Түлкі туралы ертегілер

Түлкі туралы ертегілер

Қазақ ертегілерінде түлкі туралы ертегілер көптеп кездеседі. Көбінде олар айлакер мен қудың образын сомдайды. Түлкі кейде жақсы бейнеде де сомдалады. Сонымен біз бүгін түлкі кейіпкеріміз жайлы ертегі шертпекпіз. 

Түлкі мен құмыра

Бір әйел далаға егін ора келіп, құмыраны сүтімен шөптің арасына тығып қояды. Бұны түлкі көрді де, жасырынып келіп, құмыраның ішіне басын тығып, сүтті ішіп қояды. Енді түлкі құмырадан басын шығара алмай әлек болады.

Түлкі:
– Әу, құмыра! Біраз ойнадың, жетер, жібер менің басымды, – дейді. Қалай жұлқынса да басын шығара алмайды. Түлкі ашуланып:

– Қап, бәлем, тұра тұр, жақсылықпен қаламасаң, сені суға батырармын, – деп жүгіріп келіп, өзенге қойып кетіпті. Сөйтіп, құмырамен бірге өзі де батып кетсе керек.

пр

Түлкі мен Ешкі

Бір түлкі жүгіріп келе жатып абайсызда бір терең апанға түсіп кетіпті. Шығайын десе шыға алмай тұрғанда, ешкі су іздеп жүріп, әлгі апанға келіп, түлкіні көріп:

– Әй, түлкі батыр, неғылып тұрсың? – депті.

Түлкі айтты:

– Ой, неғыласың, батыр, жаным рахат тауып тұрмын: қырда әрі сусап, әрі ыстықтап өліп едім, апанның іші әрі салқын, әрі түбінде тұп-тұнық суы бар екен, – деді. Мұны естіп ешкі мен де салқын су ішейін деп, секіріп апанға түскенде, түлкіекең секіріп ешкінің үстіне мініп, онан мүйізіне шығып, мүйізінен секіріп қырға шығып, жөніне кетті дейді.

Түлкі мен қырғауыл

Бір түлкі қалың ағашты аралап келе жатып, ағаштың басында отырған қырғауылды көреді де, жақындап келіп:
- Сәлеметсіз бе, қырғауылым, халың қалай? – дейді.
Қырғауыл:
- Жақсы өзің қалай тұрасың? – дейді.
Түлкі:
- Жерге түсіп, сөйлессеңіз қайтеді, бір құлағым естімеуші еді? – дейді.
Қырғауыл:
- Жерге түсуге қорқамын, жерде әр түрлі аңдар бар, бізді жеп қоюы мүмкін, – дейді.
Түлкі:
- Әй, достым, қазір заман бұрынғы заман емес, жаңа ғана келдім, бұйрық шығыпты, біреуге біреу зорлық қылмасқа, қой мен қасқыр бірге жүрсін, түлкі мен тауық бірге жүрсін деген, – дейді.
Қырғауыл:
- Жақсы хабарыңыз бар екен, рахмет достым! Мына жақтан бір иттер келе жатыр, оларға да хабарыңызды айтыңыз, естісін, – дейді. Ит деген сөзді естіген соң, түлкі алды артына қарамастан қаша жөнеледі.
Қырғауыл:
– Қайда барасың, түлкім, бұйрықты ұмытып кеттің бе? – дейді.
Түлкі:
– Кім біледі, бұйрықты ол естімеген шығар, – дейді міңгірлеп.

 ро

Түлкі мен Қоян

Әуелде түлкінің құйрығы жоқ еді. Құйрығының жоқтығы оған бек қатты залал келтірген, өйткені жүрген ізін жасыра алмайды. Әрдайым түлкінің артына түсіп аңдып жүріпті. Бір күні қасқыр барып оның ініне кіреді. Егер түлкі інінің басқа жағындағы аузынан шығып кетпесе өлтіріп тастар еді. Cәлден соң түлкі ағаш ішіне кіріп кетіп, ағаштың түбінде тұрған қоянды көреді. Ол мезгілде қояндардың құйрығы ұзын болып, шапшаң жүруге ыңғайсыз болып тұрушы еді. Сол жерде түлкі қоянды ұстап алып, өлтірмекші болып жатқанда қоян:

– «Мені өлтірме, саған құйрығымды берейін», – деп уәде қылады. Мұнысына түлкі көніп, екеуі сол жерде құйрықтарын айырбастапты. Сонан бері түлкінің құйрығы ұзын болып, қоянның құйрығы қысқа болып қалыпты.

Жалғасы бар

Дайындаған: Алшын МАТАЙ

сурет: baidu.com

Қ. Қауымбек