Оқи отырыңыз

Талай жан бар аузыменен айды алар, қолымен қосаяқ та соға алмас.

Автор: Мұхтар Әуезов

— Редактор бағаны —

Сүйінші, «Massaget» мобильді қосымшасы іске қосылды!
Сүйінші, «Massaget» мобильді қосымшасы іске қосылды!

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Бас редакторы

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ

— Жұлдызды блогтар —

— Үздік әуендер —

Нұржан Тәжікенов - "Сағыныш"
Роза Рымбаева - Алтын сағым
"Тұран" тобы - Kara jorga - people's songм
"Тұран" тобы - The swan - N. Tilendiev
"Тұран" тобы - Kaiys's weeping - poems by S. Kudaiberdiev (the epic of 'Layla and Majnun')
"Тұран" тобы - Zharapazan - people's song - poems by S. Medeubek
Негізгі / Лайфстайл / Әдебиет / Көкжиек / Мо Яньның қолына қалам алғызған кім?

Мо Яньның қолына қалам алғызған кім?

Мо Яньның қолына қалам алғызған кім?

Қазақша баламасы шалқыма деген атпен белгілі болып жүрген жанрдың бірі қытай әдебиетінде үлкен белесті бағындырып үлгерген. Назарларыңызға ұсынылып отырға шалқыманың әуелгі тақырыбы «Сәлеметсіз бе, Фолкнер ағай» деп аталады. Шалқымада қытай жазушысы Мо Ян өзінің Нобельге дейінгі және онан кейін де жазыла беретін суреткерлік өмірі және жойқын қалам қуатының бастау көзі жайлы сыр шертеді. Атаулы жазбаны қазақ оқырманы түпнұсқадан тікелей тәржіма арқылы оқып отыр.

Мо Янь

(Қытай жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты)

Бірнеше күннің алдында Стамбул университетынде дәріс сөйлегенде, мен: «Бір жазушының басқа бір жазушының кітабын оқуы бір реткі тілдесу, тіпті, сүйгеніне сөз салу іспетті, егер сұхбат сәтіне басса, олардың өмірлік серікке айналуы әбден мүмкін, ал, тіл табыса алмаса, бақытын әр екеуі де басқадан іздейді», - деген едім. Бүгін мен әлемнің әр қиырындағы жазушылармен жасаған сұхбатыма (сүйгеніме сөз салу барысыма десем де болады) ашығырақ тоқталмақпын. Үздік жазушы мәңгі өлмейді, оның тәні жай адамдардікі сияқты түбінде бір топыраққа айналғанымен, туындылары ел ауызында қалатындықтан жаны (рухы), әрине, мәңгі жасайды. Бүгінгі мынау аста-төк молшылық заманда мұндай сөзді айтудың ауқымға үйлеспейтіні даусыз, өйткені қазір кітап оқудан да қызықты істер, шынында, баршылық, дей тұрғанмен, айтарым әлі де сол, өзіңді жұбатып, жебеп отыру үшін, үздіксіз жасампаздық жаратуың қажет.

