Қардан жасалған гүл (ертегі тыңдау)

Қардан жасалған гүл (ертегі тыңдау)
Фото: massaget.kz

Бала ертегі тыңдау арқылы қиялы ұшқыр болады. Өзі де ойдан әңгіме құрастыруға шеберлігі артады. Өткен аптада "Құстар неге сөйлей алмайды?" тақырыбындағы ертегі ұсынған едік, бүгін отбасындағы жылулық туралы ертегіні аудио нұсқасымен ұсынып отырмыз. 

Ертеде бір кішкене қыз болыпты. Ол өте арманшыл болған. Өз қиялында жасап алған үйде мекен етіп, қиялындағы кейіпкерлермен тілдеседі екен. Жер бетіндегі барлық нәрсені аппақ түс сияқты қабылдайтын-ды. Аппақ ақша бұлттар, аппақ қар, аппақ сүт сияқты барлық адамзат, жер беті тап-таза деп ойлайды. Бір күні қыз әкесі мен анасының бір-бірімен сөйлеспей жүргенін байқап қалыпты. Сірә, ренжісіп қалған-ау. Олар неге ренжісті екен? Үлкендер кейде солай бір-біріне өкпелеп қалады. Бір-бірінен кешірім сұрай салмай ма екен. Біз сөйтеміз ғой...содан кейін ойнап кетеміз. ... Кішкентай арманшыл қыз ата-анасын қалай татуластырсам екен деп, түнімен терезеден жапалақтап жауған қарға қарап ойланумен болады. Сөйтіп жатып ұйықтап кетіпті. Таңертең тұра салып, киімдерін киіп, далаға жүгіріп шығады. Дала аппақ қарға ораныпты. Тура өз қиялындағы ертегі патшалығы сияқты. Қыз қарды біраз тамашалап тұрыпты да, дереу жалаң қолдарымен қарды ала жөнеліпті. Анасы қызының бұл қылығына таң қалып, «Қызым-ау, тоңасың ғой. Үйге кірсеңші. Күн жылынған соң бір-ақ шығып ойна» деп бәйек болады. Қызы анасын естімеген сияқты қарды жентектей береді. Бір кезде қолындағы қарды ала сала әкесіне жүгіріп барады.

– Әке, әке, қараңызшы, мен қардан гүл жасадым. Өтінем, осы гүлді анама сыйлаңызшы. Қазір қыс, еш жерде гүл өспейді дейді.

– Қызым-ау, мынау қар ғой...

– Бұл қар емес, қардан жасалған гүл... жүріңізші, анама сыйлаңызшы. Бұл ғажайып гүл...

Қызы табандап тұрып алған соң, әкесі көңілін қимай жентектеліп гүл бейнесіне келтірген қарды алып үйге кіреді.

– Анама сыйлаңыз, - деп сыбырлайды қызы.

– Мынау саған... қардан жасалаған гүл... қызымыз жасапты...

– Әдемі екен...

Анасы пештің жанында тұрған. Қолын созып аппақ қар гүлді алды. Жүзіне жылу жүгірді. Адамның қолы мен үйдегі жылу қар гүлді ерітіп, Су тамшылай бастайды.

– Әке, әке, гүлді ұстаңыз. Әйтпесе ол қазір еріп құлап қалады. Міне, мен де ұстаймын.

Үш алақанға қонған аппақ қар гүлі тез ери бастады. Еріп-еріп жерге тамшылап жатты. Суыққа қызарған алақандар қалды. Қардың суық суы қыздың әкесі мен анасының ренішін жуып кеткен сияқты. Қыз қатты қуанып кетті:

– Айттым ғой, ол ғажайып гүл деп...

Авторы: Мира Сембайқызы
Оқыған: Әсел Асанова

@. @assel_assanova