Оқи отырыңыз

Талай жан бар аузыменен айды алар, қолымен қосаяқ та соға алмас.

Автор: Мұхтар Әуезов

— Редактор бағаны —

Сүйінші, «Massaget» мобильді қосымшасы іске қосылды!
Сүйінші, «Massaget» мобильді қосымшасы іске қосылды!

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Бас редакторы

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ

— Жұлдызды блогтар —

— Үздік әуендер —

Нұржан Тәжікенов - "Сағыныш"
Роза Рымбаева - Алтын сағым
"Тұран" тобы - Kara jorga - people's songм
"Тұран" тобы - The swan - N. Tilendiev
"Тұран" тобы - Kaiys's weeping - poems by S. Kudaiberdiev (the epic of 'Layla and Majnun')
"Тұран" тобы - Zharapazan - people's song - poems by S. Medeubek
Негізгі / Лайфстайл / Әдебиет / Көкжиек / Жұмабай Шаштайұлы. "ЕСБАЙ ТIГI"

Жұмабай Шаштайұлы. "ЕСБАЙ ТIГI"

Жұмабай Шаштайұлы.

Бүгін, яғни қазан айының 10-ы белгілі жазушы, "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторы - Жұмабай Шаштайұлының туған күні. Қаламгер пайғамбар жасы 63-ке толып отыр. Осыған орай ағамыздың бір әңгімесін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Жұмабай Шаштайұлы - 1950 жылы Жамбыл ауданы, Жамбыл ауылында дүниге келген. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықарарық Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты, ҚР Президенті шәкіртақысының иегері. "Қызыл қар", Жала мен нала", "Жыр жолбарыс", "Біздің заманның Аяз биі" атты кітаптары жарық көрген.

ЕСБАЙ ТIГI

Есбай ең ақыры бала мен қатынға бағам қалмайды-ау деп ойламапты. Көзi жөндi көрмей, құлағы шала еститiн халге ұшырағалы өзiн оқшау  ұстап, мәңгiрген кейiпте жүретiндi  шығарды. Әйелi Сана үй мен  түзде найқала басып, бәрiн өзiмнiң аузыма қаратам дейтiн үстемдiк танытқысы бар. Кейiнгi кезде Есбайдың  қасына жолауды қойды. Жаңадан келiншек алған Жасыбекпен дегбiрсiз Сана сөзге келiп қала ма, шаңқылдаған дауысын емiс-емiс құлағы шалады. Баланы құдайдан сұрау бекер екен дейдi. Есбайдың Жасыбекке де ренiшi жоқ емес. Келiн балаға кiшкене iзет сақтау керектiгiн айтпайды-ау, шамасы. Қара кешке дейiн соның  жанынан үйiрiлiп шықпайтын ұлында, әлде  ақыл жоқ па?  Болмаса, өзiнiң пейiлi бұзылды ма, аңдығаны әйелi. Бұл байқайды, от басының берекесi қашып барады. Көзiнiң шырағы әлсiрегенiмен көңiлiнiң желпiнiсi  әлi басыла қоймаған қария өзiнiң ойшыл болып кеткенiн сездi. Орайы келсе әңгiмеге араласайын дейдi. Бiрақ  сөз төркiнiн ұқпай дымы құриды.

Адаммен адамша сөйлесудiң зарын тартқалы өткен күндерiнiң қадiрiне жете түстi. Қазiргi Сана онда кергiмейтiн. Қайсыбiрi  жадында қалды дейсiң. Дәп мына Жасыбектей әйелжанды болған жоқ, әйтеуiр.

Есбайдың сопақша келген кескiнiнен уайымның табы бiлiнедi. Шот маңдайының қатпарлары жиырылып,  ақ бурыл қаба сақалын тарамдап қойғаннан басқа қимылға бармады. Нұры тая бастаған көздерiн сығырайта, сыртты ұзақ шолады. Төтенше шымырлаған түйiршiктер  әлсiз жанарын талдырып өтедi. Қарауытқан тiршiлiктiң бүкiл  күңгiрттiгiнен жерiнгендей терiс қарап бүктүсiп жатады. Тағаты таусылғандай оң жамбасына қарай қайтадан аунап, әдетiнше тыстағыларды бажайлайды. Дәу де болса табалдырықта отырған келiнi. Ұзақты күнге оның қасынан үйiрiлiп шықпайтын  анау Жасыбек. Немене өзiнiң қисыны қашып жүр? Шажылдап-бажылдап бiрдеңенi түсiндiре ме, тегi. Бiр кiлтипан бар-ау!

Осы кезде Сананың саңқылы құлағына келгенде: «Апырай, анау тағы шаптықты ма?» – деп бағжаң еттi. «Құрғыр кiшкене сабыр сақтап, ең құрыса келiнге сыр алдырмай тұра тұрса қайтедi». Мұның қабырғасына бататыны – шеше болып Сана тиянақ танытпайды, бала болып Жасыбек кiшiреймейдi.

 Киiз үйдiң жапсарын бағана ортаншы ұлы Мылтықбай түрiп кеткен. Тiршiлiктен ажырап қалғалы Есбайдың көңiлiн табуға тырысатын сол. Қарагер дөнендi жүйрiк болады деп баптап жүр. Есбай бұл баласының осынысына тәуба етедi. Өзi кiсiге үйiрсек. Ал мына Жасыбектiң өз-өзiнен берекетi қашып, келiннiң ыңғайымен болатынына ренжiдi. Кереге көзiнен баласы мен келiнiне тағы шұқшиды. Жанары талып, басы айналғанмен аналардың қарасы ағараңдап көрiнгенше тесiлдi.

– Жасыбек!

Даусы қырылдап шықты.

– А, – дедi баласы орнынан қозғалмаған күйi.

Мұны естiмеген  Есбай даусын одан сайын  өктем  шығарды.

– Не? – дедi Жасыбек тырысып.

Баласының бұл қылығы шамына қатты тидi.

– Әй, тiрiмiсiң, келсеңшi берi?!

Жасыбек орнынан жұлқынып тұрып, есiктiң көзiнен  аңтарыла әкесiн бей-жай шолды.  Қарияның кескiнiндегi  кiрбiңдi аңғарып, не айтқысы келетiнiн шыдамсыздықпен күттi.