Мен ондаған жылдың алдында ауылдағы өрісте мал шетінде жүрген бала кезімде-ақ кітап оқи бастап едім. Ол кезде біздің анау қиыр шеттегі ауылда кітап аса сирек ұшырайтын әсемдік бұйым есепті еді. Ауылымыз Гаумидегі он неше қыстақта қайсы түтінде қандай кітап барын мен негізінен білетінмін. Осы кітаптарды оқу орайына ие болу үшін, ылғи кітабы бар үйдің шаруасын істейтінмін. Іргелес қыстақтағы бір тасшының үйінде «Әулие атанғанның шежіресі» дейтін қыстырма суретті тізбекті кітап бар болатын, ұмытпасам, бұл кітапта Қытайдың үш мың жылдың алдындағы тарихы айтылатын сияқты болғанымен, шындығында, көбінше баяғыда біреудің ойып алынған бір көзінің орнынан екі қол өсіп шығыпты, осы екі қолға екі көз бітіпті, әлгі көздер жеті қабат жер астындағыны көре алады екен; тағы біреу басын денесінен ажыратып, кеңістікте қалқытып, ән шырқата алады екен, дұспаны кезқұйрық болып құбылып, оның басын денесіне теріс қаратып қондырған екен, әлгі адам аяғын алға қарай басса, артқа, артқа қарай басса, алға жүретін болып қалыпты деген сияқты хикаялар айтылатын. Мұндай кітаптар күн бойы қиял құшағында жүретін мен сияқты балдырған үшін басың бір кірсе, балдай бататын аса баурағыш нәрсе емес пе. Осы желілес кітапты оқу үшін, мен тасшының ұйының тиірменін сүйреп, ұн тартып беретінмін, тиірмен тұғырын табаныңнан таусылып түскенге дейін айланғанда, иесі кітабын ет асым уақыт қана оқуыма рұқсат ететін, әрі тиірмен тұғырының айналма жолында отырып оқуым керегі сөзсіз. Мен кітап оқығанда тасшының қызы желкемнен қыдиып қарап тұратын да, кесікті уақыт аяқталысымен кітапты дереу жиыстырып әкететін. Егер жалғасты оқығым келсе, тағы тиірмен тартуым керек. Ол кезде аулымызда сағат атаулы болмайтын, сондықтан осы ет асым уақыт бүкілдей тасшының қызының көңіл күйімен меңгерілетін, ол көңілді кезде уақыт баяу өтетін де, көңілсіз болғанда тез өте шығатын. Сонымен, осы бір жұдырықтай қыздың көңілін тауып, уақытты ұзарту үшін амалсыз оған көршіміздің жеміс ағашынан өрік ұрлап әкеп беретінмін. Мен сияқты оңазаның ұрлап әкелген өрігін өзгеге ұсынуы, әуелі, ашқарақ мысыққа аузындағы балықты құстырғанға ұқсайтын, мың бір миханатпен әрең ұрлап алған өрігімді тасшының қызына қос қолдап ұсыныуымның тағы бір маңызды себебі, жасырары жоқ, оның көзіме өте сұлу көрінетіндігінен еді. Ұзын сөздің қысқасы, мен балғын балалық дәуірімде аса зор бодау беріп жүріп, төңірегіміздегі он неше қыстақтағы кітапты түгел оқып тауыстым. Ол кезде есте сақтау қуатым ерен болатын, кітапты да төтенше тез оқушы едім, оның үстіне бір көргенім дерлік көкейімде қалатын, ол кезде кітап оқуды авторымен ауыс-күйіс жасау деп білмейтінмін, кілең оқиғасын қуып оқитынмын, оның үстіне бар ықыласыммен беріліп оқитынмын, кітаптағы кейіпкерлердің тағдыры үшін күйініп, күйзеліп, көз жасымды көлдей төгетінмін үнемі, кітаптағы сол бір сүйкімді әйел затына іңкәр болушы едім ылғи да.

