Ертегі патшасы Андерсен туған күн

Ертегі патшасы Андерсен туған күн
Фото: jgypk.hu

Бүгін әлемнің белгілі ертегішісі – Ханс Кристиан Андерсеннің туған күні. Ол 1805 жылдың 2 сәуірінде Фюн аралындағы Оденсе қаласында дүниеге келген. Әкесі Ханс Андерсен кедей етікші, ал шешесі Анна Мари Андерсдаттер кір жуушы болған. 11 жасында әкесінен айрылып, отабсын асырау үшін тоқымашы, тігінші, темекі теруші болып та жұмыс жасаған.

14 жасында Андерсен Копенгаген қаласына аттанады. Анасы оны аз уақытта қайта оралар деген үмітпен жібереді. Үйін тастап, кетіп бара жатқан жас Ганстан анасы не үшін кетіп бара жатқандығын сұрағанда, ол еш ойланбастан: «Атақты болу үшін!» деп жауап берген екен.

Қалаға 13-ақ тиынмен келген жас өзінің болашағы үшін күресте ештеңеден тайынған жоқ. Ханс Христиан ұзын бойлы, аяқ-қолдары да, мойны да жіңішке әрі ұзын, мұрны да ұзын жігіт болды. Ол өзінің ертегілеріндегі «Сүйкімсіз Балапанның» прототипі. Бірақ даусы өте жағымды болған. Сол себепті ол көріксіздігіне, сыртқы келбетінің сұрықсыздығына қарамастан, патша театрына жұмысқа қабылданады. Мұнда ол тек екінші дәрежелі рөлдерді ойнайды. Бірте-бірте ол рөлдері де азайып, оған қоса есейгендіктен даусының өзгеруіне байланысты мүлде жұмыстан шығарып жібереді.

Бұл уақытта Андерсен 5 актілі пьесасын аяқтап, соны кітап етіп шығару үшін патшадан ақша сұрап хат жазады. Бұл кітапқа оның өлеңдері де енді. Бірақ, кітап басылып шыққанымен, ешкім сатып алмайды. Бірақ ол үмітін үзбей, өз кітабын театрға әкеледі. Ондағы ойы – жазған пьесасы бойынша спектакль қою. Бірақ «автордың тәжірибесінің аздығынан» театр пьесаны қабылдамайды.

Сезімтал жастың талабына, ықыласына риза болған жұрт Дания патшасы Фредерик VІ-ға Андерсенды оқыту жөнінде өтініш жасайды. Нәтижесінде Андерсен алдымен Слагельс қалашығында, одан соң Эльсинордағы мектепте қазына есебінен оқиды. Алдағы уақытта тамақ тауып жеу мәселесі шешілгенімен, мектептегі өмірі Андерсенға оңай тиген жоқ. Біріншіден, ол өзінен 6 жас кіші балалармен оқыды, екіншіден, ректордың қатал сынына жиі ұшырап отырды.

Естеліктерінде мектептегі өмірін жазушы «ең қараңғы уақыт» ретінде еске алады. 1827 жылы Ханс оқуын бітіргенімен, сауатты жазуды меңгере алмай, өмірінің соңына дейін жазуда грамматикалық қателер жіберіп отырды. 1829 жылы жарық көрген «Холмен каналынан Амагердің шығысына дейін жаяу саяхат» атты фантастикалық әңгімелер жинағы Андерсенға атақ әкеледі. 1833 жылы корольдің берген қаламақысына Ханс өмірінде бірінші рет шетелге саяхат жасайды.

Осы уақыттан бастап, ол көптеген әдеби туындыларын жаза бастайды. Соның ішінде, даңқын шығарған «Ертегілер» атты жинағы жарық көреді. Андерсеннің «Ертегілерін» халық қызыға оқып, сұраныс көбейгендіктен, 1835, 1845 жылдары қайтадан жарияланады. Жазушының талантын дәлелдеген «Суреттері бар суретсіз кітап» атты жинағының жарық көруі оны бүкіл еуропаға танымал етті. 1847 жылы ол Англияға келгенде оны үлкен қошеметпен, салтанатты түрде қарсы алады. 1840-жылдардың екінші жартысында драматург әрі романист ретінде атын шығаруға талпынған Ханс Христиан бірнеше романдар мен пьесаларын жариялайды.

Ол өзіне атақ әкелген ертегілерін жазуды да жалғастыра берді. Соңғы ертегісін Андерсен 1872 жылы Рождествода жазды. 1875 жылдың 4 тамызында жазушы қайтыс болып, денесі Копенгагендегі «Ассистэнс» мазарына жерленеді.

Үйіне қайта оралды ма екен?

 

Г. Берік