– Не, ата? – дедi, қатты дауыстап.

Есбай баласын жаңа көргендей ұзақ тесiлдi.  Көзiнiң қарашықтарына бiр қабат тұнып қалған жас бедiрейiп қараған сайын жылағалы  тұрғандай көрiнедi. Жасыбек әкесiнiң ұсқыны қашқан түрiнен сескене:

– Ата, не айтайын деп едiң? – дедi.

Жаңағы  пұшайман  күйiнен аяқ асты арылып, ұлына емiне түстi.

– Балам-ау, осы сенiң  әйелге келгенде иiң неге жұмсақ, а?

Жасыбектiң ақ құба сопақ жүзiне бұрқ етiп қан тептi.

– Ой, ата, оны қайтесiз!

– Қайткенi несi, құдай-ау! Тiршiлiксiз  келiннiң жанында отыра берсең, анау шешең екеуiң  сыйыспайсың.

– Мен, тегi, бәрiңе бәле болып жабыстым ғой, – дедi Жасыбек.

Есбай ұлының сөзiнен амалсыз тосылды. Iсiңкi көзiн уқалап, Жасыбекке бажайлап қарады.

– Балам-ау, осы шешең он еркектiң есiн аударатын-ақ қатын. Қазiр ғой, менi құдайдың өстiп қойғаны. Әйелдi еркелететiн жерде еркелетiп, ұратын жерде ұрып қойған терiс емес.

– Ата, сендердiң замандарың мен бұл заман тең емес, – дедi, Жасыбек керегенiң көзiнен сыртқа жалтақ-жалтақ қарап.

– Бұл заманға не болып қалыпты? – дедi, Есбай ендi iсiм сенiмен болсын дегендей ұлына тiке сұрау қойып.

Жасыбек қолын бiр-ақ сiлтеп, сыртқа атып шықты. Есбай оны тоқтатуға ұмтылып бiр-екi қопаңдап қойды. Бiрақ дауыстамады. Басын төмен сылқ түсiрiп, селсоқ отырды. «Ол заман мен бұл заман тең емес дей ме, жаңағы. Туһ, шiркiннiң кемеңгерi-ай!  Ақылым  асып отыр деп айтты ма екен, жоқ, бары сол ма? Әлде, басы жерде болғанмен, көңiлi аспанда ма? Бiр әйелдiң бабын таба алмай  жүрген жетесiз неме!» – дедi.

– Әй, шал, – деген Сананың даусынан басын жұлып алды. Мұның тегiн келмегенiн сезедi.

– Е, не?

– Тасқа иiген сорлы-ау,  кергiтпей тыңда. Анауың бөлiнiп шығам дейдi.

Сана шын ақылдасқысы келген сыңайын танытып-ақ тұр. Жөндi көрмейтiннен берi кiсiге ұзақ тесiлетiн  әдет тауып едi. Осы жолы да әйелiне  iшiп-жеп қарады. Әлсiреген жанарының әлi сұғы бар екенiн бiледi. Сана ойнақшыған көзiн амалсыз тайқытып, әп-сәтте әйелдiк сынық кейiпке көштi. Есбай айлалы Сананың мына сыңайын түсiне алмай әлек.  Билiгiнен айрыла бастаған мұның бiр септiгi тиер деген үмiтпен келгенiн сездi. «Ау, бұл жақсы адам болса, бұдан бұрын қайда жүр? Көптен қатқыл қабақ танытып ем, ендi аяқ астынан кiшiрейсе, мен жазғанды қопаңдап, сестене қалады дейдi-ау». Есбайдың шырайы ала бөтен күреңiтiп кеттi. Бұл бұрқ  етiп ашуланғанның белгiсi едi.

– Ендi маған не қыл дейсiң? – деп саңлауында сәулесi жоқ кiсiше Санаға немкеттiлiкпен тiл қатты.

– Не қылғаны несi, құдай? – деп Сана бажылдай  жөнелдi. – Не байға, не балаға жазбаған байғұс басым-ай.  Бүйтiп тiрi жүргенще құдай менi неге алмайды.  Көр соқыр, тас керең боп отырғаны мынау. Қарғайын  десем жалғызым, қарғамайын десем жалмауызым, анау!

Есбай жөнделiп отырды. Баяғыда да осындай бейбақтығы бар едi. Көкбеттенiп кiсiге тура шабатын. Үнi  көп уақыт өшпейтiн. Қазiр де құрғырдың шарылдап шыққан даусы құлағына талып жеттi. Он екi мүшесi сау, көк шыбықтай солқылдаған шағында да мұның сөзi жанын кәдiмгiдей жаралайтын. Жұрт арасындағы Есбайдай жiгiт Сананың ашса алақанында, жұмса жұдырығында дейтiн қауесеттi естiгенде де, өзге  әрекетке бармай iштей тынатын. Оның үстiне қалтылдаған кәрi шешесi кей кезде:

«Балам-ау, маңдайға жазғаннан артық ештеме жоқ. Бұл босағаға жақсы ұрғашыны жазбаған. Мен де баяғыда байғұс әкеңнiң апшысын қуыратынмын. «Бiрақ құдай асықпайды», – дейтiн.

«Әй, сорлы шешем-ай. Жалғызыңның жалғанда  жалқы екенiн ойлап, бала-шағалы болып қауымдасып жүрсе екен дегенiң ғой. Әйтпесе осы Сананың  ақыл тоқтататын уақыты баяғыда болған жоқ па?».

Есбайдың бойын ашу емес, өкiнiш билегендей көңiлi құлазып, iш дүниесi қаңырап бос қалғандай дел-сал күйi үн-түнсiз отырды да қойды.  Адам қартайғандықтан емес, кемдiктен жарым көңiл болатынына көзi жеттi. Сананың бүгiнгi қылығына  адам төзетiн болып отыр ма!

Есбай ойға қатты кеттi. Бұдан былайғы өмiрiнде осындай күй кешу қиын соғатынын бiледi. Оған төзсең де төзесiң, төзбесең де төзесiң. Ажал келiп жанды ұрласа, бiр сәрi. Есбайдың ойға лайықсыз кесек кескiнiнен сарабдалдықтың жұрнағы да байқалмайды. Бозарған өңiне күреңiткен қызыл бояу жиi-жиi лап етiп шығады. «Құдайым, пендем десең, қор қыла көрме», – дедi де сыртқа құлақ тосты. Сана тынышталған-ау шамасы, жуық арадан үнi естiлмейдi.

