Ғасырдың таңдаулы әңгімелері: Қабірстандағы ғажайып кездесу #2

Ғасырдың таңдаулы әңгімелері: Қабірстандағы ғажайып кездесу #2

Мофашат (Франция)

Мен оған өлердей ғашық болдым. Онымен танысқаннан кейін, оның жібектей мінезі, оттай ыстық махаббаты жүрегімді мүлдемге жаулап алды. Есіл-дертім соған ауып, көрмесем тұра алмайтын күйге түстім. Уақыт мен жөнінен мәнін жойды, жүрегімді кернеген махаббат мені тіленшіге айналдырды, атқан таң, батқан күнімен санаспайтын, қыс пен жаздың алмасуын парықтамайтын болдым.

Бірақ, көп өтпей, ол бақиға аттанып кетті. Аһ, сол мұңлы күндердің буалдыр елесі де өшкіндеді. Есімде қалғаны тек қана нөсерлі дауыл тұрған бір кеште, оның үсті-басы малмандай су болып үйге оралғаны, төсекте жатып қатты жөтелгені, оның үстіне, қызуы өрлеп басылмай қойғаны, сонан кейін шипагер шақырғаным, укол салдырғаным, дәрі ішкізгенім... Менің миым айналып кетті, ештеңені де есіме ала алмайтын болдым, мұның бәрі өтіп кетті, мәңгілікке өтіп кетті.

Жұрт оның мүрдесін ағаш табытқа салды. Табыттың қақпағын шегелегендегі тақылдаған үн миымда тынбай қайталанып өшер емес. Мен оның қара жер қойнында мәңгілік ұйқыға кеткеніне мүлде сенбедім. Жерлеу рәсімінен кейін, екеуміздің бірге тұрған үйіміз, екеуміздің ортақ достарымыз бәрі-бәрі көзіме оттай басылып, еріксізден жүрегім қан жылады, содан ақыры Парижден басқа жерге кетпекші болдым.

Мен көз жасымды көлдете жатын бөлмеден сүйретіле шығып, кіре беріс ұзын залға орнатылған айнаның алдына келгенде еріксізден тоқтадым. Бұл айнаны әдейі ол үшін сатып алып, осы араға орнатқан болатынмын. Ол қаншама рет осы айнаның алдында тұрып жасанып-таранған еді десеңші. Ал, мен оның ту сыртында тұрып, оның айнадағы сұлу сымбатына көзім тоймай қараушы едім. Бұл айнадағы оның сол бір елесі әлі де тұрған жоқ па екен? Мен еріксіз қолымды создым, бірақ, алақаныма тиген мұздай суық ағыс жан-дүниемді мұздатып жібергендей, көз жасым моншақтап кетті. Сүйген жардан айрылудың удай ащы қасіреті бүкіл жүрегімнің парша-паршасын шығарды.

Мен есінен айрылған пендедей көшені кезіп кете бердім, ойда жоқта жын айдағандай қабірстанға келіп қалғанымды бірақ білдім. Мен оның тап-тақыр төмпешікке айналған қабірін, қабірдің алдына тұрғызылған тас ескерткішті «Ол сүйген, сүйдірген, осы жерде мәңгі ұйқыға кетті» деген жазуды көрдім.

Ол дәл осы жерге, табанымның астына көмілген. Бұған мүлде сенгім келмейді, мен екі алақаныммен жүзімді басып егіле жыладым. Оның сезімді қытықтайтын ақ сазандай жұмыр, толық денесі, жүрегімді жаулап алған айдай әсем жүзі, бәрі-бәрі де ағаш табытпен бірге шіріді. Ойлап осы араға келгенде, қасіреттен қабырғам қайысып кетті, көз жасым көл болып, тұтас денемде жан қалмағандай қабірдің алдына сылқ етіп отыра кеттім. Тосаттан, үрейлі де қатаң бір ой мені билеп алды, мен қабірдің қасына түнемекші болдым. Төрт төңірегімді айнала шолып, ешкім көрінбеген соң, дереу жасырынып алдым. Өстісем кеште қабірстанның қақпасын жабарда мені ешкім де байқамай қалады, күзетші де қуып шықпайды. Қас қарайып, қақпа жабылды. Мінеки, ат шаптырым қабірстанда тек мен ғана қалдым, мен ғана тірімін.

Қап-қараңғы түн шымылдығы төңіректі жапқанда, мен де жасырынған жерімнен шықтым. Мен әлі құрыған аяқтарымды әзерге сүйретіп, осынау өлілер мекенінде үн-түнсіз ілбіп келемін. Мен оның қабіріне қарай жүрдім, бірақ, қою қара түн торлаған бұл жерде, ештеңені де анық көре алмадым.

Мен ештеңені де елең құрлы көрмей, ескерткіштерді сипалай алға ілгерледім, сонда да, оның қабірін таба алмай келемін. Денені тоңазытар суық желемікті қараңғы түнде, мен, бейне, соқыр адам сияқты жан-жағымды бей-берекет сипалап еңбектеп жүрмін, қолыма бірде тас ескерткіш, темір немесе қоршаудың шегесі ілінсе, бірде шалғын шөп немесе әлдеқашан қураған гүлдер ілінеді!

