін де сөнбейтін өжеттік қайнары.

Екіұдай дәурен кешіп жатқан бүгінгі қауымымызға ең керек ақын. Қайта қалғып кетпеуіміз үшін, асқақ арман үлесінен шыққанымызша алауымызды әлсіретпей, лапылдап маздай беруіміз үшін қажет өлең.

Дүние шексіз. Өмір шекті. Бұл түп қиянаттың түбегейлі есесіне келте дәурен сүріп, кескекті ғұмыр кешетін тек осындай ересен талантпен, ерен өнермен ғана қайтара алмақшымыз.

Ендеше, Фариза еріксіз бас идіреді.

Бар бол, баһадүр сөз!

2004 жыл

Дайындаған: Шерхан Талапұлы

Сурет: namys.kz 

Н. Айдархан