Күнi кеше дүйiм ел атын бiлетiн  көкпаршы емес пе едi. Қырғыз-қазақ  бас қосқан жерде тау-тасқа, өр-ылдиға қарамай, құйындатып шабатын. Былайғы жұрт мұның оспадарлығына бiрде таңырқаса, бiрде ашуланушы едi. Бiрақ жеме-жемге келгенде  бетiне ешкiм қарсы келiп, мынауың жөн емес деп айта алмайтын. Анау, әлгi, қолына су құюға жарамайтын Тойшыбай ғана құрдастығын пайдаланып, ойындағысын iрiкпейтiн.

– Әй, дию-перi, қашанғы көкпардың қызығын бiр өзiң көресiң. Өзiңнен кейiнгi жастар сапсиған сақалыңды сыйлайды. Әйтпесе бәрi жабылса ту-талақайыңды шығармай ма, – дейдi.

Сөзi шымбайына батқан соң Тойшыбайды қалжыңдағансып, ат үстiнде жұлқылап, ит әлегiн шығаратын. Қызарақтаған Тойшыбай тағы тыныш тұрмай:

– Ата сақалың аузыңа бiтсе де, ақыл кiрмеген дүлейсiң ғой бiр, – дейтiн.

Сол Тойшыбай қазiр жетiлдi. Балалары осы  колхозды тiреп тұр. Ат басын арнайы бұрып, мұның хал-жағдайын бiлген емес. Қатары ғой, ит те болса аңсайды. «Оның есiктегi басын төрге сүйреген балалары. Мына шiрiк неменiң айбыны болса, сол Тойшыбай сияқтылар өстетiн бе едi. Жаманды-жақсылы  Есбай деген аты бар».

Ой дегеннiң түбi жоқ. Шiлденiң ыстығында осылай омалып жатуы тұла бойын ұйытып тастаған ба, меңiрейген күйi сұлық отыр. «Қой, кiшкене сергiп, бой жазбасам болмас», – деп орнынан сүйретiле тұрып, сыртқа  шықты.

– Iнiнен күнге қыздырынуға шығатын кәдiмгi жылан. Бiраздан кейiн қайта сып берiп кiрiп кетедi. Ой, қайран көзел-ай! – дедi, күйбеңдеп жүрген Сана.

Сананың сөзiн сол қалпында естiген Есбай: «Құрғыр құлағымның бұдан да тас керең болып қалғаны жақсы едi», – дедi. Бiраз аңырып барып, шиыршық ата әйелiнiң жанына жетiп барды. Сана да Есбайдың тосын әрекетiнен сезiк алғандай ожырая қарап, шаптыға жөнелдi.

– Ойбай, кәрi жының ба, баяғы?! Оныңнан ешкiм  қорықпайды сенiң. осы күнге дейiн қоқаңдағаның да жетедi. Құдайда көз жоқ деймiсiң. Мына қор болып отырғаның менiң назам емей кiмнiң  назасы?!

Селтие қалған Есбай: «Сөз киесi қайсымызды ұрады екен осы», – деп ойлады. Ашаң жүзi қуаң тартқан Сана қос бүйiрiн таянып алыпты. Түйдек-түйдек сөйлейтiн кезi осы-ау, шамасы. Бұл баяғыда пенделiк осалдық болса, Сананың бойынан анық көретiн. Қазiр де бiр нәрсеге таңырқағандай жаңағы күйiнен аумаған қалпы тұр. Әйелiнiң жақ жаппай сөйлеп жатқанын бiлдi. Оның сөзiн естiгiсi келiп ындыны құрып тұрған жоқ. «Кесерткелiк шамам қалмады дейсiң бе, балалардан ұят-ау». Өзiнше қадiрлi басының бағасы кетiптi. «Көп жыл отасқан мынаның сиқы былай болса, өзгеге не жорық», – дедi назаланған Есбай.

– Жалғыз оқпен жайратса, шiркiн, кiмнен таптың дер едiң! – Есбай баяғы саушылықтағысындай оң жағына жалт бұрылып: – Әй, Мылтықбай, – деп айқай салды.

– Оу, ата, – деп сары бала  ентелеп жүгiрiп келдi.

– Қарагердi ертте, өмiлдiрiгiн  сал, тартпасын мықтап тарт!

Керек-жарақ әбзелдi о бастан түгел ұстайтын ол бiр жаққа жүрсе-ақ, жасанып шығатын. Лезде ұлы көлденең тосқан  қарагерге қонжия қонып, бiр ауыз тiл қатпай төстi бетке алып жүрiп кеттi. Есбай жаңағы ауыр әңгiмеден кейiн өзiне-өзi көп уақыт келе алмады. «Бұл бейбаққа не жазып едiм, сонша! Адам пейiлiнен  көрмейдi екен-ау! Бар бәле өзiнде жатпаушы ма едi. Айыбым, жетiм балаға, жесiр қатынға көмектескенiм бе? Қазiр олардан не зиян көрiп жүр? Сондағы менiң бергенiм әлденеше рет қайтпады ма?» Сана ұрынарға қара таппағанда:

– Қой-мойыңмен Әлпишаның, Қайпыштың үйiне кiрiп ал! – деп бұлданатын.  Сөз осымен бiтсе, бiр сәрi. Зарлап-қақсап миын аударатын. Сонда Есбай ашуына ерiк берiп, көтерiлiп көрген емес. Әй, бiр күнi шегiнен шықты-ау.

– Жеттi ендi, тура өлесiң, – дедi гүжiлдеп.

– Саған мұндай күш қайдан бiте қалды? Ненiң желiгi? – деп Сана өршеленiп шыға келдi.

– Қол-аяғыңды матап, суға лақтырмасам ба, қарап тұр.

– Құтыла алмай жүрсiң бiлем. Сендей дүлейдiң қолынан өлгенiмше, өз аяғыммен кетiп тiрi жүрейiн. Көзiңе қашанғы албастыдай көрiнбекпiн.