Төңірегіміздегі қыстақтардағы он неше кітапты оқып тәмәмдағасын, он неше жыл бойы дерлік кітап бетін аша алмадым. Дүниедегі бар кітап осы он неше түрлі ғана, оны оқып тауысу әлемдегі бар кітапты оқып бітіргенмен барабар деп жүріппін емес пе аңқау басым. Бұл мезгілде егіс алаңында еңбекте болғандығымнан, адамнан гөрі хайуанмен бірге өріп, бірге жайлайтын уақыт көп болушы еді менде, мектепте үйренген азды-көпті әріптерім, дерлік, түгел ұмыт болды. Бірақ, жан-дүнием әлі де қиялға бай, көңілім жазушы болып, бақытты тұрмыс кешірсем дейтін үкілі үмітке күпті еді. Мен он бес жасқа шыққанда тасшының кешегі жұдырықтай қызы да бой жетіп, көркі көз сүріндіретін аруға айналған. Оның анау тоқпақтай жуан жалғыз тал бұрымы бөксесіне қарай түсіп, ұзын кірпікті қос жанары мұнартып тұратын. Мен оған ғашық едім, жанымды жалдап, тісімді қайрап жүріп әрең тапқан болмашы тиын-тебеніме кәмпит сатып әкеп беретінмін оған ылғи. Олардың үйінің көкөніс бақшасы біздің үйдікімен іргелес болатын, кешқұрым бәріміз өзеннен су тасып, көкөніс суаратынбыз. Арқасындағы жуан жалғыз тал бұрымын желкілдетіп, иінағашын солқылдатып шелекпен су көтеріп өзен кемерінен түсіп келе жатқан оны көргенде жан дүниемді сезім оты шарпып, қиялым қиянға шарқ ұратын. Оны жер бетіндегі ең сұлу жан деп ойлайтынмын. Соңынан ілесіп келе жатып, арудың қайранда қалған ізін жалаңаш табаныммен басқанымда, табанымнан өткен төк тұп-тура төбеме жеткендей күй кешетінмін, бақыт сезіміне балқып, ерлене түсетінмін, бір күні апақ-сапақта оған өзімнің оны құлай сүйетінімді, өмірлік жар болуын үміт ететінімді айтып едім, ол қатты шошыды, одан қарқылдап күлді-ай келіп. Ол: «Жердегі бақаның аспандағы аққудың етінен дәметкенімен барабар емес пе мұның!» деді маған. Ар-намысым табанға тапталғандай жаным қатты жасыса да, іңкәр жүрек қайдан қойсын, бір жеңгемді жіберіп оған тағы сөз салдым, қыз жеңгемнен үйіндегі әлгі «Әулие атанғанның шежіресі» дейтін сияқты бір кітап жаза алса ғана, тиетінін айтыпты. Мен өзіне жолығып ізгі тілегімді білдірейін деп қыздың үйіне барып едім, қыздың төбесін де көрсетпегенімен қоймай, тайыншадай төбеттерінің өзіме арыстандай атылғанын қайтерсіз. Бірнеше күннің алдында Стамбулда дәріс сөйлегенде, күніне үш уаққы тамағында да тұшпара жейтін (Мо Янның балалық шағында жаза мерзімін ауылында өтеп жатқан бір оқытушының: бір жазушы үш уаққы тамағында да тұшпара жейді екен деп айтып берген әңгімесі ــــ ауд.) бақытты тұрмыс өткізсем дейтін арманның шабыттандыруымен ғана жазушылықпен айналыстым, мені, шынында, шығармашылықпен шұғылдануға шабыттандырған тұшпарадан тыс, тағы тасшының әлгі көз жанары мұнартқан қызы еді. «Әулие атанғанның шежіресі» дейтін сияқты кітапты күні бүгінге дейін жаза алғам жоқ, тасшының қызы баяғыда теміршінің ұлымен үйленіп, үш баланың анасы болды.

Мен университеттің әдебиет факультетіне түскеннен кейін, қыруар кітап оқыдым, бұл кезде көптеген нашар хикаяттар да жазғам. Мектептің кітапханасына алғаш кірген кезде, таң-тамаша болдым, дүниеде осыншама мол кітап жазатын осыншама көп жазушының болары өңім түгіл түсіме де кіріп шықпаған шаруа еді. Бірақ, бұл кезде мен кітап оқитын жасымнан өтіп кеткен едім, бір кітапты төзімділікпен басынан аяғына дейін оқып шықсам да, ондағы хикая өзімнің ойлау қуатымнан аса алмайтынын аңғардым. Мен бір кітаптың он неше бетін аударғаннан кейін-ақ авторын жете түсініп алатын болып алдым. Көп жазушының өте үздік екенін өз басым мойындағаныммен, бірақ, олармен арамызда ортақ тіл көп емес, жазған кітаптарының пайдасы өзім үшін шамалы сезілетін, олардың кітабын оқығанда қонақ сияқты сыпайылық білдіріп үзіліп, иіліп тұратынмын, мұндай күй Фолкнерді оқығанға дейін жалғасты.

Әлі есімде, 1984 жылы желтоқсан айының қапалақтап қар жауып тұрған түстен кейінгі шағы болатын, курстасымнан оқи тұрайын деп Фолкнердің «Аласапыран ұларшу» атты кітабын алдым, мен кітаптың ішкі мұқабасына басылған үстіне костюм киіп, мойнына галстук таққан, найын аузына қисық тістеген қарияның суретіне тесіле қарап тұрып, іштей жақтырмай қалдым. Одан қытайлық бір әйгілі аудармашының осы кітапқа жазған ұзын сонар беташарын оқи бастадым, оқи отырып құмарттым, осынау американдық ақсақалдың бірсыпыра үйлесімсіз қылығы маған төтенше түсінікті, әрі шынайы сезілді. Мәселен, оның кішкентайынан кітапты ден қоймай, атүсті оқитыны, өтірік айтуды ұнататыны, өтірікті шындай, ақсақты тыңдай соғуға әуестігі, тіпті, тумысында мылтық асынып майданға шығып көрмесе де, елге шімірікпестен соғыс ұшағын айдап аспанда жаумен айқасқам деп бөседі, мұнымен ғана тынбай, басында снарядтың өте үлкен сынығы қалғанын, оның үстіне өзінің шым-шытырық күрделі әрі күңгірт (түсініксіз) тіл ұстарту стилі осы оқ жарықшағының зардабынан деп соққанын қайтесің. Ол Нобель әдебиет Сыйлығының ақшасын алғалы барғанда, мас болып табақтай алтын орденді қоқыс шелегіне тастай салғам дейді, Кеннеди президент Ақсарайға қонағасыға шақырғанда, бір реткі ас үшін алып ұшып Ақсарайға бару кіразымайтын шаруа деп бармай қойғам,-деп соғады әуелі. Ол ежелден жазушылық өнеріне бола бәлсініп көрген жан емес, қайта өзінің қара табан шаруа болғанын мақтан тұтатын, әсіресе, оның қаламымен құрылған «Йокнапатофасына» аңсарым бірақ ауды. Фолкнер маған өз ауылындағы анау шаруалар сияқты сезілді, ол маған тайды қалай ноқталауды сабырсызданған сыңаймен үйретті. Осыдан соң мен оның кітаптарын оқи бастадым, көптеген адамдар Фолкнердің жазған кітаптарын ойы күңгірт, түсіну қиын деп қарайды, бірақ, маған оның шығармаларының ойы өте орамды тілі төтенше жеңіл сезіледі. Фолкнердің кітаптары туған ауылындағы мінезі бір түрлі ғажап қарт шаруалардың жағы сембей сарнай беретіні сияқты шынайы, жақын сезіледі, оның маған қандай әңгіме айтып жатқанын каперіме алмаймын, өйткені өзім хикая құрастырғанда одан кейін қалмаймын ғой, менің қызығатыным Фолкнердің әңгіме шерткендегі сыңайы мен райы. Ол жанында жан баласы жоқ, жалғыз өзі әңгіме айтып отырған тәрізді, сол жылдары ауылымда өрісте жалғыз мал қайырғанда алдымдағы тілсіз хайуан мен аспандағы құстарға қарап, өзімнен өзім сөйлегенім сияқты. Осыдан бұрын мен хикаят оқулықтарындағы тәсіл бойынша жазып келген едім, мұндай жазу нағыз өзін-өзі азаптау емес пе. Бұрын жазарлық ештеңе іліктіре алмағандай сезінгенде, мен оқулықтарымыздағы айтылған бойынша, егер жазарлық ештеңе таба алмасақ, төменге түсіп өмірге ішкерлей араласуымыз керек деп білетінмін. Фолкнерді оқығаннан кейін, шырт ұйқыдан оянғандай болдым, әсілі хикаят дегенді міне өстіп өтірікті шындай, ақсақты тыңдай етіп жаза беруге болады екен емес пе, ауыл-қыстақтарда туылған ауыз толтырып айтуға келмейтін ұсақ-түйек істердің бәрін түймедейді түйедей етіп көрсеткендей хикаят қып ұялмай жаза беруге болады екен. Әсіресе, оның Йокнапатофа ауданы маған бір жазушының кейіпкер мен уақиғаны ғана емес, жер-суды да ойдан қиыстыруына болатынын түсіндірді.

Сонымен, мен оның кітабын бір шетке лақтырып тастап, қалам алып өз хикаямды жазуға кірістім. Оның Йокнапатофа ауданынан шабыт алып «Гауми ауылымды» жүректілікпен қағаз бетіне қондырдым. Оның Йокнапатофа ауданы бүтіндей ойдан қиыстырылған, ал менің Гауми ауылым шын бар жер. Сонымен, осынау топырағы тоқымдай туған жер түлеп ұшқан тұғырымды жазуға мен де шындап бел будым. Тоқ етерін айтқанда, бұл менің ой өрісімді ашты. Балғын балалық өмірім бүкілдей өрістеп өркен жайды. Сол жылдары көгалда көсіліп жатып, алдымдағы сиырларға, аспандағы ақша бұлтқа, ағаштарға, құстарға қарап сөйлейтінім есіме оралды. Одан соң осыларды қаз-қалпында хикаяма енгіздім, содан бастап жазатын ештеңе таба алмай тарығатын жағдайдан ада-күде арылдым, әуелі, қалай жазарымды білмей қиналатын болдым. Осындай хал ұдайы жүз беріп, хикаят жазған кезде санамда сапырылысқан соны ой соңымнан өкшелей үре қуып келе жатқан иттей ентелеп тұратын болды.

Кейін Пекин университетінде ашылған халықаралық Фолкнер зерттеу жиынында АҚШ-тық бір профессормен таныстым, ол Фолкнердың ауылына жақын жердегі бір университетте сабақ береді екен, университет директоры екеуі мені ЖОО-ға сапарлай баруға шақырған еді, бірақ, дәм тартпады, әлгі профессор маған Фолкнерге қатысты бір альбом жіберіпті. Онда қыруар құнды суреттер бар екен, ішінде Фолкнердің үстіне ескі шапан, аяғына көне тоз етік киіп, ат қораның алдында түскен бір суреті бар екен, жарықтықтың образы мені туған жер, кіндік кесіп кір жуған жерім Гауми ауылына жетелей жөнелді, ұлы әкемді, өз әкемді, тағы басқа көптеген көне көз ауылдастарымды есіме салды. Осы кезде ұлы жазушы Фолкнердің образы жан-дүниемде түбегейлі жәркемделді, арамызда ешқандай алшақтық қалмағанын аңғардым. Онымен қиялы қауышқан, арада айтылмайтын сыр болмайтын жарасымды да, жанасымды дос екенімді аңғардым, бірлікте күн райын, егін-жайды және мал-жанды әңгіме етеміз, алқақотан отырып шылым шегіп, шарап ішеміз, оның тағы АҚШ-тың сыншыларын балағаттағанын, Хемингуэйды сайқымазақ еткенін естимін, Фолкнер маған тағы басындағы әлгі тыртығын сипатады, ол: «Бұл тыртық бір шаргез шұбар ат тістегеннен түскен, бірақ, анау ақымақтарға мұны неміс ұшақтарының снаряды тиген деймін», - дейді де, мәз бола қарқылдай күледі, жүзінен қиқар балалардікі сияқты сүйкімсіз жайдары, жарқын шырай менмұндалап. Жазушы өтірікті титтей де шімірікпей жүректілікпен сықпыртуы керек, хикаятты ғана өтірік жазып қалмастан, өз тарихыңды да жалғаннан жасауың керек, - дейді. Жазушы болған адам думанды қаладан аулақ, ауаша, туған ауылына ірге тебуі керек, бір түп ағаштың сөзсіз топыраққа терең тамыр тартатыны сияқты, - деп үйретеді маған тағы. Оның айтқаны бойынша істеуге аңсарым мықтап ауып-ақ еді, алайда, ауылымның электр көздері тұрақсыз, үнемі тоқтайды, суы кермек, қыстық жылу жабдығы да жоқ, сосын да машақаттан қорқып ауылыма күні бүгінге дейін аттап баса алмай отырған жайым бар.

Өзімнің Фолкнердің анау «Дүрбелең және ұларшуын» әлі оқып болмағанымды сөзсіз ашық мойындауым қажет, әйтсе де, әлгі американдық профессор ұсынған Фолкнердің альбомын столыма қойып қоямын, жігерім босап, сенімнен айрылған сәттерде онымен сырласамын. Ұстазым екенін мойындаймын оның, бірақ, мен де өтірікті шімірікпей соғып:«Ей, ақсақал, менің де сізден асатын жерім бар!» деймін. Оның өзімді сайқымазақ ете күлімсіреген бейнесін көремін, одан ол маған: «Айтшы, қане, менен қай жерің асып тұр?» дейді. «Сен анау Йокнапатофаңды тоқсан түрлендірсең де, бәрібір бастан-аяқ аудан ғана болып келеді, ал мен Гаумиымды ауыл емес-ау, он жылға жетпей, ерекше осы заманғы қалаға айналдырамын, «Май бөксе» (Мо Янның романы) атты жаңа туындымда Гаумиге көптеген зәулім ғимараттар тұрғыздым, заманауи көңіл ашу құрылғыларын да молынан қосқам. Мұнан тыс сізден әлдеқайда жүректімін, сіздің жазғандарыңыз сол өңірдегі істермен ғана шектелген, ал мен әлемнің әр қиырында туып жатқан істерді өңін ғана өзгертіп өзіміздің Гаумиға әкеліп отырмын, осы істердің бәрі, шынында, сол жерде туылған тәрізді. Нағыз Гауми ауылымда тау атаулы мүлде жоқ, бірақ, ол жерге бір тау көшіріп әкелдім; Онда құмды шөл де жоқ болатын, бірақ, шөл жазира жасадым, ол жерде саз да жоқ болатын, оны да әкеліп жайғастырдым; Орман, көл, арыстан және жолбарыс дейтіндердің бәрін де қаламның құдіретімен жасағам. Жуық жылдардан шетелдік оқушы қауым мен аударушылар менің хикаяттарымда суреттелген дүниелерді көру үшін Гаумиге толассыз келді, ол жерді көрісімен бәрі де үмітсізденіп, түңілді, ол арада ештеңе жоқ, құлазыған қу тақыр ғана, жазыққа жайласқан еш ерекшелігі жоқ қыстақтар болатын». Сөзімді Фолкнер бөліп жіберді, ол сұсты жүзбен: «Е... бұрын шыққан құлақтан кейін шыққан мүйіз озады деген бар емес пе, кейінгі шыққан қарақшылар аға-буын қарақшылардан әлде қайда жүректі келеді емес пе қашанда!» дейді маған.

Мекенім Гауми мен жасаған әдебиет елі, осы елдің патшасы өзіммін. Әр жолы Гауми жайында қалам тербеп хикаят жазғанда үлкен биліктің меңгеруіндегі бақыттың бальзамына қанғандай боламын, осы топырақта тау көшіріп, теңіз тындыруыма, дауыл соқтырып нөсер жаудыруыма болады, кімді өлтіртем десем, сол өледі, кімді тірілтем десем, сол тірі жүреді, әрине, кейбір жүрек жұтқан қарақшылар маған қарсы бүлік тудыратын да, оларға тізе бүгетін де шығармын сөзсіз. Гауми жайындағы желілес хикаятым жарық көргеннен кейін сол жердің адамдары арасында маған қарсылық білдіргендер де болды, олар мені ауылына опасыздық жасаған сатқын деп сыбады, сол үшін көп рет мақала жазып түсінік жасауыма тура келді, оларға айтарым сол: «Гауми географиялық ұғым емес, әдеби ұғым, жабық ұғым емес, ашық ұғым, Гауми ауылы балалық шағымдағы тәжірибелерім негізінде жорамалдан туған әдебиеттің қиял дүниесі, мен оны Қытайдың ықшам көрінісіне айналдыруға тырысамын, сол өңірдегі қасірет пен қуаныштың күллі адамзаттың қасірет, қуанышымен бірлігін сақтатуға ұмтылмақпын, Гауми жайындағы хикаяларыммен әр ел оқырмандарын қызықтыруға құлшынбақпын. Бұл менің өмір бойы талпынатын нысанам.

Ақыры міне, ұстазым Фолкнер ағайдың еліне де аяқ бастым, мен думанды қалалардан оның қарасын көруді армандаймын, маған Фолкнердің анау ескі киімдері әбден таныс, анау үлкен найын да танимын, өн-бойынан тоғыса бұрқырап тұратын жылқы тезегі мен темекінің иісіне де, арақкештерше сенделе басатын аяқ алысына да әбден қанықпын, егер оның қарасын көре қалсам, «Фолкнер ағай, мен келдім!» деп зор дауыспен айғай салар едім соңынан!

Аударған: Бақытбек Пәзілұлы

«Мо Янь шалқымалары» атты кітаптан аударылды

Арнайы "Массагет" үшін дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: sohu.com

354 0
Рейтинг: +0

Дайындаған: Meyirzhan Auelkhan
Қосылған күні: 24 қыркүйек 2013, 14:07
Пікірлер
+0
24 қыркүйек 2013, 14:12

Осынша ұзақ жазбаны оқымаушы едім, керемет екен! Мо Яньның жазу пәлсапасы ұнап қалды маған.

+0
24 қыркүйек 2013, 15:39

Шынымды айтсам оқыған жоқпын,ерініп кеттім

Пікір білдіру:

Пікір қалдыру үшін тіркеліңіз немесе сайтқа кіріңіз.

Әлеуметтік желі арқылы кіру:

Соңғы аудармалар

38-параллель
38-параллель

Ел: Оңтүстік Корея Режиссер: Кан Джегю Жылы: 2004 Басты рөлдерде: Чан Дон Ган, Вон Бин Аударған: Ғалымжан Сәңкібаев

Хён/ Аға/ Brother
Хён/ Аға/ Brother

Ел: Оңтүстік Корея Жыл: 2016 Режиссер: Квон Су Гён  Сценарийін жазған: Ю Ён А  Аударған: Ғалымжан Сәңкібаев Басты рөлдерде: ДИО (Exo тобының әншісі) мен Чо...

Елес ерткен
Елес ерткен

Түпнұсқа атауы - Sen to Chihiro no kamikakushi Орысша атауы - Унесенные призраками Мемлекет: Жапония Жылы: 2001 Түрі: аниме Режиссері: Хаяо Миядзаки Жанры: шытырман...