Мо Ян. Интернет әдебиетіне елеусіз қарауға болмайды

Мо Ян. Интернет әдебиетіне елеусіз қарауға болмайды

Мен үшін интернеттік әдебиет мүлде бейтаныс бір дүние еді, тіпті іштей оған жаулық пиғыл ұстанғанымды да жасырмаймын. Бірақ, интернеттік әдебиеттің елеусіз қарауға болмайтын құбылыс екенін ақыры мойындадым, қазіргі қытай әдебиетін тану, зерттеу мәселесі интернеттік әдебиеттен айналып өте алмайды. Егер қазіргі қытай әдебиетіне баға беруге тура келсе, интернеттік әдебиетті қағыс қалдыруға әсте болмайды.

Бір мезгілге дейін, интернеттік әдебиет пен дәстүрлі әдебиеттің арасы салқын болып келді, бейне дәстүрлі жазушылардың шығармалары ғана нағыз көркем әдебиет санатында сияқты да, интернет жазушыларының туындылары оқуға жеңіл, арзанқол бірдеңелер секілді. Дегенмен, уақыттың өтуіне байланысты, көркем әдебиет пен жеңіл әдебиеттің, дәстүрлі жазушылық пен интернет жазушылығының ара жігі бірте-бірте дүдамал тарта бастады, екеуінің арасына соғылған қабырға тамның(қабырғаның) қазір ізі де жоқ.

Там дегеннен шығады, бала күнімде біздің ауылдағы там үйлердің бірер қабырғасы қалайда мап-майда, жап-жалтыр болып келуші еді. Егер біреу өз үйінің артқы қабырғасын ақтайтын болса, бірер күн өтпей қабырға беті әдебиетке әуес балақайлардың өлеңі мен әңгімелеріне толып кететін. «Пәлен мен түген жақсы болып жүр» деп жазылса, оны махаббат тақырыбына арналған хикаят деп; ал «пәленбәй түгенбәйдің үйіне қонаққа барып, етке тойып, араққа бөгіп қайтыпты» деп келсе, оны жемқорлыққа қарсы өткір әңгіме деп біліңіз. Интернеттік әдебиеттің бостандық дәрежесі біздің бала күніміздегі мыжырайған там үйлердің қабырғасы сияқты. Әлбетте, ол қабырға бетінен әлде қайда кең және еркін, көңіл түкпіріндегі сезімді емін-еркін ақтаруға мүмкіндігі бар екенін ескергенде, екеуін барандас деуге болады.

Көп жылдан бері әдебиет оқытуы да талай талас-тартысқа тамызық болып келді. Жазушы мен ақынды тәрбиелеп жетілдіруге бола ма? Менің ойымша, жер бетіндегі университеттердың көпшілігі көркем әдебиет факультетін бекерге ашып отырған жоқ, әдебиет әуескерлерін тәрбиелейтін арнайы жазушылық курстары қаншама, қаншама адамға әдебиеттәну мамандығы бойынша ғылми атақтар беріліп жатыр. Осының өзі әдебиетте оқуға, сөйлеуге, үйренуге тиісті мазмұндардың бар екенін растайды, міне, интернеттік әдебиет университетінің ашылуының ұлтанды себебі де осы.

Дайындаған: Сұңқар Ақбоз

Сурет: cflac.org.cn 

M. Auelkhan