Есбай күйiп кеттi. Бойын ессiз  ашу биледi. Әуелi сөйлей алмай қимыл-әрекетсiз отырды.  Анасын қолына сыйғызбай тентiретiп жiбергенi анау, нақақтан жанын жаралап отырғаны мынау. Сонда да мұныкi жөн.

– Әй, саған зауал бар ма, жоқ па? – дедi, Есбай атып тұрып. Күйеуiнiң зәрлi шыққан даусынан тосылып, состия қалған Сана сәл кейiн шегiншектеп:

– Жә, жә, – дедi. Сананың «жә, жә» деуiнде әйелдiк  базыналық пен өтiмдiлiк жоқ едi. Сенiкi не желiк дейтiн таңырқаушылық пен  тосырқаушылықты сезген Есбай: «Қазiр, қазiр» деп өзiне-өзi сөйлегендей сыртқа шығып, қолдан есiлген қыл арқанды үйге алып қайта кiрдi. Қолдан есiлген шумақталған арқанды шиыра лақтырып жазды да, екi қабаттап бiр ұшын тас қып түйдi. Бiр сәт бұл iстiң байыбына бармай тұрған Сана кенет:

– Ойбай, ойбай, өлтiрдi! – деп шар-шар еттi.

– Екi қабатталған қыл арқан етiңдi қимайды, қорықпа, – дедi Есбай тiстенiп. Сананың жан дәрмен  қарсылығына қарамастан қолынан шап берiп ұстап, шиыра сiлкiп, төрге ұзыннан сұлатып түсiрдi. Бұлқына арпалысқан әйелiн ары-берi аунатып, жiптiң бiр ұшын iлмекке кiргiзiп, күшпен қатты тартты  да, шандып орады. Сананың денесi әуелi шоршып-шоршып барып, былқ-сылқ  етiп тынды. Соғыстан әкелген дорбасынан бiр шымшым темекiнi тiлдей қағазға салып, ұзақ орады. Түтiнiн үстi-үстiне будақтатып, арагiдiк көз қиығын әйелiне тастайды. «Тобаңа келер ме екенсiң, келмес пе екенсiң, көрейiн».

– Түһ, шiркiн тыныштық орнады-ау, ақыры.  Ертеден қара кешке дейiн зар-зар, миымды шiрiтiп бiттiң ғой. Бұл ақыл мен жазғанға бұрын неге келмедi екен!

Бiр кезде Сананың үстi-үстiне ыршып шыққан жасы екi самайынан төмен саулады. Шырайлы өңi қуара  қалған ол қиналған сыңайын байқатпайды. Есбай тек тәкаппар көз қиығын қадап өттi. Iстерiңдi iстеп қалшы дегендей Сана ендi Есбайдан көз алмай, қимыл-әрекетсiз қалды. Басына тартқан орамалы сыпырылған әйелiнiң жазық маңдайынан бұл бұрын байқамаған  сызаттарды көрдi. «Тiршiлiктiң не тауқыметiн тартты сонша. Жетпейдi. Бар болса аз. Көзi тоймайды. Қанағат жоқ. Сонда кiсiлiк қайда?» Есбай үшiн Сананың санасында не бар екенi беймәлiм. Бәлкiм, екеуiнiң арасындағы күрмеудiң  жазылар тұсы осы шығар. Есбай, әйтеуiр, мұның жақсылық емес екенiн түсiндi.

– Ойбай, мұның не сұмдығың тағы? – деген дауысқа жалт қарады. Қалт-қалт басқан шешесi бүгжең қағып, Сананың жанына жетiп барды. – Құдайдың менi алмай жүргенi осы екен ғой! Сорлы қар-ай, бұған сөйлемей-ақ, бiр ауық әйел болып, айтқанын тыңдасаң неттi! – деп анасы бiресе жiптi, бiресе Сананың бетiн сипалап, дегбiрi қалмады. – Әй, адамзаттың баласы, – дедi ұлына телмiрiп.

Есбай анасын әлi ширақ деп ойлайтын. Бақса, көзiнiң ұясы тереңдеп, қым-қиғаш  әжiм торлаған жүзiнiң еттерi босапты. Байғұс кемпiрдiң одан сайын еңкiш тартқан кейпi Есбайдың жүрегiн сыздатып жiбердi. «Осының бәрi мына бейбақтың лаңы», – деген ой санасында қылаң берiп өткенде қаны басына шауып, көз алды тұманданып кеттi. Әйелiне қайта ұмтылғанда кесе-көлденең тұрған анасы қалтаңдап Есбайды әлсiз қарманып:

– Жарығым, қой дегенде қой! Маңдайыңа жазылғаннан артық  ештеңе болмайды, – дедi кемсеңдеп.

– Жiбершi, апа, ана деп сiздi, байым деп менi сыйламайды. Құрысам, бiржола құрып кетейiн, тегi! –дегенде Есбайдың гүжiлдеген даусына шаңқыл араласты.

– Соры бар түйнегiм, бүйтсең шекең қызады сенiң! – деп анасы дауыс көтердi.

Осы кезде бiртiндеп жиыла бастаған көршiлер Есбайды бөгеп, Сананың қол-аяғын шештi. Сонда Есбай көпшiлiктiң назарынан қашып, атына мiне сала бетi ауған жаққа  шаба жөнелiп едi.

«Әйел таба қылады, бала бағамды бiлмейдi. Жасыбекке не кiнә қоясың. Ол бейшараның өмiрi де бiр әйелмен арпалысып өтетiн болды. Шешемнiң айтқаны, әлде рас па?! Бұл босаға құдайдың қырына неге iлiккен?» Елдiң келiн-баласына қараса,  адам қызығарлық. Есбай  игiлiк деп мал мен дүниенi ойлаған емес. Ендеше, осы күйдi қай қылығынан тапты. «Түбiңдi сұра» дейтiн шешесi әр кез. Ана сорлы ұлының ақыры осындай болатынын бiлдi ме екен?! Мен дейтiннiң бiреуi едi. Көкiрегiн өрге салатындармен қасақана  ерегiсiп, қырғи қабақ жүретұғын. Сонда мына Тойшыбай кiм, бұл кiм  едi?

