Ақын-жазушылардың оғаш қылықтары

Ақын-жазушылардың оғаш қылықтары
Бірде Франц Кафкаға бір замандасы ақын Эрнст Ледерердің өз өлеңдерін ашық-көк сиямен ерекше қағазға түсіретінін айтып берсе керек. Кафка оған еш таңғалмастан, замандасының бұл әрекетін былай деп түсіндірген екен: "Әрбір сыйқыршының өз дәстүрі бар. Мәселен, Гайдн мейрамдағыдай басына жалған шаш қойып, бетіне опа жағып алып музыка шығаратын болған. Жазу - өз табиғатында рухтарды арбау болып саналады". 
Мұнымен келіспеу қиын, әрине. Шынында да, жазушылар - "оғаш" халық. Шектен асқанда, бұл тұста олардың мінез-құлқының өзі жеткілікті. Бірақ, дей тұра, дәл осы бір "оғаштықтары" олардың жазуына көмектескен шығар...

Жазушы Тәкен Әлімқұлов қақаған аязда желең жүреді екен. Үйден жалаңбас шығатын болған. Мұның сырын ол қан қысымын тө­мендетуге көмегі тиеді деп түсіндірген.
Жазушы Асқар Сүлейменов күндіз ұйықтап, түні бойы кітап оқып, жазуын жазатын болған. Тіпті, ел аузында бір шығармасын шақпақ сыртына жазды деген де әңгіме бар.
Ал ақын Жұмекен Нәжімеденов жыр жазып отырғанда сіріңкенің талда­рын бір-бірлеп майдалап сындырып отырғанды қалаған. Мұның сырын түсіндіріп жатпапты.  
Жазушы Тынымбай Нұр­мағамбетов үйренген автоқаламын қашан сынып қалғанша қолынан тас­тамай, ішін ғана ауыстырып отырады екен: «Мен тек автоқаламмен жазамын. Жазуды бастағалы бері автоқаламын екі-ақ рет, асып кетсе үш рет қана ауыс­тырған. Қырық жылға жуық уақыт ішінде ұстағаны – үш-ақ қалам. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де осы. Ырым. Сенім" - депті. 

Вирджиния Вулф
Ағылшынның модернист жазушысы Вирджиния Вулф: «...Егер әйелдің жазғысы келсе, онда оларға керек қажеттіліктер мен жеке бөлме болуы тиіс» - деген.
Вульфтің тапқыр ойларының бірі түске байланысты, Эрнст Ледерер секілді ол да жұмыс барысында әр түстегі сия сауыттарын пайдаланып отырған.  Жасыл, көк, қызыл дегендей. Ішінен күлгін түсті қатты ұнатыпты.
Сонымен бірге, "Миссис Дэллоуэйдің" авторы тікесінен тұрып жазатын болған. Оған ол арнайы жасалған мольбертті пайдаланыпты.

Роальд Даль
Әйгілі әңгімеші Роальд Даль жалғыздықта жұмыс жасауды құп көрген. Ол өз үй ауласының алдындағы кішігірім сарай ішінде майысқан орындығына жайғасып, кестеленген сары блокнотты тізесіне қоя, қарандашпен жазатын болған. Бір қызығы, сарай ішінде үстел болмаған екен.
Роальд Дальдың бұл әдеті суық күндері де жалғасын тапқан - сарай ішінде жылусыз жаурап қалмау үшін ол ұйқы қапшығының ішіне еніп отырыпты.
Бала күнде өзі жинаған шоколадтар фантигін өзімен бірге ала жүріпті. Өз кезегінде, Дальдің көп шығармаларының бірі тәттіге байланысты - "Чарли және оның шоколадтар фабрикасы" деп аталады.

Чарльз Диккенс
Ағылшын тілді жазушылардың ішіндегі ең танымалы, шығармалары кітап сөрелерінде шаң баспай келе жатқан Чарльз Диккенс мәйітханаға баруды жақсы көріпті.
"Көзге көрінбейтін беймәлім бір күш мені мәйітханаға тартады да тұрады" - деп жазады Диккенс. Қай қалаға бармасын, бірінші кезекте мәйітханаға соға отырып, ондағы суып қалған жан мен тәндердің арасында сағаттап уақыт өткізіп, өлілерге "сүйсінумен" болған екен. Десе де, ол өзіндегі бұл сезімді "жиіркеніш тартылысы" деп атап өтіпті.
Ел аузында Диккенс мәтіннің әрбір 50-жолында (өзі жазған) бір жұтым ыстық судан жұтып отырған деседі.

Антон Чехов
Орыстың ұлы жазушысы әрі драматургы қысқа ғұмырында өзіне көп міндеттер жүктеп өткен. Бір бекінген нәрсесі болса, аяқтамай қоймаған.
Сонымен бірге ол мұнтаздай таза киініп, жинақы жүруге тырысқан. Жазушы өз үйінде монахтың жеке бөлмесіндей ерекше тәртіп пен рәсім орнатып өткен: «Адамда бәрі жақсы болуы тиіс: беті болсын, киімі болсын, жаны болсын, ойы болсын». 
Антон Павлович өзінің сыртқы бейнесіне мұқият қарағаны соншалықты, тіпті, үлкен дертке шалдыққан күндерінде де қонақ алдына халатпен шықпауға тырысқан.
Жазушылыққа оралсақ, Чехов демалыс күндері костюммен шығармашылық жұмысқа отыратын болған.

