Интернет, кітап және әдебиет – 3

Интернет, кітап және әдебиет – 3

Интернет, кітап және әдебиет тақырыбындағы сұхбатымыз жалғасады. Бүгінгі қонағымыз – жас ақын, "Қазақ әдебиеті" газетінің жауапты хатшысы Ырысбек Дәбей.

 

Ырысбек Дәбей

Қ.Қ: Интернет кейбір қаламгерлеріміздің, тіпті, көпшілік қаламгерлеріміздің уайымына айналған секілді. Кей ағаларымыз: «Интернет әдеби ортаны жаулап алды. Онда отырған жастар әдебиетті ұмытты, арзандап барады» дейді. Осыған не дейсіз?

Р.Д: Уайымдаса, ол жөн де шығар. Әдебиетің былай тұрсын, көп жастардың интернетті қысыр кеңестің майданы қылып алғаны өтірік емес қой.

Қ.Қ: Повесть, роман секілді жанрларды газет-журналдың көлемі көтере бермейді. Ал интернетте ол жағынан қиындық жоқ. Бірақ сондай артықшылығы бола тұра, интернет сайттардағы көлемді дүниелердің оқырманы соншалық көбейіп кете қойған жоқ. Бұның себебі неде?

Р.Д: Елдің атынан сөйлеу қаншалықты тиімді екенін бір Құдай білсін. Өз басым көлемді дүниелерді (роман, повестерді) интернеттен оқи алмаймын. Ал көлемді мақалаларды интернеттен оқып жүрмін. Тегі не оқысаң да, қағаздан оқығанға не жетсін. 

Қ.Қ: «Кітап – маған тақтан да қымбат» дейді Шекспир. Ал қазір «Интернет түбінде кітаптың орнын басады. Алдағы уақытта кітапты ешкім де оқымайтын болады» деп жатады. Сонда кітапты келесі ғасырдың ұрпақтары мұражайдан ғана көретін болғаны ма?

Р.Д: Бүкіл әлемде қалыптасқан виртуалданған өмір салты соған сай адамын да, яғни «заманы қалай болса, бөркі солайға» мәжбүрлеуі әбден мүмкін. Келесі ғасырларда кітап оқылады, оқылмайды деп кесіп-пішіп пікір айту өте қиын. Бұрынғы қазақтың бәрі кітап оқымады ғой, бірақ қисса-дастан, ертегі-аңыздарымыз қай формада жадыдан-жадыға көшкені кейде еске түседі. Ұлттың ұятына байланысты дүниелер форма таңдамайды.    

Қ.Қ: Өзіңіз шығарманы кітаптан оқығанды тәуір көресіз бе, әлде интернеттен де емін-еркін оқи бересіз бе?

Р.Д: Жоғарыда айтқандай, кітапқа не жетсін. Біз солай қалыптасқан ұрпақпыз.

Қ.Қ: «Көркем сөзі бар болғырдың өзін орақпен орып, күрекпен күреп ала алмайсың. Оны бір-бірлеп тересің, бір-бірлеп тізесің» дейді Ғабит Мүсірепов. Ал интернет бетіндегі қаптаған дүниелердің асылы қайсы, жасығы қайсы, білінбей қалмай ма? Газет-журналдағы немесе кітаптағы секілді талғаммен шығарып отырар редактор жоқ қой бұл жерде?

Р.Д: Интернет құрғырда жарияланып жатқан дүниелердің ең жаман жері – осы. Көркемдік келбетін былай қойғанның өзінде, грамматикалық қателіктерге көп мән берілмейді. Негізі сайтқа жауапты адам барлық жағынан жауапты болғаны құба-құп болар еді.

Қ.Қ: Интернет желісін пайдаланбау жаңалықтан құр қалу деген сөз болса, кітап оқымаудың зардабы не болмақ?

Р.Д: Баяғыда біреу тоқал өгізге мініп келе жатса, бір қазақ жүгін буып-түйіп көшіп жатыр екен дейді. Анау бәрін біліп тұрса да: «Қалайсыздар? Көшіп жатырсыздар ма?» – деп сұрапты. Көшіп жатқан қазақ та қыңыр неме екен: «Иә, көшіп жатырмыз. Өзің тоқал өгізге мініп жүрсің бе?» – депті. Сол қазақтар секілді әңгімелестіретін сауал екен.

Қ.Қ: Арнайы әдеби сайттардан бөлек, шығармаларыңызды интернет желісінде (Facebook, VK) бөлісіп отырасыз ба? Бұл сіз үшін қаншалықты маңызды? Өзгелердің солай бөліскеніне қалай қарайсыз?

Р.Д: Иә, сайттарға, әлеуметтік желілерге жазған-сызғанымды жариялап тұрам. Талғамды адамдардың талғамды пікірлерін білу үшін маңызды мен үшін. Ал келсе-келмесе, басы ауырып, балтыры сыздағанын жариялай беретіндер елді ығыр қып алатынын түсінгені жөн.

Қ.Қ: Шығармаларыңыздың қолжазбасы компьютер ме, әлде дәстүрлі қағаз-қалам пайдаланасыз ба? Қандай артықшылығы бар?

Р.Д: Негізінен компьютерге жазам. Анда-санда болмаса, қолға көп қалам алмайтын болдық. Компьютерде жазғанның бір артықшылығы – жазған-сызғаныңның кем-кетіктері бірден көрініп тұрады.  

Сұхбаттасқан: Қайсар Қауымбекұлы 

Сурет: жеке мұрағаттан

Қ. Қауымбек