Есбай осы кезде өзiн шындап қор сезiндi. Астындағы қарагердi сыдырта желдiртiп отырып, Қарасайдың биiк жалын тiк өрлеп шықты. Терең қойнаулы жыраны қуалап келiп, ат басын қайтадан тiкке бұрды. Көктекше  тепсеңiне көтерiлгенде өне бойы соғып тұрған самалды еркiн жұтты. «Кiшкене тазарып, осылай сергиiншi», – дедi.

Әйтеуiр, малдағы ағайынның бұған деген ниетi басқа.

Әкелерi тiрiлiп келгендей құрақ ұша, зыр жүгiрiп күтедi. Бұл да болса бiр жақсылық дейтiн.  Ойласа, көне көзден қарайып жалғыз қалыпты. Бреулердiң қарауылына iлiксе, бiреудiң жаманды-жақсылы ақсақалы. Бұған да шүкiр. Көктекшенiң көгорай  шалғынды жазығын баяғыдай қызықтай алмады. Бойында сәл  жалпiнiс барын  бiлдi. Қазан-ошақты аңдып, әйелдiң қас-қабағына қарап, баладан үмiт күтуден гөрi шоқыға шығып, жер шолу бiр мезгiл тiрлiктегi лаңнан арылтатын көрiнедi. Көлденең кезеңдi асқанда-ақ, басын әлсiн-әлсiн шұлғыған дөнен алып жөнелетiндей тықыршып, тiзгiнмен алыса бастады. Тiк беткейдiң арғы қапталына аса бас бермей кететiн ыңғай бiлдiрдi. «Етi  қызды ма, мұнысы несi!».  Шұғыл ойпаңға көз жүгiрттi. Бiрдеңелердiң мол қарасы ма,  желге жапырылған шалғын күн көзiнен ақшағылданып көрiндi ме, жанарын бұлдыратып  жiбердi. Кенет адамдардың топырлаған үлкен шоғырын байқады. Қарайғандардың бiртiндеп ұзарып, бөлiнiп шыққан бiр тобы бiржола арқауын үзгендей көрiндi. Олардың бет алысы Аққолтық екенiн шамалады. «Не де болса, бұл – көкпар», – дедi. Бiр қиқуды құлағы шалғандай делебесi қоза бастады. Жан-жағына алақ-жұлақ қарап, тiке, төмен құлдилады. Келесi дөңге Қарагер ойнақтап шықты. Кезең белдеуiнде  өрге қарай сап түзеп бара жатқан атты кiсiлерге таяды. Шыңға шапшыған қияда құйындатып шауып, жаңағыларды орағытып өттi. Бейтаныс бiреудiң тосын жүрiсiне таңырқаған топ әуелi ат басын iркiп, үйiрiлiп қалды.

– Есбай ақсақал ғой, мынау! – дедi, бiреуi саңқ етiп.

– Дәмесiн қарай гөр жарықтықтың! – дедi екiншiсi.

Есбай жұрттың қымсынбай айтқан бұл сөздерiн ап-анық естiдi.  «Керең – арам келедi деген осыдан шығады екен-ау», – дедi құлықсыз жымиып,  Жамыраса амандасқандарды салғырт шолып:

– Көкпарды кiмдер алып кеттi? – дедi.

– Қарасу мен Қайназар  далаға алып түспекшi. Мына жатқан Октябрь келiп киген болатын, кiм бiлсiн, – дедi қатты дауыстап.

– Көкпарды кiм берiп едi? – дедi Есбай даусын жаймен созып.

– Бiз, – дедi ең алғаш тiл қатқаны.

Есбай сен кiм едiң дегендей ұзақ тесiлдi.

– Танымай тұрмысыз, Тойшыбай құрдасыңыздың  баласымын ғой. Малды ауылдың басын қосып,  оқуға  баратын немереңiздiң тiл ашарын жасап едiк, – дедi сол айғайлаған бойы.

Есбай бұдан әрi көп кiдiрмедi. Тепсеңнiң қия беткейiмен құлдилап барып келесi қапталдың дөңiне де ат басын тежемей шауып шықты. Сонау жайдақ жалда топырлағанды дода деп түйдi. Дөнен ылдиға да кiбiртiктемей бiр сыдырғы салып ұрып келедi. Додаға тақай бергенде суырылып шыққан үшеу қия жалға бет алды да, аттарының басын еркiн жiбердi. Үздiк-создық шұбатылып қалған жұрттың бiрлi-жарымы ғана қара үзiп шыққандардың iзiне түстi.

– Әй, аналар Қызылауызға алып кетiп  жүрмесiн, –деген дауыстан кейiн бiрен-саран адамдар қопаң желiске көштi. Есбайды елеп, назар тастаған жан болмады. Бұған қорынған ол жоқ. Өзiн топтан оқшау ұстаған бойы суырылып шыққандардың өкпе тұсынан килiгудi ойлап, тiк жалдатты. Тегiстеу беткейге келгенде атын жеңiл шоқырақтатқаны болмаса, Қарагердi жөнi жоқ қинамады. Дүниедегi ренiштi тарс есiнен шығарып жiберген. Бүкiл ықылас-ниетiн көкпарға аударған ол жаңағы үшеу келесi сайдың терең табанын құлдилауы ықтимал деп түйдi. Баяғыда ойда жоқта осындай көкпарға кезiккенi бар. Майтөбе шыңына iлiккен тұста қаумаласқан топқа кiрiп, серкештiң бiр пұшпағына жармасуға ұмтылды. Сөйтiп, үйiрiлiп тұрғандарды киiп-жарып еркiн кiрдi. Былайғыларды шетқақпайлап, дес бермеген төртеудiң қалың топты бiртiндеп сыналай сытылып шығып кету ниеттерiн байқады. Шұғыл әрекетке барғандарымен кес-кестеген жұрт алдын орайды. Тегеурiндi қимылмен кiрген Есбай көкпардың бiр пұшпағын ұстап, қашанғы машығына салып, тақымға басты. Астындағы жуан торыны күшпен тебiнгенде жұлқына ышқынған  жылқы қарсы алдындағыларды қаға-маға ашық  алаңқайға шықты. Бiреуi серкештен айрылар  емес. Қиқулап шапқылаған жұрт ендi тiке жармаспай мына екеуiнiң арпалысын тамашалағандай  қаумалай қалды. Жаңағыға тағы бiреу қосылды. Сәл кешiксе тақымынан  жұлып әкететiнiн сездi. Есбай тәуекелге басып, ат басын шұғыл тiке бұрып, сүйрей жөнелдi. Дүркiреген топ, мына бiр бейтаныстың оқыс қимылынан шошынғандай, үйiрiлiп тұр. Ылди болса да тiзгiн тартпай Есбай шұғыл шабысқа көштi. Қанша уақыт өткенiн бiлмейдi, қосамжарласқан екеу қолдарын кiлт үзiп, жайларына кеткендерiне бұл шын таңырқады. Оның үстiне бiреуiнiң:

– Қайда барам дейсiң, өлгiң келмесе, – дегенiн ап-анық естiдi. Есбай атқа жабыса отырған қалпы үстi-үстiне тебiне құйын-перi болып шауып келедi. Салбыраған алдыңғы екi сирақты тiзгiн тартпастан алдына жиып үлгерген. Кенет қарсы алдында көлденең шөккен жал-жал  шұбатылған қожыр жартастарды көргенде көз жанары шарасынан шыға жаздап, үрейi ұшқан. Тiзгiндi тартса-ақ, ат екпiнiн тежей алмай құрдымға ұшып кететiнi кәмiл едi. Қас пен көздiң арасында «тәуекел» деген бiр-ақ  сөз айтты. Көзiн тарс жұмып алып, тiзгiндi еркiне қоя бере салды. Торы қол-аяғын бауырына жиып үлгердi-ау шамасы, бiр түрлi ширақ секiргенiн сезген. Жерге дiк ете түскенде барып, көзiн жүрексiне ашты. Аспанда бiраз қалықтап тұрғанын шала-пұла бiлдi. Ат тағы тiкке алып жөнелдi. «Қанатты жануарым» дегенде Есбайдың көзiне ерiксiз жас iркiлдi. Осы кезде ойпаңдағы үй орнындай тоғаннан торы тағы қарғыды. «Жылқы екеш жылқы да, өз бағының жүрiп тұрғанын  бiледi-ау, жарықтық!» – дедi Есбай.

Сол заманның басынан тайғанын баяғыда-ақ бiлген. Бiрақ ескi желiгi өзiне дес бермей тағы бiр қиялға алып бара жатыр. Сол ессiздiк қолынан келмесе де, көңiлi шайлығып көрген жоқ. Ақырын берсе Есбай қателеспеген  сияқты. Бөле-жарылып шыққан үшеу арғы кезеңдегi тiктiң ұшар тұмсығына  таяды. Есбайды  көрген олар  әуелi  селтиiп тұрып, қайта өрге  тырмысты. Әлдебiреулер  жай жүргiншi сыңайда шоқының айналма кезеңiне  ат басын бұрды. Осы тiк жалдың бiтiсер тұсында ойпаң бар, соған жетуге асығып, Қарагердi еркiне қоя бердi. Осылай орағыта шауып тұйыққа тақағанда-ақ, өрде тырмысып келе жатқан жаңағы үшеуге қарсы жолықты.  Барған сайын екi ара қысқара түстi.  Көкпарды ортаға алған аналар тiптi жайбарақат. Алдарын орап келiп тосып тұрған Есбайды кiсi деп елер емес.  Жайшылықтағыдай  әңгiме базарын құрып, қарқ-қарқ күле ме,  Есбай қанша құлағын түрiп тыңдағанымен сөздерiн түсiне алмай дал болды.  Көзi жөндi көрмей, құлағы шала естiп  қалғалы осындай мәңгiрген  кейпiн жұрт мүсiркейтiн  сияқты сезiлетiн. Мыналар да сүйтпесе қайтсiн.  Ширығып алды. Ұясы тереңдеген қой көзiнен бiр тiрi ұшқын  жылтырайды. Шот маңдайының әжiм қатпарлары жиырыла түсiп, ұсқыны  қашқан нобайымен  аналардың көзiне қораш көрiнiп тұрғанын бiлдi. Қапелiмде мыналардың Қайназардағы шешен жiгiттер екенiн байқады.  «Бiр қора қазақ жiгiттерiнен жырылып шыққан бұлардың есiретiн жөнi де бар». Кенет Есбайға бiр өр, бiр ылди, ойқы-шойқы жердiң киесi бардай көрiндi.  «Қапысын  тауып, шұғыл қимылға бару керек», – дедi.  Шарт бүктелген қамшысын аузына тiстеп алуға бiр оқталды да, дереу тыйылды.  Аналар Есбайды жолай өтпекшi болып, еңiстi қиғаштап барады. Қарагердi бiр-екi дүркiн қамшымен осып-осып  есiк пен төрдей жерге ойқастап барып, кiлт тоқтады. «Уа, Қарасай! Әруақ! Сақалымның ағында, өлерiмнiң шағында бiр iске барғалы  тұрмын, жебей гөр!» дедi. Көзiнен ытып-ытып шыққан жасын елеместен жаңағылардың соңынан құйындатып шапты.  Жазылмаған жұптың шетiн бөлiп-жаруды  көздеген  бұған аналар дес бермей бiр қапталға жалт бұрылды.  Ендi Есбай жүйiткiп өтiп барып, жiгiттердiң алдын кес-кестейтiн оңтайлы тұсқа келдiм деп  шамалағанда, шұғыл тоқтады. Әйтеуiр, қапталдасып үлгерiптi. Киiп-жарып кiруге жiбермейтiнiн сезген бұл ендi қайшы келудi ұйғарды. Аналарды бұлт берiп шығып кетуге келтiртпей  алдарынан кесе-көлденең тұрып, ортадағының тақымындағы көкпарға жылдам ұмсынды. Үзеңгiлiктен жоғары қылтиып шыққан серкештiң алдыңғы сирағына қолы iлiктi. Ары-берi жұлқып көрдi, қозғалмады. Мына жазған өзiнiң тақымының мықтылығына сенедi екен деп түйдi. Қалған екеуi бұл шалдың не қауқары бар көрелiк дегендей жiктерiн кәдiмгiдей ажыратып,  аңдысын бағып қана тұр.  Есбай тартысатын жағдайға ендi келгенiн сездi.  Өзiн ортаға алып, тапжылдырмай сайқымазақ етiп кетуi ықтимал. Дәмесi алдыңғы жақта ғана  деген сыңай танытып, бiраз жұлқыласып  бақты. Бiр-бiрiне тақаса бергенде тақымға салбырата басылған серкештiң жонынан теуiп өтiп, еңкейiп барып, артқы сирақты iлiп алды. Бұл қимылды күтпеген жiгiт көкпардың тақымынан сусып шығып кеткенiн сезбедi.  Есбай серкештi тақымына салуға асықпай, шұғыл жұлқып,  атының бүйiрiнен қатты түрттi. Көз шарасы жанарына сыймай  Қарагер атылып кеткенде көкпардың алдыңғы  сирағы ғана ананың қолында қалды. Есбай аударылып түсе жаздап барып, жөнделдi. Қол созым жерде қаумаласа  қалған жаңағылар мұның  адымын ұзартпай, алдын орауға тырысып жүр. Құлдилаған  тiк қабақты тура бетке ала  шауып келе жатып, астындағы атының дес бермей  кеткенiнен  секем  алса да,  тiзгiндi iркуге  шамасы келмедi. Кенет тұла бойын мақтаныш  тәрiздi бiр нәрсе кернеп, делебесi қозып, қиқулай  бастады. Қарауыл шоқының қия жалынан еңiстеген бойы бағанағы өзi шыққан пышақтың қырындай шаншылған тiкке құлдилап, сорғалады. Ат екпiнiн тежей алмай арагiдiк құйрығымен шөмие шөге жаздағаны болмаса, әзiрге бағдарынан жаңылмай кiдiрiссiз батыл сырғыды. Есбайдың қиқуынан елiрген Қарагер одан сайын шабысын үдете түстi. Осы кезде шың басында үйiрiлiп қалған үшеу жанынан безген  мына шалдың сұмдық әрекетiнен шошына үйiрiлiп таңырқап тұрса, сайдың етегiндегi қара тобыр қия шыңнан  домалаған  тастың қай тұсқа барып тоқтайтынын күткендей үрпиiсiп қалды.