Айналам толы қабір, қалай қарасам да қарауытқан қабір көрінеді. Өзімнің жападан-жалғыз қабірлер арасындағы тар жолда еңбектеп келе жатқанымды ойлағанда, көңілімді үрей билеп, тітіреп кеттім. Жан-жағыма жалтақтап, қолыма ілінген ескерткіштегі жазуларды сипалап, саусағыммен онда не жазылғанын парықтауға құлшынып келемін, қара бояу жаққандай қою қараңғы көзімді көлегейлеп, ештеңені де көре алмаймын. Тұңғиық түнде қабірстанды тек қана қараңғылық тұмшалап тұр. Мен отыра қалып аз-кем дем алдым. «Осында несіне қалдым? – деп ойладым мен, - тірі пенденің өлілер арасында несі бар еді?»

Төңіректі өлі тыныштық жайлаған, тек өз жүрегімнің дүрс-дүрс соққаны ғана анық естіліп тұр. Кенет, қатты дауыс естілді, бұл не екен, ә? Құйрық басып отырған тасым қозғалғандай болды, ол шынымен де қозғалды, әуелі көтеріліп келеді. Аза бойым қаза болып, отырған орнымнан ұшып тұрдым. Осы кезде, көтерілген тас тақтайшаның астындағы жанақымнан етінен арылған қу сүйек адам түрегелді. Іле-шала, тақ қасымнан сұсты да сүйкімсіз дауыс естілді. Жаңағы қу сүйек әруақ осы сүйкімсіз дауыспен тас ескерткішке жазылған: «Мұнда жатқан адамның аты Оливер Джакус, биыл елу бір жаста. Ол жанұясын сүйетін, бауырмал, салауатты жан еді. Ол өскелең, абыройлы өмір кешті» деген сөздерді оқып тұр. Кенет ол қатты шыңғырып жіберді де, жерден тастық жарқашын ала салып, жаңағы жазуларды өшіріп тастады. Содан соң, біздиген сүйектері ғана қалған сұқ саусағымен жарқырап, нұр шашқан бір жол жазу жазды: «Мұнда жатқан адам Оливер, биыл елу бір жаста. Ол опа қылмағандықтан әкесі қасіретпен көз жұмды, ол дөрекі, қара ниет болатын, әйелі мен балаларына күн көрсетпейтін; Оның үстіне, қолынан келген жамандықтың бәрін істеп, көрші-қолаңын қақсататын, өзгелерді өсімқорлықпен қанайтын. Ақыры азаппен көз жұмды». Қу сүйек әруақ осыларды жазып болып, жазғанына масаттана қарап тұр, бейне бір игілікті шаруаны тындырған сыңайлы. Осы кезде, тас тақтайшалардың сатыр-күтір көтерілген үні мен сүйектердің шақ-шұқ соқтығысқан үні ішінде қабірлер іркес-тіркес ашылды, қурап қалған ақсөңке сүйектер бірінен кейін бірі түрегеліп, өздерінің тірі кезіндегі ойлағандарын қаз-қалпында ескерткішке жазып жатыр. Әсілінде, бұлардың көбі тірі кезінде іші толған әзәзілдік, қаныпезер, іскерлерге іші күйетін сұмырайлар екен. Олардың жазғандарынан мен айтылмыш қамқор әке, опалы әйел, қайырымды ұрпақ, пәк бойжеткен дегендердің, шындығында, түгелдей бұзақы, ұры, алдамшы, суайт жандар екенін білдім! Шындығында осылай екен-ау!

Ойпырмай-ау, жер әлемінде не кереметтің бәрі бар екен ғой! Көз алдымдағы ғажайып көріністерден үрейім ұшып, дірілдеп, тыныс ала алмай қалдым. Ендеше, ол да жазып жатқан болар. Менің күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей аңсаған аяулы ғашығым не жазып жатыр екен деші? Қалай болмасын, барып өз көзіммен көруім керек. Ойлап осы араға келгенде, әлгіндегі қорқыныш зым-зия болды. Мен адымдай басып, ашылып жатқан қабірлер мен жын-шайтандай елбеңдеген қу сүйек әруақтар арасынан кесіп өтіп, оның қабіріне жеттім. Сол бір жанымды жаулап, көзімді арбаған сұлу бейне көз алдымнан тағы бір рет жарқ етіп сөнді. Мен еппен басып оның қасына барып, үн шығармай қарап тұрмын. Ол бар ықыласымен ескерткіштегі «Ол сүйген, сүйдірген, осы жерде мәңгі ұйқыда жатыр» деген сөздерді өшіріп жатыр, содан соң, ол сұқ саусағымен: «Бір күні, ол сүйген жарын алдап, жаңбырға қарамай сыртқа шығып, біреумен зина жасады, содан ауыр науқасқа кіріптар болып, сауыға алмай өлді» деп жазды.

Таң сөгіле, адамдар мені қабірстаннан тауып алды, мен сол арада жығылыппын, жансыз денем мұздап қалыпты.

Ғасырдың таңдаулы әңгімелері: Ғимараттан құлаған бозбала #1

Аударған: Шолпан Қазез

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: sohu.com

M. Auelkhan