Кім күшті? (ертегі)

Кім күшті? (ертегі)

Ерте, ерте, ерте екен, 
Ешкі жүні бөрте екен, 
Қырғауылы қызыл екен. 

Қырғауылы қырқылдап, 
Жалтыр мұзға сыртылдап, 
Алшая келіп қоныпты, 
Шаты айрылыпы қалыпты. 
Қисая жатып қырғауыл 
Сонда мұздан сұрапты:
– Мұз, мұз сен неден күшті болдың? 
– Мен күшті болсам бауырымды жаңбырға тестірмес едім.
– Жаңбыр, жаңбыр, сен неден күшті болдың? 
– Мен күшті болсам, жерге жұтқызар ма едім. 
– Жер, жер, сен неден күшті болдың? 
– Мен күшті болсам, көк шөпке бауырымды жұлдырмас едім.
– Көк шөп, көк шөп, сен неден күшті болдың? 
– Мен күшті болсам, көк тоқты мойнымнан жұлдыртпас едім. 
– Көк тоқты, көк тоқты, сен неден күшті болдың?
– Мен күшті болсам көк шұнақ қасқырға жұлқытпас едім.
– Көк қасқыр, көк қасқыр, сен неден күшті болдың?
– Мен күшті болсам, көк мылтыққа атқызбас па едім. 
– Көк мылтық, көк мылтық , сен неден күшті болдың?
– Мен күшті болсам, қоңыр шолақ тышқанға білтемді қидырмас едім.
– Тышқан, тышқан, сен неден күшті болдың? 
– Мен күшті болсам, құмырсқаға інімді алдырмас едім.
– Құмырсқа, құмырсқа, сен неден күшті болдың?
– Алты батпан ауырды арқалаған күштімін, жеті батпан ауырды желкелеген күштімін, – деген екен құмырсқа.

А. Оралқызы