Құйғытып шапқан аттың үстiнде ары-берi ауып, бұлғаңдаған серкештi әрең дегенде тақымына басты. Қаққан қазықтай тiк отырған Есбай жұрт көзiне тiптi жайбарақат тәрiздi. Бiр кезде тұтасқан тiкендi жынысқа қойып кеткенiн бiлдi. Сұрапыл екпiнмен апырып-жапырып шыққан Қарагер ойпаңға iлiне бергенде, әуелi  тұмсығымен жер сүзiп барып, өзiн-өзi тежей алмастан мойнымен бүктелiп түстi. Есбай аттың оқыс шалынысынан-ақ, ердiң басынан сыпырылып шығып,  бiрқыдыру  аралыққа ұшып кеттi. Қорымтастың  жиегiне құлаған ол бiраз жер домалап келiп, шалқасынан түсе, аяқ серiппестен сұлық жатты. Тау мен тау соғысып, жер әлем  шыр көбелек айналып кеткендей көрiндi оған. «Мылтықбайымның аты аман ба екен», – деп басын күшпен көтергенмен жаңағы тұсты шолуға шамасы жетпедi. Қарауытқан дүниенiң ара-арасынан  төңкерiлген  аспанды  көрдi. «Неге мұндай күйге  ұшырадым?» дедi кенет. Шатаса бастаған санасында iлiк-шатыс, ауыс-түйiс шым-шытырық қойыртпақ қозғалыстардан жүрегi айнығандай қинала тыжырынды.

Қолтығынан бiреулердiң демеп тұрғызғанын шала-шарпы бiлдi. Бетiне су бүрiккенде бiр түрлi тынысы кеңiдi, демiн терең алды. Көзiн ашқанда өзiн анталай қаумалап тұрған жұртты көрдi. Өңiрiндегi түймелердi ағытқан соң тiптi баз қалпында келгендей құп-қу өңiне қан жүгiрдi.

– Ат аман ба екен? – деп, бiрiншi тiлге өзi келдi.

– Аты құрсын, жаныңыздың қалғанын айтсаңызшы, – дедi, өзiнен ұйiрiлiп шықпай жүрген бiреу. Шырамытатын тәрiздi. Бұл әлгi Әлпишаның Қыдыры емес пе? Мақталмайтын ба едi. Көкпарды тура өзiне ұқсап тартады демеушi ме едi. Тұла бойы ауырлап бара жатқандай қайтадан жантайды. Мына шуылдақтардың дабыр-дұбырын  қаламағандай басын жерге салды. Осылай жата беретiн бе едi, кiм бiлсiн:

– Әй, қу керең, соқыр ит! – деген дауысты естiгенде барып, басын амалсыз көтердi.

Бұл кiмнiң даусы өзi?! Құрғырдың есiне түспей тұрғанын қарашы. Бiр қызығы жаңағы сөзге намысының түк қозбағаны несi. Көзiн сығырайтып, дауыс шыққан жаққа ұзақ қарады. Тойшыбай екен ғой, әп-бәсе. Мысық мұрты едiрейген Тойшыбай  қамшысын екi бүктеген күйi шарта жүгiнiп:

– Өлсең жөнiңмен өл! Сүйегiме таңба салатын не әкеңнiң құны бар едi! – Астындағы тоқ биесi ауыздығымен  алысып, тықыршып тұр.  Айтатын сөзi тағы бардай  Есбайдың алдына ойқастап келдi. – Қарашы-ей, қатын-баласына сыймай, тауда тентiреп жүрiп кез болғанын, – дедi.

Есбай сазарған күйi Тойшыбайдан көз алмай қадалды. Тойшыбай бұған өмiрi осылай өктемдiк көрсетiп келе жатқандай көрiндi. Мұның жақсы кiсi болғаны жаңа ғой. Төрiнен көрi жуық қалғанда, естимiн деген сөзi осы ма едi.

Орнынан сүйретiлiп тұрды. Оң иығының ауырсынғанын елеместен атының құлаған жерiне жүре бергенде:

– Аға, мына атқа мiнiп үйге барыңыз, – дедi,  Қыдыр есiк пен төрдей келiстi жылқыны көлденең тартып.

Қарагердiң мертiккенiн  көруге бiр түрлi дәтi бармай Қыдырдың атына  құлықсыз  мiнiп, жыраны бойлап жүрдi. Жанын жаралаған мына оқиғадан  әлi есiн жия алмаған ол Тойшыбайға бiр ауыз сөз  айтпағанына өкiнбедi де. «Бiр атадан жалғыз екем-ау», – дедi. Жаңағы топырлағандардың арасынан ең болмағанда бiреусi  Тойшыбайға  қарсы сөз айтуға жарамады.  Әлде, халық  халықтығын iстей ме.  Тойшыбай өмiр бойы iркiп келген көкейiндегiсiн  дәл бүгiн  лықсытып  шығарғаны-ай!  Басымнан сөз асырмаймын деген дәмесiнiң  күл-паршасы шығып, сүйегi қатты жасыды.

Көз байланар тұста Есбай қақпадан iшке ене бергенде-ақ, Сананың шаптығып шыққан даусын естiп, тосылып тұрып қалды. Бiр еркек те гүж-гүж етiп, шартпа-шұрт салғыласып жатыр. «Мұнысы несi тағы», – деп Есбай таяп келдi. Жаңағы бiреу Есбайды көре салып, бұған қарсы келiп аспай-саспай амандасып алды. Бұл Тойшыбайдың ауылдағы бригадир баласы Қияс едi.

– Ақсақал, – дедi, ол ентiгiн баса алмаған күйi. –  Бағана Жасыбегiңiздiң  арбамен шөпке бара жатқанын  көргем. Көп ұзамай сол арадан өрт шықты. Бүкiл ел жабылып  әрең өшiрдi. Бәрiбiр, дүниенiң шабындығы  жанып кеттi. Тартқан темекiсiн жөндеп өшiрмей ме екен деп, мына жеңгейге  айтсам, қайдағы-жайдағы сөздердi  тередi келiп.

– Темекi тартпаса мұрнын құрт жей ме екен оның?! – деп, Есбай шын ашуға мiнiп, ақырып жiбердi.

– Шал-ау, – дедi Сана түк болмағандай жайтаңдап  келiп және жасына лайықсыз қылықтана: – Тойшыбай  қу тiстiң өзiнен бастап үрiм-бұтағына дейiн бiзге ұрына  алмай жүргенiн бiлмейтiндей, айқайлайсың ғой келiп.

– Шеше, қойыңыз ендi. Үйiңiзге жасаған лаңыңызды өлсеңiз де маған iстей алмайсыз, – дедi Қияс дауыс көтерiп.

– Ойбай, мынау байым сияқты өкiреңдейдi ғой, – деп Сана бүйiрiн таяна қалып, ұрысуға дайындалып үлгердi.

– Қойсаңдаршы, түге! – дедi Есбай қиналған раймен.  Әуелi Санаға содан кейiн Қиясқа жүзiн аударды. Маңдайының қатпар-қатпар қыртыстары жиырыла түсiп, көзiнiң сұғын қарсы алдында тұрған екеудiң өңмендерiне кезек-кезек қадады. Бiрақ мұнысына айызы қанбайтындай, даусын  ыңыранта шығарды. – Әкеден  озып ұл тумайды дегеннiң титтей өтiрiгi болса маған кел. – Есбай бiраз iркiлiп барып: – Сенiң  әкең жақсы кiсi болған соң, бригадир  болып ел сұрап жүрсiң.  Ал ана бейшараның әкесi Есбай, шешесi Сана. Бұл екеуiнен  туған ұл қайтiп жер өртемейдi. Өзiң сол жағын ойлап көр!

Бұдан әрi кiдiрместен тарп-тарп басып есiктiң алдында тұрған  орындыққа сылқ етiп отыра кеттi. Бей-берекет ұрыс-керiстен безiнiп, Сана мен Қиястың  әлдененiң байыбына бара алмай тұрған кейiптерiне таңырқай  қарады. Олардың көкейiне не оралғанын кiм бiлсiн, әйтеуiр, Есбай иығынан бiр ауыр жүк сыпырылып түскендей, кеуде сарайы ашылып, бойы жеңiлейiп, өзiн бiр түрлi сергек сезiндi.

Ауылдың сыртын қаумалай анталаған таулардан бағанағы өзi сорғалап түскен тiгiн көзiн қанша сығырайта қарағанмен көре алмай жанары талды.

Қараңғы түнде қалғыған таулардың арасында Есбай тiгi оқшау  тұр едi. Ендi оны қайтып көру маңдайына  жазылмағанына опынса да, «Есбай шыңы», «Есбай тiгi» деген атауды демi бiр бiткенше еститiнiне шүкiршiлiк еттi. 

Дайындаған: Шерхан Талапұлы

Сурет: alashainasy.kz

1000 0
Рейтинг: +0

Дайындаған: Шерхан Талап
Қосылған күні: 10 қазан 2013, 16:47
Пікірлер

Бұл жазбаға әлі пікір жазылған жоқ. Бірінші болып пікір білдіріңіз.

Пікір білдіру:

Пікір қалдыру үшін тіркеліңіз немесе сайтқа кіріңіз.

Әлеуметтік желі арқылы кіру:

Соңғы аудармалар

38-параллель
38-параллель

Ел: Оңтүстік Корея Режиссер: Кан Джегю Жылы: 2004 Басты рөлдерде: Чан Дон Ган, Вон Бин Аударған: Ғалымжан Сәңкібаев

Хён/ Аға/ Brother
Хён/ Аға/ Brother

Ел: Оңтүстік Корея Жыл: 2016 Режиссер: Квон Су Гён  Сценарийін жазған: Ю Ён А  Аударған: Ғалымжан Сәңкібаев Басты рөлдерде: ДИО (Exo тобының әншісі) мен Чо...

Елес ерткен
Елес ерткен

Түпнұсқа атауы - Sen to Chihiro no kamikakushi Орысша атауы - Унесенные призраками Мемлекет: Жапония Жылы: 2001 Түрі: аниме Режиссері: Хаяо Миядзаки Жанры: шытырман...