Ақын-жазушылардың тапқыр жауаптары

Ақын-жазушылардың тапқыр жауаптары

Назарларыңызға Оноре де Бальзак, Пушкин, Буало, Марк Твен, Бернар Лебовье де Фонтенель, Кемине секілді әлем әдебиеті классиктерінің тапқыр жауаптары мен қызықты оқиғаларын ұсынамыз:

***

А. С. Пушкин бірде бір топ замандастарын мейрамханаға шақырып, сый жасап жатады. Орта тұсында граф Завадовский кіріп Пушкинге:

- Александр Сергеевич, бұл мырзалығыңызға қарағанда әмияның қалыңдап, қалтаңа сыймай кеткен-ау шамасы, - деп қағытады. Сонда ақын:

- Иә, сізден баймын. Өйткені, сіз ауыл-аймақтан ақша күтіп, зарығып-ақ бітесіз, ал менікі орыстың отыз екі әрпі аман болса болды, ағыл-тегіл, - деген екен.

***

Бірде Людовик XIV өз атағын шағару үшін өлеңдер жазып, оларын Француздың белгілі ақыны Буалоға көрсетіп төрелігін айтуды сұрайды. Патша өлеңдерін мұқият оқып шыққаннан кейін ақын:

- Ұлы мәртебелім, - дейді, - сіздің құдіретіңізге тағы да қайран қалып отырмын. Сіз ортанқол өлеңдер жазғыңыз келген екен. Сол мақсатыңызға жетіпсіз.

***

Оноре де Бальзак графологиямен айналысқанды, яғни адамның жазуына қарап мінез-құлқын, болашағын ажыратуды жақсы көрген екен. Бірде бір бикеш Бальзакқа оқушының дәптерін көрсетеді де, жазуына қарап, оның болашағы туралы айтып беруін өтінеді.

- Сіз бұл баланың шешесісіз бе?

- Жоқ.

- Онда мен бар шындықты айта алады екенмін: бұл бала жеңілтек, жалқау әрі топас. Оның қолынан еш жақсылық келмейді. Бикеш ішек-сілесі қатып күледі де:

- Бальзак мырза, сіз қалайша өз жазуыңызды танымай қалдыңыз? Бұл сіздің мектепте оқып жүргендегі дәптеріңіз ғой, - дейді. Сол күннен бастап Бальзак графологиямен айналысуын қойыпты.

***

Атақты француз жазушысы Бернар Лебовье де Фонтенель жүз жасында бір жас сұлу қыздың қолынан түсіп кеткен желпігішін алып берем деп құлап қалыпты. Әлгі сұлу қыз қарт де Фонтенельге көмектесіп, демеп жатқанда:

- Әй, қайран сексен жасым-ай, - деген екен.

***

Бірде Марк Твен бір жаңадан төселген ауқымды жолға шыға қалса, оның жиегіне көрнекті етіп былай деп жазып қойыпты: «Бұл жолмен жазушы Марк Твен жүріп өткен. Өту ақысы – он цент». Жазушы жол иесіне жолығып: «Көкетай, жолың жақында салыныпты. Мен болсам бұл жолмен әлі жүріп көргенім жоқ қой» дейді.

Біраз күннен кейін жазушы әлгі жолға тағы да табан тірей қалса: «Бұл жолмен атақты Марк Твеннің өзі әлі жүріп өткен жоқ. Сіз бар-жоғы жиырма бес цент төлеп, ол кісіден бұрын өтесіз. Және ол жөнінде жазушының жаңа романынан оқи аласыз» - деп жазып іліп қойыпты.

Оған Марк Твен: «Бұныңыз не, мен сіздің жол жөнінде жазған жоқпын ғой?!» дей кейиді.

Келесіде өтіп бара жатса былай деп жазып қойыпты: «Біздің жолдың кереметтігін айтып жеткізуге әйгілі жазушы Твеннің өзі сөз таба алмай қиналғаны бар. Елу цент төлеңіз де, ғажап жол үстімен өте беріңіз».

***

Түркімен ақыны Кемине ұзақ жолдан жаяу жүріп қатты шаршайды. Оны қуып жеткен бір қайырымды адам есегіне мінгестіріп алады. Сонда аз-кем тыныс алған Кемине:

- Жұмақ дегенің алыс емес – небары есектің бойындай ғана биіктікке орналасқан екен ғой, - депті.

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: u.paperblog.com

Ш. Талап