Қазақ бойжеткені жазушылар көзімен

Қазақ бойжеткені жазушылар көзімен

Бойжеткен сұлулығын суреттеуге сөз де аздық етіп жататын кездер болады. Бірақ жазушылар суреттеген сұлуды елестету үшін кейде елестету қабілетің болуы керек. Оқисың да, тамсанасың.

«...Дәл осының артынан шолпысы ақырын сылдырлап, ақ жүзіне жұқалау қызылы нұрдай жарасқан анық Тоғжан өзі келеді екен. Сыпайы жымиып, күліңкіреп кірді. Мінсіз аппақ тістер қолмен қойғандай. Екі бетіндегі нәзік жарастық қызылы, асығып күткен қызыл арай таң сәріндей.
Әлі де айықпаған ұяң сыпайылықпен қонақтарға қарап ақырын амандасқанда, реңіне шұғыл толқын кірді. Бет ұшындағы жұқалаң қызыл тұтасып, бар жүзіне ду етіп тарады.
Үлбіреген, бала жастықтың аса қатты қысылған, қымсынған белгісі білінді. Оны ұялтқан Абай еді.
Орта бойлы, дәл Тоғжанның өз бойындай. Бар мүсіні келіп тұр. Бет бітімі, ақ қызылы жаңа Ербол айтқандай, айнымаған Тоғжан. Бұның да жібек талды, қолаң қара шашы бар. Мұрын, аузы да, бір қарағанға ма, дәл сол сағынышты ғашығының Абайға ерекше ыстық көрінетін аса сұлу, сүйкімді ауыз, мұрнындай. Аз көтеріңкі қырлы мұрны ұш жағына келгенде жұмырланыңқырап, өзгеше келісті біткен. Жұқалаң қызыл еріндерінде балалық, кінәсіздік лебіндей, ыстық әсер демі бар. Айналасын қуантып, сүйсіндіргендей, жазықсыз нәзік күлкі қуаныш бар. Анық Тоғжан жары осы. Бірақ, жаңа түсінде көрген сияқты, ертерек күндегі үлбіреп тұрған жас Тоғжан...».

Мұхтар Әуезов. «Абай жолы» романынан үзінді


«Осы кезде манағы есіктен қыз да кіре берді. Қайрақбайдың сипаттауында ешбір қате жоқ екен: шынында да үлде мен бүлдеге оранған, асыл тастармен, алтын бұйымдармен безенген, талдырмаш сұңғақ бойлы, сұлу кескінді қыз!..
Жұпары күндік жерге мол жететін,
Қалампыр иіс майлап өрген шашы,—
дегендей, манағы есіктен сезілген тамаша иіс иіс пе?.. Қыз бөлмеге алып кірген мына иіс адамды мас қып жіберетін!..
Қазақ қызының әдетімен, бөтен кісіге көзін төмен түсіре кірген сұлу, самауыр қасына әдеппен кеп отырды да, қобдишаның қақпағын кетерді. Епті жігіт оған жәрдемдесіп екеуі қарала кәрлен шәшкені подносқа жайды. Сонда байқасам, аппақ ұзын саусақтары да жас қамыстың жаздыгүнгі сүйріктеріндей екен!..
Қонақтардан қымсынған кескінмен шай құйған қыз, менің көзімді аңдығандай боп, бәлкім бұрсам-ақ мөлдірей қарай қояды да, мен қарай қалсам, көзін төмен түсіре қояды. Солай аңдысып отырып, бір кезде кезімізге көзіміз жолығыса қалды. Сол қарас, арбасқан мысық пен жыланның қарастарындай бір-біріне қадала қалысып, аз уақыт айрылмай тұрып алды. Қызы арбалып қала ма дегендей әкесі қақырынып қалғанда, байласқан көз қарасымыз үзілді де кетті. Менің қарасымнан қыздың не ұққанын білмеймін, оның қарасынан менің ұққаным: «Күйеу келсе қыз даяр!».

Сәбит Мұқанов. «Мөлдір махаббат» романынан үзінді


«...Шай құйып отырған қыздың он саусағы мен беті ғана көрінеді. Сұлулығын да, балғындығын да паш етпей тежеп ұстайтын қыз болу керек. Әлде сұңғыла қыз жасыра ұстаған сұлулықтың өлтіре қызықтыратынын біле ме екен?.. Уысың толар жуан бұрымның астынан аз ғана мойны ағараңдайды. Үлбіреген ақ саусақ емес әр іске үйреніскен қолдары сенімді де оңтайлы қимылдайды.
Есеней қыздың көрінбесін көріп, тінте қарап отыр. Баяғыда құмырсқа шаққан арқасы кез алдына келді. Мақпал-қара меңнің тұсына да едәуір айналақтап қалды. Қыз өзі де сұлу, бірақ, Есеней оның сұлулығын да, мінезін де, ақылын да өз ойындағы оқ жетпес биіктен асыра көріп отыр. Түн бойы «құтырма, қара бура, құтырма!»— деп шығып еді. Сол тәубесі қазір де есінде. Ішінен айтып та қояды. Амалы не, өзіне де, кезіне де ие бола алар емес. Бір-екі рет Артықбайдың сұрауларын жауапсыз қалдырды...»

Ғабит Мүсірепов. «Ұлпан» повесінен үзінді


«Қазақ қыздарының балғын шағындағы сұлулықтары ересен: қап-қара жанары шоқтай жайнайды, қырық өрім ғып қойған бұрымы көмірдей қап-қара, ал маржандай тізілген аппақ тістері қандай, жүзінен жастықтың, жігердің нұры ойнайды, денелерінің сүйектілігін, аялы болғанымен, көздерінің сəл қысыңқылығын бапты қимылы мен сəнді қозғалысы байқатпай тұрғандай. Тұрмысқа шыққанша олар жеңі кең ұзын көйлек, сыртынан кеудеше сияқты оюлы камзол киіп жүреді. Қыздар моншақ, шолпы әсемдік заттарын өте жақсы көреді, кішкене алтын, күміс тиындардан мойнына алқа, шашына шолпы, құлаққа сырға ғып тағып, көбіне білезіктің бір түрін тағып жүреді. Былғары шашақ тағып, оюланған етіктерінің ерлердің аяқ киімімен көп айырмашылығы жоқ».

Бронислав Залесский. «Қазақ даласының тіршілік тынысы» атты қолжазбасынан

Сурет: turan.info, yvision.kz

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina