Қытай ақындары

Қытай ақындары

Қытай қазақтарының кемелді сайттарының бірі "Күлтегін" сайтында Хастүлек (сайттағы лақап аты) есімді азаматтың Қытай ақындары туралы тамаша аударма жазбалары бар. Ол 20 ғасырдың екінші жартысындағы қытай ақындарының өлеңдері және олар жайлы қытай әдебиетшілерінің мақалаларын қазақ тілінде жеткізген екен. Біз төменде сол азаматымыз аударған мақалалар мен өлеңдерді ұсынып отырмыз. Қазақ жастарының қытай әдебиетін тағы бір қырынан тануына септігі тиер деген ниеттеміз. 

Қытай ақыны - Хайзы

Хы Ши (Қытай әдебиетшісі)

Арманшылдар құрдымға бет алды

Өткен ғасырдың 80 жылдарының соңында жасы 25-ке енді ғана толған қытай ақыны Хайзы Шанхайгуанда өзін рельске тастап өліп, өлеңінде айтқанындай «Адамдардың ақырғысына» айналды. Өзін мерт қылудан екі ай бұрын ол күні бүгінге дейінгі жұрт ауызында аңыз боп айтылып жүрген «Көктемнің бөленейін құлпырған гүлдерімен» атты өлеңін жазған еді. Хайзының өлімі кезінде зор дүмпу туғызды. Есімде қалуынша, сол дәуірдегі студенттер дәл бүгінгі қоғамның әр саладағы егейлері, көбі жастық жалыны арындаған әдебиетшілер. Анхуйдың бір қыстағынан келіп, Пекин университетін тәмәмдаған Хай Зы өзіне сүтпен біткен ақындық тентектігімен өмірін аяқтады. Оның өз-өзіне қол салуы қиял мен пәктік әуеде емін-еркін қалықтаған дәуірдің ақырласқанын жариялады. Ол дәуір – көп санды адам жүрек бұлқынысына ерік беріп, өзін арман мен махаббат жолында құрбан ете алатын дәуір еді.

Хайзы қазасының 20 жылдығын еске алу туралы осы кіріспені қинала отырып жаздым. Өйткені, арманшылдар үнемі өзін мерт ететін жылдарда өлең туралы, өлеңде тілге тиек бола беретін рух, бақыт және өмірдің мәні туралы көп айтылатын әңгімелер үнемі сайқы-мазақ етілетін немесе тыңдаусыз тұл қала беретін. Бірақ бұл күнде Хайзының әйгілі өлеңі «Көктемнің бөленейін құлпырған гүлдерімен» қора-жай компанияларының жарнама сөзіне айналып үлгерді. Бірнеше жылдың алдындағы ақындардың бас қосуында Шыжыға (Ақынның лақап аты – сұқ саусақ) жолығып қалдым. Бұл бір реткі ғимарат сату қимылы еді. Шыжының рухани бейнесі әнтек жақсарып қалған екен. Бала күнімізде оның:

«Айналғанда қызғылттау жүзім

Күрең күздің жасына.

Құлағанда қырмызы гүлім

Жат құшаққа бас ұра...» - деп келетін өлең жолдарын оқып, көз жасымызды тыя алмай қалатынбыз. Ақын Шутиң жұртқа «Ақша жиып, осы арадан үй сатып аламын» деді. Мұндайда өлеңнің көк тиындық құны қалсын ба?! Ақын деген рухани ақсүйек емес пе еді?! Өлең риясыздықты тілейді. Мұнан жұрттың Хайзыны жоқтауы заңды екенін түсінесің. Өйткені, ол өле-өлгенше пәктігін сақтай білді. Өлең мен өлім ақын бойында тұтас қабысып кетті. Көңілге жұбаныш сыйлайтыны – арманшылдар өзгеге білдірмей артына қайрылғанда Хайзы секілді жарқырауық қоңыздардың сәулесі әуеде әлі билеп жүрді.

Екіге бөлінген Хайзы

Хайзы тек 25 жыл өмір сүргенімен, артына мол дүние – лирикалық өлең, дастан, ғылыми мақала және әңгімелер қалдырды. Кедейліктің тепкісін көрген ол Грава секілді сергелдеңдікпен өмір кешуді ұнататын. Лепес өнері мен сырлылар ағымындағылардың әйгілі шығармаларына қатты қызғатын ол бар зердесін шығармашылық пен махаббатқа ғана арнады. Осының бәрі қосылып Хайзының өлімін белгілі формада символдық түске бөледі. Жазушы Сун Ганлу «өткен ғасырдың 80 жылдарындағыдай жазуға амалсызбын» деген болатын. Қоғамдық ортаның өзгерісіне қарай өткен ғасырдың 90 жылдарында Хайзы көркем сезіммен боялған қоқсық дүниелер мен рухани жақтағы өшкіндеуге тап болды.

Өткен ғасырдың 80 жылдарының соңы мен 90 жылдарының басында Жоңгодағы шаруашылық өзгерісінің жетістіктері ауыл өркениеті дәстүріне шабуыл жасады. Ақын Ю Джиан айтпақшы «Хайзы ауылдан шыққан ең соңғы талант» болатын. Ол мүрдесімен туған топырағын нәрлендірді. Егістік, астық, ауыл, күн шуағы мен кілкіген өзген... бәрі-бәрі де оның мәңгілік жырлайтын тақырыбы болатын. Хайзы ауылда 15 жыл тұрған. Пекин университетіне кіруден бұрын ол туған ауылынан – Ан Хуй өлкесі Гаухы Шауан ауылынан алыстап көрмеген. Ауылға деген сағыныш оны қалаластыру қозғалысының толқынына табиғи қарсы айдап салып, ауылдың кедейлігін сақтап қалуға пейіл танытып, ақыры ауыл өркениетінің бір сырлы салдары – лепес өнерінің шүңетіне батырды (Өсиет хатында Хайзыны лепес өнеріне жаттығу барысында шалық шалғаны талассыз шындық).

Хайзының туған ауылы

Хайзы рухани ауруға шалдықпаса да, оның өлімі жұртты дүр сілкіндіріп, елеңдетті. Бұл дүрлігу – оның атойшыл жыр қозғалысының тұңғыш тамшы қаны болғандығынан ғана емес, қайта оның өлімінен кейін бұқтырманың тасқынына айналғанындай ақындардың өзін мерт қылуының үдеп, Хайзы жырларының ақтық әуенге айналып кеткенінен болды. Хайзы тірлігінде көніп баққан жетімсіреу, жалғыздық, өсек пен жазғырулар ол көзін жұмған соң ағыл-тегіл айығып, Хайзы Гевара, Кафка, Толстой сияқты өзгеше өмір жолы, дәстүрге қиян-кескі қарсы шыққан бейнесі арқылы қазыргі дәуірдің өркениет төтемі мен ғажайыбына айналып, бізге рухани қалыпсыздық пен өркениеттің бір ғана пердемен бөлініп тұрғанын ұғындырды.

Хайзыны өткен өмірінен сылып алып, екіге бөліп қарауға болар ма екен? Мұны орындау тым қиынға соғатын секілді. Көптеген ақындардың өлімі Хайзы жырларының ағысын күшейте түсті. Хайзы қаза болып 66 күннен кейін 28 жастағы Лу Ихының науқастан көз жұмуы Хайзы өлімінің жалғасындай сезілді. Жыр топтамасының қалыңдығы Хайзыдан қалыспайтын Лу Ихы да көктемді, егістікті, теңізді, жас қызды, ымырт пен жалғыздықты жырлаудан тынбайтын. Осыдан соң Гымайдың (өз аты Чу Фу Жун) торығуы мен Жасырынған қонақ (Гу Чың) қылпылдаған балтамен келіншектерінің жанын жаһаннамға жіберіп, өздері асылып өледі. Олардың күтпеген өлімі Хайзының жыр құрбандары мен шәкірттерінің көбейуіне өлшеуіш спетті болды. Шындығын айтқанда, бұлардың өлімі ауыл өркениетін құтқарудың азалы жырын күңірентті. Олар ауылшаруашылық дәуірінің құрбаны ғана болып, қайраңдаған сезім дәуірін ағысқа сүйреуге әлі жетпеді.

Өткен ғасырдың 70 жылдарының соңында басталған он жыл атойшыл поэзия қозғалысының дәурендеген тұсы болды. Олар 90-жылдардағы шындыққа жүгіну ағымымен жер мен көктей парықты еді. 90-жылдардан кейін қарыны асқа, иіні киімге жарыған соң армандағы қиял әлемі ұмыт болып, «Топ рухы», «Үш патшалықты асып жеу» (Басқару жолы сияқтылар баяндалатын кітап), «80 нен кейінгілер», «Жастық жазбалары»... сияқты кітаптар қиындық, құрбандық, күдік және сын тездерін жеңіп шықты. «Болашаққа сенемін» және «Бесіндегі Пекин» атты кітаптар жазып, зиялы жастардың ән-жырына айналған ақын Сұқ саусақ (Шы Жы - Бұл оның лақап аты, Қазақша сұқ саусақ дегенді білдіреді. Ал өз есімі – Гуо Лу Шың) Жүйке аурулары емханасынан (жындылар үйі) шыққаннан кейін де жұрт назарын түк те аудара алмады. Қайта Сы Чуандағы торыққан есірік ақындар – Хайзы өмірден аттанарда амандаса барған ағайынды Суң Чуи мен Суң Уилер (Хайзының жігері де, жазу тәсілі де осы ағалы-інілі екі ақынға аса жақын келеді) тарих бетінде қалар тұлғаға айналып үлгерген болатын. Өлгендерді жұрт сағынады. Тірі жүргендер жұрт көңілінен көтеріліп кетеді...

Ақпанның 26 жұлдызы Хайзы қаза болғандығының 20 жылдығын еске аламыз. Бұл әрі сол бір ақындары атойшыл – тентек дәуірді, арманшылдар әлемін еске алу күні. Олар мүмкін толқығыш, айқайшыл болған шығар. Оларды реализмнің суық суын шашып сергіту қажет шығар. Дей тұрғанмен, қайталай еске алғанда көзімізге соншама шыншыл да әсерлі болып елестейді...

Жы Чи (Блогшы, ақын)

Ақын өлімі

Ол өлді...

Жатыр жерде

Суық тасқа басылып ақын кеуде.

 

Қайраңдады қайықтай арамызда,

Ақын рухы өшкіндеп жанар мұзда.

 

Сол түні аққу тынбай сұңқылдады,

Арша алауды суық қол күйкі ұрлады.

 

Ол өлді...

Жатыр жерде!

Түнек көктем секілді пақыр кеуде.

Денемізден арылмай уыт сөлі,

Тірі жүрміз көктемде,

Ақын – көрде!..

Дайындаған: Қайсар Қауымбек

Сурет: cul.sohu.com

Қ. Қауымбек