Аю мен түлкі (Мари ертегісі)

Аю мен түлкі (Мари ертегісі)
Фото: pngtree.com

Бір күні түлкі мен аю бірге келе жатып жол үстінде қалаш тауып алыпты. Орманға кіріп, екеуі қалашты қақ бөледі: жартысы аюға, жартысы түлкіге тиесілі болады.

Түлкі өзіне тиген үлесті сол сәтте-ақ жеп бітіреді. Ал аю бір тістегеніне қанағат қылады да, қалғанын кейін жермін деп сақтап қояды.

Олар түнде ұйықтағалы жатады. Аю қорылдай бастаған шақта түлкі оның үлесін де жеп қояды.

Түнде аю оянып, қалашын жеуді ойлайды. Жел ұшырып кеткендей жоқ. Аю қатты ашуланады.

– Ақыры осылай болған екен, онда мен сені жеймін, түлкі,– дейді ол оған секеммен қарап.

– Алдыңызда айыптымын, ағатай. Жесең, жерсің енді. Бірақ менің етім пісірген соң ғана дәмді болады,– дейді түлкі.

– Пісірер ем, от жоқ!

– От әне тұр,– деп түлкі аспандағы Айды көрсетеді.

– Ол от тым жоғарыда екен, ала алмаспын.

– Жоғарыда екені жоғарыда, бірақ оны шыршаның басына шықсаң алуға болады! Тезірек шық, ағатай, қорықпа,– деп үгіттейді оны түлкі. Аю қолына тамызық алып, шыршаның басына өрмелейді. Тамызықты Айға қарай созып көріп еді, бойы жетпейді.

– Әлі де өрмелей түс, ағатай,– деп үйретеді түлкі оған, жерде тұрып.– Енді шамалы өрмелесең болды. Секір, секір, сонда жетесің!

Аю түлкінің айтқанына құлақ асып секірген екен, шыршаның басынан жерге домалап түседі. Сәл болмағанда өліп қала жаздайды, ал түлкі болса сол арада табанын жалтыратып тайып тұрыпты.

 

дереккөз:zhasorken.kz/

Т. Есқали