Генри Миллер
Американдық жазушы Генри Миллердің өзіне міндеттеген борыштары көп болған (олар "Жазушылық ойлар туралы" кітабында жарық көрген).
Солардың ішінде мынадай тұстар бар: бір ғана шығармамен жұмыс жасау (бітіріп болмайынша); жаза алмасаң, еңбектену; жазушылық - басты орында, қалғандары кейінге: бірақ адам болып қалған дұрыс - кісілермен кездесіп тұру, әртүрлі орындарға бару, егер қаласаң, ішіп тұру.
Миллер таңертеңгілік уақыт пен түскі астан соң жазуға отырған (егер жақсы көңіл-күйде болса, егер болмаса - белгілеп алғандарын екшеумен өткізген). Ал кешкісін достарымен кездесіп, қыдырып, кейде сурет салуға құмартыпты. 

Агата Кристи
Детектив жанрында 78 роман жазған автор өзінің шығармаларындағы шытырман оқиғалардың желілерін алма жеп отырған кезінде, ыдыс-аяқ жуып жүрген сәтінде ойластыратын болыпты...
Ол өз сөзінде: "Ыдыс-аяқ жуу кезекті қылмысты дүниеге келтіріп, ал алма болса оқиға желісін ынталандыра түседі" - деп сендірген. 
Агата Кристидің шығармашылықтағы тағы бір басты қасиеті - жазушы кез келген жерде жаза беретін болыпты. Мейлі, далада болсын, көлікте болсын, тіпті, оралымсыз тұста да қолынан қалам түспеген екен.
Мұның сырын ол көп уақыт бойы өз үйінде жазу үстелінің болмауымен байланыстырған. Десе де, үстел жоқтығы оған детектив жанрында дүниелерді тудыруына кедергі келтірмеді. 
Черчилль (Британияның бір уақыттардағы премьер-министрі) бір жолы дүниедегі сәттілік ең көп кездескен ұрыдан гөрі, Кристидің қылмыспен тапқан байлығы асып түскенін айтып, қалжыңдаған көрінеді.

Уильям Вордсворт
Тумысынан романтик саналған ағылшын ақыны қоршаған ортаны, ең бастысы, табиғатты "іңкәрлік пен күлкі-қуаныштың", "түпсіз терең шабыт пен тұңғиық қолдау көрсетудің" көзі деп санаған. Сенген де. 
Әрине, егер оны жүрегімен түсіне алар бір жан табылса, Вордсворттың таным-түсінігіндегі табиғатты тануы ерекше қызық болып көрінер еді. Бұған себеп, ақынның жазғандарының басты бақылаушысы иті болғаны. Оған ол өз поэмаларын бірінші оқып беріп, егер ол үріп, арпылдап кетсе, қалтасынан қаламын қайта алып, әлгі шығармасын тағы бір қайтара жазып шығатын болған.

Федор Достоевский
Федор Михайлович адамдармен сырласуға, ұғысуға көп құмартқан жан. Бұған дәлел, оның жаңа адамдармен таныстық құрып, жолай өткен жүргіншімен әңгімелесіп қалуға тырысқандығы.
Достоевский диалогты өз қолына ала отырып, әңгімелесушісінен дүниедегі бар-жоқтың бәрін сұрап, көздерінен көзін алмай, тік қарап тұратын болыпты. Мұның сырын ол өзінің болашақ шығармаларына материал жинап, кейіпкерлердің образын жинақтаумен байланыстырыпты.
Достоевский ойлар піскен күні бір бөлмеге кіріп алып, ас пен ұйқысыз бірнеше күн қатарына жұмыс жасайтын болыпты. Үй қызметкерлері бірде оның даусын естісе, енді бірде оның бөлме ішін кезіп, шарқ ұрып жүргенін біледі екен.
Бір күні "Қылмыс пен жазаны" жазып жатып, ол Раскольников пен кемпірдің арасындағы өзара пікір-таласқа ерекше құлаш ұрып, ауызша қайталап жатады. Бұл дауыстан ауызғы бөлмедегі  малай қорқып кетіп, жазушының үйінен кетпекке бекінеді. Әлгі малай Достоевскийдің біреу-міреуді өлтіргелі жатқанына шек келтірмесе керек...

Фридрих Шиллер
"Өзіме мәңгі жұмбақ жанмын" - дейді Фридрих фон Шиллер. Оның айналасындағы адамдарға неміс ақынының жазу үстеліндегі шіріген алмаларға не істеп, не қоятыны көп уақыт бойы жұмбақ болып келген.
Шиллердің жазу үстеліндегі жұмбақтың жауабын Гете ашады: "Бір жолы мен Фридрихке қонаққа барсам, ол бір жаққа кетіп қалыпты. Әйелі маған оны жұмыс бөлмесінде күте тұруымды айтты да, кетіп қалды. ...Орындыққа отырып, үстелге шынтақтай бергенім сол еді, кенеттен жүрегім айнып сала бергені. Жалма-жан ашық тұрған терезенің алдына жетіп, ауа жұтып тұрдым. Мұрынды алып бара жатқан не иіс екенін кейіндеу барып түсіндім. Сөйтсем, бұл таудай болып үйілген шіріген алмалар екен. Малайдың бірін шақыртып едім, ол маған қожайынның бұл алмаларсыз жаза алмайтынын айтып түсіндірді. Кейіндеу Шиллер үйге оралғанда, бәрін құптады".
Дайындаған: Әкежан Дәкен
сурет: relax.ru; zhasorken.kz 
Л. Лига